Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі - Қазақстандағы байырғы музейлердің бірі, іргесі 1915 жылы қаланған. Музей қала ортасында ХХ ғасырдың басындағы сәулет ескерткіші болып табылатын ғимаратта орналасқан. Жітіқара және Қарабалық ауылында өңірлік тарихты ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімі өкілдігі бар. Сонымен бірге музей құрамына Қостанай қаласы Алтынсарин көшесі, 113 мекенжайында орналасқан бейнелеу өнері бөлімі кіреді.
Ғылыми зерттеу жұмыстары - Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі басты бағыты. Аймақ тарихы бойынша архив материалдарын зерттеу жұмыстары Қостанай облысы Мемлекеттік архивінің және ҚР Орталық Мемлекеттік архиві қорында (Алматы), Ақтөбе облысының Мемлекеттік архивінің элетронды қорында тұрақты түрде жүргізіледі.
2001-2009 жылдары облыстың барлық аудандарының 134 ауылдарына кең ауқымды музейлік этномәдени экспедиция жүргізіліп, қоныстану тарихы және елді мекендердің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жай-күйі зерттелді. 2021 жылы Науырзым өңіріне этномәдени зерттеу және мониторинг жүргізу үшін кешенді ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. 2017 – 2019 жылдары Қостанай облысындағы қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тарихи орындар, діни сәулет ескерткіштері және киелі жерлері зерттеліп анықталды.
2024 жылдың 19-29 маусым аралығында Амангелді және Жангелдин аудандарын этномәдени зерттеу және мониторингілеу бойынша музейдің кезекті экспедициясы өтті. Экспедиция қатысушылары 16 елдімекендерді зерттеді.
2010 жылдан бастап 2025 жылға дейін Қостанай облысы аудандарына тән ланшафтың, флорасы мен фаунасының жыл сайынғы мониторингі өткізіліп келеді.
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақстанның, жақын және алыс шетелдердің ғылыми-зерттеу институттарымен және ұйымдарымен табысты ынтымақтастықта.
Музей Макдональд археологиялық зерттеулер институтымен және Кембридж университетімен (Ұлыбритания), Еуразиялық зерттеулер ғылыми- білім беру Орталығымен (РФ), Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен (Алматы, ҚР), А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ археологиялық зерттеулер зертханасымен жемісті еңбек етіп, «Еуразияның ерте металлургиясының даму революциясы», «Қостанай облысының археологиялық ескерткіштері мен артефактілерін зерттеу» ұзақ мерзімді ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асырылды. ҚР Ұлттық Халық қазынасы ҒЗИ антропологиялық зертханасының ғалымдарымен бірлесіп Қостанай және Ақмола облыстарының палеоантропологиялық дерекқоры құрастырылды. Копенгаген университеті және Биогенетика орталығының (Дания), академик Е.А.Букетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдарымен Қазақстан жерінің байырғы халқының ДНҚ геномдық жиынтығын зерттеу бойынша халықаралық жобасы жүзеге асуда.
Зерттеулер нәтижесінде «Ежелгі Торғай - ұлы дала төсіндегі асыл алқа» атты ғылыми мақалалар жинағы, «Қола дәуірінің Жангелді 5 қорымы» монография – тізбе, Торғайдың ғұрыптық-қасиетті геометриялық кешендері («геолифтер») суретті кітабы, «Қасиетті мұра» және «Өнер уақытқа бағынбайды» 2 суретті альбом басылып шықты.
2024 жылы «Суреттердегі жан әуені» (Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор жиынтығынан Қазақстан суретшілерінің туындылары) каталог дайындалды. 2025 жылы «Өмір айшықтары» тізбесі (Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор жиынтығынан графикалық туындылар) және музейдің 110 жылдығына орай «Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі» атты ғылыми-көпшілік және көркем альбом жарық көрді.
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор жиынтығы 153 мыңнан астам музей заттарынан тұрады, бұл облыстың музей қорының жартысына жуығын құрайды. Музейдің археологиялық жиынтығында алғашқы қауымдық өнердің әлемге танымал туындылары: тас мүсін – «Тобыл ойшылы», тамшы тәрізді тас салпыншақтардан жасалған өңірлік әшекей, қоладан және паста моншақтарынан жасалған зергерлік бұйымдар, өрнектелген жылқының төбе сүйектері, алып бұғының мүйізінен жасалған құрал. Музей этнографиялық қордың қалыптасуына айрықша көңіл аударады, өлке халқының ұлттық костюмдері және зергерлік әшекейлер жиынтығы ерекше көз тартады. Көркемсурет жиынтығында Қазақстан, Ресей, Украина, Күнгей Кавказдың бейнелеу өнерінің алдыңғы қатарлы қылқалам шеберлерінің 4 мыңнан астам кескіндеме, графика және мүсіндік туындылары бар.
Сандық үлгіге 52571 сақтау бірлігі (жалпы қордың 34,3 %) көшірілді. Негізгі қордың заттары туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының музей қоры Мемлекеттік тізбесіне енгізу мақсатында ҚР Ұлттық музейіне тоқсан сайын жіберіледі.
Музейдің экспозициялық: «Өлкенің ежелгі тарихы» археология залы, «Жердің өткендегі тіршілігі» палеонтология залы, «Қостанай облысының табиғат байлығы», «Туған жер тарихы», «Қостанай қаласының құрылуы», «Қостанай облысы: үміт пен жасампаздық», «Қостанай облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында» , «Туған жер тұлғалары», «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс» залдары бойынша экскурсия жүргізіледі және уақытша көрмелерге арналған залдар жұмыс істейді. Музей кешенінің құрамына ішкі ауладағы «Ашық аспан астындағы музей», «Ату жазасы орындалған қабырға» тарих ескерткішімен Тарихи бақ енеді.
2024 жылы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі Қостанай қаласының 145 жылдығына арналған «Қостанай-Art» - Халықаралық симпозиумы, Татарстан суретшісі Арыслан Ибраһимның «Көшпелі көрме» атты дербес көрмесі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ғалым Оспановтың «Оралу» атты дербес көрмесінің ашылуы мен каталогының тұсаукесері, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қорынан «Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан» атты көрменің салтанатты ашылуы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ғани Баяновтың «Этюдтар» атты дербес көрмесінің ашылуы, Батпаққара көтерілісінің 95 жылдығына орай «Қазақстандағы 1929-1931 жылдардағы көтерілістер: зерттелуі және тың деректер» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
2025 жылы «Ұлы дала керуені» атты халықаралық көшпелі көрме, «Облыс аудандарындағы музей күні» мәдени-ағарту көрмелік жобасы аясында Меңдіқара, Әулиекөл, Наурызым, Сарыкөл, Алтынсарин, Федоров, Қостанай аудандарында музей қорынан «Музей керуені» атты көшпелі көрме, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің 110 жылдығына арналған «Музейлер және олардың мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудағы рөлі» және «Архив құжаттарындағы музей тарихы» музей оқулары, «Музейлер және тарихи-мәдени мұра: өткені, бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының даңқты ұлы» - Ш. Уәлихановтың 190 жылдығына арналған дөңгелек үстел, Торғай ауылындағы Жангелдин музейлер кешенімен бірлескен М.Дулатұлының 140 жылдығына арналған«Ұлтын оятқан тұлға» - көрмесі ұйымдастырылды.
Музей базасында жыл сайын республикалық «Жас толқын» жас суретшілер байқауы өткізіледі. Сондай-ақ, жыл сйын өткізілетін «Пленэр» жобасы қостанайлық суретшілердің шығармашылық жұмысының ажырамас бөлігі болып табылады. Музейге жыл сайын 180 мыңнан астам адам келеді және көшпелі мәдени-білім беру бағдарламаларына қатысады.
Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды кеңейту мақсатында экспозиция бойынша аудиогид қызметімен мобильді қолданба енгізу жұмыстары жүргізілді.
Музей сайтында http://kraeved-kst.kz/ru.html және әлеуметтік желілерде атқарылған барлық жұмыстар: іс-шаралар, көрмелер, қордың жаңа түсімдері туралы мәліметтер беріледі. Осылай халықтың рухани-мәдени өмірге қатысуына және музей жиынтығымен толық танысуға тең мүмкіндік беріледі.
2022 және 2023 жылдары Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі «Рухани қазына» республикалық байқауының өңірлік деңгейінде «Облыстық маңызы бар үздік музей» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
2025 жылдың 1 қазанынан музейде жаңа экспозиция құру жұмыстары жүргізілуде.
Байланыс мәліметтері:
«Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі» КММ
Басшы Мендекинова Гүлжан Ермашқызы
Мекен-жайымыз: Қостанай қаласы, Алтынсарин көшесі,115
Телефоны: 8-714-2-50-11-13
Сайт: http://kraeved-kst.kz/ru.html
Әлеуметтік желілер:
Facebook https://www.facebook.com/kostanaymusey
Instagram https://www.instagram.com/qostanaimuseum/
E-mail: obl_muzey@mail.kz