Бұл рәсімге 2023 жылғы 3 наурыздан бастап белгіленген үлгі бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қағаз немесе электрондық нысанда өтініш бере алады. Бұл ретте оның банктер, микроқаржы ұйымдар, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 5,5 млн теңгеден, яғни 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс. Осы рәсімді қолданғаннан кейін борышкерге «банкрот»мәртебесі беріледі.
Соттан тыс банкроттықты қолданғысы келетін азаматтар үшін тағы бірнеше шарттар бар:
- өтініш берілген күнге 7 жыл ішінде соттан тыс банкроттық рәсімін қолданбау;
- меншік құқығында мүліктің болмауы, ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда;
- өтініште көрсетілген кредиторлар алдындағы міндеттемелер бойынша мұндай өтініш берілген күні қатарынан 12 ай ішінде өтеудің болмауы;
- борышкерге қатысты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «микроқаржы қызметі туралы» ҚР заңдарына сәйкес банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу бойынша рәсімдер жүргізілуге тиіс. Сонымен берешекті реттеуді немесе өндіріп алуды жүргізу жөніндегі шараларды мерзімі өткен берешек туындаған кезден бастап 18 айдан аспайтын мерзімде жүргізу қажет.
Соттан тыс банкроттыққа өтініш берген күні 5 жылдан астам берешегін өтемеген қарыз алушылар-жеке тұлғалар да жүгіне алады. Бұл ретте аталған шарттар мұндай борышкерге қолданылмайды.
Алты ай бойы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын борышкерлер осы рәсімді қолдануға кешіктіру мерзімін есепке алмай өтініш бере алады.
Берешекті реттеу рәсіміне келетін болсақ, Қазақстанда 2021 жылғы 1 қазаннан бастап кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың, мерзімі өткен берешегін реттеу тәртібі қолданылатынын білу қажет. Ол барлық несиелік ұйымдарға – банктер мен МҚҰ-ға қолданылады.
Заңнамалық талаптарға сәйкес кредитор қарыз алушыны төлемдер бойынша кешіктіру туындаған кезінен бастап 20 күн ішінде кешіктіру басталғаны туралы хабардар етуге міндетті. Хабарламада кредиттік ұйымдар азаматтарға кредит бойынша төлемдер жасау және мерзімі өткен берешекті оның мөлшерін көрсете отырып өтеу қажеттігі туралы хабарлайды, сондай-ақ қайта құрылымдау мәселесі бойынша кредиторға жүгінуге болатындығы туралы хабарлайды.
Өз кезегінде, мерзімі өткен қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыздарды қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға өтініш беруі тиіс.
Қарыз алушының өтініші міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және банк пен МҚҰ қарауға жатады. Өз өтінішінде борышкерге мерзімін өткізіп алудың не себепті туындағанын көрсету, мүмкін болатын қайта құрылымдаудың өз нұсқаларын ұсыну және табыстың төмендегенін және өз міндеттемелері бойынша төлеудің мүмкіндігін куәландыратын растау құжаттарды ұсыну қажет.
Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау шарттары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі ҚР агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте Қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға өзінің өтінішін Растауды және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеуді міндетті түрде ұсынуы тиіс. Сондай-ақ, қарыз алушылар ипотекалық қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу үшін Банктер туралы Заңға сәйкес банк омбудсманына жүгіне алады.