І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры 2000 жылдың 14 қыркүйегінде ашылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев театрдың ресми ашылуына қатысты. Сахна шымылдығы тұңғыш Ә. Кекілбаевтың «Абылайхан» драмасымен ашылды (режиссері Ж. Есенбеков).
Жаңа ашылған ұжым бірден республикалық, халықаралық деңгейдегі фестивальдерде бақ сынай бастады. Мысалы, 2001 жылы 28 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Петропавл қаласында өткен IХ театр фестиваліне Ә. Кекiлбаевтың «Абылай хан» спектаклiмен барып, актер Қонысбек Бегайдаров «Ең үздік ер адам рөлі үшін» номинациясын жеңіп алды. 2002 жылы Ғ. Мүсіреповтың 100 жылдығына орай Петропавл қаласында өткен Х республикалық театрлар фестиваліне театр Ғ. Мүсiреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклiн апарды. Онда Қонысбек Бегайдаров тағы да «Ең үздiк ер адам рлі үшін» жүлдесіне ие болды.
2003 жылы қазан айының 26-30 аралығында Махамбеттің 200 жылдығына арналып, Орал қаласында өткен фестивальде театр С. Жүнісовтің «Махамбет» қойылымын (реж Ж. Есенбеков) ұсынды. Әртістер Асылболат Ысмағұлов «Ең үздік ерлер рөлі үшін» және Ақмарал Қасымова «Ең үздік әйел рөлі үшін» номинациясын иеленді.
Театр ұжымы кәсіби шеберлігінің арқасында тек Қазақстанда ғана емес, көптеген шет елдерде өнер көрсетті. 2003 жылы 7-ші желтоқсан Ресейдегі Челябі облысының Ноғайбақ ауданына гастрольге шақырылды, театр қазақ әніне сусап отыратын этникалық қазақтарға арнайы концерт апарды. Осы жылы желтоқсан да Троицк қаласында Б. Ұзақовтың «Үміт» (реж. Б. Ұзақов) спектаклі қойылды.
2004 жылы 11-16 қазанда қазақ театр өнерінің іргетасын қалағандардың бірі Қапан Бадыровтың 100 жылдығына орай Қостанайда республикалық театр фестивалі өтті. Оған республиканың барлық аймағынан 17 театр қатысты.
2004 жылы қараша айының 15-20 аралығында Сәкен Жүнісовтың 70 жылдығына арналып, Көкшетау қаласында өткен театр фестиваліне де С. Жүнісовтың «Махамбет» спектаклімен қатысты. Онда актер Асылболат Ысмағұлов «Ең үздік ер адам бейнесі үшін» носимнациясын алды.
2005 жылы 3-10 қазан аралығында Қ. Жандарбеков пен Қ. Байсейітовтың 100 жылдығына орайластырып, Қызылорда қаласында өткен XIII республикалық фестиваліне театр Р. Ибраеваның «Махаббат пен кесапат» (реж. А. Уәлиев) спектаклімен қатысты. Зәмзәгүл Бегайдарова «Үміт» номинациясындағы «Ең үздік әйел рөлі үшін» дипломын иеленді.
2007 жылы қарашаның 20-24 аралығында Ш. Құсайыновтың 100 жылдығына арналып Көкшетау қаласында өткен фестивальде театр арнайы дипломмен марапатталды.
2008 жылы желтоқсанның 4-мен 8 аралығында театр Н. Жантөриннің 80 жылдығына орай Ақтау қаласында өткен XVI республикалық фестивальге М. Әуезовтың «Еңлік Кебек» пьесасы бойынша спектакльмен (реж. Е. Төлеубай) қатысып, мадақтау қағазы мен ақшалай сыйлыққа ие болды. Театрдың көптеген әртістері әр жылдары Қостанай облысы Меценаттар Клубы тағайындаған «Қазына» және «Шабыт» сыйлықтарының лауреаты атанды. «Қазына» сыйлығымен Шаһарбанум Есенғұлова, Қонысбек Бегайдаров, Қабдул-Мәжит Иманов, суретшілер Маралбек Нұрмақанов, Әнуар Сәпиевтер марапатталды. «Шабыт» сыйлығына Ақмарал Қасымова, Зәмзәгүл Бегайдарова, Әлімхан Мырзахан, Гүлмира Сәрсенбаева, Олжас Бегайдаров, Нұрлан Байшин ие болды, арнайы сыйлықты Гүлмира Уәлиева және Ақдамен Досанова, Әсел Шәкіржановалар иеленді.
2010 жылы қазан айында Иса Байзақовтың туғанына 110 жыл толуына арналып Павлодарда өткен республикалық көркемсөз оқу байқауына қатысқан әнші-актерлер арасында Зәмзәгүл Бегайдарова 2-орынға ие болды.
2012 жылы Ә. Мәмбетовтің туғанына 80 жыл толуына орайластырылып, Орал қаласында өткен фестивальге Қостанай театры У. Шекспирдің «Гамлет» (реж. Е. Төлеубай) спектаклімен қатысты. Онда актер Олжас Бегайдаров «Екінші пландағы үздік ер адам ролі үшін» номинациясына ие болды.
2012 жылы Қостанай қаласында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт әдебиеті мен өнері жанашыры Ілияс Омаровтың 100 жылдығына арналған республикалық театр фестивалі өтті. І. Омаров атындағы театр фестиваль шымылдығын «Абай» (реж. Ерсайын Төлеубай) спектаклімен ашты.
2017 жылы шілдеде Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесі шеңберінде өткен Қостанай облысының мәдениет күндері аясында Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалы драма театры сахнасында Е. Төлеубайдың «Ыбырай» спектаклін қойды. Осы жылы театр актрисасы Мөлдір Тағаева «Шабыт» XX халыкаралық шығармашылық жастар фестивалінің дипломымен марапатталды.
2018 жылы 8-12 қараша аралығында Жезқазған қаласында өткен Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театр фестивалінде театр А. Шаяхметтің «Өкініш» (реж. Е. Қауланов) спектаклін көрсетті. Онда қазылар сынынан өтіп, көрермен көзайымы болған актер Олжас Бегайдаров «Ең үздік ер адам ролі үшін» номинациясын иеленді.
2019 жылы 20-23 тамыз аралығында Қостанай қаласында өткен Қазақстанның ұлттық (этникалық) театрларының V республикалық фестивалінде Н. Гоголь «Үйлену» (реж. Ә. Баймахан) спектаклі қойылып, қазылар алқасы Қонысбек Бегайдаров «Ең үздік ер адам рөлі үшін», Диана Тұрсынова «Ең үздік әйел рөлі үшін», Нәзира Иман «Екінші пландағы үздік әйел рөлі үшін» номинацияларына лайық деп шешті. Осы фестивальде театр костюмері Сабыржанова Марғайша, қойылым бөлімінің меңгерушісі Ноғаева Марташ, жарық беруші Ержанов Серікбай және әртістер Досанова Ақдәмен, Жапаров Мейрам Қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңестің «Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалімен марапатталды.
2019 жыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, соның ішінде «Қазақстандық мәдениетті жаһандық әлемге таныту» бағытына сай алыс-жақын шетелдердің сахналарына бару бақыты бұйырды. 3-5 маусым аралығында Өзбекстандағы Ташкент академиялық театры сахнасында І. Есеберлиннің шығармасы бойынша «Хан Кене» (С. Асылбеков), «Әнім сен едің» (Шәмші туралы тамшылар) (реж. Ә. Баймахан), Ж. Әлмаштің «Мұң мен алысқан адам» (реж. Т. Ерсайын) спектакльдері қойылды. Осы жылы Моңғолияның Баян-Өлгей қаласында қаламгер Әскерхан Ақтайдың «Ботақара-Шешенбике» (реж. Ә. Баймахан) тарихи драмасының тұсаукесері өтті. Театр тарихында спектакль премьерасы тұңғыш рет шетелде өтті. 2019 жылдың тағы бір жетістігі – театр «Рухани қазына» облыстық фестивалінде жеңімпаз атанып, «Ең үздік театр ұжымы» аталымын иеленді.
2020 жылы театр Короновирус нәубеті жағдайына қарамастан, шығармашылық қызметін тоқтатқан жоқ. Шетелдік режиссерлермен байланыс орнатты. Нәтижесінде 2020 жылы 12-13 наурызда С. Беккеттің «Годоны күте-күте» спектаклі (режиссері М. Жұмабаев (Түрікменстан), 17 қазанда Ш. Айтматовтың «Құс жолы» (режиссері Н. Абдыкадыров (Қырғызстан) сахналанды. Осы жылы театрдың төрт бірдей әртісі: М. Жапаров, Б. Таңатқан, А. Чукеев, О. Бегайдаровтар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төлбелгісін тақты. 2020 жылы театрдың ашылғанына 20 жыл толуы аталып өтті. Мерейтой құрметіне Қостанай облысы әкімдігі өнер ордасына 35 орындық автобус сыйға тартты.
2021 жылы 17-20 қыркүйекте театр Көкшетау қаласында өткен ІІІ аймақтық театр фестиваліне А. Чеховтің әңгімелері бойынша қойылған «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы» қалжыңсыз комедиясымен қатысып, «Ең үздік қойылым» (режиссер Б. Шамбетов) номинациясын жеңіп алды. Сол 2021 жылы 11-16 қазанда Қарағанды қаласында өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Әшірбек Сығай атындағы «Сын –шын болсын...» республикалық театр фестивалінде А. Чеховтің әңгімелері бойынша қойылған «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы» қалжыңсыз комедиясын көрсетті. Театр актері Олжас Бегайдаров «Ең үздік эпизодтық рөл» аталымын иеленді.
Театр 2021 жылды сириялық драматург С. Ваннустың «Сұлтанның аты – сұлтан» комедиясымен түйіндеді (Қоюшы режиссері Б. Абдураззаков (Тәжікстан). 25-26 желтоқсанда премьерасы өтті.
2022 жылы ұжым ақпан-наурыз айларында Арқалық, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына гастрольдік сапармен барды. Сол 2021 жылы наурыздың 5-6-да көрерменге «А.Л.Ж.И.Р.» реквиемі ұсынылды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Ө. Ахметтің «Алаштың Ахметі» драма-элегеясын Қ. Қасымов сахналады.
2022 жылы 15-18 мамыр аралығында С. Ваннустың «Сұлтанның аты – сұлтан» қойылымы Қырғызстан республикасының «Эргүү» (Вдохновение) ұлттық театр сыйлығының «Ең үздік шетелдік спектакль» номинациясына ие болды.
Театр 2023 жылы өзінің ХХШ маусымында Ақтау, Арқалық, Рудный қалаларында гастрольдік сапарларда болды. 2023 жылдың 13-18 қарашада Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық театр фестиваліне А. Тасымбековтың «А.Л.Ж.И.Р.» (режиссері Б. Шамбетов ) реквиемімен қатысып, М. Өтемісұлының атындағы арнайы сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар театр актрисасы Жібек Үсенова «Екінші пландағы әйел бейнесі үшін» номинациясын алды.
2024 жыл театр үшін игі істермен басталды. Европа мен Азияға аса танымал режиссер Овлякули Ходжакули Лондоннан арнайы келіп, ақпанның 8-9 күндері ол сахналаған Бертольт Брехттің пьесаларынан жинақталып, спектакльге бейімделген «Үрей. ІІІ Империя» комедия.трагедия.фарс жанрындағы шығарманың премьерасы өтті. қойды. Ақпан айының 29 мен наурыз айының 2-і аралығында көрші Ресейдің Челябі қаласында өткен «Человек театра» фестиваль-лабораториясында М. Жұмабаевтың әңгімесі бойынша қойылған «Шолпанның күнәсі» спектаклі (режиссері Б. Шамбетов) көрсетілді. Ол фестивальге жыл бойы ұсынылған 80 спектакльдің арасынан іріктеліп қатысқан 13 қойылымның бірі болды. Спектакль Ресейдің ірі орталықтарынан, оның ішінде Москвадан келген белгілі театртанушы ғалымдар мен театр сыншыларының жоғары бағасын алды. Режиссер Б. Шамбетов фестивальдің лауреат дипломымен оралды.
Театр репертуарында 124 ұлттық драматургия маржандары және шетелдік классика мен заманауи драматургия шығармалары бойынша қойылған спектакльдер бар. Театр ұжымы республика, облыс, аудан бойынша гастрольдерге жиі шығып тұрады. Мәселен, театр ашылған жылдан бері Алматы, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Шымкент, т.б. қалаларға гастрольдік сапармен барып қайтты. Шет елдерде: Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия мен Ресей елдерінде болды.
Театр ғимаратында музей, қоғамдық кітапхана жұмыс істейді. Сондай-ақ, көрермендердің театрда суретке түсуіне мүмкіндіка жасалған. Шағын залда әдеби кештер, шығармашылық басқасулардың, белгілі өнер адамдарымен кездесулер өтуі дәстүрге айналған.
Байланыс мәліметтері:
«І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры» КМҚК
Басшының м.а. Асхат Мұратұлы Зауатбек
Мекенжайы: Қостанай қ., Тәуелсіздік көш., 114 үй.
Телефон: 8(7142)54-73-10
Ресми сайт: https://kazteatr-kst.kz/kz
Е-mail: kaz_teatr@mail.kz; kaz_teatr@mail.ru
Әлеуметтік желілер: Facbook: kazteatr-kst.kz; Instagram: kostanay_kazakh_teatry