1. Осы Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 12-бабы 5) тармақшасының он жетінші абзацына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адамға (отбасына) көмектің жеке жоспары (бұдан әрі – жеке жоспар) – атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш берген адаммен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен мансап орталығы бірлесіп жасаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары;
2) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
3) ассистент – әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультантқа және кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне консультациялар, әңгімелесулер өткізуге, сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге жәрдем көрсету жөніндегі функцияларды орындайтын мансап орталығының қызметкері;
4) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі уәкілетті орган – атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы;
5) әлеуметтік бейімдеу шаралары – Кодекстің 161-бабында айқындалған мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік абилитациялау және оңалту шараларын, мұқтаж болып табылатын адамдарға Кодексіне сәйкес көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен көрсетілетін өзге де мемлекеттік қолдау шараларын қамтитын іс-шаралар кешені;
6) әлеуметтік бейімсіздік – жеке адамның әлеуметтік ортамен өзара байланысының бұзылуы;
7) әлеуметтік депривация – адамның (отбасының) негізгі өмірлік қажеттіліктерін өз бетінше қанағаттандыру мүмкіндігін шектеу және (немесе) одан айырылу;
8) әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант – атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға және табысы аз адамға (отбасына) оның (олардың) кедейлік шегінде болуымен байланысты жағдайдан шығуына жәрдемдесуді жүзеге асыратын мансап орталығының қызметкері;
9) әлеуметтік келісімшарт – тараптардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы мен еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) арасындағы, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке немесе заңды тұлғалармен құқықтарын және міндеттерін айқындайтын, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы келісім;
10) Бiрыңғай байланыс орталығы – мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган айқындаған, көрсетiлетiн қызметтi алушыларға мемлекеттiк және өзге де қызметтер көрсету мәселелерi бойынша – ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпарат беру жөнiндегi ақпараттық-анықтамалық қызмет функцияларын орындайтын заңды тұлға;
11) еңбек мобильділігі орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын әзірлеу және іске асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;
12) еңбекке қабілетті адам (отбасының еңбекке қабілетті мүшесі) – бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды және (немесе) екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, он алты жастан бастап Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген жасқа дейінгі адам немесе отбасы мүшесі;
13) жан басына шаққандағы орташа табыс – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
14) жиынтық табыс –атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін табыс түрлерінің сомасы;
15) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралардың үлгілік тізбесі (бұдан әрі – Үлгілік тізбе) – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен және әлеуметтік келісімшарт жасау кезінде пайдалану үшін ұсынылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің және әлеуметтік бейімдеудің белсенді шараларының тізбесі;
16) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар;
17) мансап орталығы – еңбек мобильділігі орталығының аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада оның функцияларын орындауды жүзеге асыратын филиалы;
18) атаулы әлеуметтік көмек және бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі әрбір балаға ай сайынғы қосымша төлем төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпочта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
19) проактивті көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет;
20) табысы аз адамдар (отбасылар) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдар (отбасылар);
21) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеу, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
22) учаскелік комиссия –атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеу жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылған арнайы комиссия;
23) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) комиссия – аудан аумағында орналасқан мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру және әлеуметтік көмек мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын комиссия;
24) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия – облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру және әлеуметтік көмек мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын комиссия;
25) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – жұмыссыздар, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылғандардың жекелеген санаттары қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын және қандастарды, сондай-ақ Кодексімен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту, мемлекеттік қолдау шаралары;
26) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 12.03.2024 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
3. Атаулы әлеуметтік көмек Кодекстің 120-бабының 4-тармағына сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін отбасы құрамы Кодекстің 120-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалады.
4. Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адам (отбасы) атаулы әлеуметтік көмек туралы ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ал тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы болмаған жағдайда – кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне (бұдан әрі – әкім) жүгінеді.
Тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген жағдайда, тұрғылықты жері бір елді мекен шегінде, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген күннің алдындағы алты ай ішінде уақытша болу (тұру) орны бойынша, мынадай жағдайларды қоспағанда, тіркелумен расталады, атап айтқанда:
1) төтенше жағдайлар;
2) мынадай негіздер бойынша мұқтаждар:
әлеуметтік бейімсіздік пен әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау;
үйінің болмауы (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);
бас бостандығынан айыру орындарынан босау.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда мансап орталығы немесе әкім атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мақсатында өтініш берушінің белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына уақытша тіркеуге тұруына жәрдемдеседі.
5. Адамның немесе отбасының жүгіну процесінде оған консультация беріледі, оның барысында оған:
1) мынадай ақпарат беріледі:
шартсыз және шартты ақшалай көмек алу шарттары туралы;
жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына және (немесе) әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына қатысу шарттары туралы;
әлеуметтік келісімшарт жасасу қажеттілігі, әлеуметтік келісімшартқа қатысушы тараптардың міндеттемелері және әлеуметтік келісімшартты бұзу шарттары туралы;
Кодекстің 128-бабының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін өзгерту және (немесе) тоқтата тұру шарттары туралы, алты айға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау құқығынан айыру туралы;
мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен сұратылатын мәліметтер тізбесі;
мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріндегі жоқ мәліметтерді растайтын құжаттар беру мүмкіндігі туралы;
2) адамның немесе отбасының жан басына шаққандағы орташа табысын және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін алдын ала есептеу жүргізіледі.
Консультацияны мансап орталығында консультанттар, ал адам әкімге жүгінген жағдайда ассистенттер береді.
6. Консультация беру нәтижелері бойынша адам немесе отбасы (бұдан әрі – өтініш беруші) өз тарапынан немесе отбасының атынан осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметті беруші, портал, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш береді.
Бұл ретте, өтініш берушіде сәйкестендіру үшін өзімен бірге қағаз жеткізгіштегі жеке басын куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі (паспорты), Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктің тұруға ыхтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі), қандастар куәлігі не оның орнына сәйкестендіру үшін ол цифрлық құжаттар сервисінде болған жағдайда электрондық құжат болуы қажет.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын бірге тұратын еңбекке қабілетті отбасы мүшелері өтінішке Кодекстің 98-бабының 1-тармағына, 99-бабының 1-тармағына және 106-бабының 3-тармағына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органымен бекітілген жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және халықты мансап орталығы көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге өтінішті қосымша береді
Он алты жасқа толмаған адамның атынан ата-анасының немесе заңды өкілдерінің біреуінің еңбек қызметін жүзеге асыруға келісу туралы еркін нысандағы жазбаша өтініші беріледі.
Өтініш беруші атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін портал арқылы жүгінеді.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау туралы өтінішті ұсыну оны Заңға сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы тағайындау кезінде талап етілмейді.
Учаскелік комиссияның адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуге адамның (отбасының) келісімі атаулы әлеуметтік көмекті проактивті форматта тағайындауды қарау үшін негіз болып табылады.
Учаскелік комиссия адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуге келісім алған күн проактивті көрсетілетін қызмет арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш берген күн болып есептеледі.
Төтенше жағдайлар кезінде атаулы әлеуметтік көмекті қазіргі алушыға уәкілетті мемлекеттік органның автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек тоқсанның соңғы күніне автоматты түрде келесі тоқсанға өтінішсіз ұзартылады.
Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 11.04.2024 № 104 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
7. Өтініш қабылдау кезінде мансап орталығы немесе әкім өтініш берушінің қатысуымен "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) мынадай мәліметтерді алу үшін дербес сұрау салуды қалыптастырады:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын;
2) қандас мәртебесі туралы;
3) босқын мәртебесі туралы;
4) шетелдік мәртебесі туралы;
5) азаматтығы жоқ адам мәртебесі туралы;
6) отбасының әрбір мүшесіне тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы;
7) жәрдемақыларды беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банктік деректемелер туралы;
8) мүгедектікті белгілеу туралы;
9) баланың (барлық балаларға) тууын (қайтыс болуын) тіркеу туралы;
10) қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеу туралы;
11) бала асырап алу туралы;
12) некені (ерлі-зайыптылықты) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тіркеу жағдайларын қоспағанда, неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) (некені бұзуды) тіркеу туралы;
13) егер он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейінгі асырауындағылар күндізгі оқу нысанының білім алушылары болып табылса – оқу орнында оқу фактісі туралы;
14) табыс туралы (жалақы, әлеуметтік төлемдер, кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстар, жылжымайтын және (немесе) жылжымалы мүлікті жалға беруден, жылжымайтын және (немесе) жылжымалы мүлікті сатудан түскен табыстар);
15) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын адамның мәртебесі туралы;
16) өтініш берушіде және оның отбасы мүшелерінде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, төлеу немесе тағайындауға өтініш беру фактісінің болуы туралы;
17) жеке қосалқы шаруашылықтың болуы туралы;
18) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын отбасының еңбекке қабілетті мүшелері үшін еңбек қызметі туралы (бар болса);
19) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын отбасының еңбекке қабілетті мүшелері үшін білімі, біліктілігі, арнайы білімінің немесе кәсіптік даярлығының (бар болса) болуы туралы;
20) атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінер алдындағы үш ай қатарынан алимент туралы және (немесе) берешектің болуы туралы;
21) өтініш берушінің отбасы мүшелерінің бас бостандығынан айыру немесе мәжбүрлеп емдеу орындарында болуы туралы;
22) меншігінде тұрғын үй, үй-жайдың болуы туралы;
23) меншігінде жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесінің болуы туралы;
24) меншігінде автокөлік құралының болуы туралы;
25) іздестіру есебіндегі адамның мәртебесі туралы.
Өтініш беруші портал арқылы жүгінген кезде электрондық өтінішті қалыптастыру үшін қажетті мәліметтерді алу үшін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.
Растайтын мәліметтерді алған кезде портал арқылы сұрау салуды жүзеге асырған өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-сымен куәландырады және портал уәкілетті мемлекеттік органның автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы электрондық өтінішті жібереді.
Өтініш беруші талап етілетін құжаттарды берген кезде өтініш берушінің "жеке кабинетінде" мемлекеттік қызмет көрсету үшін сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе көрсетіледі.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 05.05.2024 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
8. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін ұсынылған "портал" арқылы келіп түскен электрондық өтініш мынадай параметрлер бойынша тексеруден өтеді: