Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалар өкілдерін қабылдау тәртібі
«Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 13-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың, жергілікті басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары айына кемінде бір рет тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін кестеге сәйкес азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, соның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті. Қабылдау белгiленген әрі жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткiзiлген күн мен сағатта жұмыс орны бойынша өткiзiлуге тиiс. Егер өтiнiштi лауазымды тұлға қабылдау кезiнде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады және онымен жазбаша өтiнiш ретiнде жұмыс жүргiзiледi.
Бейімбет Майлин ауданы әкімінің аппаратында жеке тұлғаларды, заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау аудан әкімі бекіткен кестеге сәйкес жүргізіледі.
Аудан әкімінің, оның орынбасарларының және аппарат басшысының жеке қабылдауына жазылуды аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі жүзеге асырады.
Қабылдау мына мекенжайда жүзеге асырылады: Әйет с., Бейімбет Майлин ауданы, Әйет ауылы, Тәуелсіздік көшесі, 60, № 28 бөлме.
Қабылдауға жазылу жұмыс күндері сағат 9-дан 18.30-ге дейін (сағат 13-тен 14.30-ке дейін үзіліс) жүргізіледі. Байланыс телефондары: 871436-3-62-55.
Жеке тұлғалардың және заңды тұлғалар өкілдерінің жазбаша және ауызша өтініштерін қарау тәртібі
Жеке тұлғаның өтінішінде оның тегі, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесiнiң аты, почталық мекенжайы, заңды тұлғаның өтiнiшiнде - оның атауы, почталық мекенжайы, шығыс нөмiрi мен күнi көрсетiледi. Өтiнiшке арыз иесi қол қоюы не ол электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуға тиiс.
Шағым жасалған кезде iс-әрекетiне шағым жасалып отырған субъектiнiң атауы немесе лауазымды тұлғалардың лауазымы, тегi және аты-жөнi, өтiнiш жасау себептерi мен талаптары көрсетiледi.
Мыналар қарауға жатпайды: мұндай өтiнiште дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар туралы не мемлекеттiк немесе қоғамдық қауiпсiздiкке төнетiн қауiп туралы мәлiметтер бар және мемлекеттiк органдардың құзыреттерiне сәйкес оларға дереу жiберiлуге тиiс жағдайларды қоспағанда, иесi бүркемеленген өтiнiш; мәселенiң мәнi баяндалмаған өтінiш.
Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлмейтiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қаралады.
Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлетiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi субъектiге, лауазымды тұлғаға келiп түскен күнiнен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады.
Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргiзу қажет болған жағдайларда, қарау мерзiмi күнтiзбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмге ұзартылуы мүмкiн, бұл туралы қарау мерзiмi ұзартылған кезден бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде арыз берушiге хабарланады.
Егер өтiнiште баяндалған мәселелердi шешу ұзақ мерзiмдi талап етсе, онда өтiнiш түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы күнтiзбелiк үш күн iшiнде арыз берушiге хабарланады.
«Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 3-бабына сәйкес Заңның күшi қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық, қылмыстық iс жүргiзу, азаматтық iс жүргiзу туралы заңнамасында белгiленген жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiне қолданылмайды.
«Бейімбет Майлин ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі Бейімбет Майлин ауданы әкімі аппаратының қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі нормаларын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасын бұзу фактілері туралы мына телефон бойынша хабарлауға болатынын хабарлайды: 8-71436-3-72-75.