"Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында тасуға карантиндік сертификат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші)

2

Мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілдері (қол жеткізу арналары)

Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру "электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

3

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

 1) көрсетілетін қызметті берушіге өтінішті портал арқылы берген сәттен бастап – 1 (бір) жұмыс күні ішінде;
 2) көрсетілетін қызметті берушіге карантинге жатқызылған өнімнің мәлімделген партиясының Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 17 сәуірдегі № 131 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20432 болып тіркелген) бекітілген карантиндік фитосанитариялық талаптарға сәйкестігін растайтын, өтініш берілген күнге дейін 7 (жеті) күнтізбелік күннен асырмай берілген карантиндік фитосанитариялық сараптама қорытындысы қоса беріле өтініш берілген сәттен бастап, сондай-ақ порталға жүгінген кезде – 3 (үш) жұмыс сағаты ішінде.
Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын алған сәттен бастап:
 1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 15-08/590 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12032 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі қағидалардың (бұдан әрі - Қағидалар) 47-тармағына сәйкес өтініш берген кезде екі жұмыс күні;
2) Қағидалардың 50-тармағына сәйкес өтініш берген кезде екі жұмыс сағаты ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.
Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан уәжді бас тартуды береді.

4

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Электрондық

5

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

 Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі – карантиндік сертификат немесе уәжді бас тарту.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін ұсыну нысаны – электрондық.

6

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Тегін

7

Жұмыс кестесі

 1) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін;
 2) портал – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы Кодекске сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
 Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары көрсетілетін қызметті берушінің www.gov.kz ресми интернет-ресурсында орналастырылған.

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

Мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы өтінішті электрондық құжат нысанында жолдайды.
Жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу), дара кәсіпкерді тіркеу туралы не дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші мен көрсетілетін қызметті алушы "электрондық үкіметтің" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Мемлекеттік қызметті көрсету үшін сұрау салуды қабылдау туралы көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінде" тиісті мәртебе өтініштің қабылданғанын растау болып табылады.

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер

Көрсетілетін қызметті беруші мынадай негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартады:
1) Қағидалардың 50-тармағына сәйкес карантиндік сертификатты ресімдеу жағдайларын қоспағанда, көрсетілетін қызметті алушының карантинге жатқызылған өнімді жете тексеруге ұсынбауы;
2) есепке алу нөмірін алған көрсетілетін қызметті алушылар қараөріктің шарка вирусы (Plum pox potyvіrus) бар жемістер мен жидектерді, қалқаншалы және жалған қалқаншалы сымырлардың карантиндік түрлерін өңдеуге жіберген жағдайда, карантиндік арамшөптермен (Strіga spp. текті карантиндік арамшөптерді қоспағанда) залалданған астық пен оның өңделген өнімдерін қоспағанда, карантинге жатқызылған өнімде карантиндік объектілердің анықталуы;
3) аумақтық бөлімшенің (көрсетілетін қызметті берушінің) өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторына карантинге жатқызылған өнімнің келгені туралы бірнеше рет (2 және одан көп рет) хабарламау және жете тексеруге ұсынбау, бұл межелі орнының өзгеру жағдайын қоспағанда, тиісті аумақтық бөлімшеден (көрсетілетін қызметті берушіден) ақпарат алынғаннан кейін отыз күнтізбелік күн ішінде карантиндік сертификатты беруден бас тартуға негіз болып табылады;
4) көрсетілетін қызметті алушы карантиндік сертификатты алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;
5) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) карантиндік сертификатты алу үшін қажетті ұсынылған материалдардың, карантинге жатқызылған өнімнің, деректердің және мәліметтердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
6) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты карантиндік сертификатты байланысты оның қызметіне немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы.

10

Мемлекеттік қызметті, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдың "жеке кабинеті", сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары порталда көрсетілген. Бірыңғай байланыс орталығы: 1414.

 

"Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында тасуға карантиндік сертификат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты
Дата публикации
02 июля 2020