Ескерткіш датасы – 1893 ж.
Орналасқан жері: Қостанай қ., Әл-Фараби даңғылы, 44.
Мешіт 1893 жылы Татар қыстағында (қазіргі Нариман базарының аумағы) тұратын мұсылмандардың, бай көпестердің қайырымдылық қаражатына салынды.
Жаңа мешітке ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы қаламыздағы атақты көпестің бірі және қайырымдылықпен аты шыққан, Троицкідегі «Ағайынды Яушевтер» сауда үйінің өкілі Абдулвалей Ахмедханович Яушев қаржылай қолдау көрсетті.
Екі қабатты мешіттің жартылай дөңгеленген шығыңқы жері биік балконмен аяқталады, осы жерден мұсылмандарды намаз оқуға шақырған. 6 метрлік мешіт ғимараты екі ярусқа бөлінген. Кедей мұсылмандар төменгі яруста, жоғарғы ярусында жергілікті ақсүйектер дұға оқыған.
1931 жылы Қалалық кеңестің шешімен мешіт ғимараты клуб жұмысына берілді. Ұлы Отан соғысы жылдары ғимаратта эвакуациялау пункті орналасты. Соғыстан кейін мұнда жас көрермендер кинотеатры орналасты, одан кейін ғимарат облыстық филармонияның концерт залы болып қайта салынды. 1991 жылдан 2016 жылға дейін ғимаратта мешіт орналасты.
Ескерткіштің ішкі көрінісі өзгертілген, жертөле деңгейінде қосымша құрылыс салынған, одан ғимарттың бастапқы көрінісі де өзгерді.