Түн ортасының ауғанына қарамастан, пойыздағы жолаушылар ұйықтамады. Пойыз тек Ресей өткізу пунктінен өтті. Енді олар Қазақстан аумағына кіру үшін шекарашылардың жіті құжаттық бақылауынан өтуге тиіс.
Вагондардың бірінің төменгі сөресінде Тәжікстан азаматшасы орналасқан. Отандастарымен бірге ол өз еліне сапарлап шыққан еді.
Құжатын алған әйел терезеге жақын отырды. Оның жүрегінің соққысы жиілей бастады. Тынышталуға тырысты. Бұл жолы да алдыңғы он жеті рет өткені сияқты паспорттық тексеруден жақсы өтемін деп өз-өзін сендірді. Жалған құжат жасату үшін қомақты қаражат жұмсағанын ойлады.
2018 жылдың 30 қыркүйегінде Мәскеу-Әндіжан бағытындағы жолаушылар пойызы тежегіштерін сықырлатқан күйі перронға келіп тоқтады.
Вагондардың есіктері ашылды.
Вагонға шекарашы формасындағы нәзік бойлы сұлу қыз кірді. Оң қолында кішкентай шамаданы бар.
Бұл ефрейтор Олеся Сальменова болатын.
Ол жолаушыларға лық толы вагонның ішін көзімен шолып шықты да құжаттарды тексеруге кірісті.
– Сәлеметсіз бе? Өтінемін, төлқұжатыңызды көрсетіңіз, – деді ол жолаушыға сыпайы да іскер қалыппен.
Уақыт таңғы төртке таянған кез. Бақылаушы өзінің шаршағанын сыпайы да сүйкімді күлкісімен шебер жасырды.
Жолаушылар оған құжаттарын кезек-кезек тексерте бастады.
Сырттан қараған адамға шекарашы тексеруден өткізген азаматтардың деректерін компьютерге жай ғана енгізіп жатқандай әсер береді. Бір кезде ол фотосуретті салыстыруға берген құжат иесіне ұзақ қарады. Осындай қысқа уақыт ішінде құжаттың түпнұсқасын зерделеп, базадағы «жолы жабылған» адамдарды мұқият тексеріп үлгеретінін шекарашылар ғана білсе керек.
Ауысым наряды вагондардың бірінен кейін бірін нұсқамаға сәйкес мұқият тексерді. Кинолог өзінің қызметтік итімен тыйым салынған заттарды анықтау үшін жүктерді тексерді. Арнайы техникалық құралдары бар бақылаушылар қиын қуыстарды жіті бақылаудан өткізді.
Міне, азаматтардың төлқұжатын тексеру кезегі соңғы жолаушыға да жетті. Ефрейтор О.Сальменова сәл күлімсіреген жүзбен әйелге қарады. Жолаушы 37 жаста еді. Оның қимылдары сенімді, бет-әлпетінен алаңдаушылық пен қобалжу байқалмайды. Тек құжатын ұсына беріп, жанарын төмен түсіргені қалай?
Олесяның түйсігі жолаушының бір нәрсені жасырғанынан хабар берді. Оның құжатын мұқият зерделеу үшін бар назарын салды. Бір қарағанда бәрі дұрыс болып көрінген. Төлқұжат аздап ескірген. Дегенмен барлық жазбасы мен мөрі анық көрінеді. Құжаттағы сурет те иесіне сәйкес келеді.
«Көңілім неге алаңдайды?! Бұл жолы түйсігімнің мені алдағаны ма? –деп паспортты мұқият зерделеген Сальменова ойға батты. – Міне, оң жақ беттегі меңі бірдей. Көзіндегі әжімдері де. Тоқта. Қандай әжім? Паспорт он жыл бұрын алынған. Бұл нені білдіруі мүмкін?! Таптым! Фотосурет жақында түсірілген. Төлқұжат ескі... Иә. Жалған құжат! Сондықтан да басып шығарғанда сызығы қисық кеткен. Дегенмен, бәрі кәсіби түрде жасалғанын мойындау керек».
Әйелге бірнеше рет қосымша сұрақтар қойды. Жолаушының толқып тұрғанын байқады. Оның тыныс алуы да жиілеп кетті.
Ефрейтор іштей күмәнінің шындыққа айналғанын түсінді. Бірақ сыр білдірмеді. Жай ғана сыпайы күлімсіреді. Әйелден өзімен бірге жеке купеге баруын сұрады. Сосын рациямен аға ауысымды шақырды.
Тергеу шаралары барысында Тәжікстан азаматы ұсынылған құжаттың әпкесіне тиесілі екенін мойындады. Кейін ұсталған адамның Ресейде Федералды іздеуде екені белгілі болды. Бірақ ол жалған құжат жасатып алып, он жеті рет мемлекеттік шекарадан өтіп үлгерген. Рейстермен ұшып, әртүрлі елге пойызбен жүрген.
Сараптама көрсеткендей, жалған төлқұжат жоғары деңгейде жасалған. Мөрлер мен су белгілерінің барлығы жалған болып шықты. Бірнеше жыл бойы шекарашылардың жалған құжатпен жүрген қылмыскерді анықтай алмағандары да содан болып шықты.
Бірақ қырағылық танытқан ефрейтор О.Сальменова азаматшаның заңсыз сапарларына біржолата нүкте қойды.
Олесяның жоғары кәсібилігін ресейлік әріптестері де мойындады. Шекаралық өкілдердің кездесуі кезінде РФ ФҚҚ Орынбор облысы бойынша шекара басқармасының басшысы «Жайсаң» шекаралық өткізу пунктінің бастығы майор Ерлан Нысановты осыған дейін ұстатпай келген шекара бұзушыны құрықтағандары үшін құттықтап, Олесяны бағалы сыйлықпен марапаттады.
***
2019 жылы ішкі түйсіктің көмегі тәжірибелі де ұқыпты бақылаушы
О.Сальменованың қызметінде ерекшеленуіне тағы да көмектесті. Шекарашы қыз тағы бір азаматтың жалған құжатпен шекара асқалы тұрғанын анықтады. Бұл енді бақылаушының ең жоғары пилотажы болатын.
Сол күні кешкі сағат сегіздер шамасында «Жайсаң» (автокөліктік) шекаралық өткізу пунктінде Олесяның паспорттық тексеру кабинасына Нұрбек есімді жас жігіт келіп, өзінің төлқұжатын ұсынады. Ол сүйкімді жымиып, барлық сұрақтарға жауап берді.
– Қайда бет алдыңыз? – деп сұрады бақылаушы.
– Соль-Илецкінің тұзды көліне. Сонда сүйген қызыммен бірге бірнеше күн демалғым келеді, – деп жауап берді жігіт.
Сальменова Нұрбектің төлқұжатына қарап, фотосурет ұсынушыға ұқсамайтынын бірден байқады.
Оның алдында ашық, көздері мейірімді жас жігіт тұрды. Құжаттағы жас жігіт оған қатты ұқсайды. Бірақ көздері басқа. Сабырлы, тіпті өңменіңнен өтетін көзқарас.
Ефрейтор О.Сальменова өз күдігі туралы аға ауысымға баяндайды.
Тексеру кезінде офицердің ұзақ әңгімесі нәтиже берген жоқ. Жас жігіт құжаттың өзіне тиесілі екенін дәлелдеумен болды.
Бақылаушы шындықты өзі ашуға бекінді.
Төлқұжат деректерін ортақ базаның жүйесіне енгізген ол жігіттің азаматтық соттың шешімімен елден сыртқа шығуға тыйым салынған Айбек есімді сыңары бар екенін анықтады.
Бұл факт көп нәрсені түсіндірді. Алайда жас жігіт өзінің айтқанынан қайтпай тұрып алды. Содан кейін бақылаушы Нұрбек мініп келген автокөліктің жүргізушісін әңгімеге тартты.
Алғашында такси жүргізуші де жігіттің есімі Нұрбек екенін және шекарашылардың қателесіп тұрғанын қызбалана дәлелдеп баққан. Бірақ Олесяның қойған нақты бір сұрағынан кейін көлік жүргізушісінің шындықты мойындаудан басқа амалы қалмады (әңгімені егжей-тегжейіне дейін ашып айтуға болмайды. Әйтпесе біз бақылаушылардың кәсіби құпияларын ашамыз).
Нәтижесінде, Нұрбек ағасының төлқұжатын пайдаланғанын және оның есімі Айбек екенін мойындады.
***
Мұның бәрі кейінірек болған оқиғалар.
Ал 2018 жылдың қыркүйегінде шекарашылар паспорттық бақылауды аяқтаған кезде түнгі тыныштықты перронның жанында тұрған жолаушылар пойызы бұзды. Дөңгелектері рельске тиіп тоқылдаған пойыздың бір-біріне тіркелген сансыз вагондары ырғала қозғалған күйі жолаушыларын алыстағы Тәжікстанның Әндіжан қаласына сүйрей жөнелді.
Шекара наряды перрон бойымен жүріп келеді. Олар «Жайсаң» (теміржол) өткізу пунктінің әскери қызметшілері болатын. Мұнтаздай әрі жарасымды шекара формасын киген, түзу де сенімді жүрістері оларды пойыздан түсіріп алған әйелдің қасында өзгеше етіп көрсетті. Ал азаматтық киіммен келе жатқан әйелдің көңіл күйі жоқ еді.
Ол терең дем алды. Содан кейін кетіп бара жатқан пойызға соңғы рет қарады. Туған жеріне осы жолаушылар пойызымен баруы керек еді. Әттең, жалған құжатты жасатқанына кінәлі өзі. Енді, міне, шекарашылармен бірге штаб ғимаратына кіріп барады.
Бақылаушылар да оның көңілсіз екеніне ешқандай жанашырлық танытпады. Әйел – мемлекеттік шекараның тәртібін бұзушы. Мұндай азаматтармен шекарашылар әрқашан қатал.
Пойыз жолаушысы қаржылық алаяқтық жасағаны үшін федералды іздеуде еді. Осы күнге дейін ол қылмыстық жазадан қашып жүрген. Жалған құжат оның түрлі елге кедергісіз ұшуына мүмкіндік берген болатын.
Тек бұл жолы емес…