СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШЕКТЕУЛЕР
Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару сайланбалы органдарының мүшелігіне кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдардың, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жасауына жол бермеу мақсатында өздеріне:
1) мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыру;
2) жақын туыстарының, жұбайлары (зайыптары) мен жекжаттарының бірге қызмет (жұмыс) істеуіне жол бермеу;
3) мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында, ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдалану;
4) материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін, егер мұндай әрекеттер осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген адамдардың қызметтік өкілеттіктеріне кірсе немесе осы адамдар лауазымдық жағдайына байланысты мұндай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал етуі мүмкін болса, оларды қабылдау;
5) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттарды (салымдарды) ашу және иелену, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.
Ескертпе: Осы Заңда осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамның отбасы мүшелері деп оның жұбайы (зайыбы), ата-аналары, балалары, оның ішінде кәмелетке толған балалары және асырауындағы және онымен тұрақты тұратын адамдар түсініледі.
Осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамдар және (немесе) олардың отбасы мүшелері хабардар етілмей келіп түскен, сондай-ақ олар осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасын және 5-тармағын бұза отырып алған сыйлықтар сыйлықтың алынған күнінен бастап не осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамға сыйлықтың алынғаны туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға өтеусіз берілуге жатады, ал аталған адамдарға нақ сондай мән-жайларда көрсетілген қызметтерге қызмет көрсетілген күннен бастап не осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған адамға қызметтің көрсетілгені туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде республикалық бюджетке ақша аудару арқылы ақы төленуге тиіс.
Сыйлықты мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға берген адам жоғары тұрған лауазымды адамды хабардар ете отырып, оны "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құны бойынша, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен жасалатын сатып алу-сату шарты негізінде сатып алуға құқылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша республикалық бюджетке аударылады.