Сұйытылған газды заңсыз шығару арнасының жолын кесу туралы

Сұйытылған газды заңсыз шығару арнасының жолын кесу туралы

ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаменті өңірлік Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметін тарта отырып, сұйытылған газды республика шегінен тыс заңсыз шығарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті.

Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде қол жеткізілген дәлелдердің негізінде 2018 жылғы 5 шілдеде Қордай аудандық сотының үкімімен Темир Джамангизов, Нұржан мен Ержан Талиповтар «Мұнайдың және мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткізу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу» деген ҚР ҚК 197-бабы 4-тармағы бойынша шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімімен мемлекет кірісіне көлік құралдары, сондай-ақ шамамен 50 мың килограмм сұйытылған газ енгізілді.

Қылмыстық топты жою және сұйытылған газды республика шегінен тыс заңсыз шығару арнасының жолын кесу нәтижесінде Жамбыл облысы халқының көк отынға деген сұранысын қамтамасыз етуге, ішкі нарықта оның тапшылығын азайту жолымен бағасының өсуін тоқтатуға қол жеткізілді.

Осыған ұқсас фактілерге жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы және тексеруші органдар мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы заңнаманы сақтауға, оның ішінде оны ҚР шегінен тыс заңсыз шығаруға бақылауды қамтамасыз ету бойынша шаралар алгоритмін әзірлеп, іске асыруда. 

 

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі