Жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (аукциондарды) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрондық түрде өткізу тәртібі

Жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (аукциондарды) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрондық түрде өткізу тәртібі

      26. Сауда-саттық (аукцион) бағаны көтеру немесе бағаны төмендету шартымен өткізіледі.

      27. Сауда-саттық (аукцион) объектісі бірінші және екінші сауда-саттыққа (аукционға) бағаны көтеру шарты қолданыла отырып шығарылады, үшінші және одан кейінгі сауда-саттықтағы (аукциондардағы) сауда-саттық (аукцион) шартын сатушы айқындайды.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 20.12.2023 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Бастапқы баға сауда-саттық (аукцион) шартына байланысты анықталады:

      1) бағаны көтеру сауда-саттығы (аукционы) кезінде бастапқы баға ең төменгі бағаға тең болады;

      2) бағаны төмендету сауда-саттығы (аукционы) кезінде бастапқы баға ең төменгі бағадан 100 (жүз) есе асады.

      29. Жер учаскесін жеке меншікке сату кезіндегі бастапқы баға Жер кодексінің 10-бабына сәйкес есептелетін жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнынан төмен болмай айқындалады.

      Жер учаскесін жалдау құқығын сату кезіндегі бастапқы баға жалдау мерзіміне байланысты жер учаскесі жалданған әр жыл үшін жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнынан пайызбен сараланып былайша айқындалады:

      1) 10 жылға (қоса алғанда) дейін – 2 %;

      2) 11 жылдан 30 жылға дейін – 20 % + 10 жылдан асқан әр жыл үшін 1,5 %;

      3) 31 жылдан 49 жылға дейін – 50 % + 30 жылдан асқан әр жыл үшін 1 %.

      30. Сауда-саттықтағы (аукциондардағы) объектінің ең төменгі бағасы жер учаскесін жеке меншікке сату кезінде кадастрлық (бағалау) құнынан төмен емес сомада, ал жалдау құқығын сату кезінде осы Қағидалардың 29-тармағының екінші абзацында белгіленген сомадан төмен емес сомада белгіленеді.

      31. Сауда-саттық (аукцион) аукцион залында өткізіледі және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап жұмаға дейін өтеді. Сауда-саттық (аукцион) Астана уақыты бойынша сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін өткізіледі, бұл ретте сауда-саттық (аукцион) Астана уақыты бойынша сағат 15.00-ден кешіктірілмей басталады.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 20.12.2023 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      32. Сауда-саттыққа (аукционға) қатысуға рұқсат етілген қатысушыға аукцион залына веб-портал берген аукцион нөмірі бойынша кіруге рұқсат етіледі.

      Бағаны көтеру сауда-саттығына (аукционына) қатысушылар сауда-саттық (аукцион) басталғанға дейін 1 (бір) сағат ішінде ЭЦҚ мен аукцион нөмірін пайдалана отырып, аукцион залына кіреді, бастапқы бағадан төмен болмайтын сауда-саттық (аукцион) объектісі үшін өзінің баға ұсынысын көрсетеді.

      33. Бағаны төмендету сауда-саттығына (аукционына) қатысушылар сауда-саттық (аукцион) басталғанға дейін 1 (бір) сағат ішінде ЭЦҚ мен аукцион нөмірін пайдалана отырып, аукцион залына кіреді.

      34. Сауда-саттық (аукцион) сауда-саттықтың (аукционның) өткізілетіні туралы хабарламада көрсетілген уақытта басталады.

      35. Егер бағаны көтеру сауда-саттығы (аукционы) аяқталатын сәтте сағат 17:00-де сауда-саттық (аукцион) жеңімпазы айқындалмаса, онда сауда-саттық (аукцион) объектісін сатып алуға ниетін растаған соңғы қатысушы жеңімпаз болып танылады және осы сауда-саттық (аукцион) объектісі бойынша сауда-саттық (аукцион) өткізілген болып танылады.

      36. Егер бағаны төмендету сауда-саттығы (аукционы) аяқталатын сәтте сағат 17:00-де сауда-саттық (аукцион) жеңімпазы айқындалмаса, онда бұл сауда-саттық (аукцион) объектісі бойынша сауда-саттық (аукцион) өткізілмеген болып танылады.

      37. Егер сауда-саттық (аукцион) басталған сәтте сауда-саттық (аукцион) объектісі бойынша аукцион залында бір қатысушы тіркелсе және болса, онда аталған сауда-саттық (аукцион) объектісі бойынша сауда-саттық (аукцион) өтпеді деп танылады (сауда-саттық (аукцион) объектісін жалғыз қатысушыға сатуға жол берілетін бағаны төмендетуге арналған сауда-саттықты (аукционды) қоспағанда).

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 20.12.2023 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      38. Бағаның өзгеру қадамы былайша белгіленеді:

      1) сауда-саттық (аукцион) объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы 20000 еселенген АЕК мөлшеріне дейін болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру сауда-саттығында (аукционында) 10% мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5% мөлшерінде белгіленеді;

      2) сауда-саттық (аукцион) объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы 20000-нан 50000 еселенген АЕК мөлшеріне дейін болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру сауда-саттығында (аукционында) 7% мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5% мөлшерінде белгіленеді;

      3) сауда-саттық (аукцион) объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы 50000-нан 100000 еселенген АЕК мөлшеріне дейін болған кезде өзгерту қадамы 5% мөлшерде белгіленеді;

      4) сауда-саттық (аукцион) объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы 100000-нан 250000 еселенген АЕК мөлшеріне дейін болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 2,5% мөлшерінде және бағаны төмендету сауда-саттығында (аукционында) 5% мөлшерінде белгіленеді;

      5) сауда-саттық (аукцион) объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы 250000-нан 500000 еселенген АЕК мөлшеріне дейін болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 1% мөлшерінде және бағаны төмендету сауда-саттығында (аукционында) 5% мөлшерінде белгіленеді;

      6) сауда-саттық (аукцион) объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы 500000 еселенген АЕК мөлшерінен басталып, одан жоғары болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру сауда-саттығында (аукционында) 0,5% мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5% мөлшерінде белгіленеді.

      39. Бағаны көтеру сауда-саттығы (аукционы):

      1) сауда-саттық (аукцион) басталған сәтте аукцион залында қатысушылардың сауда-саттық (аукцион) объектісі үшін баға ұсыныстары бейнеленеді, олар шарттарды сақтай отырып, сауда-саттық (аукцион) объектісін сатып алуға келісім білдіру нысаны болып табылады және ағымдағы баға қалыптастырылады;

      2) сауда-саттық (аукцион) басталған сәттен бастап қатысушыға осы Қағидалардың 38-тармағында белгіленген қадамға басқа қатысушының ағымдағы ең жоғары бағасын ұлғайту мүмкіндігі беріледі;

      3) егер сауда-саттық (аукцион) басталған кезден бастап 20 (жиырма) минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі ең жоғары ағымдағы бағаны көтермесе, онда оны ұсынған қатысушы жеңімпаз болып танылады, ал аталған сауда-саттық (аукцион) объектісі бойынша сауда-саттық (аукцион) өткізілген болып танылады;

      4) егер аукцион залында сауда-саттық (аукцион) басталған сәттен бастап 20 (жиырма) минут ішінде қатысушылардың бірі осы Қағидалардың 38-тармағында белгіленген қадамға басқа қатысушының ағымдағы ең жоғары бағасын ұлғайту жолымен сауда-саттық (аукцион) объектісін сатып алу ниетін растаса, онда ағымдағы баға белгіленген қадамға ұлғайтылады;

      5) егер ағымдағы баға ұлғайтылғаннан кейін 20 (жиырма) минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі ағымдағы бағаны ұлғайту жолымен сауда-саттық (аукцион) объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, онда сауда-саттық (аукцион) объектісін сатып алу ниетін соңғы растаған қатысушы жеңімпаз болып танылады, ал аталған сауда-саттық (аукцион) объектісі бойынша сауда-саттық (аукцион) өткізілген болып танылады.

      40. Егер сауда-саттық (аукцион) басталған сәтте екі және одан да көп қатысушының ұсыныстары объект үшін бірдей ең жоғары бағаны қамтыса және осы ағымдағы баға 20 (жиырма) минут ішінде ұлғайтылмайтын болса, баға ұсынысы аукцион залында ұсыныстары бірдей ең жоғары бағаны қамтитын басқа қатысушылардың баға ұсыныстарынан бұрын тіркелген қатысушы осы қатысушылардың арасында сауда-саттық (аукцион) жеңімпазы болып танылады.

      41. Бағаны төмендету сауда-саттығы (аукционы):

      1) егер сауда-саттық (аукцион) басталған сәттен бастап 5 (бес) минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі сауда-саттық (аукцион) объектісін сатып алу ниетін растамаса, онда сауда-саттық (аукцион) объектісінің бастапқы бағасы осы Қағидалардың 38-тармағында белгіленген қадамға төмендейді;

      2) егер баға азайғаннан кейін 5 (бес) минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі сауда-саттық (аукцион) объектісін сатып алу ниетін растамаса, онда сауда-саттық (аукцион) объектісінің соңғы жарияланған бағасы белгіленген қадаммен төмендейді.

      42. Жарияланған баға бойынша сауда-саттық (аукцион) объектісін сатып алу ниетін бірінші болып растаған қатысушы бағаны төмендету сауда-саттығының (аукционының) жеңімпазы болып танылады және аталған сауда-саттық (аукцион) объектісі бойынша сауда-саттық (аукцион) өткізілген болып танылады. Егер сауда-саттық (аукцион) объектісінің бағасы белгіленген ең төменгі мөлшерге жетсе және қатысушылардың бірде-бірі сауда-саттық (аукцион) объектісін сатып алу ниетін растамаса, онда сауда-саттық (аукцион) өткізілмеген болып танылады.

      Қағидалардың 36, 37-тармақтарында және осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда сатушы веб-портал қалыптастыратын сауда-саттықтың (аукционның) өткізілмегені туралы актіге қол қояды.

      43. ЖМБМК АЖ порталға сауда-саттық (аукцион) өткізу нәтижелері туралы мынадай құжаттарды жібереді:

      жеңімпаз үшін – сауда-саттықтың (аукционның) нәтижелері туралы хаттама, жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шарты, сатып алу сомасы туралы мәліметтер және төлем деректемелері;

      қалған қатысушылар үшін – сауда-саттықтың (аукционның) нәтижелері туралы хаттама.

      Егер сауда-саттық (аукцион) өткізілмесе, онда уәкілетті органның қызметкері ӨГАЖ-да қолданыстағы жер учаскесінің шартты сәйкестендіру нөміріне сәйкес жаңа лот (жаңа лоттың нөмірі алдыңғы өтпеген лоттың нөмірімен сәйкес келмеуі тиіс) жасайды. ӨГАЖ сауда-саттыққа (аукционға) жаңадан қойылған жер учаскесі туралы мәліметтерді ЖМБМК АЖ-ға береді.

      Веб-порталда уәкілетті органның қызметкері жер учаскесінің қолданыстағы шартты сәйкестендіру нөмірін пайдалана отырып, осы объекті бойынша жаңа сауда-саттық (аукцион) жасайды.

      Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 20.12.2023 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      44. Сауда-саттық (аукцион) барысында техникалық іркіліс туындаған кезде ұйымдастырушы техникалық іркілістің болу фактісін тіркейді және ол болған кезде ақпаратты веб-порталда орналастыру арқылы сауда-саттыққа (аукционға) қатысушылардың барлығын хабардар етеді.

      Қатысушының компьютерлік және (немесе) телекоммуникациялық жабдығының техникалық ақауы болған жағдайда сауда-саттық (аукцион) жалғасады.

      Сауда-саттықты (аукционды) өткізуге кедергі келтіретін веб-порталдың техникалық іркілуі фактісі болған жағдайда, ұйымдастырушы бұл туралы Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті үйлестіру орталығын, сатушыны дереу хабардар етеді және сауда-саттыққа (аукционға) қатысуға жіберілген қатысушыларды веб-порталда ақпарат орналастыру және веб-порталда көрсетілген қатысушының электрондық мекенжайына электрондық хабарлама жіберу арқылы осы сауда-саттықты (аукционды) жалғастырудың күні мен уақыты туралы алдын ала хабардар ете отырып, ұйымдастырушы техникалық іркілісті түзеткен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сауда-саттықты (аукционды) жалғастыруды ұйымдастырады.

      45. Әрбір сатылған сауда-саттық (аукцион) объектісі бойынша сауда-саттық (аукцион) нәтижелері сауда-саттық (аукцион) нәтижелері туралы хаттамамен ресімделеді, оған сатушы және жеңімпаз сауда-саттық (аукцион) өткізілген күні веб-порталда ЭЦҚ пайдалана отырып, қол қояды.

      46. Сауда-саттықтың (аукционның) нәтижелері туралы хаттама сауда-саттықтың (аукционның) нәтижелерін және жеңімпаз бен сатушы арасында жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шартына қол қою талаптарын тіркейтін құжат болып табылады.

      Сауда-саттықтың (аукционның) жеңімпазы сауда-саттықтың (аукционның) нәтижелері туралы хаттаманы автоматты түрде жасау арқылы веб-порталда анықталады, одан кейін веб-портал "Сауда-саттық (аукцион) өтті" деген мәртебені ЖМБМК АЖ-ға жібереді.

      ЖМБМК АЖ алынған мәліметтерді сақтайды және жер учаскесінің мәртебесін өзгерту үшін оларды ЖКК-ға бағыттайды.

      Ескерту. 46-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 20.12.2023 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      47. Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шарты веб-порталда электрондық форматта жасалады және сатушы мен сатып алушы сауда-саттықтың (аукционның) қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ЭЦҚ-ны пайдалана отырып қол қояды.

      Веб-портал ЖМБМК АЖ-ға электрондық түрдегі жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шартымен бірге "Сатып алу-сату шартына қол қойылды" деген мәртебені жібереді.

      ЖМБМК АЖ жер учаскесінің мәртебесін өзгерту үшін "Сатып алу-сату шартына қол қойылды" деген мәртебенің ЖКК-ға жіберілуін, сондай-ақ жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шартының жеңімпаздың ЖКК-дағы жеке кабинетінде сақталуын қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 47-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 20.12.2023 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      48. Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу сатушы мен сатып алушы арасында жүргізіледі. Бұл ретте сатып алушы ұйымдастырушыға төлемдерді мынадай тәртіппен аударады:

      1) жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей сату бағасының 50 (елу) % мөлшерінде кепілақы (аванстық төлем) енгізіледі. Кепілдік жарна тиесілі аванстық төлемнің есебіне есептеледі;

      2) қалған сома жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмей енгізіледі.

      Сатып алушы ұйымдастырушыға 10 000 (он мың) АЕК-ге дейінгі төлемдерді "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі арқылы аударуды жүргізеді. Төлем сомасы 10 000 (он мың) АЕК-ден асып кеткен жағдайда, жеңімпаз төлем түбіртегінің электрондық көшірмесін қоса береді.

      Ескерту. 48-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 20.12.2023 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      49. Жеңімпаз сауда-саттық (аукцион) нәтижелері туралы хаттамаға не жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шартына белгіленген мерзімде қол қоймаған жағдайда, сатушы веб-порталда қалыптастырылатын сауда-саттық (аукцион) нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды және аталған сауда-саттық (аукцион) объектісі күші жойылған сауда-саттық (аукцион) талаптарымен сауда-саттыққа (аукционға) қайта шығарылады.

      50. Ұйымдастырушы сату бағасын сатушы сатып алу-сату шарты бойынша сауда-саттық (аукцион) объектісінің сату бағасын жеңімпаздың төлегені туралы мәліметтерді веб-порталға енгізген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тиісті бюджеттің кірісіне аударады.

      51. Егер сатып алушы соңғы төлемді жасау шарттарын осы Қағидалардың 48-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мерзімдерде орындамаса, онда сатып алушы күнтізбелік 10 (он) күн ішінде жер учаскесі үшін төлем жасалған күнге дейін төленуі тиіс күннен бастап кешіктірілген мерзім үшін өсімпұл (тұрақсыздық айыбын) төлейді.

      52. Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шартын құқықтық кадастрда тіркеу мұндай шарт бойынша есеп айырысу аяқталған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде электрондық түрде қамтамасыз етіледі.

      53. Сауда-саттық (аукцион) нәтижелерін жарамсыз деп тану туралы даулар сот тәртібімен қаралады.

 

Дата публикации
20 февраля 2025