ҮЕҰ дерекқоры бойынша

ҮЕҰ дерекқоры бойынша

 «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 41 бабының 5 тармағына сәйкес: Жекеше мекеме, қоғамдық бірлестік, коммерциялық емес акционерлік қоғам, қоғамдық, корпоративтік және жекеше қорлар, заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестігі нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын филиалдары мен өкiлдiктерi (оқшауланған бөлiмшелерi) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өз қызметі туралы, оның ішінде өзінің құрылтайшылары (қатысушылары), мүлкінің құрамы, ақшаның қалыптасу көздерi және жұмсалу бағыттары туралы мәліметтерді жыл сайын 31 наурызға дейін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға ұсынады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптар құрылтайшысы немесе акционері мемлекет болып табылатын коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға, еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғаларға, саяси партиялар, діни бірлестіктер және кәсіптік одақтар түрінде құрылған қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ осы Заңның 17-бабында көзделген коммерциялық емес ұйымдарға қолданылмайды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 19 ақпандағы № 51 бұйрығымен бекітілген ҮЕҰ өз қызметі жөніндегі мәліметтерін ұсыну Қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 7-1-тармағына сәйкес «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы  Қазақстан Республикасы Кодексінің 213-бабына сәйкес есепті кезең басталғанға дейін және есепті кезең ішінде өз қызметін қайта бастамаған, сондай-ақ тарату немесе қайта ұйымдастыру сатысында салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұрған үкіметтік емес ұйымдар үкіметтік емес ұйымдар дерекқорына өз қызметі жөніндегі мәліметтерін ұсынбайды».

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 489-1 бабына сәйкес, мәліметтерді ұсынбауы, уақтылы ұсынбауы, сол сияқты анық емес немесе көрінеу жалған мәліметтерді ұсынуы әкімшілік жауапкершілікке алып келеді.

Анықтама: 489-1-бап.Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасын бұзу

  1. Жекеше мекеме, қоғамдық, корпоративтік және жекеше қорлар, заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестігі, қоғамдық бірлестік, коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдардың (саяси партияларды, діни бірлестіктерді және кәсіптік одақтарды, құрылтайшысы немесе акционері мемлекет болып табылатын коммерциялық емес акционерлік қоғамдарды, еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғаларды қоспағанда), сондай-ақ шетелдік және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын филиалдары мен өкiлдiктерiнің (оқшауланған бөлiмшелерiнің) өз қызметі туралы, оның ішінде өзінің құрылтайшылары (қатысушылары), мүлкінің құрамы, ақшаның қалыптасу көздері және жұмсалу бағыттары туралы мәліметтерді үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға ұсынбауы, уақтылы ұсынбауы, сол сияқты анық емес немесе көрінеу жалған мәліметтерді ұсынуы ескерту жасауға алып келеді.
  2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не үш ай мерзімге қызметін тоқтата тұруға алып келеді.

Жалпы, ҮЕҰ дерекқоры бойынша барлық ақпарат infonpo.gov.kz интернет-порталында орналастырылған.

Анықтама: infonpo.gov.kz басты бетте ҮЕҰ дерекқорына мәліметтер ұсыну нысаны, ҮЕҰ үшін нұсқаулық орналастырылған.

НҚА бөлімінде: «Үкіметтік емес ұйымдарымен өз қызметі жөніндегі мәліметтерін ұсыну және олар туралы дерекқорды қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 19 ақпандағы № 51 бұйрығы, Үкіметтік емес ұйымдардың өз қызметі туралы мәліметтерді ұсыну және олар туралы дерекқорын қалыптастыру тәртібі туралы әдістемелік ұсынымдар.

 

ҮЕҰ дерекқоры бойынша
Дата публикации
18 января 2021