COVID-19 пандемиясынан ҰҚК ШҚ қабылдап жатқан шаралар туралы

COVID-19 пандемиясынан ҰҚК ШҚ қабылдап жатқан шаралар туралы

Қазақстан Республикасында 2020 жылғы 16 наурыз сағат 08.00-ден бастап төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Қазақстан Республикасының Шекара қызметі Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел азаматтарының, сондай-ақ сыртқы экономикалық әрекетке қатысушылардың назарына мынадай ақпаратты жеткізеді:

Төтенше жағдай қолданылатын кезеңде Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктерге мемлекеттік шекара арқылы кіруіне-шығуына шектеу енгізілді, мыналардан басқаларға: 

шетел мемлекетінің аумағына бұрын кеткен, Қазақстан Республикасына қайтып келген Қазақстан Республикасының азаматтары;

денсаулық сақтау мекемелерінің растау құжаттарын көрсеткен кезде шетелге емделуге шығатын Қазақстан Республикасының азаматтары. Азаматтарға шетелге емделуге шығуға мынадай құжаттар болған кезде рұқсат етіледі:

- «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама үлгілерін бекіту туралы» ҚР ДСМ 2010 жылғы 23 қарашадағы бұйрығымен бекітілген дәрігерлік-консультациялық комиссияның 035-1/у үлгідегі қорытындысы;

- аудармасы бар нотариалды түрде расталған шетел медициналық ұйымынан емделуге шақыру хаты;

Қазақстан Республикасының аумағына бұрын келген, елден шығатын шетелдіктер; 

еліміз бен шетел мемлекеттері дипломатиялық қызметтерінің персоналы және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша келетін шетел мемлекеттері мен халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелері;

поезд және локомотив бригадаларының, әуе және теңіз кемелерінің мүшелері;

Қазақстан Республикасының аумағындағы шетел трансшекаралық құрылыстарына қызмет көрсететін персонал, шектес мемлекеттер аумақтарындағы қазақстандық трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін персонал;

Трансшекаралық құрылыстар – мемлекеттік шекараны кесіп өтетін темір жолдар, автомобиль жолдары, құбырлар, электр беру желілері, кабельдер, көпірлер, бөгеттер, шлюздер, су арналарының құрылыстары және басқа да құрылыстар, сондай-ақ Тараптардың бірінің шекара маңындағы аумақ (шекара аймағы) шегінде, екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы объектілері.

шектеу енгізгенге дейін (2020 жылғы 16 наурыз 08.00-ге дейін) жолға шыққан және жолда болған транзиттік жолаушылар поездарында келе жатқан шетелдіктер;

шетел мемлекеттерінде тұруға ықтиярхаттары бар Қазақстан Республикасының азаматтары;

Қазақстан Республикасының аумағында тұруға ықтиярхаттары бар шетелдіктер (азаматтығы жоқ адамдар);  

Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасы мүшелері болып табылатын шетелдіктер (туыстық байланыстары расталған жағдайда – жұбайы (зайыбы), олардың ата-аналары мен балалары);

Қазақстан Республикасы ресми делегацияларының мүшелері.

2020 жылғы 16 наурыз сағат 08.00-ден бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекара маңындағы аумақтарындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту туралы келісімге сәйкес жұмыс істейтін Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін жерлер арқылы тараптардың азаматтары шұғыл медициналық көмек көрсету үшін өтініш білдірген жағдайларды қоспағанда, жергілікті тұрғындарды өткізу тоқтатылды.

Одан басқа, ҰҚК Шекара қызметі ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссияның шешімдеріне сәйкес мыналардың уақытша тоқтатылғанын еске салады:

- ҚХР азаматтары үшін 72-сағаттық визасыз транзиттік режим, сондай-ақ электрондық визалар ресімдеу;

- ҚХР-мен және Иранмен көлік қатынастары (әуе, т/ж, авто);

- Ақтау, Құрық порттарында теңіз кемелеріне қызмет көрсетуі;

- 2020 жылғы 8 наурыз сағат 00.00-ден бастап Қырғызстан азаматтары үшін ID-карталар мен туу туралы куәліктер бойынша шекарадан өту (тек төлқұжаттар бойынша);

- 2020 жылғы 16 наурыз сағат 00.00-ден бастап РФ азаматтары мен тиісінше ҚР азаматтары үшін осыған ұқсас шаралар (жеке куәліктер, ішкі төлқұжаттар мен туу туралы куәліктер бойынша шекарадан өтуді тоқтату жөнінде) қабылданды.

Одан басқа, 2020 жылғы 6 наурыздан бастап ҚР-ға ҚХР, Оңтүстік Корея, Иран, Италия, Франция, Германия, Испания азаматтары мен соңғы 30 тәулік ішінде осы елдерде (1 А, 1 Б санатты) болған шетелдіктерді ҚР-ға кіргізу шектелді.

Сыртқы экономикалық әрекетке қатысушылар үшін ақпарат.

Мемлекеттік шекара арқылы халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілерін өткізу мынадай талаптарды сақтаған кезде рұқсат етіледі:

1. Автомобиль көлігімен тасымалданатын халықаралық қатынастар жүгі карантиндік және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтаумен жүзеге асырылуға тиіс.

2. Азаматтығына қарамастан, Мемлекеттік шекараны кесіп өту үшін жүргізушілер шетелдік төлқұжатын пайлануға тиіс.

3. Қазақстан Республикасының аумағына кіру үшін (оның ішінде транзиттік жүріп өтетін) 1а) және 1б) санатты елдерден келген жүргізушілер, сондай-ақ соңғы 15 тәулікте 1а) және 1б) санатты елдерде болған басқа да мемлекеттердің жүргізушілері өткізу пунктіне келген кезде, жүкті өткізуге автомобиль өткізу пунктінде карантиндік және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, жүргізушіні алмастырған жағдайда немесе қазақстандық тартқыштарға ауыстырғанда рұқсат етіледі. 

Шекара қызметі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүк автокөлік құралдарының өтуі үшін мынадай нақты автомомбиль өткізу пункттерін айқындады:

Қырғыз Республикасымен шекарада:

«Қарасу» өткізу пункті (Жамбыл обл.);

«Айша-биби» өткізу пункті (Жамбыл обл.).

Өзбекстан Республикасымен шекарада:

«Б. Қонысбаев» өткізу пункті (Түркістан обл.);

«Қазығұрт» өткізу пункті (Түркістан обл.);

«Тажен» өткізу пункті (Маңғыстау обл.).

Түрікменстанмен шекарада:

«Темір баба» өткізу пункті (Маңғыстау обл.).

Қытай Халық Республикасымен шекарада:

«Нұржолы» өткізу пункті (Алматы обл);

«Достық» өткізу пункті (Алматы обл.);

«Бақты» өткізу пункті (Шығыс Қазақстан обл.);

«Майқапшағай» өткізу пункті (Шығыс Қазақстан обл.).

Ресей Федерациясымен шекарада:

«Қайрақ» өткізу пункті (Қостанай обл.);

«Жаңажол» өткізу пункті (Солтүстік Қазақстан обл.);

«Қарақоға» өткізу пункті (Солтүстік Қазақстан обл.);

«Шарбақты» өткізу пункті (Павлодар обл.);

«Өрлітөбе» өткізу пункті (Павлодар обл.);

«Қосақ» өткізу пункті (Павлодар обл.);

«Ауыл» өткізу пункті (Шығыс Қазақстан обл.);

«Үбе» өткізу пункті (Шығыс Қазақстан обл.);

«Жайсаң» өткізу пункті (Ақтөбе обл.);

«Әлімбет» (Ақтөбе обл.);

«Сырым» өткізу пункті (Батыс Қазақстан обл.);

«Тасқала» өткізу пункті (Батыс Қазақстан обл.);

«Жәнібек» өткізу пункті (Батыс Қазақстан обл.);

«Құрманғазы» өткізу пункті (Атырау обл.).

 

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі