20 қараша күні Көкпекті ауданында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлының тікелей тапсырмасы бойынша алғаш рет ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші кезеңі басталды. Олимпиаданың ашылу салтанатына аудан әкімі Д.Оразбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы А. Танысбаев қатысты. Ділдәбек Тәжібайұлы қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.
Олимпиаданың мақсаты — ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілеттерін анықтау және оларға қолдау білдіру, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды табу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануына жағдай жасау.
Өткізу қағидаларына сәйкес олимпиада 13 пән бойынша (жаратылыстану–математикалық бағыттағы 6 пән бойынша, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша) өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңге қатысу үшін оқушылар аuyl.daryn.kzсайтында тіркеліп, нәтижесінде Көкпекті ауданынан 119 оқушы қатысуға ниет білдірді. Олимпиада «бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізіледі. Олимпиаданың барлық кезеңдерінде оқушылардың аты-жөні әділ-қазылар үшін жасырын болады. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланып отырады.
Аудандық олимпиада жеңімпаздары желтоқсан айында өтетін облыстық ІІ іріктеу кезеңіне жолдама алады.