
Ішкі саясат мемлекеттің немесе елдің ішкі өмірінің барлық салаларын қамтиды, атап айтқанда: бизнес, білім, энергетика, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының қызметі, қаржы және салықтар, табиғи ресурстар, әлеуметтік қамсыздандыру, жеке құқықтар мен бостандықтар және т.б.
1. Ішкі саясаттың мақсаты
Ішкі саясаттың мақсаты – мемлекеттілігімізді және ел бірлігін нығайту, елді тұрақты дамыту үшін қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Басты идея – баршаға бірдей мүмкіндік беретін ашық, қуатты және дамыған ел, жауапты әрі өркениетті қоғам – Әділетті Қазақстанды құру.
Оны жүйелі жүзеге асыру үшін ішкі саясаттың «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сияқты қағидаттары қалыптастырылды.
Мемлекет құру ісінің осы әмбебап қағидаттары ауқымды қоғамдық диалог жағдайында ұлтты одан әрі ұйыстыруға бағытталған.
2. Ішкі саясаттың қағидаттары
«Заң мен тәртіп» қағидаты
«Заң мен тәртіп» қағидаты – құқықтық мемлекеттің іргетасы, азаматтардың қоғамдық және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі алғышарт.
Барша азаматтың заң алдында тең болуы, заң бұзған адамның жазасыз қалмауы, жоғары құқықтық мәдениет қоғамдағы әділеттіктің негізі әрі өлшемі саналады.
Іс жүзінде бұл қағидат соттардың және құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмыс істеуі, цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні енгізу арқылы құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру және құқық қорғау жүйесіне қоғамның сенімін арттыру жолымен жүзеге асады.
Заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен азаматтардың күш-жігерін жұмылдыру қажет.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының түпкі мәні – азаматтардың талап-тілегіне әділ және уақтылы ден қою, мемлекет пен қоғам арасында тұрақты әрі жүйелі диалог орнату.
Іс жүзінде бұл қағидат тікелей диалог, яғни, мемлекеттік органдар басшыларының халықпен кездесуі, сарапшылардың пікірталас алаңы, өкілді және консультативтік-кеңесші органдар арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ашық үкімет порталы, «E-petition» онлайн-петициялар институты, азаматтар өтініш білдіретін «E-Otinish» порталы сияқты пәрменді цифрлық байланыс арналары іске қосылуда.
Осындай ашық әрі нысаналы жұмыс мемлекеттік институттар мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.
«Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты
«Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты барлық мемлекеттік шешімдер қоғамның пікірі ескеріле отырып, елдің мүддесі үшін инклюзивті тәсіл аясында қабылданады дегенді білдіреді.
Бұл қағидат азаматтардың референдум мен сайлауда дауыс беруі, диалог алаңдары мен консультативтік-кеңесші органдардың жұмысы, қоғамдық пікірді тұрақты зерделеу арқылы жүзеге асырылады.
Азаматтардың ортақ ұстанымына негізделген әділ әрі тиімді шешімдер мемлекеттігіміздің демократиялық тұғырын нығайтуға және елімізді орнықты дамытуға ықпал етеді.
«Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты
«Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты биліктің осы институттарының өзара үйлесімді әрекет жасайтынын білдіреді.
Президент институты – мемлекеттік басқару жүйесінің ең негізгі элементі және стратегиялық шешімдер қабылдау орталығы. Мемлекет басшысы реформалар жасау туралы бастама көтереді, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды.
Парламент азаматтардың мүддесін білдіре отырып, қоғамдағы өзекті мәселелердің кеңінен талқылануын қамтамасыз етеді және заңдар қабылдайды.
Үкімет атқарушы органдар жүйесін басқарып, реформалардың тиімді іске асырылуына жауапты болады.
Бұл басқару моделі билік тармақтары арасындағы оңтайлы тепе-теңдік сақталған әділ мемлекеттік құрылымның жаңа институционалдық дизайнын қалыптастырады.
«Адал азамат» қағидаты
«Адал азамат» – азаматтардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысының озық үлгісін қалыптастыруды және оны қоғамда орнықтыруды көздейтін қағидат. «Адал азамат» – заңды сыйлайтын, білімді, отаншыл, жауапкершілікті сезінетін, саламатты өмір салтын ұстанатын, адал еңбегімен табысқа жетіп, қоғамда сый-құрметке бөленетін азамат.
Іс жүзінде бұл қағидат білім беру мекемелеріндегі оқу-тәрбие үдерісі, ауқымды ағарту жұмысы, мәдени-гуманитарлық жобалар, заңнамалық бастамалар, сондай-ақ, салауатты өмір салтын дәріптеу арқылы жүзеге асырылады.
«Адал азамат» қағидаты озық және әділетті қоғамның негізі болатын құндылықтар мен идеалдарды айқындайды.
«Таза Қазақстан» қағидаты
«Таза Қазақстан» қағидаты барша азаматқа ортақ жасампаз ой-сана жүйесін қалыптастырады.
Тазалық пен тәртіпті сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау, табиғатты аялау ұлттық мінездің ажырамас сипаты болуға тиіс.
Бұл қағидат іс жүзінде қалалар мен ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру және тазарту, экологиялық ортаны жақсарту, вандализм мен мәдениетсіздікке қарсы күрес ісінде мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіретін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында іске асырылады.
«Таза Қазақстан» – азаматтардың жауапкершілігін арттыра түсетін және қоғамда жаңа этика қалыптастыратын қағидат.
Осылайша, ішкі саясаттың бұл қағидаттары мемлекеттік құрылыстың бірыңғай бағдарларын айқындайды.
«Заң мен тәртіп» – құқықтық мемлекеттің негізі.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – өзара іс-қимыл құралы.
«Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» – өзара түсіністік орнату жолы.
«Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» – басқару үлгісі.
«Адал азамат» – ойлау пайымы.
«Таза Қазақстан» – мінез-құлық пен жүріс-тұрыс этикасы.
Бұл қағидаттың барлығы Қазақстан қоғамына тән өмір салтының және ел болашағының бейнесі – Әділетті Қазақстанның бірыңғай формуласын құрайды.