Салық кодексінің 774- бабынң 1 тармағына сәйкес - Дара кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:
1) бірыңғай жиынтық төлемді төлеген;
2) жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
3) қызметтерді салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана көрсететін және (немесе) акцизделетін өнімдерді қоспағанда, жеке қосалқы шаруашылықтың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана өткізетін жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер деп танылады.
Осы бабтың 2-тармағына сәйкес бiрыңғай жиынтық төлемді төлеушінің осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алатын кірісінің күнтiзбелiк жылдағы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1175 еселенген мөлшерінен аспауға тиiс.
Мәселен, БЖТ төлеушінің шекті табысын есептеу үшін 2020 жылдың 1 қаңтарына қолданыстағы АЕК қолданылады, яғни 2 651 теңге (2020 жылға шекті табыстың мөлшері - 3 114 925 теңге).
Салық кодексінің 775-бабының 2-тармағына сәйкес бір айдағы бірыңғай жиынтық төлем сомасы республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, астанада – айлық есептік көрсеткіштің 1 еселенген мөлшерін және басқа елді мекендерде айлық есептік көрсеткіштің 0,5 еселенген мөлшерін құрайды.
Осылайша, БЖТ сомасы ағымдағы жылдың бір айы үшін қала тұрғындары үшін 1 АЕК немесе 2 651 теңге құрайды, ауыл тұрғындары үшін - 0,5 АЕК немесе 1 326 теңге.
Ол ЖТС (10% бюджет), әлеуметтік аударымдар (МӘСҚ, 20%), зейнетақы аударымдары (БЖЗҚ, 30%) және МӘМС (ФСМС, 40%) - ға бөлінетін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының жеке банктік шотына бір төлем тапсырмасымен банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен жалпы сомамен төленеді.
Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы