
2017 жылғы 26-27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің киберқауіпсіздік, есірткі құралдарының заңсыз айналымымен күрес және арнайы жасақ бөлімшелерінің бірлескен күшімен Астана және Алматы қалаларында ҰҚК кибер бөлімшелерінің қатысуымен «Dark net, Deep web» ғаламтор-желілерінің көлеңкелі сегментінің мүмкіндіктерін қолдана отырып, есірткі құралдары мен психотроптық/синтетикалық заттарды таратумен айналысқан 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың іс-әрекетінің жолын кесуге бағытталған кең ауқымды арнайы операция өткізілді.
Жабық вэб-кеңістікті мониторингілеу барысында сатып алушылармен онлайн-режимде есірткі құралдары және психотроптық заттар сатып алынып отырған жекелеген ғаламтор-дүкендері анықталды.
«QIWI-кошелектерге» ақша қаражаттарын аудару жолымен есірткі заттарына төлемдер алғаннан кейін, сайт әкімшілері есірткі сатып алушыларға тыйым салынған заттардың жасырын орындарын хабарлап отырған.
Одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осыған дейін ұсталған қылмыстық топтардың мүшелерінің қылмыстық байланыстары, Алматы және Ақтөбе қалаларының аумағында осыған ұқсас жолмен есірткі құралдары мен психотроптық заттарды таратумен айналысқан оңтүстік астананың екі тұрғыны анықталды. 2017 жылғы 3 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті көрсетілген тұлғаларды Алматы қаласында ұстады. Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде барлығы 12 есірткі сатушының қылмыстық іс-әрекетінің жолы кесілді.
Сонымен бірге жоғарыда аталған сайттарды есірткі заттарын алу үшін пайдаланған адамдарды анықтау бойынша тиісті жедел-тергеу іс-әрекеттері жалғасуда.
Қазақстан Республикасы ҰҚК Баспасөз қызметі