1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1) көрсетілетін қызметті алушы - орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары, сондай-ақ көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алатын шетел азаматтары, азаматтығы жоқ тұлғалар және шетелдік заңды тұлғалар;
2) қызмет көрсетуші - мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын бекітетін және тиісті салаларда мемлекеттік қызметтер көрсету процесін ұйымдастыратын орталық мемлекеттік орган, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде мемлекеттік қызметтер көрсету процесін ұйымдастыратын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы;
3) көрсетілетін мемлекеттік қызметті беруші — тікелей мемлекеттік қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ тікелей мемлекеттік қызметтер көрсететін қызмет көрсетушілер;
4) «бір терезе» қағидаты - мемлекеттік қызмет көрсетуді орталықтандырып ұсынудың мемлекеттік қызметтер көрсету процесінде құжаттарды тапсыру мен алу кезінде көрсетілетін қызметті алушының қатысуын және оның көрсетілетін мемлекеттік қызмет берушілермен тікелей байланысын шектеуді көздейтін нысаны;
5) мемлекеттік қызмет көрсету - көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі;
6) мемлекеттік қызмет көрсету регламенті - көрсетілетін мемлекеттік қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қызметінің ішкі тәртібін және өзге көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушілермен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
7) мемлекеттік қызмет көрсету стандарты - мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету процесінің сипаттамасын, оның нысандарын, мазмұнын, нәтижесін және сапасының критерийлерін қамтитын нормативтік құқықтық акт;
8) мемлекеттік қызметтер көрсету процесін автоматтандыру — электрондық нысанда мемлекеттік қызметті көрсетуді қамтамасыз ету үшін көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің әкімшілік процестерін қайта құру рәсімі;
9) мемлекеттік қызметтер көрсету тізілімі - көрсетілетін мемлекеттік қызметті алушылар, мемлекеттік қызмет көрсету стандартын әзірлейтін және бекітетін орталық мемлекеттік орган, көрсетілетін мемлекеттік қызметті беруші және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге мәліметтер көрсетілген мемлекеттік қызметтер көрсетудің жіктелген тізбесі;
10) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі - коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтардың ақпаратты жинауға, өңдеуге, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алушылардың қанағаттану деңгейі мен мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын айқындау бойынша талдау жүргізуге бағытталған қызметі;
11) мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыру — мемлекеттік қызметтер көрсету процесін, мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімін оңайлатуға, оны көрсету процесіндегі буындарды, оның ішінде автоматтандыру арқылы қысқартуға бағытталған іс-шара;
12) «электрондық үкіметтің» веб-порталы — электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсетуге және «электрондық үкіметтің» электрондық ақпараттық ресурстарына қолжетімділіктің бірыңғай терезесін білдіретін ақпараттық жүйе;
13) халыққа қызмет көрсету орталығы — көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушілердің «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуін қамтамасыз ететін заңды тұлға;
14) мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы - мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша бір көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің көрсетуін қамтамасыз ететін заңды тұлға;
15) мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс орталығы - көрсетілетін қызметті алушыларға Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпарат беру жөніндегі жұмысты қамтамасыз ететін ақпараттық-анықтамалық қызмет.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер
көрсету саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің негізгі
қағидаттары
Мемлекеттік қызметтер мынадай қағидаттар негізінде көрсетіледі:
көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсетуді іс-әрекет жасауға физикалық қабілетсіздігінің, тілінің, нәсілінің, дінінің, ұлтының белгілері және басқа да белгілер бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз алуы;
көрсетілетін қызметті алушының шығындарын барынша азайта отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру және олардың сапасын арттыру;
қызмет көрсетушілер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілердің қызметі туралы есептерді жүйелі түрде жасау және жұртшылыққа ұсыну;
көрсетілетін қызметтерді алушыларды мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпаратқа толық қолжетімділікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді алушылардың стандарттарды әзірлеуге және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызмет көрсетушілер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілер қызметінің есептерін бағалауға қатысуы;
мемлекеттің қаржы, уақыт және өзге де шығындарын мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде қызмет көрсетушілер мен көрсетілетін қызметті берушілердің тиімді пайдалануы.
4-бап. Көрсетілетін мемлекеттік қызметті алушылар
1. Көрсетілетін қызметті алушының:
1) мемлекеттік қызмет көрсету мен осы көрсетілетін қызметті беруші туралы толық және дұрыс ақпарат алуға;
2) осы мемлекеттік қызметті көрсетудің бекітілген стандартының талаптарына жауап беретін көрсетілетін мемлекеттік қызметті алуға;
3) көрсетілетін мемлекеттік қызмет нәтижесіне сотқа дейін және сотқа шағымдануға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілетін мемлекеттік қызметті қағаз (дәстүрлі) және/немесе электрондық нысанда алуға;
5) қызмет көрсетушілерге ұсыныстар енгізе отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттарының жобаларын әзірлеу және жетілдіру кезінде оларды жария талқылауға қатысуға құқығы бар.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең жағдайларда алады.