Үрпек ауылдық округі әкімі Жакыбаев Г.Т және Үрпек ауылдық учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны К.К. Амирбеков бірлесіп мереке қарсаңында болатын келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында Үрпек ауылында орналасқан дүкендермен жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды. Рейд қарсаңында 5 дүкен араланып, кәсіп иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабы "Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау" және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабы "Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу" баптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес 18 желтоқсан күні ауыл клубында Амангелді ауданының әкімі Қанат Уәшұлы Кеделбаев Үрпек ауылы халқымен қорытынды есеп беру кездесуін өткізді. Кездесуде биылғы жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жылға жоспарланған жұмыстар жөнінде баяндама оқылды. Кездесуге келген ауыл тұрғындары ойларында жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Үрпек ауылдық клубында "Қош келдің, Жаңа жыл" атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Іс-шараны ашқан Үрпек ауылдық округі әкімі апаратының бас маманы Қ.Аяпбергенов тұрғындарды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, жыл бойы белсенді қызмет атқарған әр саланың үздіктерін Алғыс хаттармен марапаттады. Мерекелік кеш ауыл өнерпаздарының әсем әндері мен би қойылымдарынан тұратын концерттік бағдарламамен және қызықты ойындармен жалғасты. Шараға Аяз ата және Ақшақар қатысып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл мереке ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлап, жаңа жылдық көңіл-күй ұялатты.
31 желтоқсан күні Амангелді ауданында өткен жаңа жылдық мерекелік кеште жыл қорытындысы бойынша Үрпек ауылдық округі "Жылдың үздік ауылы" атағымен марапатталды. Бұл жетістікке ауыл тұрғындары жыл бойы аудандық мәдени, спорттық іс-шараларға белсенді қатысып, ұйымшылдық танытқандығының арқасында жетті.
Мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері қыс мезгілінде адамдардың және жануарлардың өмірін қорғауға бағытталған маңызды шаралар жиынтығы. Мұзға шығу алдында және үстінде келесі ережелерді сақтау қажет:
Мұзға шығу алдындағы ережелер
1. Мұздың қалыңдығын тексеріңіз: Қауіпсіздік үшін мұздың қалыңдығы кем дегенде 10-12 см болуы керек (жаяу адамдар үшін). Көлік құралдарына 30 см-ден артық мұз қажет.
2. Түсі мен сапасын бақылаңыз: Қатпарлы, жарықтары бар немесе күңгірт түсті мұз қауіпті.
3. Ауа райын ескеріңіз: Жылы ауа райында мұз тез жұқарып, қауіп тудырады.
4. Топпен шықпаңыз: Бір уақытта көп адамның мұзға шығуы салмақты арттырады.
Мұз үстіндегі ережелер
1. Жеңіл қадам басыңыз: Мұз үстінде жүгірмеңіз немесе секірмеңіз.
2. Сақтықпен қозғалыңыз: Мұздың жарылған дыбысын немесе майысқанын байқасаңыз, сол жерде тоқтамаңыз және жылдам қайтыңыз.
3. Құтқару құралдары болсын: Қолда таяқша, арқан немесе арнайы құтқару жиынтығын ұстаңыз.
4. Топта қашықтық сақтаңыз: Әр адамның арақашықтығы кем дегенде 5-6 метр болуы қажет.
5. Көлікпен мұзға шыққанда: Белгіленген жолдармен ғана жүріңіз және терезелерді ашық ұстаңыз.
Төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер
1. Мұз жарылса: Дереу етбеттеп жатып, аяқ-қолды кеңінен жайыңыз. Ауырлықты бір жерге шоғырландырмау үшін жайлап, қауіпсіз жерге қарай сырғыңыз.
2. Суға түсіп кетсеңіз:
• Сабыр сақтаңыз және бетіңізді судан жоғары ұстауға тырысыңыз.
• Мұздың шетін екі қолыңызбен ұстап, бір аяғыңызды жоғары шығарыңыз.
• Жатып, мұз бетінде сырғып қауіпсіз жерге қарай қозғалыңыз.
3. Басқаны құтқару:
• Арқан, тақтай немесе ұзын таяқ сияқты заттарды қолданыңыз.
• Ешқашан суға түскен адамға жақын тұрмаңыз, мұз жарылып кетуі мүмкін.
Бұл ережелерді сақтау өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтап қалуға көмектеседі.
«25 қазан - Республика күні» мерекесіне орай Үрпек ауылдық клубында «Қыран елім-Қазақстан» атты салтанатты жиын өтті. Жиында ауыл әкімі Ғ.Жақыбаев құттықтау сөз сөйлеп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін және әр салада жетістікке жеткен бірқатар азаматтарға алғыс хат табыс етті. Жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Концертте патриоттық әндер орындалып, қазақтың қара домбырасымен күйлер шертілді.
Үрпек ауылдық клубында 25-қазан “Республика күніне” орай Шахмат ойынынан турнир ұйымдастырылды. Бәсекеге 11 ойыншы қатысып жүлдегерлер анықталды. Сайыстың қорытындысы бойынша 3- орынды Сапар Алдамир, 2- орынды Әбуғали Бек, жүлделі 1- орынды Иман Мерей иемдеді. Жеңімпаздарға марапат, медальдармен сыйлықтар табысталды.
Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын дегендей Үрпек ауылының белсенді жанашыр азаматтары өз туған ауылына үнемі қол ұшын беріп, көптеген игі істерге атсалысып, көмектесіп келеді. Астана қаласында тұрып жатқан Рысмағанбетов Дархан және Төлекбаев Бейбіт өз қаражаттары есебінен “Сарыбас қажы” мешітіне 16 тонна, Фитнес залына-6 тонна, Кәкімжанов Е. үйіне - 7 тонна Шұбаркөл көмірін түсіріп игілікті іс атқара білді. Демеушілік көрсеткен азаматтарға ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Атқарып жатқан істеріңіздің Алла несібеселеріңіз ортаймасын!
Үрпек ауылдық клубында “Өнеріміз саған,Қазақстан” атты облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылық фестивалінің аудандық іріктеу кезеңіне Үрпек ауылдық өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасы өтті . Өнерпаздар ән, би, терме, көркемсөз т.б. әртүрлі жанр бойынша өнер көрсетті. Қ. Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінен құралған әділ қазылар алқасы өнерпаздардың өнерлеріне жоғары деп бағалады.