Қостанай облысы Амангелді ауданы Тасты ауылдық округі жергілікті қоғамдастық жиналысының № 3 хаттамасы

Тасты ауылы

 

2023 жылғы  27 маусым

Тасты жалпы білім беретін мектебінің акт залы

 

сағат 11:00

Қатысқандар: С.Т.Ержанова - Тасты ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы, Тасты, Қарынсалды және Горняк ауылдарында  тұратын жергілікті қоғамдастық мүшелері – 20 адам (тізім бойынша).

Шақырылғандар: «Амангелді ауданы әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ басшысы – Сейдин Сағынғали Зәкірұлы,  Амангелді ауданының қоғамдық кеңесінің мүшесі - Жалмағанбетов Қанат Тұрғынұлы.

Тасты ауылдық округі жергілікті қоғамдастықтың жиналысын Тасты ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы С.Т.Ержанова ашады.

Құрметті Тасты ауылдық округінің тұрғындары!

2023 жылғы 24 мамырда Тасты ауылдық округін Кейкі Батыр атындағы ауылдық округ деп өзгерту мәселесі бойынша Тасты ауылдық округінің тұрғындарынан ұжымдық өтініш түсті.

         Қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы мәселелер бойынша шешім жергілікті қоғамдастықтың жиналысында қабылданады.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының   10-тармағына сәйкес, жергілікті қоғамдастық жиналысын жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жергілікті қоғамдастық жиналысының төрағасы мен хатшысы сайланады.

         Кандидатуралар бойынша қандай ұсыныстар болады?

Жиналыс төрағасы Саматов Әділ Қабдрашұлын сайлау туралы ұсыныс түсті.

Басқа ұсыныстар болады ма? Жоқ.

Жергілікті қоғамдастық жиналысының төрағасы болып Саматов Әділ Қабдрашұлын кім жақтайды?

Дауыс беруілеріңізді сұраймын.

«келіскендер» - барлығы, «қарсы» - жоқ, «қалыс қалды» - жоқ.

Қабылданады. Бір ауыздан жиналыстың төрағасы болып Саматов Әділ Қабдрашұлы сайланды.

Жиналыс хатшысы болып Абдрешова Софья Тоқтасынқызын сайлау туралы ұсыныс түсті.

Басқа ұсыныстар болады ма? Жоқ.

Дауыс беруілеріңізді сұраймын.

«келіскендер» - барлығы, «қарсы» - жоқ, «қалыс қалды» - жоқ.

Қабылданады. Бірауыздан жиналыстың хатшысы болып Абдрешова Софья Тоқтасынқызы сайланды.

Жиналыс төрағасы Саматов Әділ Қабдрашұлына сөз беріледі.

 Күн тәртібі:

  1. Тасты ауылдық округін Кейкі Батыр атындағы ауылдық округ деп қайта атау туралы.

Бүгінгі жергілікті қоғамдастық жиналысының күн тәртібін бекітуге дауыс беруді ұсынамын.

«келіскендер» - барлығы, «қарсы» - жоқ, «қалыс қалды» - жоқ.

Қабылданады.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 39-2-бабына сәйкес жергілікті қоғамдастық мүшелері міндетті екенін атап өткім келеді:

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясын сақтау.
  2. Қазақстан халқының бірлігін, елдегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал ету.
  3. Мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлері мен міндеттемелеріне құрметпен қарау және олардың дамуына ықпал ету.

СӨЗ СӨЙЛЕДІ:

Саматов Әділ Қабдрашұлы - Тасты ауылының тұрғыны, ардагерлер кеңесінің төрағасы: Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы ХХ-ғасырдағы қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысына белсене қатысқан ұйымдастырушы, құралайды көзге атқан мерген, батыр тұлға. Бүгінгі күні тарих, қазақ қоғамы ол кісінің ерлігін сөзсіз мойындап отыр. Мемлекетімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралар жүргізіліп, қаражат бөлініп, Ел батырларын ұлықтап жатыр. Осы бағдарламаның бір іс-шарасы болып біз де өз үлесімізді қосып, ұрпағымызға тарихи мұра қалдырайық. Ауылымыздың іргесінде кесенесі салынды. Батырдың бас сүйегі Ресейден әкелініп, осы кесенеде жерленген. Тарихи кинофильм де түсірілді. Бүкіл қазақ болып, ұлықтап жатыр. Кейкі батырдың туған ауылы осы Тасты жері болып саналады. Сондықтан да Тасты ауылдық округіне Кейкі батыр есімін беруді ұсынамын. Бұл ұсыныс ел көкейінде өткен ғасырдың 90-жылдарынан осы уақытқа дейін бар. Егер де болашақты ойлап, балаларымыз, немерелеріміз Отан сүйгіш, ер жүрек азамат болып тәрбие алсын десек, батырдың рухы ұрпағымызды қолдап жүрсін десек, Кейкі батыр есімін округімізге берейік.

Өз пікірін тағы кім айтқысы келеді?

ТЫҢДАЛДЫ:

Койгельдина Айслу Ануаровна – ауыл тұрғыны, Тасты жалпы білім беретін мектебінің директоры:  Кейкі батыр ерлігі мен батылдығы туралы ел аузынан естігеніміз бар. Жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп қабырғасынан Батыр атамыздың атынан мұражай ашуды жөн көрдік. Мұражай 2018 жылдың 12 мамыр күні ашылды. Содан бері жыл сайын 12 мамыр күні мектеп оқушылары, ата-аналар мен мектеп ұжымы болып Кейкі батыр рухына құран бағыштап, мектебімізде мектепішілік және аудан деңгейінде іс-шаралар өтуде. Қазіргі таңда мұражайымызға бүкіл Қостанай облысы бойынша оқушылар келіп, тарихи зерттеулер жазып жатыр. Әділ Қабдрашұлының ұсынысын қолдап, Кейкі батыр атын округімізге беруді қолдаймын.

Абдрешова Софья Тоқтасынқызы – ауыл тұрғыны, медициналық пункт меңгерушісі: Осы ауылды туып өстім. Кейкі батыр атамыздың ерлігі бала кезімізден аталарымыздан естіп өстік. Батырдың ерлігі туралы ұрпағымыз білсе дейміз. Сондықтан да жоғарыда айтылған ұсыныс өте тамаша, қолдаймын!

Альжапаров Асылхан Альжапарұлы – батырдың аталас ұрпағы, ауыл тұрғыны: Кейкі атамыздың ерлігі туралы аңыздар көп. Атамыздың бас сүйегі ауылымыздың топырағына жерлеу бұйырған. Қазақстанның көптеген жақсы жерлері болғанымен, Торғай жеріне, Тасты ауылы топырағынан бұйырып тұрғаны. Кешегі ұстаз, журналист болған ағамыз Қылышбай ұлы Әубәкір ағамыз ұйымдастыруымен негізгі кесене салынды. Ол да бір сол кісіге Алла тағаланың білдірткені шығар. Өзім отырған жерде жас ұрпаққа насихаттап отырамын. Жастайынан батыр мінезді, қорқуды білмейтін, ел үшін жер үшін жанын берген атамыздың өмірбаянын мақтанышпен айтып отырамын. Кейкі батыр атын беру жөнінде ұсынысты естіген сәтте қуанғанымнан көзіме жас толды.

Ахатов Ауезхан Ахатұлы – ардагер, ауыл тұрғыны: Біз тұратын Тасты ауылдық округіне болашақта «Кейкі батыр» есімін беруге ат салыссаңыздар! Алланың алдында да, ауыл тұрғындарының алдында да, үлкен абыройға ие болып, жұртшылықтың алғысына бөленер едіңіздер! Елбасының ауылды көтереміз деген үндеуіне үлкен үлес қосуды Алла сендерге нәсіп етсін! Егер ауылға жаны ашитын абзал азаматтар болсаңыздар! Ал біздің тарапыңызға келсең, жақында ардагерлер кеңесінде осы мәселені талқыға салдық.

Жаукин Мейрамхан Әнуарбекұлы – ауыл имамы, ауыл тұрғыны: Батыр, жерлес атамыз, Тастының төлтума ерекше тау тұлғасы – Кейкі Көкембайұлының есімі барша қазақ еліне танымал. Батырдың өмірі мен жастық шағы, ерлік істері, елжанды ұрпақтың жадында ерекше сақталып, болашақ жастарымыздың бойына отансүйгіштік қасиет қалыптастырады. Туған жерге туын тіккен хас батырымыз – Кейкі атамыздың есімін ұлықтап жатқанымыз – еліміздің Тәуелсіздігі мен Еркіндігінің арқасы. Солай бола тұрса да, қойнауы тарихқа толы осынау батыр ауылының атауын өзгерту – барша тұрғылықты халықтың арманы болып отыр. Кейкі ұрпақтары қанша осы мәселені көтерсе де, уақыт еншісінде қалып келеді, батырдың есімі мектеп, көше атауларына беріліп жатқаны көңіл қуантады, солай бола тұрса да туған жері Кейкі есімімен аталуы – азаттықтың ақ туын көтерген батыр бабамызға лайықты марапаттау болар еді.

Сейлханов Қайрат Сәрсенғалиұлы – Кейкі ұрпағы, ауыл тұрғыны: Ұрпақтарға жергілікті жерлеріміздегі осындай елжанды, батыр аталарымызды дәріптей отыра, халқына, Отанына деген көзқарастарын дұрыс қалыптастырып, үлгі болырлық тұлғалардың жарық істерін жарыққа шығару – батыр ұрпағы ретінде перзенттік парызым деп білемін. Осынау бейбіт күнде, тәуелсіздік астында, қамсыз тіршілік етіп жатқанымыз – Кейкідей батыр аталарымыздың арқасы. Олардың есімін туған жеріне беру – ұлы іс болар еді. Тасты ауылдық округтің есімін – Кейкі батыр атауына өзгертсек  деген жылы ниетімізді жоғары тараптар қош көреді деген сенімдемін.

Бектепбергенова Камила – зейнеткер, ауыл тұрғыны: Осы ауылда туып, осы ауылда ер жетіп, қария жасына жеттім. Ауылымыздан батыр да, ақын да, небір болашақ еліміздің дамуына, қөркендеп өсуіне зор үлесін қосып жүрген жастар шығуы – батыр жерінде туып өстім деген көкіректеріндегі мақтаныш сезімі деп білемін. Кейкі батыр есімін ауылдық округтің атауы етіп өзгертуді ең жақсы шешім деп өзім құптаймын.

Имансейтова Шолпан Көбекқызы – ауыл тұрғыны: Туған өлке тарихы – ұрпаққа аманат деп білемін. Әрқашан батыр есімін балаларымызға зор мақтанышпен атап, ерлік істерін үлгі етіп өсіріп келеміз. Кейкі батыр есімімен, ауылымыз аталса, біз үшін зор мәртебе болар еді. Елімізге ерлігімен танылған Кейкі есімін оқу орны, көше атауларына беріп қана қоймай, туған топырағына берсе, кемеңгерлік болар еді. Осы бастаманы қолдап, батыр есімінің тағы бір мәрте ауылдық округ атауы арқылы жаңарғанын қолдаймын.

Баяхметова Гүлдана Жылқыбайқызы - ауыл тұрғыны. Елбасының бағдарламасы аясында батыр бабамыздың бассүйегі елге оралғанда, сөнген оттың арасынан жылтыраған үміт сәулесін көрдік. Ендігі арманымыз – Кейкі бабамыздың есімін ауылдық округтың атауына берілсе, әрбір ұрпағымыз, осы есімді үнемі атай отыра, болашақта елжанды, отансүйгіш болып тәрбиеленіп, арманымыз орындалған болар еді. Туған топырағына Кейкі батыр деген атау берілсе, әрбір ауылдастарымыз бен батыр ұрпақтары ғана емес, барша Қазақстандықтар қуанған болар еді. Сондықтан осы шешімімізді құп алып, батырларымыздың ерлігін дәріптейік.

СӨЗ СӨЙЛЕДІ:

Сейдин Сағынғали Зәкірұлы - «Амангелді ауданы әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ басшысы: Ауылдық округ атауын өзгерту кезінде құжаттарды ауыстыруға жұмсалатын шығындарды тұрғындар көтермейтінін айтып өтті. Сонымен қатар ауыл тұрғындарымен ауылдық округ атын Кейкі батыр есімімен атауды толық қолдайтынын, қайта атау бойынша жүргізіліп жатқан барлық жұмыстардың барысы туралы тұрақты негізде ауыл тұрғындарын хабардар етіп отыратынын жеткізді.

         Тағы қандай пікірлер болады?

Сөз сөйлегендердің пікірлерімен барлығы келіседі.

Саматов Ә.Қ.: «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысына сәйкес қайта атау бойынша халықтың пікірін есепке алу ашық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын болады.

Біз дауыс беруге көшеміз. Тасты ауылдық округін Кейкі Батыр есімін беру үшін дауыс берулеріңізді сұраймын.

«Қолдағандар» - 20 адам.

«Қарсы» - 0.

«Қалыс қалды» – 0 адам.

Дауыс беру қорытындысын жария етуге рұқсат етіңіздер: бір ауыздан қабылданады.

ШЕШТІ:

  1. Тасты ауылдық округін Кейкі Батыр атындағы ауылдық округ деп қайта атауға келісім берілсін.
  2. Жергілікті қоғамдастық жиналысында қабылданған шешім Тасты ауылдық округ әкіміне берілсін.

Жергілікті қоғамдастық жиналысының күн тәртібі аяқталды. Жиналысты жүргізу бойынша қандай ескертулер, ұсыныстар болады? Жоқ.

Тасты ауылдық округі жергілікті қоғамдастық жиналысы осымен жабылады, қатысқандарыңыз үшін рахмет!

 

Жиналыс төрағасы

 

Ә.Қ.Саматов

 

Жиналыс хатшысы

 

С.Т.Абдрешова

 

 2023 жылғы 27 маусымдағы Амангелді ауданы Тасты ауылдық округі Тасты ауылында өткен жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысушыларының Т І З І М І

  1. Саматов Әділ Қабдрашұлы
  2. Абдрешова Софья Тоқтасынқызы
  3. Койгельдина Айслу Әнуәрқызы
  4. Саматов Бірнар Әділұлы
  5. Алимсурин Бауыржан Егінбайұлы
  6. Жәуке Мейрамхан Әнуәрбекұлы
  7. Бектепбергенова Камиля Нұранқызы
  8. Ембергенов Сарсен Сарманұлы
  9. Әбдіхалық Мейрам Нұрғалиұлы

10.Баяхметова Гүлдана Жылқыбайқызы

11.Имансейтова Шолпан Көбекқызы

12.Нұрмағанбетов Бақытжан Қабдрашұлы

13.Шайхин Сейтжан Мырзаханұлы

14.Тұрмағанбетова Ажаркүл Тлеубергенқызы

15.Сайбулов Торғайбай Әмірғалиұлы

16.Алпысбаев Дулат Кәкімұлы

17.Алимсурин Қайрат Егінбайұлы

18.Ахатов Ауезхан Ахатұлы

19.Ержанов Қайрат Тұрашұлы

20.Алжапаров Асылхан Алжапарұлы

 

 

 

Дата публикации
30 июня 2023