Алматыда ғылыми әзірлемелерді, жасанды интеллектіні, көмекші және цифрлық технологияларды әлеуметтік қорғау мен оңалту саласында қолдану арқылы қызмет сапасын қалай арттыруға болатыны талқыланды. Ғылыми зерттеулердің нәтижесін халыққа пайдасы тиетін нақты шешімдерге айналдыру мәселесі «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі инновациялар, ғылым және пәнаралық әріптестік: зерттеуден тәжірибеге дейін» атты халықаралық қатысуымен өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияның негізгі тақырыбына айналды.
Іс-шараны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы ұйымдастырды.
Конференцияға жергілікті атқарушы органдардың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, БҰҰ Даму бағдарламасы мен ЮНИСЕФ-тің өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен шетелдік сарапшылар қатысты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бейнебайланыс арқылы конференцияға қатысып, ғылыми зерттеулерді азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған нақты шешімдерге айналдыру маңызды екенін атап өтті.
«Ғылым тек зерттеулер мен ғылыми жарияланымдар аясында қалып қоймауы керек. Оның әлеуметтік қорғау саласындағы басты құндылығы – ғылыми білімді адамдардың өмірін жақсартатын нақты шешімдерге айналдыру мүмкіндігі», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Қатысушылар заманауи зерттеулерді адамның жеке қажеттіліктерін бағалауға, оңалту құралдарын дұрыс таңдауға, балалар мен олардың отбасыларына үздіксіз қолдау көрсетуге, әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолдау жүйесінің тиімділігін арттыруға қалай қолдануға болатынын айтты.
Пленарлық отырыста әлеуметтік қорғау саласындағы халықаралық тәсілдер мен қазақстандық әзірлемелер таныстырылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері көмекші технологиялардың қолжетімділігін арттыру туралы, ал БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшылары тұрақты әлеуметтік қолдау үлгілерін дамыту жөнінде баяндады. Сондай-ақ ұзақ мерзімді күтім көрсету саласында жасанды интеллект пен қолданбалы зерттеулерді пайдалану мүмкіндіктеріне жеке тоқталды.
Әлеуметтік қорғауды дамытуда ғылым, мемлекеттік ұйымдар мен тәжірибелі мамандардың өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктері конференцияның шетелдік қатысушыларымен де талқыланды.
«Зерттеушілердің, мемлекеттік мекемелер өкілдерінің және тәжірибелі мамандардың басын қосу тәжірибе алмасуға әрі адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгерте алатын шешімдерді талқылауға мүмкіндік береді», – деді Астанадағы Канада халықаралық мектебі директорының орынбасары Аббас Хазаал.
Қазақстандық мамандар интеллектуалды медициналық құрылғылар мен әлеуметтік қорғау саласына арналған цифрлық шешімдерді таныстырды. Сондай-ақ заманауи технологиялардың көмегімен оңалту қызметтерін адамның нақты қажеттіліктеріне сай ұйымдастырып, қолжетімді ету мәселесі қарастырылды.
Конференция жұмысы төрт тақырыптық секцияда жалғасты. Онда дәлелдерге негізделген әлеуметтік саясат, әлеуметтік оңалту мен инклюзия, инновациялық техникалық құралдар мен көмекші технологияларды қолдану, сондай-ақ әлеуметтік сала мамандарының кәсіби дамуы мәселелері қаралды.
Оңалту саласындағы жаңа технологиялар мен практикалық шешімдерге басымдық берілді. Атап айтқанда, ортопедияда 3D-технологияларды қолдану, адамның жеке қажеттіліктеріне сай протездік-ортопедиялық бұйымдар әзірлеу, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған заманауи көмекші құралдарды пайдалану мәселелері көтерілді. Сонымен қатар кохлеарлық имплантациядан кейін балалардың есту және сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған оңалту жұмыстары қарастырылды. Сарапшылар оңалту тиімділігін бағалау және медицина, әлеуметтік қорғау мен білім беру салаларының өзара байланысын күшейту мәселелеріне де тоқталды.
Конференцияның тағы бір бағыты әлеуметтік сала мамандарының кәсіби әлеуетін дамытуға арналды. Қатысушылар әлеуметтік қызметкерлерді даярлау, кәсіби біліктілікті тану, балалармен, отбасылармен және мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеуге қажетті дағдыларды қалыптастыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және әртүрлі сала мамандарының өзара іс-қимылы мәселелері қаралды.
Іс-шараның практикалық бөлігі көрме алаңында жалғасты. Онда оңалтуға арналған техникалық құралдар, көмекші және цифрлық технологиялар, білім беру және әдістемелік әзірлемелер ұсынылды. Қатысушылар Ұлттық ғылыми орталық пен оның серіктес ұйымдарының әзірлемелерімен танысып, оларды сынақтан өткізу және әлеуметтік қорғау жүйесінде қолдану мүмкіндіктерін ортаға салды.
«Біздің міндетіміз зерттеу, әзірлемені сынақтан өткізу және оны әлеуметтік салада қолдану арасындағы байланысты қалыптастыру. Жаңа шешімдерді бағалау кезінде олардың адамның күнделікті өміріне қаншалықты көмектесетінін және мамандарға қаншалықты қолайлы екенін ескеру маңызды. Сондықтан біз ғылыми ұйымдар мен тәжірибелі мамандарды біріктіріп, технологиялардың мүмкіндіктерін ғана емес, оларды қолдану шарттарын да талқылаймыз», – деді Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Сырым Нәси.
Конференция қорытындысы бойынша төрт тақырыптық секцияның ұсыныстары әзірленді. Сонымен қатар 2027-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы Алматы декларациясы талқыланып, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы мен серіктес ұйымдар арасында меморандумдарға қол қойылды.
Қол жеткізілген келісімдер бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, жаңа технологияларды сынақтан өткізіп, қолданысқа енгізуді, кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуді және әлеуметтік көмек көрсетудің практикалық тетіктерін жетілдіруді көздейді.
Осылайша, конференция ғылымды, заманауи технологиялар мен тәжірибені бір алаңға біріктірді. Оның негізгі мақсаты әлеуметтік қорғау жүйесін заманауи талаптарға сай дамыту, көмекті нақты қажеттілікке қарай көрсету және оны әр адам үшін қолжетімді ету.
Қазақстанда 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін «Күміс жас» жобасы жалғасып жатыр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында жоба аясында 10,3 мың адам жұмысқа орналасқан.
Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі Түркістан облысында – 1 678 адам, Қарағанды облысында – 1 093, Ақтөбе облысында – 807 және Жамбыл облысында – 705 адам.
Жобаға қатысушылар қатарында әйелдер мен ауыл тұрғындары көп. Қатысушылардың 54,7%-ы, яғни 5 658-і – әйелдер. Ал ауыл тұрғындарының үлесі 61%-ды немесе 6 324 адамды құрайды.
Ауыл шаруашылығы (41%), қызмет көрсету (23%) және білім беру (7%) салалары негізгі бағыттар қатарында. Ең сұранысқа ие мамандықтар мал бағушы, санитар, кассир, сатушы, күзетші, аспаз, тігінші, администратор, жүргізуші және бухгалтер бар.
Біліміне келсек, қатысушылардың 78%-ы орта білімді, 18%-ы орта техникалық білімді, ал 4%-ы жоғары білімді.
Айта кетейік, «Күміс жас» жобасы 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты жасы үлкен азаматтарға жұмыс табуға жәрдемдесу және олардың тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау.
Жобаға мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну қажет.
Аталған жобаға қатысу мерзімі 36 айға дейін созылады. Осы уақыт ішінде мемлекет қызметкердің жалақысының бір бөлігін субсидиялайды. Бұл жұмыс берушілерге тәжірибелі мамандарды жұмысқа тартуға және олардың тұрақты жұмыс орнында қалуына мүмкіндік береді.
Мемлекеттік субсидия мөлшері:
1-12 ай аралығында – белгіленген жалақының 70%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;
13-24 ай аралығында – 65%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;
25-36 ай аралығында – 60%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.
Басты шарттарының бірі қатысушыларды кейін де тұрақты жұмыспен қамту. Субсидия төлеу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші олармен еңбек қатынасын жалғастыруға міндетті. Зейнет жасына жетпеген қызметкерді кемінде бір жыл тұрақты жұмыспен қамтуы керек. Ал зейнеталды жастағы, 58 жастан асқан қатысушыны зейнетке шыққанға дейін жұмыспен қамтамасыз етуге тиіс.
Жобаның тиімділігін Ұлытау облысының тұрғыны Толғанай Абдрахманованың оқиғасынан да көруге болады.
2023 жылдың наурызында ол жұмыс іздеп, Жаңаарқа ауданының мансап орталығына жүгінген. Мамандар оған «Күміс жас» жобасы аясында «Золотая» жеке кәсіпкерлігіне тігінші болып орналасуды ұсынған.
Толғанай Бекмырзаевна үш жыл бойы өз міндеттерін адал атқарып, тәжірибе жинақтаған. Жұмыс барысында өзін жауапты әрі тиянақты қызметкер ретінде көрсеткен.
Кәсіби шеберлігі мен жұмысына деген жауапкершілігінің арқасында ол жұмыс берушінің сеніміне ие болды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін оған сол ұйымда тұрақты жұмыс істеу ұсынылды.
Толғанай Абдрахманованың оқиғасы жұмысқа орналасуға берілетін уақытша қолдаудың тұрақты жұмыспен қамтылуға және кәсіби жолын жалғастыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
«Күміс жас» жобасы аға буын өкілдеріне еңбек белсенділігін сақтауға, жинаған тәжірибесін пайдалануға, жаңа дағдыларды меңгеруге және еңбек нарығында сұранысқа ие болуға көмектеседі.
Қалалық прокуратура өкілдерімен жұмыс кездесуі өткізілді
Кездесу барысында Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) енгізілетін мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, жүйедегі мәліметтер арасындағы сәйкессіздіктерді анықтау, оларды уақтылы жою және еңбек шарттары туралы ақпаратты өзектендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы, сондай-ақ ЕШЕБЖ жүйесіндегі мәліметтердің дұрыстығы мен өзектілігін қамтамасыз ету қажеттілігі атап өтілді.
Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкер қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарымен таныстырылуы тиіс екенін білесіз бе?
Кез келген өндірісте, құрылыс алаңында немесе басқа да жұмыс орындарында белгілі бір қауіп-қатерлер болады. Сондықтан уақтылы өткізілетін нұсқама – жай ғана формалдылық емес, жазатайым оқиғалардың алдын алудың маңызды шарасы.
❗ Жұмыс беруші нені қамтамасыз етуге міндетті?
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші:
✅ Нұсқама беру және оқытуды жүргізуге – жұмыскерлерге еңбек міндеттерін қауіпсіз орындау қағидаларын түсіндіруге және олардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімін тексеруге;
✅ Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге – кәсіптік тәуекелдерді анықтауға және олардың алдын алу мен төмендету жөнінде шаралар қабылдауға;
✅ Қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге – жұмыскерлерді белгіленген нормаларға сәйкес арнайы киіммен, аяқкиіммен және қажетті жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге;
✅ Қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға – белгіленген қағидалардың орындалуын қадағалауға және анықталған бұзушылықтарды уақтылы жоюға;
✅ Медициналық қарап-тексерулерді ұйымдастыруға – заңнамада көзделген жағдайларда өз қаражаты есебінен медициналық қарап-тексерулер өткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
⚠ Білу маңызды!
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қажетті оқытудан және білімін тексеруден өтпеген жұмыскерлер жұмысқа жіберілмейді.
Сонымен қатар, жұмыскердің өзі де белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануға және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
Нұсқаманы тек формалды түрде өткізу қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Әрбір жұмыскер ықтимал қауіп-қатерлерді түсініп, қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі маңызды.
Есіңізде болсын: жазатайым оқиғаның салдарын жойғаннан гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – жұмыс берушінің міндеті және әрбір жұмыскердің құқығы!
#ЕңбектіҚорғау #ЕңбекҚауіпсіздігі #ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #МЕИК
Әрбір жұмыскердің жалақысын уақтылы алуға, қауіпсіз еңбек жағдайларына және еңбек құқықтарының сақталуына құқығы бар.
Алайда іс жүзінде жұмыс берушінің жалақыны кешіктіруі, тиесілі төлемдерді төлемеуі, еңбек шартының талаптарын бұзуы немесе еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтамауы сияқты жағдайлар кездеседі.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, не істеу керек?
📌 1-қадам. Өтініш беріңіз
Жұмыскер жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық департаментіне, оның ішінде e-Otinish порталы арқылы өтініш бере алады.
📌 2-қадам. Өтінішті қарау
Мемлекеттік еңбек инспекторлары өтініште көрсетілген мән-жайларды зерделейді, ұсынылған құжаттарды талдайды және заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда жұмыс берушіге тексеру жүргізеді.
📌 3-қадам. Тиісті шаралар қабылдау
Егер заңбұзушылықтар расталса, мемлекеттік еңбек инспекторы өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды. Атап айтқанда, жұмыс берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілуі, ал кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
📌 4-қадам. Орындалуын бақылау
Еңбек инспекциясының жұмысы заңбұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді. Мемлекеттік еңбек инспекторлары берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады және жұмыскерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
Біздің міндетіміз – заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруге ықпал ету.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаңыз. Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгініңіз.
#ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #ЖұмыскерлердіңҚұқықтарынҚорғау #ЕңбекЗаңнамасы #МЕИК
2026 жылғы 14 қазанда «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті» РММ еңбек заңнамасы бөлімінің мемлекеттік еңбек инспекторлары А.Қ. Кежетаев пен Р.Т. Кузембаев Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының «Қарасу аудандық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлерімен олардың еңбек құқықтарын сақтау және қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің ережелерін түсіндіру және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы нормаларын қолдану тәртібі мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында жұмыс берушілер Enbek.kz электронды еңбек биржасына 1 миллионнан астам бос жұмыс орнын жариялаған. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға көп. Былтырғы тоғыз айда 978 мың бос жұмыс орны тіркелген болатын. Жалпы, платформада ай сайын орта есеппен 120 мыңға жуық жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылды.
Жұмыс берушілердің белсенділігі әсіресе қыркүйек айында артқан. Осы айда 254 мың бос жұмыс орны ұсынылып, бұл тоғыз айдағы жалпы көрсеткіштің 23,2%-ын құрады. Қыркүйектегі көрсеткіш тамыз айымен салыстырғанда екі есеге жуық өскен. Бос жұмыс орындарының саны барлық салада артты. Әсіресе сауда, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салаларында өсім байқалған.
2026 жылдың тоғыз айында жарияланған бос жұмыс орындарының басым бөлігі білім беру саласына тиесілі. Оның үлесі – 26,3%. Одан кейін басқа қызмет түрлері – 13%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 8,5%, өңдеу өнеркәсібі – 7,2% және мемлекеттік басқару – 6,8%.
Өңірлер бойынша бос жұмыс орындарының ең көп үлесі Астана қаласында – 8,7%, Алматы қаласында – 8,4%, Қарағанды облысында – 6,8%, Түркістан облысында – 6,7% және Павлодар облысында – 6,3% тіркелген.
Бос жұмыс орындарының басым бөлігі орта деңгейдегі біліктілігі бар мамандарға арналған. Олардың үлесі – 42,1%. Жоғары білікті мамандарға арналған жұмыс орындары 32,7%-ды, ал арнайы біліктілікті қажет етпейтін жұмыстар 25,2%-ды құрайды.
Жұмыс берушілер көбіне медбикелерді, автокөлік жүргізушілерін, тәрбиешілерді, математика мұғалімдерін, бухгалтерлерді және аспаздарды іздеген. Сондай-ақ жоғары білікті мамандардың ішінде әлеуметтік педагогтер мен мектеп психологтарына да сұраныс бар.
2026 жылдың тоғыз айында жұмыс іздеушілер Enbek.kz платформасына 1,2 миллионға жуық түйіндеме орналастырған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2%-ға көп.
Enbek.kz электронды еңбек биржасы жұмыс іздеушілерге түйіндемесін орналастырып, өзіне лайықты жұмыс табуға мүмкіндік береді. Ал жұмыс берушілер платформа арқылы бос жұмыс орындарын ұсынып, қойылатын кәсіби талаптарға сәйкес келетін мамандарды іріктей алады.
Электронды еңбек биржасы жұмыс іздеу мен қызметкерлерді іріктеу үдерістерін бір цифрлық платформада біріктіреді. Пайдаланушылар өз талаптарына сәйкес іздеу параметрлерін белгілеп, еліміздің түрлі өңірлеріндегі еңбек нарығындағы ұсыныстармен таныса алады. Жұмыс мүмкіндіктерін қарастыру және түйіндеме орналастыру үшін Enbek.kz платформасын пайдалануға болады.
Демалыс және мереке күндері жұмыс істеуге рұқсат етіледі, алайда жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
📖 ҚР Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға олардың жазбаша келісімімен немесе өздерінің өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.
❗ Қызметкер нені білуі маңызды?
✅ Қызметкердің келісімі. Жалпы ереже бойынша жұмыс беруші қызметкерді оның жазбаша келісімінсіз демалыс күні жұмысқа тартуға құқылы емес.
✅ Еңбекақы төлеу. ҚР Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, кемінде бір жарым есе мөлшерде жүргізіледі.
✅ Басқа демалыс күні. Қызметкердің қалауы бойынша жоғарылатылған еңбекақы төлеудің орнына басқа демалыс күні берілуі мүмкін.
✅ Ерекше жағдайлар. Заңнамада қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға жол берілетін жекелеген жағдайлар көзделген.
⚖️ Есіңізде болсын: қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартудың белгіленген тәртібін сақтау – жұмыс берушінің міндеті.
📢 Өз еңбек құқықтарыңызды біліңіз және оларды қорғаңыз!
#ЕңбекҚұқықтары #ҚРЕңбекКодексі #ЕңбекИнспекциясы #ҚызметкерлердіңҚұқықтарынҚорғау #МЕИК #ҚРЕңбекМинистрлігі
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың әлеуметтік қолдауды алуын жеңілдету үшін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмысын жалғастыруда. Қазіргі уақытта көрсетілетін 49 мемлекеттік қызметтің 45-ін, яғни 91,8 пайызын электронды түрде алуға болады. Ал 28 қызметті проактивті түрде алу мүмкіндігі қарастырылған.
Қызмет түріне қарай азаматтар электронды үкімет порталын, Enbek.kz электрондық еңбек биржасын, eGov Mobile мобильді қосымшасын және екінші деңгейлі банктердің қосымшаларын пайдалана алады. Бұл сервистер арқылы мемлекеттік қызметтерге қашықтан өтініш беруге болады. Осылайша, мекемелерге барудың қажеті азаяды.
Министрлік проактивті қызмет көрсетуді де дамытуда. Бұл жағдайда қызмет ұсыну бастамасын мемлекеттің өзі көтереді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тиісті қолдау шараларын алуға құқығы бар азаматтар анықталып, оларға осы қызметті алу мүмкіндігі туралы хабарлама жолданады.
Бұл тәсіл азаматтардың қажетті мемлекеттік қызметті алу үдерісін бастауын жеңілдетеді. Азамат өзіне тиесілі қолдау шаралары туралы білу үшін мемлекеттік органға баруға немесе арнайы өтініш беруге міндетті емес. Ал қызметті рәсімдеу тәртібі оның түрі мен белгіленген талаптарына қарай айқындалады.
Қазіргі уақытта 28 мемлекеттік қызметті проактивті форматта көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жалпы мемлекеттік қызметтер санының 57,1 пайызын құрайды.
Қызметтерді цифрландырумен қатар оларды көрсету тәртібі де жетілдіріліп, мемлекеттік органдар арасында мәлімет алмасу дамып келеді. Ақпараттық жүйелердегі деректерді пайдалану азаматтардан растайтын құжаттарды қайта талап ету қажеттілігін төмендетеді.
Министрлік алдағы кезеңде де цифрлық және проактивті қызметтер аясын кеңейтуге, оларды алу рәсімдерін оңтайландыруға және қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуға баса назар аударады.
Көші-қон саласындағы бірқатар қызметті migration.enbek.kz көші-қон процестері порталы арқылы онлайн алуға болады. Портал Қазақстан азаматтары, этникалық қазақтар, шетел азаматтары, жұмыс берушілер мен инвесторларға арналған қызметтерді бір платформада ұсынады.
Бұл жерде «қандас» мәртебесін алу, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, еңбек иммигранттарына жұмыс істеуге рұқсат рәсімдеу, шетелдік жұмыс күшін тарту және тағы басқа да қызметтер қолжетімді.
Порталдың басты артықшылығы барлық негізгі рәсімдерді онлайн орындауға болады: тіркеліп, жеке деректерді толтыруға, өтініш беруге және оның мәртебесін жеке кабинеттен бақылауға мүмкіндік бар.
Тіркелу – қызмет алудың алғашқы қадамы
Алдымен migration.enbek.kz сайтына кіріп, «Кіру» батырмасында «Тіркелу» қажет.
Ол үшін электрондық поштасын және құпиясөзін енгізіп, пайдаланушы келісімінің шарттарын қабылдау және есептік жазба ашу керек. Одан кейін көрсетілген электрондық поштаға тіркелуді растау туралы хат келеді.
Порталда пайдаланушылардың бірнеше санаты қарастырылған. Сондықтан қолжетімді қызметтер мен қажетті мәліметтер пайдаланушы таңдаған санатқа байланысты болады.
Жеке кабинет: қажетті ақпараттардың барлығы бір жерде
Порталға кіргеннен кейін пайдаланушы жеке кабинетке өтеді. Қызмет алмас бұрын «Жеке деректер» бөлімін толтыру қажет.
Егер шетел азаматының ЖСН-і болса, ол туралы кейбір мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынуы мүмкін. Қалған қажетті деректерді пайдаланушы өзі енгізеді. Мәліметтерді сақтамас бұрын олардың дұрыстығын мұқият тексеру керек.
Жеке мәліметтерді енгізген соң, пайдаланушы өзіне қажетті қызметті таңдап, электрондық өтініш формасын толтырып, оны қарауға жолдай алады.
Жеке кабинетте өтініштің мәртебесін бақылап, тиісті хабарламаларды алуға болады. Бұл қызметтің қалай көрсетіліп жатқанын қосымша сұрау салмай-ақ қадағалауға мүмкіндік береді.
Өтініш жібермес бұрын деректер мен құжаттарды тексеріңіз
Өтінішті жіберер алдында енгізілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру маңызды.
Жеке мәліметтердің сәйкестігіне, міндетті бөлімдердің толықтығына және қажетті құжаттардың енгізілгеніне көз жеткізу керек.
Жүйе міндетті ұяшықтың толтырылуын да тексереді. Қажетті мәліметтер толық енгізілмеген жағдайда, пайдаланушыға ескерту көрсетіліп, деректерді толықтырмай тұрып сақтауға мүмкіндік берілмейді.
Әр қызметтің талаптары мен қажетті құжаттар тізімі әртүрлі. Сондықтан өтініш бермес бұрын таңдалған қызметтің сипаттамасы мен оны алу шарттарымен танысу ұсынылады.
Хабарламаларды тексеріп отырыңыз
Өтініш жіберілген соң оның қаралу кезеңдеріне қатысты ақпарат жеке кабинетте қолжетімді болады. Сондықтан пайдаланушы өтініш мәртебесін үнемі қадағалап, жүйедегі хабарламалармен танысып отыруы қажет. Бұл рәсімдеу барысындағы өзгерістерді дер кезінде біліп, қажет болған жағдайда қосымша әрекеттерді орындауға көмектеседі.
Сонымен қатар порталда қолжетімді қызметтер туралы, көші-қон және жұмысқа орналасу саласындағы ресми дереккөздерден алынған ақпараттар жарияланып отырады.
Migration.enbek.kz – көші-қон саласындағы қызметтерді алуға арналған бірыңғай цифрлық портал. Оның көмегімен тіркелу және жеке деректерді толтырудан бастап, өтініш беріп, нәтижесін бақылауға дейінгі негізгі кезеңдерден онлайн өтуге болады.