ФЛЭШ-РОЯЛЬ: БАРЛАУШЫ «КЛАУСТЫҢ» ЖЕҢІЛІСІ

ФЛЭШ-РОЯЛЬ: БАРЛАУШЫ «КЛАУСТЫҢ» ЖЕҢІЛІСІ

Карта ойынындағы флэш-рояль ең тиімді комбинацияны білдіреді: ол оңтайлы түсуі үшін үміт пен құмарлық дегеніңіз аздық етеді. Шыдамдылық, санай білу және қарсыласты ойын дәл табу,  батылдық керек – батыстағы елдердің бірінің дипломаты және картақұмар ойыншы «Клаустың» бойында осындай қасиеттердің барлығы болды.

Алайда ҰҚК қарсы барлауын «Клаустың» картаға қатысты таланты қызықтырмады, әрине, бұл өнерін аттап кете алмайсың. Картаны ол кәсіби деңгейде: қайсарлықпен, қаталдықпен, ұтылып қалудан қорықпай ойнады, покерді ұнататын.

 

 

Оның ермегі тек карта ойыны ғана емес еді. «Клаустың» жеке басы қазіргі заманғы Джеймс Бондтар туралы қоғамдағы көрініске толығымен сәйкес келетіндігін атап өткен жөн..

Бой десең бойы бар, түр десең түрі бар, талғаммен киінетін – мұндай еркекті көргенде кез келген әйел баласы абдырап қалатын. Ақшасын оңды-солды шашпайтын, бірақ қажет жерінде «жағдайының бар екендігін» көрсетіп қоюды ұмытпайтын. Тамаша білім алған, төрт білдей тілдің білгірі, үлкеннің де, кішінің де көңілін табатын қасиеті айналасындағылармен тез тіл табысуға көмектесетін.

Біздің отандастарымызды көргенде елпілдеп кететін осы мінезі қарсы барлаудың назарын «Клаусқа» еріксіз аудартты.

Батыс дипломатының қимылында криминалдық ештеңе де жоқ еді. Қазақстан азаматтарымен байланыс орнату, оны дамыту және кеңейту елшілік қызметкерінің міндеттеріне кіретін. Жедел жете тексерудің бастапқы сатысында қарсы барлаудың «Клаусқа» деген назары тек интуиция деңгейінде ғана болды.

Жұмыс өзінің жемісін бере бастады.

 

 

«Клаусқа» қатысты ақпаратты біртіндеп жинаған қарсы барлаушылар оның өмірбаянындағы бірқатар ойландыратын нәрселерге көңіл бөлді, әрине әзірге алыстан болса да оның шетелдік арнаулы қызметке қатыстылығы жанама түрде ғана дәлелденгендей болды.

Мысалы, Сыртқы істер министрлігіндегі беделді қызметке тиісті білімі болмаса да бизнестен келіпті. Бір қарағанда майда-шүйде болып көрінетін шығар, бірақ қарсы барлау жұмысының көп бөлігі осындай түкке тұрмайтын деректерден басталады.

Университет дипломын алғаннан кейін екі жыл өткен соң барып «Клаустың» СІМ-ге қызметке келуі де күдік тудыратындай. Ой тастайтын нәрсе: бұл уақытта ол барлау мектебінде оқыған жоқ па екен?

Қаза берсең қазыла беретін секілді. Дипломаттың сауысқандай сақ жүретіндігі де назардан тыс қалмады. Сырттай бақылауды сезе қояды, орайын тауып құтылып кетеді, жалдаған пәтерінде де құпиялылық режимін сақтайды, сонымен қатар өз айналасынан ҰҚК агентурасын анықтауға тырысады. Осының барлығы қарапайым дипломат туралы түсінікке сәйкес келмеді.

«Клаустың» Қазақстандағы негізгі министрліктердің бірінен жасырын қызметке агент тартуға тапсырма алғандығы туралы жедел ақпараттың қолға түсуі оған деген күдікті қоюландырып жіберді.

Кез келген арнаулы қызметтегі жедел жұмыстың биік шыңы агентуралық ену болып табылады, оның ешуақытта дайын сценарийі болмайды.

Қарсы барлаушылар да бұл мәселеге шығармашылық жағынан келіп, батыс дипломатына «бағалы ақпарат көзін» тауып беруді ұйғарды. Біраз ақылдасқаннан кейін бұл рөлді қарсы барлаудың жас офицері «Бекке» сеніп тапсырды. Адастырмайтын ақылы бар, мінезі жағынан еті тірі жігіт жұмыс десе жанып тұрады. Астанада аз қызмет еткені де есепке алынды, яғни ол әлі ешкімнің көзіне түсіп үлгерген жоқ.

Бірден айтайық: «Бек» берілген тапсырманы тиянақты орындады, тіпті өзінің әртістік қабілеті бар екендігіне өзі де таңғалып қалды. Қарсы барлаудың қызығушылығын тудырған әрі нақты, әрі маңызды объектімен байланыс орнатып, жедел тапсырманы жылдам жүзеге асыра білген офицер кәсіби жағынан да тез есейе бастады.

Ойластырылған «аңызға» сәйкес «Бек» жалпы негіздегі байқаудың іріктеуінен өтіп, «Клаус» қызығушылық танытып отырған министрлікке жұмысқа орналасқан, бірінші жұмыс күнінен бастап өзін тек жақсы жағынан көрсетіп келеді. Міндеттерін ойдағыдай орындайды, ал міндеттері күннен күнге көбейе түсуде, оны шетелдік делегациялардың қатысуымен болатын ресми іс-шараларға да қатыстыра бастады.

 

 

Қарсы барлаудың жедел «сыйлығы» сәтті өтті: дипломатиялық қабылдаулардың бірінде «Клаустың» өзі келіп «Бекпен» байланыс орнатты.

Жай ғана танысып қоя салмады. Шетелдік «Бекке» шын мәнінде көңіл аударып, келесі кездесудегі әңгімесін «салқын сыра» ішіп отырып жалғастыруды ұсынды. Бұл байланыстардың «достық» атмосферасында болатындығы жағынан қарсы барлау қателескен жоқ: шын мәнінде олар интеллектуалды нәзік қарама-қайшылықтың куәгері болды, бұған өздері де тікелей, әрі жасырын түрде қатысып отыр. «Бектің» қиымылы тыңғылықты түрде талданды – осылайша ұйымдастырылған жедел ойын, шетелдік барлаудың құпия ынтымақтастыққа тартуды ұйымдастырудағы ерекшеліктері туралы бағалы ақпарат алуға мүмкіндік жасады.

Мұндай ерекшеліктер қашанда қызықты әрі назар аудартады.

Мысалы, қарым-қатынастың белгілі бір кезеңінде «Клаус» бірқатар айла-амалдарын қолданды, яғни «Бекке» астыртын психологиялық қысым жасап, тәуелді етуге тырысты.

Өзара бір-бірін зерделеу айтарлықтай ұзаққа созылды.

Тек арада бір жарым жыл өткен соң  ғана қарсы барлаудың көптен күткен сәттілігі күлімдегендей болды: «Клаус» бір ақпаратты жақсы гонорарға тауып беруін өтінді.

Бұл көптен күткен флэш болатын: «Бек» әлемнің жетекші арнаулы қызметтерінің бірінің агентуралық аппаратына енді!

Бұдан әрі оқиғаның желісі сюжеті тым шиеленіскен сценарийді еске түсіреді.

 

 

«Бекке» берілетін тапсырмалар біртіндеп күрделене түсті, анау-мынау құжатты алып барып, алып келіңіз деген өтініштер күрделі тапсырмаларға ұласты. Кездесулер қаланың шет жағында, классикалық шпиондық романдардағы секілді пароль мен шартты фразаларды қолдану арқылы өте бастады.

Ақырындап «Клаус» агенттің сенімділігіне көз жеткізді. 2014 жылдың наурыз айында «Бек» «Өте құпия» деген белгісі бар маңызды құжаттың көшірмесін түсіріп әкелу туралы тапсырма алды.

Осы сәттен дипломатты жедел зерттеу ісі шешуші кезеңге өтті. Қауырт жұмыс жүргізілді, онымен басқарманың барлық офицерлері бірнеше күн бойы айналысты. Қажетті келісу жұмыстарының барлығы атқарылып, құпия құжаттың муляжы дайындалды.

«Клаусқа» қатысты жедел жете тексеру ісін жүргізген офицердің естелігінен:

«…«Икс» сағаты келіп жетті.

«Клаус» «Бекке» жақындап, паролін айтып, әңгімесін бастады.

Ол әдеттегідей өз-өзіне сенімді болып көрінді. Ары-бері өткен машиналардың жарығы оның ер тұлғалы жүзіне шағылысып, жеңімпаздық сезімін жымысқы жанары білдіріп тұрды.

Берілген құжатты қызығып оқи бастаған кезде қайдан шыға келгені белгісіз ұстау тобы сау ете қалды. Жасырын орнатылып қойылған софиттер айналаны жарқыратып жіберді.

Барлаушының қолындағы құжат түсіп кетті. Ол болған оқиғаны түсіне алмай тұрды, өзіне деген сенімділік пен харизмасы ғайып болды, абыржыған түрінен шошынғандық байқалды.

Менің де оған деген көзқарасымның өзгеріп кеткендігін байқадым. Бұған дейінгі сымбатты барлаушының орнында үміті үзіліп, сағы сынған, бірдеңеден қорқып қалған адам тұрды».

Барлаушыны «айғақпен» ұстау операциясы табысты аяқталды.

Дипломаттың мәртебесіне сай келмейтін қызметпен айналысқаны үшін «Клаус» персона нон-грата болып жарияланып, 48 сағаттың ішінде елден аластатылды.

Ал біздің Отанымыз, ойыншылардың тілімен айтқанда, дипломат келген елге қатысты қарым-қатынас мәселесінде қолына маңызды көзір ұстады.

Қазақстандық қарсы барлау осындай ойын өрнегін көрсетті.

Ойнайды, ойнайды да ұтады.

Постскриптум.

Комитет басшылығы «Клаус» жедел жете тексеру ісінің тиімділігін қамтамасыз еткен қарсы барлаудың «А» деген қызметкерінің қосқан үлесін лайықты бағалады: ол «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» ведомстволық медалімен марапатталды.