
Қымбатты ханымдар!
Міне, гүл шоқтарын, сыйлықтары мен махаббатын сыйлаған көктемнің сұлу да сүйікті мерекесі келіп жетті.
Бар өміріміз Әйел атаулының жылу шашқан шуағына бөленуде. Осы бір айрықша күнде біз өз әріптестерімізге, аналарымыз бен жұбайларымызға, қыздарымыз бен қарындастарымызға құрмет танытамыз. Балаларымыз бен немерелеріміздің адами келбеті, ұлт болашағы – тек солардың аялы алақанында. Себебі үйде, түзде де бақыт пен мейірім әйел қолынан тарайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздегі және жалпы әлемдегі әйел роліне арнаған бір сөзінде Қазақстанның әрбір әйелі қоғам қызметіне белсенді араласады ма әлде өмірін дәстүрлі құндылық ретінде отбасына ғана арнай ма – өз таңдауы бойынша заңды құқығын іске асыра алатынын атап өткен болатын.
Шын мәнінде де, әркімнің өз таңдауы бар, алайда ... ұлттық қауіпсіздік органдарының әйел қызметкерлері ошақ сақтаушысы әрі қызметтің ең бір күрделі міндеттерін орындай білетін өз ісінің шебері болуды дана түрде үйлестіруде. Төзімділік, жинақылық пен ерік – аруларымызға сан қилы өмір сынағына қарсы тұруға көмектесетін қасиеттердің қысқа ғана тізбесі.
ҰҚК әйел қызметкерлері – бұл жауынгерлік офицерлер, жедел қызметкерлер, сарапшылар, талдаушылар, дәрігерлер, психологтар, қаржыгерлер. Олар ер-азаматтармен қатар ең қашық шекара учаскелерінде, сондай-ақ «А» арнаулы мақсаттағы қызметінің бөлімшелерінде қызмет өткеруде.
Олардың еркі, біліктілігі, жаңашылдығы мен әскери шеберлігі мақтан тұтуға әбден лайық. Орталық аппарат пен өңірлерде әйелдер орта буын басшылары болып табылады. Бұл тек бастамасы ғана. Олар келешектен әрқашан қиындықтарды ғана емес, сондай-ақ жаңа мүмкіндіктерді де көре біледі. Ал, Ұлы дала әйелінің үлгісі – Тұмар патшайым біздің әріптестерімізді биік мақсаттарды бағындыруға рухтандыра түседі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесуде қыздарымызды аялауға шақырды. Басқаша айтқанда, «мемлекетте әйел неғұрлым аз болса, ұлт соғұрлым тез жойылмақ».
«Әйел жерден шыққан жоқ, ол да еркектің баласы. Еркек көктен түскен жоқ, әйел – оның анасы» деген сөздер халық даналығымен үндестік тапқандай. Сондықтан әйел атаулы ер адамның тағдырында олардың жүрегімен үйлесім тауып, жол сілтер жарық жұлдызына айнала білді және солай болып қала бермек.
«... Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай,
Ойбай!..
Бола берсін көп мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді...»
- деп, Мұқағали Мақатаев ақынымыз жырлағандай, әрдайым әдемілік сыйлай беріңіздер!
Сіздерге мейірімдеріңіз, адалдық пен сенімдеріңіз, ошақ отын сақтай білгендеріңіз және отбасы кемесінің нақты бағдарын дұрыс таңдағандарыңыз үшін мың да бір рақмет!
Қымбатты ханымдар, сүйікті де бақытты болыңыздар!