
Ядролық қарудың қаншалықты зұлмат екенін қазіргі уақытта ешкімге тәптіштеп жатудың қажеті жоқ. Кейбір мақалалар мен көркем шығармаларда оны «тамұқ» немесе «қиямет күнінің қаруы» деп те жатады. Әсірелегеніміз емес, өкінішке орай бұл шындық.
Мен бір кездері ядролық қарудан азат әлем үшін күрестің алғашқы қарлығашына айналған елде туғанымды мақтан тұтамын. Қазақстан Семей ядролық сынақ полигонын жауып қана қойған жоқ, КСРО тарқаған кезде өз аумағында қалған арсеналдан өз еркімен бас тартты. Айта кету керек, бұл сол кезеңде көлемі жағынан әлемде төртінші орын алатын ядролық арсенал болатын. Бұл өте сұңғыла, дұрыс шешім еді.
Дәл осындай, әсіресе ядролық сияқты қырып-жою қуаты бар сұрапыл қару әрдайым бүлдіргіш күштерді сұқтандырып келген. Мысалы, халықаралық террорлық ұйымдар «лас бомбалар» жасап шығару үшін ядролық және радиоактивті материалдарды қолға түсіруге жиі-жиі талпыныс жасайды. Олардың осындай арам пиғылдарына контрабандашылар көмек қолын соза қалады.
Өз басым «бейбіт емес атом» дегеннің не екенін, оның қандай орны толмас қасірет әкелетіндігін жақсы білемін. Мен Шығыс Қазақстан облысының тумасымын. СЯСП немесе Семей полигоны мен үшін абстракт ұғым емес. Мен ядролық қару сынағының құрбандарын өз көзіммен көрдім. Миллениалдар немесе зумерлер үшін нақтылай кетейін, Семей ядролық сынақ полигонында 468-ден астам (!) ядролық қару сынақтары жүзеге асырылған.
Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, ядролық контрабандамен айналысқан топтың іс-әрекетіне тосқауыл қою бақытының тек маған бұйыруында үлкен символдық мән бар тәрізді.
Барлығы, «қажетті» жерлерде жедел мақсатпен сауатты жайылған тор арқылы алынған, алаңдатарлық ақпараттан басталды – халықаралық қылмыстық топ Өзбекстанда орналасқан уран кен орнынан шығатын аса қауіпті ядролық материалдарды шекара асырып, контрабандамен айналысып жүрген көрінеді.
Арнаулы қызмет нысанасына ірі көлемді «Уран-235, 238» ядролық материалын саудаламақ болған кәнігі контрабандист алынды. «Ірі көлемді» дегеніміз - 1 килограмм.
Әрине, бәзбіреулер үшін «ірі көлемді» дегеніміз әсірелеушілік болып көрінер, бірақ оларға «Уран-235» материалының 1 килограмы өзінің жарғыш күшімен 22 мың тонна тротилға тең екендігін түсіндіре кетелік.
Міне, осындай апатты алапат күш – бұл жүк қай жерде тұрса сол елдің ұлттық қауіпсіздігіне орасан зор қатер төндіреді. Бұндай сәттерде салғырттық таныту мыңдаған адамның өмірін тәуекелге тігумен бірдей. Демек, жылдамырақ қимылдау керек. Қимылдағанда, барынша батыл және жан-жақты ойланып барып қимылдаған жөн.
Комитет басшылығының мақұлдауын алып, біз жедел ойынды бастап кеттік. Ең алдымен «сатушыны» анықтап, бақылауға алдық. Контрабанданың бүкіл бағыты, оған қатысушылар, ең бастысы – ядролық материалдың шыққан жері нақтыланды.
Дәл ұйымдастырылған агентуралық жұмыс қаскөйлердің бүкіл арам пиғылдарын ашып берді. «Сатушы» қарадүрсін, Өзбекстан жаққа заңсыз барып-келіп кәдімгі контрабандамен айналысып жүрген, азғындық жолға түскен қазақстандық азамат болып шықты.
Өмірі қисық арнамен кеткен. Бірнеше рет сотталған, отбасынан ажыраған, қарызға белшесінен батқан, екі баласы мен егде жастағы ата-анасын адал еңбекпен емес, арам жолмен асырамақ болған. Нәпақа табудың заңды жолдарын іздеуге ол тіпті де талпынбаған. Аз нәрсені сатып көп олжаға кенелу мүмкіндігі оның ақыл-есін алған. «Тауардың» қауіптілігі оның ойына да келмеген тәрізді.
Кинода бұндай адамды зерделеуге ұзаса 5 минут жетер ме еді, ал шынайы өмірде тоғыз айымыз кетті. Объект тым сақ, бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғандықтан ба екен, өте күдікшіл болып шықты. Күйгелектеніп, маңайындағы әрбір адамнан қылмыстық ортаға енгізілген жедел қызметкерді әшкерелеуге талпынумен болды.
Заттың шынайылығына көз жеткізгеннен кейін біз бұл азаматты қылмыс үстінде, сату кезінде қолға түсіру туралы шешім қабылдадық.
Енгізілген жедел қызметкер «сатушымен» бірқатар кездесу өткізіп, заттың бір килограмын 200 мың АҚШ долларына сатып алуға келісіп, кездесетін жер мен уақытты белгіледі.
Шиеленіс қос тарапта да шектен асты. Контрабандист сатып алушыны, яғни біздің жедел қызметкерді тексеріп көрмек болып алғашқы кездесуге уранның орнына құм алып келді. Арнайы операция сәтсіздікке ұшырауға шақ қалды. Бүкіл арнайы топтың «бас қатырғаны» – ядролық материал қайда деген сұрақ болды.
Сауда аяғына жетпеді, алдын ала пысықталған «аңыз» сатып алушы жедел қызметкердің кездесу орнынан әшкереленбей кетуіне мүмкіндік берді.
Алайда, контрабандистің көкейін тескен оңай ақша оның күдікшілдігін бәсеңдетті. Ол «сатып алушының» қалталы екендігіне көзін әбден жеткізіп барып, онымен кейінірек байланысқа өзі шықты. Бұл жолы тауардың дәл өзі болатындығына сендіріп, екінші рет кездесуге шақырды.
Ядролық материалды сату идеясы ол үшін бақуатты өмірге алынған билет болып көрінгендігі анық. Мәселенің моральдық және этикалық жақтарына ой жүгіртіп жатуға басын да қатырмаған. Енгізілген қызметкерлердің бірі ептеп уағыз айтып, «сатушыны» дұрыс жолға салмақ болған екен, құлағына да қыстырмапты.
Ақыр соңында, қосымша сату үшін контрабандист өзіне белгілі «сатып алушыларға» Өзбекстаннан трансшекаралық жолдар арқылы уранның белгілі бір көлемін тағы да алып келіп, оны саудалап жатқан кезде ұсталды.
Бұл кезде бізге тауардың қай елден шығып жатқандығы, шекараның арғы бетінде контрабандистің, қолдарында «Уран-235, 238» материалының бірталай мөлшері бар сыбайластарының бар екендігі белгілі болатын.
Сондай-ақ «сатушының» уранды өткізгеннен кейін екі сағат ішінде оларға сауданың сәтті аяқталғаны туралы хабарлауы тиіс болғандығы, әйтпесе ол тұтқындалған болып есептелінетіндігі анықталды.
Бұл жерде жедел топтың өз іс-қимылын асқан дәлдікпен стратегиялық тұрғыда жоспарлап алуы тағы да үлкен көмегін тигізді. Осылайша, ұсталған адамның мінез-құлқы мен психологиялық ерекшеліктерін алдын ала мұқият зерттеу бойынша бірнеше айға созылған қажырлы еңбек бізге контрабандисті аз уақыттың ішінде тергеумен толық ымыраға келтіруге мүмкіндік берді. Ол «ақшаны алдым, уайымдайтын ештеңе жоқ» деп «әріптестеріне» хабар жіберді. Бірақ бұл оның шетелдік сыбайластарының секемшілдіктерін сейілтпеді. Олар өздері тексеріп көрмекке бел буды.
«Ташкент-Алматы» пойызымен Өзбекстаннан арнайы адам келді. Оның міндеті контрабандистің тыныс-тіршілігін бақылау болатын.
Біз бұндай ықтималдықты алдын ала ескермегенде олардың ойлары іске асып кетуі де ғажап емес еді. Жедел қызметкерлер жырақтан келген «ревизорды» уақыт оздырмай-ақ тауып алды. Ол жасы алпысты алқымдаған, елеусіздеу келген егде әйел болып шықты.
Өткізілген кәсіби нұсқамадан кейін, өз жағымызға тартылған қылмыскер әлгі әйелмен кездесіп, өзінің бостандықта жүргендігіне, артында аңдушылардың жоқ екендігіне көздерін жеткізді. Ол біз дайындап берген аңызды дәлме-дәл ұстанды: «тауар сатылды, тағы да керек, сатып алушы дайын».
Біз неге бір жолғы тауарды тәркілеумен ғана шектеліп, арнайы операцияны осы жерден тоқтатпадық? Жауап қарапайым, біз үшін маңыздысы – контрабанданың бүкіл тізбегін жойып, Қазақстанға ендігәрі ядролық материалдың әкелінуіне жол бермеу болатын.
Сондықтан да басшылықтың санкциясымен Өзбекстанның арнаулы қызметін қатыстыра отырып, жедел жұмысты халықаралық деңгейде жалғастыруға шешім қабылданды.
Біздің өзбекстандық әріптестеріміз ойынға бірден кірісіп кетті. Солармен біріге отырып қылмыстық топтың белді мүшелерінің барлығын Ташкент қаласына алдаусыратып шақырып, өздерімен бірге ірі көлемді уран топтамасын ала келуге көндірдік. ҰҚК қызметкерлерінен құралған арнайы топтың құрамында Ташкентке мен де ұштым.
Шиеленіс шырқау шегіне жетті. Қылмыскерлер өздерінің мойындарына қыл арқанның жақындап қалғанын түйсінгендей, бұрынғыдан бетер күдікшілденіп, болмашыдан сезіктенеді. Олар тіпті тауарды саудалауға өздерімен бірге бірнеше өзбек ҰҚТ мүшелерін тартыпты.
Бұл қызметкерлердің өміріне төнген қосымша қауіп-қатер мен тәуекел еді. Алдын ала келісімдер кезінде біздің жедел қызметкерлер мен өзбек әріптестер табельді қаруларынан бір сәтке де ажырамай, оны кез келген уақытта қолдануға тастүйін дайындықпен жүрді.
Жүйке сымдай тартылған. Мені әне-міне барлығы қирайтындай сезім бір сәтке де тастамады. Күтпеген өзгерістер тым көп еді. Өзбекстандық қылмыскерлерден күдікшілдік есіп тұрды.
Олардың кінәмшілдігі алдын ала келісілген шарттардың бұзылуына алып келе берді. Ең шешуші сәттерде кездесу орындары мен «тауардың» көлемі өзгерістерге ұшырап, диалогтарда «жасандылық», «сатып алушыларды» жойып «бас сауғалау» туралы сөздер жиі айтыла бастады.
Арнайы операцияның сәтті аяқталуына тағы да сол ашкөздік септігін тигізді. Кездесуге бүкіл құрамымен келген өзбек контрабандистері қолдарында ядролық материалдың алдын ала келісілген мөлшері жоқ екендігін хабарлады. Бұл дегеніміз бұрынғы келісімдердің барлығын өзгерту еді.
Дегенмен, қоштасу кезінде қылмыскерлердің басшысы, байқауымызша ҰҚТ иерархиясындағы басты тұлға, басқаларға байқатпай «сатып алушы» жедел қызметкерге қарап көзін қысты. Бұдан әрі олардың арасында тет-а-тет әңгіме орын алып, әлгі 200 мың долларға 860 грамм қажетті тауарды алып келуге уәде берді.
Тауардың қажетті мөлшері жоқ дегені жалған сөз болып шықты. Ол осылайша, олжаны бөліспес үшін өз сыбайластарын алдаған екен. Жанындағы жиенін уранды алып келуге жұмсады.
Бұдан арғысы белгілі. Қылмыскерлердің барлығы тұтқындалды. Екі елдің арнаулы қызметі ортақ істі асқан дәлдікпен атқарып шықты.
Біздің іс-қимылымыздың нәтижелері өзбек әріптестеріміздің тарапынан жоғары бағаланды. Олар осындай ауқымды операцияға тұңғыш рет тартылған екен. Маған және бірнеше жедел қызметкерге Өзбекстан МҚҚ Төрағасының лебізі ойып жазылған қолсағаттар берілді. Дәл осындай жауапсыйлар біздің мекемеміздің тарапынан да жасалып, көзге түскен өзбек қарсы барлаушылары да марапатсыз қалмады.
Менің жалпы ядролық технологияларға деген көзқарасым біржақты емес. «Бейбіт атом» адамзаттың игілігіне қызмет етуі тиіс, бірақ радиоактивті материалдардың контрабандасына жол жоқ. Осыған жол бермеу ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің басты міндеттеріне жатады. Тек солар ғана ядролық материалдардың контрабандалануы, олардан ядролық қарудың жасалуы сияқты нақты қауіп-қатердің бетін қайтару жолында үлкен жауапкершілік арқалайды.
Ал әзірше мен және менің маңайымдағы жедел қызметкерлер «көрінбес майдан» шебінде «көрінбейтін жаумен» шайқасып, уақытпен санаспай, ет-жақындарымызбен бірге болу мүмкіндіктерін құрбандыққа шала өз міндеттерімізді атқарып жүрген кезде еліміз ешқандай алаңсыз тыныш ұйықтай алады.