GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
28 июля 2026
Мемлекеттік корпорация ХҚКО-дан дайын құжаттарды жеткізу қызметін кеңейтеді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» дайын құжаттарды ХҚКО-дан жеткізу сервисі қолжетімді болатын мемлекеттік қызметтердің тізімін кеңейтіп жатыр. Алдағы бір ай ішінде қызметтер қатарына жылжымайтын мүлікті тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу және тарату, сондай-ақ білім беру саласындағы жекелеген мемлекеттік қызметтер қосылады. Бұл азаматтарға дайын құжаттарды алу үшін ХҚКО-ға қайта бармай, оларды көрсетілген мекенжайдан қабылдауға мүмкіндік береді.

Бүгінде 15 мемлекеттік қызмет түрі бойынша дайын құжаттарға тапсырыс беруге болады. Олардың қатарында мұрағаттық анықтамалар беру, баланың тууын және некені бұзуды тіркеу, азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді қалпына келтіру және куәліктерді қайта беру, білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру, сондай-ақ ресми құжаттарға апостиль қою қызметтері бар.

Құжаттарды жеткізу сервисіне тапсырысты мемлекеттік қызметті рәсімдеу кезінде беруге болады. Сервис ақылы негізде көрсетіледі. Республикалық маңызы бар қалаларда, яғни Астана, Алматы және Шымкентте қызмет құны 2 061 теңгені, ал басқа өңірлерде 1 036 теңгені құрайды.

Құжат дайын болған кезде қызмет алушының телефон нөміріне 1414 нөмірінен бірегей растау коды көрсетілген SMS-хабарлама келеді. Қауіпсіздік мақсатында кодты курьерге құжатты алған сәтте хабарлау қажет. Код дайын құжаттың тікелей өтініш берушінің өзіне табысталғанын растау үшін қолданылады. Сонымен қатар құжатты алу кезінде жеке куәлікті көрсету қажет.

Мемлекеттік корпорация үшін цифрлық сервистерді дамыту және мемлекеттік қызметтерді азаматтарға барынша қолайлы форматта ұсыну негізгі бағыттардың бірі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтардың уақытын үнемдеуге, қызмет алу үдерісін жеңілдетуге және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи шешімдерді одан әрі енгізуді жалғастырады.


 

16 июля 2026
🏠 Қазір Отбасы банк тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар тізімін түгендеуді (инвентаризация) жүргізіп жатыр. Бұл не және не үшін қажет?

🏠 Қазір Отбасы банк тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар тізімін түгендеуді (инвентаризация) жүргізіп жатыр.
Бұл не және не үшін қажет?

📋 Түгендеу — бұл кезекте тұрғандардың деректерін нақтылау, қателер мен қайталануларды түзету және кімнің расында тұрғын үйге мұқтаж екенін анықтау.

🌿 Түгендеуді қалай өткізуге болады?

1️⃣ orken.otbasybank.kz сайтында авторизациядан өтіңіз
2️⃣ Жеке кабинетке кіріңіз
3️⃣ Жеке деректерді өңдеуге келісім беріңіз
⠀• егер келісім жоқ болса — ЭЦҚ арқылы қол қойылады
4️⃣ «Түгендеу» бетіне өтіңіз
5️⃣ «Түгендеуді бастау» батырмасын басыңыз
6️⃣ Мәртебесін бақылаңыз
7️⃣ Отбасы мүшелері де сайтқа кіріп, өз келісімдерін беруі қажет

📲 Бұл бар болғаны бірнеше минут, бірақ ол сіздің баспаналы болуға бір қадам жақындатады!
Уақыт жоғалтпаңыз — бүгін-ақ өз деректеріңізді тексеріңіз 💚

15 июля 2026
Формалды негіздер бойынша бас тартуға жол берілмейтін мемлекеттік қызметтер: Қазақстан заңнаманы жетілдіруде

2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.

Реформаның негізгі бағыттарының бірі мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіру және мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылының сервистік моделіне көшу болды. Алғаш рет заңнамалық деңгейде «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатына негізделген мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделі бекітілді.

Заңмен мемлекеттік қызмет көрсетуден формалды негіздер бойынша бас тартуға жол бермеу қағидаты енгізілді. Егер өтініште қателер болса немесе құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаса, қызмет алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартудың орнына анықталған кемшіліктерді жою үшін ақылға қонымды мерзім беріледі.

Сонымен қатар, қызмет алушы ұғымының аясы кеңейтілді. Енді құқықтарды қорғау тек өтініш берген азаматтарға ғана емес, мемлекеттік қызметті алуға ниет білдірген тұлғаларға да қолданылады. Осындай жағдайлар үшін техникалық ақаулар туындаған кезде өтінішті қайта тапсырмай-ақ мемлекеттік қызметті алу құқығын сақтауға мүмкіндік беретін «Цифрлық күту парағы» енгізіледі.

Тағы бір жаңашылдық – «көрсетілетін қызметті бірлесіп беруші» ұғымының енгізілуі. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету процесіне қатысатын барлық субъектілердің жауапкершілігін айқындауға және әрбір кезеңде белгіленген мерзімдердің сақталуын бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, заңнамада мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартқан жағдайда бас тартудың барлық негіздерін бір мезгілде көрсету, сондай-ақ жаңа мемлекеттік қызметтер енгізілген күннен бастап үш айдан кешіктірмей оларды көрсету қағидаларын бекіту міндеті белгіленді.

Жаңа заңнамалық нормалар мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және қызмет алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Өзгерістердің басым бөлігі 2026 жылғы шілде айынан бастап күшіне енеді.

29 июня 2026
Түркістанда Apple Store қағидаты бойынша жаңа форматтағы ХҚКО ашылды

Түркістан қаласында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға бағытталған жаңа форматтағы Smart Point цифрлық ХҚКО өз жұмысын бастады. Заманауи орталық азаматтардың мемлекеттік сервистермен өзара іс-қимылын барынша ыңғайлы, жылдам әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысты.

Цифрлық ХҚКО мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға және цифрлық дағдыларды дамытуға арналған заманауи кеңістік. Smart Point концепциясы  мемлекеттік қызметтерді алудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, яғни азаматтар тек қызмет алып қана қоймай, мемлекеттік цифрлық сервистерді өз бетінше пайдаланып, қажеттілігіне қарай мамандардан кеңес ала алады.

«Түркістандағы Smart Point орталығының ашылуы - жаңа форматтағы ХҚКО-ның іске қосылуы ғана емес, мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу мәдениетін қалыптастыруға бағдарланған маңызды қадам. Бүгінде біздің мақсатымыз - азаматтарға сапалы қызмет көрсетумен қатар, мемлекеттік цифрлық мүмкіндіктерді сенімді пайдалануға көмектесу. Smart Point өңір тұрғындары үшін сұранысқа ие болатын алаңға айналады деп сенемін», -  деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа көрсетілетін қызметтерді барынша жеңілдетуді және цифрландыруды тапсырып, атқарылған жұмыстарды бақылауында ұстап келеді. Бұл бағытта облысымыз жемісті еңбек етуде. Бүгінгі ашылып отырған заманауи кеңсе — соның нақты дәлелі. Облыс әкімдігі мен Мемлекеттік корпорация арасындағы тиімді ынтымақтастықтың нәтижесінде халық сұранысына сай келетін заманауи сервистік хаб құрылған», - деп атап өтті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.

Smart Point цифрлық ХҚКО бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Экспресс-аймақта азаматтар құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік немесе паспорт алуға өтінімді өздігінен рәсімдей алады, сондай-ақ арнайы ақпараттық экрандар арқылы AlemGPT сервисінің мүмкіндіктерімен танысады. Цифрлық аймақ мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу және құжаттармен онлайн форматта жұмыс істеу үшін моноблоктармен және жоғары жылдамдықты сканерлермен жабдықталған. Сараптамалық аймақта келушілер күрделі мәселелер бойынша мамандардың кеңесін ала алады. Сонымен қатар цифрлық сауаттылықты арттыруға және жаңа электрондық сервистерді меңгеруге арналған оқыту және ақпараттандыру аймақтары қарастырылған. Ал жайлы демалыс аймағында келушілер үшін қолайлы жағдай жасалған.

Жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, өңір тұрғындары үшін заманауи сервистік инфрақұрылымды дамыту мен қолайлы цифрлық ортаны қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды қадам болды.

Айта кетейік, Smart Point цифрлық ХҚКО форматын алғаш болып енгізген өңір – Ұлытау облысы. Орталық 2026 жылғы 4 маусымда ашылды.

25 июня 2026
Мемлекеттік корпорация мамандандырылған ХҚКО-дан дайын құжаттарды жеткізу бойынша жаңа сервисті іске қосты

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы «ЦОН» мобильді қосымшасындағы цифрлық сервистер қатарын кеңейтуді жалғастыруда. Енді қызмет алушыларға дайын болған жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін алу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына қайта барудың қажеті жоқ.

Жеткізу қызметіне тапсырыс беру небәрі бірнеше минутты алады. Бұл сервисті құжат немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі дайын болғаннан кейін пайдалануға болады. Қызмет тапсырыс рәсімделген елді мекен шегінде ғана көрсетіледі. Айта кетейік, егер тапсырыс сағат 17:00-ге дейін рәсімделсе, жеткізу сол күні жүзеге асырылады, ал 17:00-ден кейін рәсімделген жағдайда құжат келесі жұмыс күні жеткізіледі.

«Бүгінде азаматтар үшін уақыт үнемдеу өте маңызды. Сондықтан біз мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы әрі орталыққа бармай-ақ алуға мүмкіндік беретін сервистерді дамытып келеміз. Дайын құжаттарды жеткізу қызметінің іске қосылуы цифрлық экожүйені дамытудағы кезекті қадам болды және азаматтарға күнделікті істерінен қол үзбей, уақытын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді», – деді Мемлекеттік корпорация Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Жеткізу қызметіне қалай тапсырыс беруге болады:

  1. «ЦОН» мобильді қосымшасына кіріп, «Мамандандырылған ХҚКО» бөлімінен «Құжаттарды жеткізу» қызметін таңдаңыз;
  2. Жеткізу мекенжайын көрсетіп, өзіңізге қолайлы уақытты таңдаңыз;
  3. Оферта шартымен танысып, келісіміңізді растаңыз және қызмет ақысын төлеңіз.

Осыдан кейін қосымша арқылы жеткізу мәртебесін бақылап, курьер туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде көре аласыз.

Айта кетейік, жаңа сервистің іске қосылуы рәсімдерді жеңілдетуге және азаматтар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Сондай-ақ «ЦОН» мобильді қосымшасында басқа да сервистер мен мемлекеттік қызметтер қолжетімді. Қосымшаны App Store және Google Play арқылы жүктеп алуға болады.

 

24 июня 2026
Бас прокуратура 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындыларын шығарды

Бас прокуратура 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындыларын шығарды   Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратураның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Отырыс барысында қадағалау органының басшысы: «Прокуратура органдары қызметінің басты назарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз қорғауға арналған бағытын іске асыру мәселелері тұр». «Қазіргі уақытта елімізде ауқымды реформалар жүргізілуде. Жаңа Конституция адам құқықтарының кепілдіктерін едәуір күшейтіп, оларды қорғау тетіктерін кеңейтті. Прокуратура конституциялық реформалардың негізгі мақсаттарына қол жеткізуге өз үлесін қосуы тиіс. Біздің міндетіміз – Конституцияның әрбір нормасының азаматтардың өмірінде нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету және заңның бүкіл қоғам үшін бұлжымас құндылық болып қалуына ықпал ету», – деп атап өтті Берік Асылов. Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша қызметтің негізгі бағыттарының басым бөлігінде оң серпін байқалғаны айтылды. «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»тұжырымдамасын жүзеге асыру, инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және цифрлық трансформацияны одан әрі дамыту бағытында кешенді шаралар қабылданды. Құқықтық тәртіптің жақсаруына құқық қорғау органдары қызметін үйлестірудің күшеюі, құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары және цифрлық технологияларды енгізу маңызды ықпал етті. Қылмыстық құқық бұзушылықтар деңгейі 10%-ға төмендеді (оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар), сондай-ақ алаяқтық қылмыстар саны 13%-ға азайды. Прокуратура органдары құқық қорғау органдарымен және қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, есірткі трафигінің интернет-инфрақұрылымын жою бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Прокурорлардың қабылдаған шараларының нәтижесінде 2025 жылдан бері 530 мың «дропперлік» шот бұғатталып, 2,6 млрд теңге көлеміндегі есірткіден түскен заңсыз кірістерге тосқауыл қойылды, сондай-ақ осы бағыттағы 10 мың сайттың қызметі тоқтатылды. Берік Асылов қылмыстың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстардың, алаяқтық пен есірткі саудасының жолын кесу жұмыстарын күшейту қажеттігіне назар аударды. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету қоғам өмірінің барлық негізгі әрі сезімтал салаларын қамтыды. Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын құқықтық қорғауға, бас бостандығынан айыру орындарында заңдылықтың сақталуына, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге, сондай-ақ азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылды. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 2,1 млрд теңге көлеміндегі жалақы берешегі өтеліп, 168 мың жұмыскердің құқықтары қалпына келтірілді. Мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамның оңалту құралдарын алу, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қол жеткізу құқықтары қорғалды. Кәмелетке толмағандардың, оның ішінде білім алу, тұрғын үймен және медициналық қамтамасыз етумен қамтылу құқықтарының сақталуы прокурорлардың тұрақты бақылауында. Мәселен, прокурорлық қадағалау актілері бойынша 10 мыңнан астам жасөспірімнің жоспарлы ауруханаға жатқызылу, тегін тамақтану құқықтары қорғалды, сондай-ақ 2 мыңнан астам жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, тұрғын үй кезегіндегі құқықтары қалпына келтірілді. Осы салада мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 2,9 мың лауазымды тұлғасы әртүрлі жауаптылық түрлеріне тартылдыӘлеуметтік бағдарламалардың табысты іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында прокурорлардың күш-жігері құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және мемлекетке келтірілген залалды өтеуге бағытталды. Прокурорлардың қабылдаған шараларының нәтижесінде мемлекет пайдасына 147 млрд теңге өндірілді (мүлік, салықтар, экологияға келтірілген залал және басқа да төлемдер). Президенттің мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде прокурорлар 342 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік қаражаттың заң бұзушылықтармен жұмсалуына жол бермеді. Бұл ретте шығыстарды негізсіз жоспарлауға, бәсекелестікті шектеуге, артық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жол бермеуге ерекше назар аударылуда. Активтерді қайтару және оларды заңды экономикалық айналымға тарту жөніндегі жүйелі жұмыс жалғастырылды. Биыл мемлекеттен заңсыз шығарылған активтердің 40 млрд теңгесі қайтарылды (оның ішінде 37,7 млрд теңге ақшалай қаражат, 2,3 млрд теңге көлеміндегі мүлік). Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен 39 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді (олардың қатарында Ақтау қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясы, Шымкент қаласындағы студенттер жатақханасы, Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы, Балқаш қаласы әуежайын реконструкциялау және басқа да нысандар бар). Заң талаптарын сақтайтын бизнесті кешенді прокурорлық қорғау жүйесі қалыптастырылды. Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы ерекше бақылауда. Президент Жарлығымен құрылған Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет өз өкілеттіктерін іске асыруға кірісті. Негізгі назар ден қою шараларынан жүйелі әрі проактивті жұмысқа көшуге, яғни проблемалардың түпкі себептерін анықтап, оларды жоюға аударылды. Қазіргі уақытта прокурорлардың сүйемелдеуінде 3 мыңнан астам инвестициялық жоба бар. Оларды іске асыру жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастыруға, салық базасын кеңейтуге, жұмыспен қамтуды арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды жүзеге асыру аясында 600 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Инвестицияларды тарту, активтерді қайтару және қылмыскерлерді экстрадициялау мәселелерін қоса алғанда, халықаралық ынтымақтастықты дамыту жұмыстары жалғасуда. Бас прокуратураның қоржынында 39 юрисдикциямен жасалған 92 екіжақты шарт бар. Олардың қатарында Ұлыбритания, Гонконг, Үндістан, Испания, Италия, АҚШ, Монако Князьдігі, Франция, Макао және басқа мемлекеттер мен аумақтар бар. Сондай-ақ Қазақстанға 27 адам экстрадицияланды (Грузия, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Түркия, Черногория және басқа елдерден), ал шет мемлекеттерге 70 адам берілді (Армения, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, Польша және басқа елдерге). Алқа отырысының қорытындысы бойынша Бас Прокурор қадағалау органының алдағы жұмысының негізгі бағыттарын айқындады. Олар жүйелі цифрлық трансформация қағидаттарына, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және мемлекеттің барлық қызмет салаларында заңдылық режимін дәйекті түрде нығайтуға негізделетін бо

05 июня 2026
Ұлытау облысында мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа цифрлық форматы - алғашқы цифрлық Smart Point ХҚКО ашылды

Ұлытау облысы елімізде жаңа форматтағы Smart Point цифрлық ХҚКО іске қосылған алғашқы өңір болды. Бұл – мемлекеттік қызметтерді алудың сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған заманауи әрі инновациялық кеңістік. Жоба халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, электрондық қызметтерді өздігінен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың ыңғайлы, заманауи әрі технологиялық ортасын дамытуға бағытталған.

           Аталған оқиғаның маңыздылығын арттыра түсетін жайт – Ұлытау облысы халыққа қызмет көрсетудің осы озық форматын енгізген Қазақстандағы алғашқы өңір болды. Орталықтың ашылуы елдегі цифрлық трансформация үдерістерінің алдыңғы қатарында болуға деген өңірдің талпынысын айқындай түсті.

           Жаңа орталықтың жұмысымен танысу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Басқарма Төрағасы Арман Шоқанұлы Кенжеғалиев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы Рыспеков және Ұлытау облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек Жазылханұлы арнайы барды.

           «Біз тек жаңа буындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашып жатқан жоқпыз. Біз мемлекет пен азамат арасындағы байланыстың жаңа мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Бұл ашықтыққа, заманауилыққа және адамға бағдарланған жаңа формат. Сонымен қатар жұмысымыздың басты қағидаты өзгермейді. Ол мемлекеттік қызметтердің әр азамат үшін қолжетімді болуы. Алдағы уақытта Apple Store үлгісіндегі мұндай орталықтар еліміз бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі. Инфрақұрылымның дайындығына қарай Астана мен Павлодар қалаларында да іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

           Smart Point – азаматтарға операторлардың көмегінсіз мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін заманауи жоғары технологиялық кеңістік. Мұндай тәсіл күту уақытын едәуір қысқартып қана қоймай, мемлекеттік цифрлық сервистерді қолайлы әрі тиімді пайдалануға жаңа мүмкіндіктер ашады.

           Орталық бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Олардың әрқайсысы заманауи пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескере отырып жасақталған.

           Экспресс-аймақта мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға арналған терминалдар орнатылған. Сонымен қатар құжаттарды мессенджерлер мен басқа да цифрлық байланыс арналары арқылы жедел жолдауға мүмкіндік қарастырылған.

           Цифрлық аймақ сымсыз қуаттау құрылғыларымен және жоғары жылдамдықты сканерлермен жабдықталған. Бұл келушілерге қажетті құжаттарды жедел цифрландырып, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге жүктеуге мүмкіндік береді.

           Сараптамалық аймақ күрделі мемлекеттік қызметтерді мамандардың сүйемелдеуімен алуға арналған.

           Ерекше назар цифрлық сауаттылықты арттыру аймағына аударылған. Мұнда интерактивті экран және оқып-үйренуге әрі демалуға қолайлы кеңістік қарастырылған. Тұрғындар бұл жерде цифрлық дағдыларын тегін жетілдіріп, жаңа электрондық сервистерді меңгеріп, цифрлық мемлекеттің мүмкіндіктерін сенімді пайдалана алады.

           Бүгінде Smart Point – бұл тек қызмет көрсетудің жаңа форматы ғана емес, технологиялар мен адамдардың арасын жақындататын, ал мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы, қолжетімді әрі тиімді ететін кеңістік. Осындай жобаларды іске асыру азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, қоғамдағы цифрлық мәдениетті нығайтуға және цифрлық Қазақстанды одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастыруға ықпал етеді.

29 апреля 2026
«Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсының басталуы туралы хабарландыру

«Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсының басталуы туралы хабарландыру

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметтер көрсететін мемлекеттік органдар мен ұйымдарды «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсына қатысуға шақырады.
Аталған Конкурсты өткізудің мақсаты қызмет көрсетушілердің мәртебесін арттыру, ынталандыру және жұмыстағы клиентке бағдарлануының негіздерін нығайту болып табылады.
Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер Агенттіктің аумақтық департаменттеріне келесі құжаттарды ұсынуы қажет:
1) белгіленген нысан бойынша конкурсқа қатысу туралы өтініш;
2) әдістемелік ұсынымдарға сәйкес фотосурет;
3) әдістемелік ұсынымдарға сәйкес өмірбаяны;
4) әдістемелік ұсынымдарға сәйкес қызмет туралы бейнеролик.
Конкурсты өткізу тәртібі туралы егжей-тегжейлі ақпарат әдістемелік ұсынымдарда ұсынылған.
Құжаттарды қабылдау 04.05 - 14.05.2025ж. аралығында жүзеге асырылады.

Құжаттарды жіберу үшін байланыстар: 8 708 7464299, ugu505@mail.ru

27 февраля 2026
Мемлекеттік қызметті жеке менеджер арқылы алу: сервис қалай жұмыс істейді

 

2025 жылы 60 мыңнан астам қазақстандық мемлекеттік қызметтерді жеке менеджер арқылы алуды таңдаған. «Жеке менеджер» қызметі халыққа қызмет көрсету орталықтарында, көшпелі қызмет көрсету форматында да қолжетімді, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы.

«Жеке менеджер» қызметі барлық ХҚКО-ларда, оның ішінде мамандандырылған орталықтарда көрсетіледі және басымдықпен қызмет алуға мүмкіндік береді. Қызметті пайдалану үшін тіркеу орнына жүгініп, келісімшарт жасау қажет. Осыдан кейін маман құжаттарды рәсімдеудің барлық кезеңінде қызмет алушыға жеке көмек көрсетеді.

Қызмет құны халыққа қызмет көрсету орталықтарында – 5 697 теңге, ал мамандандырылған ХҚКО-ларда – 6 306 теңге.

ХҚКО-ға түрлі себептермен келе алмайтын азаматтар үшін жеке менеджердің көшпелі қызмет көрсету форматы қарастырылған. Маман алдын ала берілген өтінім негізінде келісілген уақыт пен мекенжайға барады. Көшпелі қызмет көрсету құны – 7 447 теңге. Бұл сомаға ұйымдастыру және логистикалық шығындар кіреді.

Айта кетейік, көшпелі формат ХҚКО-ның мемлекеттік қызметтері бойынша ұсынылады. Алайда паспортты, жеке куәлікті, жүргізуші куәлігін рәсімдеу және көлік құралдарын қайта тіркеу қызметтері бұл форматта көрсетілмейді.

Аталған қызмет әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналар, жұмыс кестесі тығыз азаматтар және кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие. Дегенмен оны кез келген өтініш беруші өз қалауымен пайдалана алады. Бұл формат қызмет алуды алдын ала жоспарлап, күту уақытын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Жеке менеджердің көшпелі қызметіне өтінім беру үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтындағы «Қызметтер» бөліміне өтіп, «Жеке менеджердің үйіне бару» бөлімін таңдау қажет. Одан кейін «Өтінім қалдыру» батырмасын басып, қажетті мәліметтерді толтыру керек.

Өтінім жіберілген соң көрсетілген телефон нөміріне растау коды бар SMS-хабарлама жолданады. Бір жұмыс күні ішінде оператор өтініш берушімен байланысып, қызмет көрсету уақыты мен өзге де мәліметтерді нақтылайды.

Сонымен қатар, 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы кеңес алып, өтінім қалдыруға болады. Кеңес берілгеннен кейін өтініш берушіге жеке менеджерді үйге шақыру үшін арнайы сілтеме SMS арқылы жіберіледі.

Мемлекеттік корпорация азаматтардың қажеттіліктерін ескеретін және мемлекетпен өзара байланысты жеңілдететін қызметтерді кезең-кезеңімен енгізуді жалғастырады.

 

27 февраля 2026
«ЦОН» мобильді қосымшасы: қазақстандықтар қосымша арқылы қанша қызмет түрін алады

Қазақстанда мемлекеттік қызметтер кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіп жатыр. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтер тізілімінде 1448 қызмет бар, оның 1278-і онлайн форматта қолжетімді. Осындай цифрлық арналардың бірі – «ЦОН» мобильді қосымшасы. Онда 18 қызмет іске қосылған, оның ішінде бейнеқоңырау форматында 79 қызмет түрі бар, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы.

Мемлекеттің корпорацияның мәліметінше, 2025 жылы «ЦОН» мобильді қосымшасын 2 миллионнан астам адам жүктесе, 2026 жылдың басынан бері тағы шамамен 370 мың пайдаланушы қосылған. Қосымша арқылы азаматтар уақытын үнемдеп, кезекті алдын ала жоспарлап, QR-талон алып, өтініштерінің мәртебесін және құжаттарының жеткізілуін онлайн қадағалай алады.

Пайдаланушылар ең жиі таңдайтын қызметтердің бірі – электронды талон алу. Қосымша іске қосылған сәттен бері пайдаланушылар 3,5 миллионнан астам электронды талон рәсімдеген. Бұл қызмет азаматтарға бөлімшеде тіркеу рәсімін оңайлатып, қызмет алу процесін ыңғайлы етеді.

Қосымша қашықтан қызмет алу мүмкіндігін де ұсынады. Пайдаланушылар құжаттардың жеткізілуін онлайн бақылай алады, сондай-ақ «Бейне қызметі» арқылы маманмен бейнебайланысқа шығып, бөлімшеге бармай-ақ кеңес алып, қызметті рәсімдей алады.

Көлікке қатысты бірқатар рәсімдер де цифрлық форматқа көшірілген. Қосымшада автокөлікті сатып алу-сату шартын рәсімдеу, көлік тарихын тексеру, мемлекеттік тіркеу нөміріне тапсырыс беру және жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханға жазылу қызметтері қолжетімді.

Мемлекеттік корпорацияның атап өтуінше, «ЦОН» мобильді қосымшасы халықпен өзара байланыстың негізгі онлайн құралдарының біріне айналды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бұл платформа мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен қолжетімділікті арттыру бағытында өз жұмысын жалғастырады.

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы