
Төбеге шаншыла көтерілген қою қара түтін Шым қаладағы көп қабатты үйлердің бірінің төртінші қабатынан шығып жатқан болатын. Аулаға алаңдаған адамдар жиналып қалды: тұрғындар, көршілер, көшеде кетіп бара жатқан жүргіншілер.
Кенеттен қалың түтін шығып жатқан терезенің алдында екі бала пайда болды. Олар шырқырап жылаған күйі көмекке шақырады...
Бақытқа қарай, балаларды түскі үзілістен өзінің қызмет орнына келе жатқан майор Мақсат Рысдәулетов байқап қалды. Өртеніп жатқан үйдің жанына өте беріп офицер «Белгісіз батыр туралы әңгіме» атты өлеңде бейнеленген көрініске тап болып еді. Мұнда да өртті көріп жиналып қалған жұрт не істерлерін білмей, шарасыз күйде жоғарыға қарайды. Ал түтін шыққан терезенің түбінен бүлдіршін «құтқар» деп қолын созады...
Шекарашы ойланбастан көмекке ұмтылды. Ол өз өмірін қауіпке тіге отырып, балаларды құтқаруға кірісті. Түтін мен қолқаны қапқан ыстың иісіне толған кіреберіске кірді. Қажетті қабатқа жүгіре көтерілді. От шыққан пәтердің темір есігі құлыптаулы. Аз ғана уақыт ойланған Мақсат бесінші қабатқа жетуге асықты. Жоғарыда орналасқан көршінің балконы арқылы жанып жатқан пәтерге түсті.
Қою түтін көз байланар қара түнекке айналып үлгерген. Қараңғы бөлмелердің қабырғаларын сипалап жүруге тура келеді. Осылайша, соңғы бөлмеге жеткен офицер түтінге тұншыққан балаларды тауып алды.
Мақсат әлі құрыған балаларды қолына көтеріп, балконға шықты. Таза ауада балалар естерін тез жиды. Содан кейін ол жанып жатқан жатын бөлмедегі төсенішті сөндіре бастады. Үйді басқан қара түтін өртке оранған төсеніштен шығып жатқан еді.
Көп ұзамай өрт сөндірушілер тобы келді.
Сол кезде балалардың анасы да жеткен. Жүгіре басқан ол пәтерде қалған ұлы мен қызын көруге асықты. Төртінші қабатқа көтерілген бойы темір есікті ашты. Аналарын қарсы алған балаларының түрі қап-қара еді. Қатты қорқып қалған балалар ең бастысы дін аман.
Бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне көзі жеткен офицер қызметіне кете барды.
Балалардың айтуынша, олар сіріңке жағып ойнапты. Байқаусызда төсенішті өртеп жіберген. Өрт лезде кілем мен жиһазға көшкен. Бірақ шекарашының батылдығының арқасында бәрі сәтті аяқталды.
Бейбіт уақытта біздің өмірімізде ерлікке орын жоқ сияқты көрінер. Бірақ олай емес. Батыл және шешімі тегеурінді адам тек ұрыс алаңында ғана анықталмайды. Ержүрек – қажет кезде батырлығын танытқан адам. Бұған айқын мысал майор Мақсат Рысдәулетовтің кішкентай ұл мен қызды өлімнен құтқаруы. Дегенмен офицердің өзі батыл әрекетін ерлік деп санамайды. Оның айтуынша, ол мұндай әрекетке марапат алу үшін немесе атын шығару үшін бармаған. Түтінге оранған пәтерден балаларды құтқарған кезде азаматтық парызы мен адамгершілік міндетін жоғары қойған.
Ерлікке көбіне адамдық құндылықты жоғары қойғандар ғана барады деген тәмсіл бар. Сондықтан да қиын кезде өзінің басын қатерге тіккен жандарға қарап, қоғамдағы адамгершілік сапасын бағалауға болады. Шекара қызметінде шекарашылар ғана емес, сонымен қатар бүкіл ел болып мақтана алатын батырлар көп.