Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тiркеу, оларға бiржолғы мемлекеттiк ақшалай өтемақы төлеу және жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәлік беру ережесi

Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тiркеу, оларға бiржолғы мемлекеттiк ақшалай өтемақы төлеу және жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәлік беру ережесi

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.04.06 № 378 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Осы Ереже Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды (бұдан әрi - азаматтар) тiркеудiң, ядролық сынақтар келтiрген залал үшiн оларға бiржолғы мемлекеттiк ақшалай өтемақы (бұдан әрi - өтемақы) төлеудiң және жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәлік (бұдан әрі - куәлік) берудің тәртiбiн айқындайды.

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.04.06 № 378 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2022 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) уәкiлеттi мемлекеттiк орган - халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы орган;

      2) өтемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган - уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшелерi;

      3) өтемақы төлеу жөнiндегi уәкiлеттi ұйым – өтемақы төлеудi жүзеге асыратын ұйым ("Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы);

      4) өтемақы беру жөнiндегi уәкiлеттi ұйым - екiншi деңгейдегi банктер немесе банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және (немесе) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның лицензиясы бар ұйымдар;

      5) арнайы комиссиялар - Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тiркеу және есепке алу, оларға жеңілдіктер және өтемақы алу құқығын растайтын куәлікті беру үшiн аудандар (қалалар) әкiмдерiнiң шешiмдерiмен құрылатын комиссиялар;

      6) азаматтарды тiркеу және есепке алу жөнiндегi жұмысты үйлестiруге арналған арнайы комиссиялар – Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тiркеу және есепке алу жөнiндегi жұмысты үйлестiру, даулы мәселелердi шешу үшiн облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкiмдерiнiң шешiмдерiмен құрылатын комиссиялар.

      Арнайы комиссиялардың, азаматтарды тiркеу және есепке алу жөнiндегi жұмысты үйлестiруге арналған арнайы комиссиялардың жұмыс органы облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана, аудандар (қалалар) әкiмдерiнiң шешiмдерiмен айқындалады;

      7) iс қағазының макетi – азаматтың осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiштi, жеке басын куәландыратын құжаттарды, 1949 жылдан бастап 1965 жылға дейінгі, 1966 жылдан бастап 1990 жылға дейінгі кезеңдерде Семей ядролық сынақ полигоны аумағында тұру (жұмыс iстеу, әскери қызмет) фактiсi мен кезеңiн растайтын құжаттар қамтылатын өтемақы алуға арналған жеке iс қағазының макетi.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.04.30 N 352 (2010.08.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.04.06 № 378 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 14.04.2016 № 215; 16.03.2022 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

2-тарау. Азаматтарды тiркеу және оларға куәлік беру тәртiбi

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2022 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Іс қағазының макеттерiн қалыптастыру және 1949-1965,

      1966-1990 жылдарда радиоактивтiк ластануға ұшыраған аумақтарда тұратын, тұрған, жұмыс iстеген немесе қызмет өткерген (оның iшiнде мерзiмдi) азаматтардың өтiнiштерiн қабылдау үшiн меншiк нысандарына қарамастан, кәсiпорындарда, ұйымдар мен мекемелерде комиссиялар құрылады.

      Комиссияның құрамына әкiмшiлiктiң, қызметкерлердiң және басқа да тұлғалардың өкiлдерi кiруi мүмкiн.

      3. Іс қағазының макеттерiн қалыптастыру:

      1) жұмыс iстейтiн азаматтарға (зейнеткерлерден басқа) - негiзгi жұмыс орны бойынша;

      2) зейнеткерлерге (жұмыс iстейтiн зейнеткерлердi қоса алғанда), мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алушыларға, жұмыс iстемейтiн азаматтарға - жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар органдарында;

      3) iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгінiң және басқа да әскери құралымдардың зейнеткерлерiне - зейнетақы тағайындалған жерi бойынша;

      4) медициналық-әлеуметтiк мекемелердiң, медициналық-әлеуметтiк ұйымдардың қамқорындағыларға - тиiстi мекемелердегi тұратын жерi бойынша;

      5) бас еркiнен айыру орындарында жазасын өтеп жүрген азаматтарға - еңбекпен түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiктерiнде жүргiзiледi.

      Iс қағазының макеттерi мен өтiнiштер осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Азаматтардың өтiнiштерi мен iс қағазының макеттерiн тiркеу журналына тiркеледi.

      Eгep жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар органдары арнайы комиссиялардың жұмыс органы болып белгiленген жағдайда, зейнеткерлердiң (жұмыс iстейтiн зейнеткерлердi қоса алғанда), мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алушылардың, жұмыс iстейтiн және жұмыс iстемейтiн азаматтардың iс қағаздарының макеттерiн тiркеу 4-қосымшаға сәйкес Бiржолғы мемлекеттiк ақшалай өтемақы алу үшiн азаматтарды тiркеу журналында жүзеге асырылады.

      Азаматтардың өтемақы тағайындау туралы жеке өтiнiш беруге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, олар белгiленген тәртiппен берiлген сенiмхат негiзiнде өтемақы тағайындау туралы өтiнiшпен және қажеттi құжаттармен өтiнiш беру үшiн басқа адамдарға уәкiлеттiк беруге құқылы.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.29. N 1319 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      4. Бұрын берілген куәлікпен және осы Ережеде белгіленген тәртіппен берілген куәлікпен қатар, мыналар тиісті радиациялық қатер аймақтарында тұру фактісін және кезеңін растайтын құжаттар болып табылуы мүмкін:

      1) мұрағат анықтамалары, Халық депутаттарының ауылдық, кенттiк кеңесiнiң, тұрғын үй-пайдалану басқармаларының, үй басқармаларының, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмдерiнiң, пәтер иелерi кооперативтерiнiң анықтамалары;

      2) еңбек кiтапшасы;

      3) оқу орнын бiтiргенi туралы диплом;

      4) әскери билет;

      5) туу туралы куәлiк, орта білiм туралы аттестат, негiзгi мектептi бiтiргенi туралы куәлiк;

      6) алынып тасталды

      Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.19 N 880 (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.12.29 N 1319 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.04.06 № 378 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 04.04.2014 N 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      5. Ұсынылатын анықтамалар фирмалық бланкілерде орындалуы немесе олардың тiркеу нөмiрi мен берілген күнi көрсетiлген бұрыштама мөртабаны болуы тиiс. Оларда оның негiзiнде анықтама беру жүргiзiлген құжат, берген ұйымның мөрiмен куәландырылған анықтамаға қол қойған адамның лауазымы, тегi және аты-жөнi көрсетiледi.

      6. Қарулы Күштерде, iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдарында қызмет өткерген, Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы ядролық жарылыстардың салдарларын жоюға қатысқан адамдар тиiстi анықтаманы қорғаныс, iшкi iстер, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң органдарынан алуына болады.

      7. Егер тұру фактiсi мен кезеңiн растайтын мұрағаттық және өзге де құжаттар сақталмаса, онда азамат өзiнiң ядролық сынақтар әсерiне ұшыраған аумақта тұрғанының заңды фактiсi мен кезеңiн анықтау туралы өтiнiшпен тұрғылықты жерi бойынша сотқа жүгiне алады.

      8. Шаруашылық кiтаптарына сәйкес берiлген мұрағат анықтамаларында күнi мен айы көрсетiлмей, тұрған жылы ғана көрсетiлген жағдайда, анықтамада көрсетiлген тұру кезеңi толығымен тұру жылына есептеледi.

      9. Кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң комиссиялары қалыптастырылған iс қағаздарының макеттерiн құжаттар алынған күннен бастап бес жұмыс күні iшiнде осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес тiзiм бойынша арнайы комиссияларға жiбередi.

      Арнайы комиссияларға құжаттардың түпнұсқалары және көшiрмелері ұсынылады. Көшiрме мен түпнұсқаның сәйкестiгiн арнайы комиссияның уәкiлеттi мүшесi куәландырады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2022 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Іс қағаздарының макеттерi келiп түскен кезде арнайы комиссиялар жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзiмде:

      1) азаматтардың iс қағаздары макеттерiн осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бiржолғы мемлекеттiк ақшалай өтемақы алу үшiн азаматтарды тiркеу журналына (бұдан әрi – журнал) тiркеудi;

      2) iс қағазының макетi ресiмделген азаматқа өтемақының төлену (төленбеу) фактiсiн тексерудi:

      "Қазақстан халықтық жинақ банкi" акционерлiк қоғамының (бұдан әрi – банк), "Қазпошта" акционерлiк қоғамының тiзiмдерiн (тiзiлiмдерiн) салыстырып тексерудi;

      қажет болған кезде банкке немесе "Қазпошта" акционерлiк қоғамына азаматтарға өтемақы төленгенi туралы ақпарат сұратуды;

      аудандар (қалалар) әкiмдiктерiнiң 1993 жылдан бастап төлеу сәтiне дейiнгi кезең iшiнде өтемақы төлеуге арналған тiзiмдерiмен салыстырып тексерудi;

      3) осы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтарын тiркеу (тiркеуден бас тарту) туралы шешiм (бұдан әрi – шешiм) қабылдауды жүргiзедi.

      Азаматтың өтемақы сомалары бюджет қаражатымен расталмағандықтан, ол бойынша өтемақыны есептеу жүргiзiлмеген теңгерiмнен тыс арнайы шоты болған кезде арнайы комиссия шешiмде банктегi мұндай шотты жабу қажеттiгi туралы көрсетедi және бұл мәлiметтердi банкке тiзiм бойынша бередi.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2022 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10-1. Тексеру қорытындысы бойынша іс-қағаз макеті ресімделген Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматқа өтемақы төлеу фактісі анықталған жағдайда, осы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша азаматты тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданады.

      Ескерту. 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.09.19. N 880 (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Қосымша сұрау салулар, тексерулер жүргiзу қажет болған жағдайларда, арнайы комиссиялардың iс қағаздарының макеттерiн қарау мерзiмiн оның төрағасы бiр айдан аспайтын мерзiмге ұзартуы мүмкiн.

      12. Арнайы комиссиялар журнал деректерiнiң негiзiнде шешiм қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні iшiнде осы Ережеге 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша комиссияның төрағасы куәландырған тiзiмдердi жасайды, олар жеке iс қағаздары макеттерiмен және арнайы комиссиялардың шешiмдерiмен бiрге өтемақы төлеу жөнiндегi уәкілеттi органның аудандық (қалалық) бөлiмшелерiне жiберiледi.

      Комиссия төрағасы растаған тізімге сәйкес бес жұмыс күні ішінде арнайы комиссия азаматқа осы Ережеге 6-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша куәлік береді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2022 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Арнайы комиссиялар тiркемеген азаматтардың iс қағаздарының макеттерi олар шешiм қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні iшiнде қайтарылу себептерi мен арнайы комиссиялардың ұсынымдары көрсетiле отырып, кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң комиссияларына тiзiм бойынша қайтарылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2022 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Өтiнiш беруші арнайы комиссиялардың әрекеттерi мен Шешiмдерiне азаматтарды тiркеу және есепке алу жөнiндегi жұмысты үйлестiруге арналған арнайы комиссияларға не сот тәртiбiмен шағымдана алады.

Дата публикации
19 февраля 2025