«Астана – менің Отанымның астанасы»:
балаларға арналған әлеуметтік тур
Астана қаласының әкімдігі әлеуметтік маңызды жобаны - «Астана – менің Отанымның астанасы» балаларға арналған әлеуметтік тур ұйымдастырды. Оған халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарының балалары қатысты: аз қамтылған және көп балалы, ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар. 10-14 жас аралығындағы балалар елорданың басты көрікті орындарын аралады.
30 тамыздан 1 қыркүйек аралығында 33 бала турға қатысты. Тур бағдарламасы аясында балалар Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Экзотариум, ҚР Президентінің паркі, сондай-ақ елорданың символы – «Бәйтерек – Астана» монументі сынды жерлерді аралады.
Сонымен қатар балалар үшін түрлі ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады: олар «Канго» батут орталығында болды, ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының экспозицияларын тамашалады және еліміздің Бас республикалық мешітіне барды.
Бұл жоба Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілікке баулу, Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениеті туралы қосымша білім алу мақсатында ұйымдастырылды.