GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Комитет туралы
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Құжаттар
Все материалы
16 октября 2026
Қазақстан мен Ресей e-CMR электрондық жүкқұжатын қолдану арқылы алғашқы пилоттық жүк тасымалын іске қосты

Астанада Көлік апталығы аясында Қазақстан – Ресей бағыты бойынша электрондық жүкқұжатты қолдану арқылы алғашқы халықаралық жүк тасымалының пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында жүзеге асырылуда.

Іс-шараға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көлік министрлері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының энергетика және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі (министр) қатысты.

Алғашқы пилоттық тасымал Астана – Мәскеу бағыты бойынша ұйымдастырылды. Оның іске қосылуы халықаралық автомобиль тасымалдарын цифрландыру және ЕАЭО мемлекеттері арасындағы өзара іс-қимылды дамыту жолындағы қадам болды.

e-CMR қолдану құжаттарды рәсімдеуге жұмсалатын шығындарды қысқартуға, тасымалдау процесіне қатысушылар арасында ақпарат алмасуды жеделдетуге, жүк мәртебесі туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде алуға және қағаз құжат айналымына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан көлік саласын цифрландыруға және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән береді. ЕАЭО бойынша әріптестермен бірлескен бастамаларды іске асыру еліміздің транзиттік әлеуетін ашуға, халықаралық тасымалдардың тиімділігін арттыруға және Еуразиялық кеңістіктің көлік байланысын нығайтуға бағытталған.

Пилоттық жоба Қазақстан – Ресей бағыты бойынша электрондық жүкқұжатты қолдану тетіктерін пысықтауға және халықаралық тасымалдар саласындағы цифрлық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

05 октября 2026
Көлік министрлігінде көлік бақылауының тиімділігін арттыру шаралары талқыланды

Ағымдағы жылдың 2 қазанында Астанада «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» республикалық семинары аясында көлік бақылауын жетілдіру және жол инфрақұрылымын сақтау мәселелері талқыланды. Іс-шараға көлік бақылау инспекцияларының басшылары, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ бейінді және мердігерлік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Автомобиль көлігі және көлік бақылау комитетінің төрағасы Дастан Жұмақұлов автоматтандырылған өлшеу станцияларының (АӨС) толыққанды жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бүгінде еліміздің жолдарында 85 станция жұмыс істейді, 2028 жылға дейін олардың санын 220 бірлікке жеткізу жоспарлануда.

«Бақылау құралдарының формалды түрде болуынан олардың толыққанды және тұрақты жұмысына көшу маңызды. Қолданыстағы АӨС-тердің жарамдылығын қамтамасыз ету, станцияларды айналып өту және олардан дұрыс өтпеу мүмкіндігін болдырмау, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту қажет», — деді ол. Осыған байланысты АӨС жұмысының нормативтік тетіктерін жетілдіру және салмақтық бақылаудан жалтарғаны үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылады.

Талқылаудың жеке блогы жолдардың сақталуына арналды. Ауыр салмақты самосвалдардың жекелеген санаттарын пайдалануды кезең-кезеңімен шектеу және арнайы рұқсаттар беру кезінде бақылауды күшейту мәселелері қаралды. Ұсынылып отырған шаралар жол желісіне түсетін жүктемені азайтуға, көлік бақылауының тиімділігін арттыруға және автомобиль жолдарының қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

05 октября 2026
Нұғманов Амангелді Шайхоллаұлы Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен Нұғманов Амангелді Шайхоллаұлы Комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Амангелді Нұғманов Ақтөбе ауыл шаруашылығы техникумын, «Қайнар» университетін үздік бітірген. Сондай-ақ Будапешт қаласындағы (Венгрия) Халықаралық құқық қорғау органдары академиясында, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алған.

Еңбек жолын ауыл шаруашылығы өндірісі саласында бастаған. Кеден органдарында инспектордан бастап өңірлік департамент басшысына дейін қызмет атқарған. Әр жылдары Астана қаласы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстары бойынша кедендік бақылау департаменттерін басқарды.

2010–2012 жылдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарушы директоры – Басқарма мүшесі қызметін атқарып, корпоративтік байланыстар, инвестициялар тарту, құқықтық және кадрлық қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік етті.

Кейін Батыс Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы, Астана қаласы және Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменттерінің басшысы, Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысы, сондай-ақ Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы қызметтерін атқарды.

2023 жылғы 25 қаңтардан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.

30 сентября 2026
Көлік министрлігінде халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды

Көлік министрлігінде халықаралық қатынаста автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Оған жұмыс тобының құрамына кіретін қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Отырыста Қазақстан Республикасында халықаралық қатынаста автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына, сондай-ақ тасымалдаушыларды халықаралық автомобильмен жүк тасымалдауға жіберу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды.

Негізгі назар практикалық мәселелерге аударылды. Жұмыс тобының мүшелері шетелдік рұқсаттарды беру және пайдалану тәртібін жетілдіру, рұқсат беру жүйесінің тиімділігін арттыру және халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау бойынша ұсыныстарын білдірді.

Жұмыс тобы мүшелерінің ұсынысы бойынша автокөлік құралдарында рұқсат беру жүйесі талаптарының бұзылуын жедел тексеруге мүмкіндік беретін Telegram-боттың жұмысы қайта іске қосылады.

Рұқсат беру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс Көлік министрлігі мен сала өкілдерінің өзара іс-қимылы аясында жалғасады.

21 сентября 2026
Қазақстан мен Түркия автотасымалдаушыларға теңіз порттарынан жүк тиеуге мүмкіндік беру туралы уағдаласты

Анталья қаласында Қазақстан-Түркия автомобиль көлігі жөніндегі аралас комиссиясының отырысы өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша екі ел арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары мен транзитті одан әрі дамыту бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Тараптар электрондық рұқсаттарға сандық шектеу қойылмайтыны туралы уағдаласты. Бұл келісім тасымалдарды неғұрлым икемді ұйымдастыруға және тасымалдаушылардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Маңызды нәтижелердің бірі – қазақстандық тасымалдаушыларға Түркияның теңіз порттарынан Қазақстанға кейіннен тасымалдау үшін жүктерді тиеуге мүмкіндік берілуі.

Сондай-ақ тараптар 2026 жылдан бастап осындай транзиттік жүктерді тасымалдауға жыл сайын 3 мыңнан рұқсат бланкілерімен өзара алмасуға келісті.

Отырысқа қатысушылар екіжақты және транзиттік тасымалдарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, олардың Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға қосатын үлесін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарға қанағаттанушылық білдіріп, халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін растады.

13 августа 2026
Көлік министрлігі мен Sarens компаниясы инвестициялық жобаны іске асыру мәселелерін талқылады

Астанада Қазақстан Республикасың Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың Sarens компаниялар тобының президенті Людо Саренспен кездесуі өтті. Кездесу барысында Жетісу облысындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері талқыланды.

Кездесу аясында жобаны іске асырудың қазіргі барысы, «Нұр Жолы» автомобиль өткізу пункті ауданында айналма автомобиль жолын салу, көлік-логистикалық кешен құру, сондай-ақ шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және одан әрі ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша вице-министр құрылыс жұмыстарының тиісті сапасын қамтамасыз етудің қажеттігін атап өтті.

Тараптар жобаны іске асыру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмыстарын жалғастыруға келісті.

04 августа 2026
Көлік министрлігінде аумақтық көліктік бақылау инспекцияларының басшыларымен кеңес өтті

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрінің орынбасары Мақсат Қалиақпаровтың төрағалығымен аумақтық көліктік бақылау инспекцияларының басшыларымен кеңес өтті.

Кеңесте автомобиль, теміржол және су көлігі салаларындағы мемлекеттік бақылау жұмыстары, аумақтық органдар қызметінің негізгі көрсеткіштері мен мемлекеттік бақылаудың тиімділігі қаралды. Сонымен қатар көлік саласындағы бақылау-қадағалау қызметін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.

Жиында көлік саласындағы заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын қатаң сақтау және лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін күшейту қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру, бақылау-қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру, процестерді цифрландыру және заманауи мониторинг құралдарын енгізу мәселелері қаралды. Бұл шаралар тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік заңнамасы талаптарының сақталуын күшейтуге бағытталған.

Кеңес қорытындысы бойынша Көлік министрінің орынбасары аумақтық көліктік бақылау инспекцияларының басшыларына мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру, заңнаманы бірыңғай қолдануды қамтамасыз ету, көлік тасымалдарына бақылауды күшейту және министрлік жүктеген міндеттердің сапалы орындалуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

25 июля 2026
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Көліктік деректер қорының ақпараттық-талдау жүйесін (КДҚ АТЖ) «ҰАТ» АҚ жаңа Деректерді өңдеу орталығына көшіру аяқталғанын хабарлайды

Автомобиль көлігіне қатысты мемлекеттік қызметтер қазіргі уақытта қолжетімді. Цифрлық үкімет порталын КДҚ АТЖ-мен интеграциялауды конфигурациялау бойынша техникалық жұмыстар жүргізілуде, сондықтан теміржол және ішкі су көлігіне қатысты мемлекеттік қызметтер уақытша қолжетімді емес. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытқаныңыз үшін алғыс білдіреміз.

23 июля 2026
Көлік министрлігі ауыр салмақты автокөлік құралдарына бақылауды күшейтуде

Қазақстан Республикасының аумағында 10 шілде мен 10 тамыз аралығында ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауға бақылауды күшейтуге, сондай-ақ автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «Назар аударыңыз! Ауыр салмақты көлік!» профилактикалық акциясы өтуде.

Сонымен қатар елімізде жол төсемінің жоғары температура әсерінен бүлінуінің алдын алу мақсатында жүк автокөліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қоятын маусымдық температуралық режим қолданылады. Температуралық шектеулер ауа температурасы +25 °C-тан жоғары болған кезде енгізіледі және жүк көліктерінің жекелеген санаттарына қолданылады.

Бұл ретте халықаралық және жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарына, тез бұзылатын, қауіпті және гуманитарлық жүктерді тасымалдайтын көліктерге, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, жол жұмыстарын жүргізуге және әскери тасымалдарға тартылған автокөліктерге аталған шектеулер қолданылмайды.

Салмақтық-габариттік параметрлердің сақталуын және температуралық режим талаптарының орындалуын Көліктік бақылау комитетінің аумақтық органдары қамтамасыз етеді.

Өткізіліп жатқан іс-шаралар аясында 500-ден астам ауыр салмақты автокөлік құралы тексерілді. Нәтижесінде көлік заңнамасының 281 бұзушылығы, оның ішінде 116 артық жүк тиеу дерегі анықталды. Сонымен қатар маусымдық температуралық режим талаптарын сақтамауына байланысты 302 жүк автокөлігінің қозғалысына шектеу қойылды. Анықталған барлық құқық бұзушылықтар бойынша тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі тасымалдаушыларды қолданыстағы маусымдық шектеулерді ескере отырып, маршруттары мен қозғалыс кестесін алдын ала жоспарлауға шақырады.

21 июля 2026
Қазақстан мен Грузия e-Permit жүйесі арқылы электронды рұқсат алмасуды іске қосады

Астана қаласында Халықаралық автомобиль қатынасы мәселелері жөніндегі Қазақстан-Грузия аралас комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2026 жылғы 22 шілдеден бастап e-Permit жүйесі арқылы рұқсат бланкілерін электронды форматта беру және алмасуды сынақ режимінде бастау туралы келісімге келді.

Отырыс барысында электронды құжат айналымына көшу әкімшілік рәсімдерді қысқартып, тасымалдау процедураларының ашықтығын арттыруға және халықаралық автомобиль тасымалдарын рәсімдеу уақытын жеделдетуге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Сондай-ақ тараптар электронды алмасу жүйесіне толық көшкеннен кейін рұқсаттардың шектеусіз квотасын енгізуге дайын екендерін растады.

Кездесуде екіжақты және транзиттік жүк тасымалдарын дамытуға қатысты өзекті мәселелер де қаралды. Тараптар жүк тасымалы көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан мен Грузияның халықаралық көлік дәліздерін дамытудағы маңызды рөлін растады.

Тасымалдаушылардың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға қосымша 6 000 рұқсат бланкісімен өзара алмасу туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар 2027 жылға арналған алдын ала рұқсаттар квотасы 20 500 бірлік көлемінде келісілді. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 6 000 бланкіге артық. Квотаның ұлғаюы халықаралық автомобиль тасымалдарына деген сұранысты қамтамасыз етіп, Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екендігін білдіріп, көлік саласындағы серіктестікті дамыту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы