
«Олар ешқашан ұйықтамайды, ауырмайды, шаршамайды, олардың қателесуге құқы жоқ. Ел ұйқыда жатқанда олардың қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетіп тұрған адамдар бар…».
2021 жылдың тамызы. Ауғанстанда – мемлекеттік төңкеріс. Үкіметті тәліптер басып алды. Президент А.Ғани мен бірқатар ықпалды саясаткерлер бас сауғалап, елден қашып кетті. Содырлар президент сарайын басып алды.
Қалада дүрбелең, халықты үрей билеген. Тұрғындар қарбаласып, қашудың қамын іздеуде. Теледидар экрандарында жантүршігерлік көріністер – қайтсе де елден кетуге тырысып ұшақтың дөңгелектеріне жармасып, биіктен құлап жатқан адамдар, өзіміз болмасақ та баламыз аман қалсыншы деп американдық солдаттарға қарай балаларын лақтырып жатқан ата-аналар… біреуді біреу біліп болмас бей-берекеттік.
Қазақстан ҰҚК-нің шешімі бойынша дипломаттардың отбасы мүшелері мен Елшіліктің әкімшілік-техникалық персоналын бүлінген елден бірден алып шықты. Бұдан кейін штат қосымша қысқартылып, шұғыл эвакуация жүргізілді.
Тәліптер елдің бүкіл аумағына бақылау орнатты. Қарсылықтың соңғы қамалы – Панджшер үш апта ғана тұра алды. Уақытша үкімет жасақталып, елде шариғат заңдары жарияланды, қатаң шектеулер орнықты. Әйелдің қоғамдағы рөлі барынша шектелген, олардың суреттеріне тыйым салынған, музыка харам деп жарияланған. Ел орта ғасырларға қайта оралғандай…
Халықаралық лаңкестік ұйымдар тәліптерге ынтымақтастық танытып, оларды жеңістерімен құттықтап, халифат құруға үміттенуде… Лаңкестік өртінің бүкіл әлемге жайылу қаупі арта түсті… Жаңа қатерлер – ҰҚК-нің дағдылы жұмыс күндері. Ауғанстанға қайта оралар сәт келді…
Мен барлығымыз күйінішпен еске алатын ядролық полигонға жақын Семей қаласының маңындағы ауылда, көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Менің бүкіл балалық шағым төңкерілген мәңгілік көк аспан мен ұшы-қиыры жоқ сары далада өтті. Тек оқта-текте ғана аспан мен жердің ортасын жарқ еткен жарылыстан кейін пайда болатын алып саңырауқұлақтар қосушы еді. Олардың ядролық сынақтар екенін кейін білдік
Менің бала кезімде, кейін тыйым салынған жер бетіндегі жарылыстар әлі де жүргізілетін. Бұндай жағдайларға кішігірім шұңқырлар дайындалған. Анамыздың айтуы бойынша, осындай саңырауқұлақтар пайда болған кезде біз шұңқырдың түбіне жатып, үстімізге киіз жамылып «бісіміллә рахман-рахимды» сансыз мәрте қайталап жатушы едік.
Біздер, балалар үшін ядролық жарылысты тамашалау қызық болатын. Алдымен жарқ еткен жарылыс, дүрсіл, содан кейін апай-топай боран… Көріністің шарықтау шегі – көкке қарай бой созған алып саңырауқұлақ, тұп-тура Родос Алыбы дерсің. Ол менің есіме ежелгі грек аңыздарындағы жер мен көктің қиылысар тұсында аспанды тіреп тұрған Атлант титанды түсіретін. Ол кезде мен осындай жарқ еткен, бірақ саңырауқұлақсыз (құдайға шүкір) жарылыстардың өмірімде әлі де жиі кездесетінін сезген де жоқ болатынмын…
Мектепті бітіре сала институтқа, математика мұғалімінің оқуына түстім. Біздің түсінігімізде бұл ең беделді мамандық еді. Осылайша біз, балалық бал күндерімізді бірге өткізген досым Дәурен екеуміз оқуды бітіріп келіп орта мектепте мұғалім болып жүрміз. Мен физика мен математиканы, ол тарихты оқытады. Мен өз махаббатымды кездестіріп, үйлендім, тұңғышымызды күтудеміз.
Дәурен нағыз романтик, бірде чекист болуды, енді бірде майдан барлаушысы, тағы бірде Рихард Зорге болуды армандайды. Ол кезде Ұлы Отан соғысы туралы естеліктер санамызда сайрап тұрған.
Бұлыңғыр күн еді, Дәурен бір кездесуге бірге барып келуге шақырды. Біз жергілікті ауаткомның ғимаратына кірдік. Ол жерде бізді бір құпия адам күтіп отыр екен. Ол адамның есімі мен үшін әлі күнге дейін жұмбақ. Дәурен органдарға қызметке кіру мүмкіндігін қарастыру үшін МҚК-ден келген адаммен әңгімеге бара жатқандығын маған сол кезде ғана айтты. Дәуренмен әңгімелесіп болғаннан кейін әлгі адам маған бұрылып, менімен де тілдесті. Арада біраз уақыт өткенде ол біздің ауылда пайда болып, күтпеген жерден маған КСРО МҚК Бірінші бас басқармасының қарамағына қабылданғандығым туралы хабарлады.
Мен осылайша Мәскеуге келдім, мандаттық комиссияның алдында көп сұрақтарға жауап бердім. Тіл үйренуге деген көзқарасым бойынша сұраққа түрік тіліне деген ынтам туралы айтқан едім, комиссия пушту тілін белгіледі. «Демек Африкаға барады екенмін ғой» – деп ойлап қоямын, сөйтсем бұл Ауғанстан екен ғой.
Оқуды бітіргеннен кейін біраз уақыттан соң мені қауіпсіздік офицері (МҚК-нің ресми өкілінің көмекшісі) ретінде Гераттағы елшілікке алғашқы ұзақ мерзімді іссапарға жіберді.
Ауғанстан – контрасттар елі. Бұл Кеңестер Одағына мүлдем ұқсамайтын, ерекше, өзіне ғана тән өмір салты бар, өзге әлем екен. Киплингтің «Батыс пен Шығыс ешқашан қосылмайды…» деген сөздері есіме түсті. Бұл жерде – Ежелгі Рим қалаларына тән қаталдық, Кабул мешіттерінің әшекейлі көк тастары, латын әріптеріне ұқсас Нью-Йорк кварталдары, араб жазбаларындай ирелеңдеген Герат көшелері. Жалалабад цитрустары мен әйгілі сүйексіз анарлар өсетін Қандағар бағының аңқыған қош иістері.
Бұл ел мені мың бояулы, ғасырлар даналығынан тоқылған ауған кілемінен аумайтын тайпалар мен дәстүрлер мозаикасымен, айғай-шулы шығыс базарларымен, қандай қиындықтар туындаса да өмірге деген құлшынысын жоғалтпас өміршеңдігімен, болашаққа деген философиялық талпыныстарымен баурап алды. Әйгілі «империялар моласы». Базардағы дүкенші айтқандай: «Бұл жерде өсіп-өнген, соңынан мол мұра қалдырып келмеске кеткен не бір ұлы өркениеттердің ізі қалған». Кушан патшалығы жайлы Бамиандағы будда мүсіндері сыр шертеді. Грек-бактрия өркениетінің ескерткіштері болып алтын қазыналар қалды. Біздің Руми ақынымызды Бродвейде қойса, Герат миниатюралары парсы және қытай кітаптарына көшіп барған. Әдет-ғұрыптардың сан-алуандығы соншалықты, бір-бірімен бітіспес жаулардың өздері қонақжай қожайын мен қадірлі қонаққа айналып жүре береді.
Соғыс жүріп жатыр. Кабулда бізді тікұшақ тосып алып, бір кездері менің алғашқы қызмет орным болған Гератқа қарай алып ұшты. Қалғып кеткен екенмін. Түсіме өзім туған өлке кіріпті, бұлтсыз көк аспан, ұшы-қиыры жоқ кең дала, кермек те болса жаныма жайлы жусан иісі. Әлдеқайдан анамның дауысы естілді: «Балам! Шұңқырға жасырын. Тез киіз жамыл, саңырауқұлақ!»
Дүрсіл… Мен біздің жанымыздан бірнеше метр қашықтықта ұшып өткен басқарусыз зымыранның шуылынан оянып кеттім. «Оң жақта жарылыс, «стингер»! Дұшмандар (балағат сөз)…!» – деп айғай салды, ұшқыш. Тасымалды зениттік-зымырандық кешеннің оғына тап болмас үшін тағы да біраз биікке ұшуға тура келді. «Вымпел» алаңқайды моджахедтерден тазалағанша біз әуеде біраз қалықтап барып, әдеттегіден 20 минут кешігіп қондық.
Десант түсіру маған жаңа тосын сыйлар ұсынды – тікұшақ жерге қонбады, толық жүкпен, автоматпен секіруге тура келді. Жерге неге қонбады деген сұрағымызға жергілікті тұрғынның киімін киіп бізді күтіп алған офицердің жауабы: «Жарып жіберуі мүмкін ғой! Бұл тікұшақ қой» болды. «Қызық логика, ал біз ше?» – деп ойладым мен «жаяу әскердің құны жоқ па?!» Менің таңданысымды түсіне қойған көпті көрген барлаушының жымиысында көп мән жатты: «Ауғанстанға қош келдіңіз», – деді ол.
Гераттағы жағдай күрделі еді. Моджахедтердің басшысы аты аңызға айналған Исмаил Хан болатын. Арада 25 жыл өткенде біз онымен тәліптерден кейінгі Ауғанстандағы жедел жағдай туралы бейбіт әңгімелесіп шай ішіп отырамыз. Бұл енді басқа әңгіме… Ал әзірше оның адамдары мені «Стингер» ТЗРК оғымен қарсы алды.
Ресми өкілдердің жұмысы үнемі тәуекелмен қатар жүреді. Өзінің жеке қауіпсіздігіне ғана емес, олар бүкіл дипломатиялық немесе консулдық мекеменің қауіпсіздігі, қарсы барлау режимі, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал, оның ұйымшылдығы мен бос уақыты үшін жауап береді. Соғыс жүріп жатқан елде өткен алғашқы іссапарымда мен Елшіліктегі әріптес қызметкерлерімнің қауіпсіздігін өз қауіпсіздігімнен биік қойдым. Олар ешқашан ұйықтамайды, шаршамайды, арымайды, талмайды. Олардың қателесуге құқықтары жоқ. Ел ұйқыда жатқанда олардың қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетіп тұрған адамдар бар.
Өмірдің қызықтары мен күтпеген сәттері – олар біздің жұмыста адым аттаған сайын кездеседі. 2000 жылдары өткен екінші іссапарымда менімен байланыста жиһадшылар ортасынан шыққан жасырын көмекшім болды. Ол маған қалада қалыптасқан жағдайды баяндап, қарулы оппозицияның негізгі көшбасшылары, олардың орналасқан жерлері, шетелдік арнаулы қызметтермен байланыстары, қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізу жолдары туралы өзекті мәліметтермен қамтамасыз етіп отыратын.
Онымен сенімді қарым-қатынас орнаған. Шығыс менталитеті бөлек қой, онымен жұмыс істеу қызық болатын. Қалтасының қамын ойлап бірде ол маған әр түрлі қару-жарақ, соның ішінде «Стингерлер» сатып алуды ұсынды. Фотосын көрсетіп, әңгіме тиегін ағытты: «Міне менің «сұлуым», баяғыдан бері менімен бірге. Жиһад (кеңес-ауған соғысы) кезінен. Мен онымен сол кездері Гератта қаншама тікұшақты құлаттым. Мен бұны басқара алатын жалғыз адам едім. Сол кезде бұл алғашқы экземпляр болатын…».
Мәссаған, міне қызық… Уақытты мөлшерлеп жіберіп, жан сырын жайып салып алдымда отырған «шығыстық досымның» алғашқы іссапарымда мені Гератта «күтіп алған» дұшпан екенін бірден түсіндім. «Мен Исмаил Ханның бірінші әуе қорғанысшысы болдым» дейді.
– «Маған, елшіге «стингердің» қажеті қанша?» деген сұрағыма – «Елшілікті шайтандар мен өзге де ібілістерден қорғайсың… Бұл Ауған, бұл жерде барлығы болуы мүмкін. Айталық, мысалы, саған, елшіге бронды кеудешенің қажеті қанша?» – деп қисынды қарсы сауал қойды.
– Міне. Осындай мақсатта неге стингерді қолданбасқа, – деп қорытындылап қойды.
Кейінірек ол, маған бірінші іссапарым кезінде «жұмыс тауып берген» Исмаил Ханның өзімен байланыс орнатуға көмектесті.
Кабулда өткен екінші іссапарымның кезінде қазақстандық елшілікке өзін Қазақстанның азаматшасымын деп та- ныстырған жас әйел өтінішпен келіп, өзінің құлдықта жүргенін хабарлады. Түркістан облысындағы балалар үйінде тәрбиеленген ол ауғандық жігітпен танысқан. Әлгі жігіт тәтті сөздерімен қыздың басын айналдырып, екеуі некелерін қидырыпты. Ол қызға Қандағар провинциясында тұратын ата-анасымен таныстырып, қайтадан Қазақстанға қайтып ораламыз деп уәде берген көрінеді.
Ауғанстанға келісімен жұбайы өзгеріп сала берген. Бірден дөрекі, қатал қожайынға айналған. Қандағар маңында әйелін чадра киюге мәжбүрлеп, бөлек бөлмеге қамап қойған. Жеті жыл бойы туыстарымен хабарласуға тыйым салып, ешқайда шығармай жас әйелді заңсыз қамауда ұстап отырған. Айтуы бойынша екі рет қашпақшы болыпты, бірақ… Үшінші рет қайын сіңлісінің жаны ашып, оған Кабул қаласына қашып шығуға жәрдемдесіпті. Ол бір нәрсені ғана армандайды: Отанға оралып, мынадай қорқынышты түсті ұмыту.
Біз қашып келген әйелді екі баласымен бірге елшілікте орналастырдық. Күзетін маған бағынатын және елшілікті қорғауға жауапты өзіміздің Шекара қызметінің әскери қызметшілері қамтамасыз етті. Екі күннен кейін жанына бір топ қарулы адам ертіп күйеуі келді. Олар тағы екі күн бойы дипөкілдікті қоршап тұрды. Ақылын ашуға жеңдірген азамат әйелі мен балаларын қайтарып беруді талап етіп, егер айтқаны орындалмаса радикалды қадамдарға баратынын айтып қорқытты.
Бірнеше сағатқа созылған нәтижесіз келіссөздерден кейін мен іске көштім. Әйелді бронды автокөлікке отырғызып алып, көмекшіміз екеуміз әдетте үнемі жабық тұратын қосалқы қақпа арқылы әуежайдың жолына ытқып шықтық. Әрине, біз уақыттан ұттық, бірақ… көздеріне түсіп қалдық. Ашуға мінген күйеуі сыбайластарымен бірге соңымызға түсті. Мылтық дауысы естілді. Әзірше әуеге…
Абырой болғанда, жергілікті полиция және арнаулы қызметтермен орнатқан жедел байланыстар іске қосылды. Олар алдымен мұздай қаруланған қуғыншыларды әуежайға кіре берісте тоқтатып, көлікті ұзағырақ тексеріп, жүргізушіні сұрақтың астына алды…
Бұл уақытта біздің алдымызда күрделі міндет тұрды – ешқандай заңды құқықсыз әйел мен балаларды ұшаққа отырғызып жіберу. Ең аяғы, балалардың туу туралы куәліктері де жоқ. Дегенмен, сәтін салып, Душанбеге ұшқан әуе рейсі қашқын әйелді біздің сол жақтағы ресми өкілдің қолына аман-есен жеткізді. Біз отандас қарындасымыздың өз үйіне оралуы үшін барымызды салдық.
Қоштасар кезде қазақстандық әйел мен балаларының көздері қуаныш пен бақыт жасына толды. «Рахмет сіздерге! – деген сөздер жүрегінен шықты, – Бәріңізді Алла жарылқасын!». Азаматтарымыздың көздеріндегі қуаныш жасы, еліміздің амандығы мен тыныштығы – ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері үшін ең жоғарғы марапат және жұмыс нәтижесі…
Жергілікті қуатты құрылымдармен байланыс орнатуда – «Сенсең де секемшіл бол!» – біздің басты ұстанымымыз еді. «Арнаулы қызметтер дос емес, дос елдің арнаулы қызметтері ғана бар» – дегендей. Бұл тұрғыда ауғандық әріптестеріміздің менталитеті өзгеше, қатаңдау деуге де болады. Біз олардың «алдамшылдығын» да жоққа шығармайтынбыз. Оған мысал да бар.
Елшіліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен және өзге де міндеттермен қатар, біздің уақытымыздың басым бөлігі ресми өкілдердің негізгі тапсырмасын орындауға жұмсалады, ол: халықаралық террорлық ұйымдардың мүшелері болып табылатын біздің елдің азаматтарын анықтау және шетелдегі қазақ жамағаттарын тарату. «Құстарды» «торға түсіру» үшін біз жергілікті серіктестермен бірлесе отырып агентура дайындап, ортаға енгізетінбіз, зерделеп, орналасқан жерлерін анықтап, ұстауға бағыт-бағдар беретінбіз.
Осылайша, біздің көрсетуіміз бойынша солтүстік провинциялардың бірінде ДАИШ мүшесі болып табылатын, Қазақстан қалаларының бірінде террорлық акті ұйымдастырғандығы үшін сотталған ҚР азаматы ұсталды. Бір қарағанда – міндет орындалды, іс бітті. Алайда содыр қамалған тергеу изоляторының бастығы «қой терісін жамылған қасқыр» екендігі белгілі болды. Оның террорлық ұйымдармен байланысып, өте шебер нұсқаушы-жарғыш болып есептелетін әлгі содырды босатып алу туралы келіссөз жүргізіп жатқандығы анықталды.
Біздің «туристті» елге экстрадициялау бойынша көп тер төгуге тура келді. Бұл жерде жұмыстың нәтижесін «алдын орау» іс-қимылымыз қамтамасыз етті. Ашығын айтсақ, елдің күштік құрылымдары мен Қауіпсіздік кеңесі басшыларымен орнатқан жеке байланыс терроршылардан бұрын қимылдауымызға мүмкіндік берді. Содырды алдымен Кабулға жөнелтіп, соңынан Қазақстанға экстрадицияладық. Кейін анықталғандай, ол өз елімізде жарылыстар ұйымдастыруды көздеген екен. ҰҚК-нің күшімен ұлттық қауіпсіздігімізге төнген кезекті қатердің жолы дер кезінде кесілді.
8 наурыз күні мен әдеттегіден ертерек ояндым. Әлі де біраз ұйықтай тұру ойымда бар еді. Түсіме елдегі, мені сарыла да сағына күтіп жүрген отбасым кіріпті. Кенеттен, жарымның жанұшыра айқайлаған дауысын естігендей болдым: «Саңырауқұлақ! Шұңқырға!..»
Жарылыс, тағы да жарылыс. Атыс басталды.
Тереземнің әйнегі сынды. Ең алдымен рация арқылы шекарашылармен байланысып ұрыстық дабыл жарияладым, жауынгерлер шептеріне орналасты. Елшілікке барар жолда серіктестер хабарлады: «Әскери емхана жанында ұрыс болды. Жанкештілер тобы шабуыл жасаған. Біреуі өзін кіреберіс қақпаның алдында жарып жіберген. Шабуылдаушы топ ішке басып кіріп, бірінші және екінші қабаттарда бекінген».
Әскери емхана тұп-тура біздің дипөкілдігімізге қарама-қарсы орналасқан. Арамызды 100 метрдей кішігірім бақ ғана бөліп тұр. Содырлар қоршауға алынған, шегінетін жерлері біреу ғана – ол біздің елшілік. «Қорғанысты ұйымдастыру қажет», – деп ойладым, мен… .
Корпусқа келіп, нарядтың дайындығын тексердім. Ұжымның бекітілген эвакуация жоспарына сәйкес қауіпсіз жерде екендігіне көз жеткіздім. Шекара қызметінің жауынгерлерімен бірге елшіліктің шатырына шықтық, ол жерден емхана іші алақандағыдай көрініп тұрды. Сол жерден серіктестерге содырлардың орналасуы туралы бағыт-бағдар бердік. Осының арқасында жергілікті арнаулы мақсаттағы жасақтың іс-қимылы сәтті болды. Бес сағатқа созылған операция біз үшін бітпестей көрінген еді.
Наурыз оқиғаларынан кейін екі ай өткенде шекарашылар өздерінің міндеттерін аяқтап Отанға қайтуға дайындалды. Жол қамына кірісіп, арқа-жарқа болысып жатты… Мен өз кабинетімнің балконынан осы бір қарбалас тіршілікке қарап, мамырдың мамыражай таңына рахаттанып тұрдым.
Телефон қоңырауы естілді. Мен ішке кіріп тұтқаны көтердім. Арғы жақтан дауыс талып естілді: «Балам, саңырауқұлақ!»
Жарылыс дауысы таңғы тыныштықты тас-талқан етті.
Елшіліктің кіреберіс қақпасының жарылғанын бірден түсіндім. Жарылыс біреу ғана, бірақ өте күшті болды. Елшілік ғимаратына келіп, дипөкілдіктің, елші резиденциясының және дипломаттар үйінің терезелерінің, есік жақтауларының сынғанын көрдім. Үшінші қабаттың терезесі сынып, елшіліктің кіре беріс төбесін сындырып түсіпті. Сәтін салғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
Серіктестердің хабарлауынша, таңертең ерте бізден 3 км қашықтықта жарылғыш зат толтырылған жанармай тасығыш жарылыпты. Жарылыс болған жерде тереңдігі 7 метр шұңқыр пайда болған. 500 ден астам адам қаза тауып, 5 км айналада барлық ғимараттар әйнексіз қалған. Бұл террорлық акті қалада жаппай дүрбелең туғызып, ел астанасында қозғалысты мүлдем тоқтатып тастады.
Осының барлығына қарамастан мен жаңадан келе жатқан көмекшімді әуежайдан күтіп алуым керек еді. Манифестанттар мен полицияның назарын аудармас үшін жергілікті тұрғындарша киініп, жасырын көмекшілер тауып берген елеусіз автокөлікке отырып, бүркемеленуге тура келді.
Қалада бей-берекет атыс. Әуежайға ұшып келген көмекшіме жымия қарап, жергілікті тілде: «Ауғанстанға қош келдің!» дедім. Жаңа көмекшімнің бет жүзінде сан түрлі эмоция, абыржу мен таңданыс. Осыдан 20 жыл бұрын Гераттармен де дәл осындай күй кешкен едім. Бір жақсысы – оған толық жүкпен, автоматпен тікұшақтан секіруге қажеттілік туындамады.
Іссапарлар арасындағы 90-шы жылдардағы үзілісте, Ауғанстанды азамат соғысы сергелдеңге салып жатқан кезде Пәкістанда, кейіннен өңірде және әлемдік геосаясатта күштерді жаңаша орналастыруға үлкен ықпал еткен жаңа күш – Тәліптер пайда болды. Бұл діни фанаттар тобы, пәкістандық арнаулы қызмет әскери іске тәрбиелеп шығарған халықаралық террорлық ұйымдардың итаршылары. 2001 жылы құлатылғаннан кейін олардың екі онжылдық өткенде Кабулға жеңімпаздар ретінде қайта оралып, ел тұрғындарын қорқыныштан қалтырататындарын айтса ешкім сенбес еді.
Бірақ осылай болды. Енді мені осы бір күрделі елге кезекті және өте қатерлі іссапар күтіп тұр...