Қостанай қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер баскармасы, экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларында бизнес субъектілерін қолдау мақсатында 01.01.2021 жылдан 01.01.2023 жылға дейінгі екі жылдық кезеңге «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 77-1-тарауын толықтыра отырып, «бөлшек салықтың арнаулы салық режимі» енгізілгенін (696-1-бап) хабарлайды.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін салық төлеушілер мына жағдайда қолдануға құқылы, егер олар:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып танылады;
2) осы режимді қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызметтің (сауда желілерін, сондай-ақ тамақ өнімдерін өткізетін сауда объектілерін қоспағанда) бір немесе бірнеше түрін жүзеге асырады.
Төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, бөлшек салықтың арнаулы салық режимі корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеудің ерекше тәртібін көздейді.
Төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеуді салық төлеуші есепті салық кезеңі үшін салық салу объектісіне 3 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану арқылы дербес жүргізеді.
Қазақстан Республикасында және одан тысқары жерлердегі салық кезеңінде алынған (алынуға жататын), жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен айқындалатын табыс салық салу объектісі болып табылады.
Күнтізбелік тоқсан бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану үшін салық кезең і болып табылады.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларациялар салық төлеушінің орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей табыс етіледі.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.
Бөлшек салықтың арнайы салық режиміне салық салудың жалпы белгіленген тәртібінен немесе басқа арнайы салық режимінен өтуге болады. Сонымен қатар, бөлшек салық режимінен тек жалпы белгіленген салық режиміне көшуге болады.
Бұдан басқа, 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 121-VI ҚРЗ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңының 57-4 бабының күші бөлшек салық режимін қолданатын салық төлеушілерге қолданылмайды.
Салық кодексінің 482-бабына сәйкес бөлшек салық салудың арнайы режимін қолданатын салық төлеушілер әлеуметтік салықты төлеуден босатылады.
Егер арнаулы салық режимін қолдану өлшемдері бойынша келетін қосылған құн салығын (бұдан әрі-ҚҚС) төлеуші бөлшек салық режиміне көшуді жүзеге асыруды жоспарласа, осындай арнаулы салық режимін қолдану басталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініш беру қажет (85-бап)
Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы