Халықаралық синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесу туралы

Халықаралық синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті РФ-дан ҚР-ға синтетикалық есірткі контрабандасына және оларды Павлодар облысының аумағында сатуға қатысы бар, құрамында азамат Г. Закарадзе мен А. Маликов болған наркотоптың құқыққа қайшы әрекетін анықтап, жолын кесті.

2018 жылғы 1 маусымда Г. Закарадзені ҰҚК Павлодар облысы бойынша департаменті радиоқабылдағышқа жасырылған
937 грамм «жылдамдық» деп аталатын «пиролидиновалерофенон» («пировалерон» психотроптық затының ұқсасы) синтетикалық есірткісін алу кезінде ұстаған болатын.

Тергеу барысында есірткі арнасының ұйымдастырушысы
А. Маликов анықталып, ұсталды, ол психотроптық заттарды  кейіннен «Telegram» мобильді қосымшасы (700 жазылманы бар «TURBO4АT» тобында) арқылы Интернет желісінде өткізген.

2019 жылғы 7 наурызда Павлодар облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен қылмыстық іс фигуранттары ҚР ҚК 286-бабы 2-б. 1 және 4-т.,
297-бабы 3-б. 3-т. бойынша кінәлі деп танылды. Г. Закарадзе
11 жылға, А. Маликов 12 жылға қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтеуге сотталды.

 

ҚР ҰҚК Баспасөз қызметі