2020 жылғы ІV тоқсанда Әділет Министрлігі, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы Нұр-сұлтан қаласында, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында «Заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі» ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – «Е-заң көмегі» АЖ) арқылы мемлекет кепілдік берген заң көмегі (бұдан әрі – МКЗК) шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру, есептеу және төлеу сатысында қылмыстық процесті жүргізетін органдарда адвокатты тағайындау процестерін автоматтандыру бойынша бірлескен пилоттық жобаны іске асырды.
Пилоттық жоба қағазсыз құжат айналымына көшудің нәтижелілігін, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының адвокаттарды тағайындауының ашықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ету, тағайындау бойынша қорғаушылар ретінде заң көмегін көрсетуге қолжетімділікте адвокаттардың тапсырмалары мен тең құқықтылығын біркелкі бөлу, тиісінше адвокаттар алқаларының басқару органдарынан тәуелсіздігін қамтамасыз ететін адвокаттың еңбегіне ақы төлеу процесін оңайлату және жеделдету арқылы бүгінгі ахуал жағдайында өзінің маңыздылығын көрсетті.
Өз кезегінде азаматтарды білікті заңгерлік көмекпен қамтамасыз ету үшін еліміздің барлық өңірлерінде қылмыстық істер бойынша адвокаттарды электрондық форматта тағайындау жөніндегі пилоттық жобаны одан әрі іске асыру жоспарлануда.
Бұл іс-шаралар қылмыстық процесті жүргізетін қызметкерлерге бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін арттыратын автоматтандырылған режимде адвокатты тағайындауға, күдіктіге қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы қаулы және МКЗК шеңберінде күдіктіні қорғауға байланысты заң көмегіне ақы төлеу туралы қаулы шығаруға мүмкіндік береді.
«Е-заң көмегі» АЖ арқылы адвокаттар мен заң консультанттарына халыққа заң көмегін электрондық форматта, оның ішінде онлайн режимде жедел көрсету үшін заманауи құралдар ұсынылады.
Бұдан басқа, алдағы уақытта азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде процестерді автоматтандыру жоспарланып отыр.
Адвокаттар мен заң консультанттарының қызметін автоматтандыру жалпы алғанда артық әкімшілік кедергілерді жоюға мүмкіндік береді, бұл азаматтарға көрсетілетін заң көмегінің сапасына тікелей әсер етеді.
Осылайша, азаматтардың білікті заң көмегін алуға, оның ішінде тегін негізде алуға конституциялық құқығын іске асырудың бір тәсілі жан-жақты дамитын болады.
Заң көмегін ұйымдастыру мен көрсету және құқықтық насихатты қамтамасыз ету – әділет органдарына жүктелген маңызды міндеттердің бірі.
Осыған байланысты азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету кезінде білікті заң көмегін қамтамасыз ету тетігін дамыту басым мақсат болып табылады.
Әулиекөл ауданаралық
Әділет басқармасы