Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрінің тапсырмасы бойынша Су шаруашылығы комитетінің төрағасы А.А. Жақанбаев БҰҰ-ның Баку қаласында (Әзірбайжан) Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (СО29) тараптарының 29-шы конференциясына қатысты.
COP29 алаңында Төраға «Балқаш көлін су ресурстарымен нығайту: халықаралық ынтымақтастық, зерттеу және қаржыландыру» тақырыбындағы диалогтық сессияға қатысты.
Сондай-ақ, БҰҰ ЕЭК шақыруымен Төраға Әзірбайжан үкіметі халықаралық ұйымдармен (UNECE, WMO, UNEP) бірлесіп ұйымдастырған «климатқа арналған су: су, энергия, азық-түлік және экожүйелер саласындағы өңірлік ынтымақтастық арқылы климат жөніндегі іс-қимылдарды жетілдіру» Панельдік сессиясына қатысты. Сессия барысында дүние жүзіндегі әртүрлі бассейндердің (Германия, Коста-Рика, Кения, Әзірбайжан, Грузия, Бразилия және т.б.) мысалдарында өңірлік ынтымақтастықтың перспективалары қаралды.
Өз кезегінде А.А. Жақанбаев Арал теңізі бассейніндегі Орталық Азия елдері арасындағы трансшекаралық ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісті. Іс-шарада ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Климаттың өзгеруі жағдайында сектораралық ынтымақтастықты жетілдіруге бағытталған көзқарасы таныстырылды.
Сондай-ақ, А.А. Жақанбаев ХҚЕС Атқарушы комитеті ұйымдастырған «Климаттық әсерді ескере отырып, Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын трансшекаралық басқарудың тиімділігін арттыру жолындағы Орталық Азия» Панельдік сессиясына қатысты.
20 қарашада Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрлігінің Су ресурстары федералды агенттігінің шақыруымен Су шаруашылығы комитетінің төрағасы «өзгермелі климат жағдайында су ресурстарын экологиялық тұрақты басқару» панельдік талқылауына қатысты.