КӨК ЖАЛ ТОЛҚЫНДАРДА ТУҒАН...

КӨК ЖАЛ ТОЛҚЫНДАРДА ТУҒАН...

... – Біздің еліміздің мемлекеттік шекарасы көктен де, жерден, теңіз арқылы да күзетіледі, – деп аудандық қорғаныс істері бойынша департаментінің бастығы шақырылушыларға тәрбиешілік сарынмен дәріс оқыды. – Бірақ сендер мен жіберген әскерлерде қызмет ететін боласыңдар. Яғни сендердің әскери билеттеріңде көрсетілген шақыру командасының нөмірі бойынша. Мұны тағы да мен жазамын. Бізде шекарашыларға іріктеу ерекше, бұл әскери салаға сендердің араларыңнан лайықтылар шықпауы мүмкін. Сондықтан танкист болуға, ең дұрысы жаяу әскерге баруға дайындалыңдар. Тек, әскери институттарға баруға тілек білдірушілерден басқалары. Бар ма мұндайлар?

Қорғаныс істері бойынша аудандық департаменттің бастығы бұл сауалды бекер қойған жоқ еді. Қорғаныс министрлігі Жұмылдыру басқармасының талабы осындай – әскери училищеге түскісі келетіндердің аз болғаны үшін лауазымды төмендетуі мүмкін – ал бұл масқара және ... Қысқасы департамент бастығы бірінші кезекте маңызды міндетті орындады – қазақ армиясының офицерлер кадрларына қажетті талапкерлер іздеді. Ал бұл тапсырманы қалай орындап шығуға болады? Қырдың астында жаңа ғасыр – осыған дейінгілердің бәрін төңкеріп жіберген, оның ішінде офицер деген мәртебелі атақты да төмендеткен мыңжылдықтың қарсаңында тұр. Иә, әскери қызмет ауыр. Бірақ барлық уақытта осылай болды. Есесіне, еңбекақысы жоғары, өзінің жеңілдіктері аз емес, халықтың және сүйікті қызының алдында қадірлі.

Бірақ мұның барлығы кешегі келмеске кеткен заманға тән болатын...

Ал бүгін елде жалпыға бірдей нарық деп аталатын жарыс басталып кетті. Бәрі сауда жасап, үш жүз пайыз таза пайда тапқысы келеді. Нені сату, кіммен бірге және қайда – бұл жағы маңызды емес, бар ойлары тезірек байып, қызыл пенжек киіп, мойындарына жуан алқа тағып, немістердің ескі көліктерінің қоқыс орындарынан әкелген Мерседеспен қыздарды өздеріне қызықтыру. Ал мұндайларды әскерге трактормен де тартып әкете алмайсың...

– Сонымен, сұрағымды қайталаймын. Кім әскери істі оқығысы келеді? – Кеңес туының астында жиырма жылдай болған офицер лениншілдік ұранды айналып кете алмады.

– Сұрақ қоюға рұқсат етіңіз? – деді жүзі зиялылар қауымына келетін жас жігіт қолын көтеріп.

– Сен қайдан боласың, болашақ жауынгер? – деді тағы да ақыл үйреткіш мұғалімге ұқсап кеткен офицер.

– Мен Арал қаласынанмын. Міне, сіз айттыңыз, біздің теңізде де шекара бар деп, ал теңізші шекарашыларды қайда оқытады?

– Теңіз офицері болғың келе ме! – деп қуанып кеткен департамент бастығы күлімсіреді. – Дұрыс айтасың, сен теңізде туғансың. Арғы-бергі аталарың балықшы болған шығар? Бабаларыңның үніне құлақ салған боларсың? Жас жігіт өзінің келіскенін білдіріп басын изегені сол екен – Жүр менімен бірге! Қазір сауалнама толтырасың...

«Міне, сәттілік деп осыны айт...», – деп ойлады басшылықтан алатын алғысын ендігі көз алдына елес­тетіп үлгерген әскерге шақыру кеңсесінің жетекші. Өйткені тәуелсіз Қазақстанның Ақтау қаласында жақында ғана ашылған әскери-теңіз институтына тап болғысы келіп ұмтылғандардың қарасы әлі көріне қоймаған кез, ал ол бірден талапкерді тапты емес пе!

Офицер Арал қаласынан келген жас жігітті өзінің қызмет бөлмесіне кіргізді. Ал дәл осы сәтте сәттіліктің өзіне емес, Ерболатқа күлімдегенін ол білген жоқ еді.

***

Каспий теңізіне іссапар мені екі ойлы етіп еді. Бір жағынан қуанып тұрмын, Алматының баурайында туған мен үшін теңізді көру – өте сирек кездесетін бақыт болса, екіншіден Маңғыстаудың аптап шілдесімен ерекшеленетін табиғаты туралы білерім аз емес-тін.

«Демек күндіз күнге қақталуға тура келеді, ал кешке – теңіз, тек қана теңіз!» – деп өзімді ойша жұбаттым.

– ... Аға, біздің дастарқанға келіңіз! – деп сапарласымның купенің екінші сөресінде жатқан мені шақырған дауысы естілді. Үнінде жайдарылық бар еді.

– Рақмет! – дедім тез келісіп.

Өйткені мен қазақ халқының салт-дәстүрлерімен жақсы таныс едім: дастарқанынан дәм татудан бас тарту – оларды ренжіткенің.

Біз әңгімелесе келе, менің білгенім, сапарласымның есімі

Қайрат, теңізші, тағы қандай дейсіз ғой – шекарашы! Мен Қайраттың Ұлы Отан соғысы жылдарында теңізде қызмет атқарған қазақстандық теңізшілердің ізбасары екенін есіне салдым, ал ол маған өзінің мерзімді қызметін «Сақшы» шекаралық кемесінде атқарғанын айтты.

Бірақ Қайрат өзі туралы, тым болмаса өзінің теңіз үстіндегі ерлікке толы қызметі туралы айтудың орнына бір лейтенантты есіне алды.

– Оның бізден екі-үш жас үлкендігі бар болса да, біз оны әкеміздей сыйлайтынбыз. Лейтенант қатал, бірақ әділ болатын. Сіз шекарашы кемені көргеніңіз бар ма? Ал біздің катерлерді ше? Нағыз көкжалдар...

– Соқ өтірікті?

 

 

– Ренжітесіз. Білесіз бе, бізде қалай айтатын: шекара қызметі – ерекше қызмет, – деп қызбалана сөйледі жас жігіт.  

– Апта сайын шекара режімін бұзушылар мен біздің теңіз айдынына заңсыз кірушілерді ұстайтынбыз. Тәртіп бойынша порттан қараңғы түсе беріп шығамыз. Неге екенін, барлық елдің браконьерлері біздің балықтарды кейде таңертең ерте немесе керісінше күнді батырып барып аулауды ұнатады, – деп ол қулана күлімсіреді. Бірақ біз де қалғымаймыз. Екі мыңыншы жылдары біз олардың жапондық қозғалт­қышы бар қайықтарына өзіміздің ескі моторымызбен қарсы шықтық.

Ал қазір біз өзіміздің «Сақшы» кемемізбен – олардың моторлы қайықтарына  кірпік қағып үлгергенше жетіп барамыз.

– Тоқтамаса ше? – деп әңгімені қыздыра түсемін мен де...

– Онда біздің бортта зеңбірек те, пулеметтерде бар, ал әрбір матрос­та «Калашников». Сіз не, біздің қолымыздан палубаны жуғаннан басқа ештеңе келмейді деп ойлайсыз ба? Жоооқ... Басқа жерде оқ атып көрмеген матростар бар шығар, тек шекара әскерлерінде емес.

– Саған да шекара бұзушыларды ұстаудың сәтті түскен болар?

– Иә, біздің лейтенантпен бірге қаншасын ұстағанымызды білесіз бе?

Қайраттың өз сөзін оңды-солды шашатындардың қатарынан емес екені көрініп тұр. Әсіресе сандарға келгенде, айтар ойын жұптап алады.

– Шынымды айтсам, мен тек біреуін ғана ұстадым, ал біздің лейтенанттың тізімі қомақты. Оның үстіне лейтенант қазір капитан-лейтенант болар ендігі... Менің әскерден босағаныма да он жылдан асты, ал ол кемеге 2009 жылы менімен бірге келді... Міне сол жолы біз теңізге шыға салып, бірден браконьерлермен бетпе-бет келіп қалдық...

Қайраттың басынан өткерген қызметі туралы әсерлене айтып берген әңгімесіне егжей-тегжейлі тоқталудың қажеті жоқ деп ойлаймын – қағаз бетіне түскен соң-ақ маңызын жоғалтады, оның үстіне мен флоттың сөйлемдері мен атауларын есіме сақтаған жоқпын – «артық қыламын деп тыр­тық қылып», осы мақаланы оқыған теңізшілердің күлкісіне қалармын.

Келте қайырамын:

... 2009 жылдың кыркүйегі теңізші шекарашылар үшін сәтті болған. Шекара қызметінің теңіз жағасында орын тепкен әскери бөлімдерінің біріне жіберілген лейтенант Е.Калишев ертеңіне шекаралық кемемен бірнеше күндік қызметке аттанады.

Ал сонда көпті көрген теңіз көкжалы институтты жаңа бітіріп, өзінің қол астына келген жас лейтенант туралы: «Аяқ астынан бір жағдай бола қалса, ұятқа қалдырса ше?..» - деп ойлаған. Бірақ теңізде сен мың жерден теңіз қасқыры, тіпті аюы болсаң да, теңіз шебін бұзушыларды ұжымдасқан экипаждың күшімен ғана ауыздықтай аласың.

«Бұл сендерге құрлықтағы құрықтау емес – қуып жеттің, құлаттың, қолын байладың. Тағы да бұл жерде құрықтаудың сексен пайызын шекарашы ит атқарады...» деп ол оқу-жаттығу кезінде өзінің жеке құрамына қайталаудан жалықпайтын. Құрлықтан тәжірибелі капитан тек Суворовтың «Әрбір солдат өзінің маневрін жақсы әрі мінсіз орындауға тиіс» деген лексиконын ғана қолданатын. Құрлық әскерлерінің ұлы қолбасшысымен таласпайтын. Ал қалғандарынан, ол теңізші шекарашылардың қызметі кеменің барлық күштері мен құралдарының мінсіз әрі дәл жасалған маневрі арқылы іске асырылатынына сенімді болатын.

...Сол күні күн бұлыңғыр болып тұрған. Теңіздің үстін қалың тұман басқан. Мұндай ауа райын «нағыз ұрлыққа түсетін күн» дейді.

– Командир мырза, радарда нысана, – деп баяндады вахта офицері.

– Халықаралық канал арқылы сұрау салыңыз: кім, біздің суда неге және не үшін жүр? – деп бұйырды капитан.

Бір, екі, үш минут өтті... әрі қарай үндеместің ойынын ойнау – шекарашылар үшін жат. 

– Тағы да сұраңыз...

Тағы да тыныштық, артынша қысқаша мәлімдеме:

– Белгісіз кеме үнсіздік сақтап тұр!

– Жақындау басталсын! – капитанның бұйрығы атылған оқ секілді естілді.

Жалпы, браконьерлердің дені теңізші шекарашылардың заңды бұйрығын орындай бермейді, теңіздің бетін тілгілеген күйі қашуға немесе қалың тұман ішінде тұра тұрғанды қолайлы санайды.

Бірақ соңғы үлгідегі шекаралық кемелер тұманның ішіндегіні де көріп қоятын құрылғылармен қамтамасыз етілген.

– Ескерту оғы атылсын!

Әуеге қарата атылған оқтан кейін заңсыз балық аулаушылар әбігерленіп сала берген – шекарашылардың өздерін байқап қалғандарын түсінген олардың ендігі бар үміттері – өздерінің жапондық «Ямахасында».

Өздерінің моторларын қосуға тырысқан жателдік балықшылар келесі команданы естіген жоқ:

– Шекара бұзушылардың су құралдары нысанаға алынсын – ат!

Үшінші оқ атылған жоқ – браконьерлер берілді!

Каспий теңізінің біздің елге тән бөлігіне заңсыз өтіп, балық аулағандар Әзербайжан елінің азаматтары екен...

Қазақстандық теңіздің шебін бұзушыларды құрықтау кезінде ұжымдасып қызмет атқарған барлық команда мүшелері марапатталды. Сол марапат алғандардың ішінде Қайрат есімді матрос және лейтенант – он жылдан кейін ол өзінің бірлесіп атқарған қызметі үшін алғыс сезіммен Ерболат деп атаған офицер де бар.

– Жарты жылдан кейін Калишев екеуміз тағы да шекара бұзушыларды ұстауға қатыстық. Бұл – 2010 жылдың мамырында теңіздің ортаңғы бөлігін шолғындау кезінде өрбіді. Тағы да радар кезекті нысананы тапты.

Лейтенант бұл уақытта шекаралық кемені басқаратын. Шекарашылардың жіберген сауалына бұл жолы да жауап қайтарылмаған...

– Жақындау басталсын! – деп бұйырды кеме командирі.

Браконьерлердің қайығы соңдарына жал-жал толқындарды қалдырып, шекарашылардан қаша жөнелді. Сөйтіп, теңіздің үстіндегі нағыз қуғын басталған. Бірақ Калишевтің кемесі де осал емес, Орал қаласындағы кеме жасаудың нағыз шеберлерінің қолынан шыққан. Кеме анау-мынау емес, турбинасы бар мотормен жабдықталған.

Теңізші шекарашылар заңсыз балық аулаушыларды өздерінің нысаналарында екі сағаттай ұстады. Өзінің бар жүрісіне салған шекаралық кеме толқынға қарсы жүзді. Экипаж әбден ширыққан. Тек кеме командирі Ерболат Калишев қана өзінің сабырлы қалпын сақтаған. Бұл – оның «... біз жеңеміз!» дегенін білдіретін.

 

 

Ашық теңіздің үстіндегі қуғында бірінші болып браконьерлер сыр берді...

Калишев өзімен бірге портқа бірден төрт әзербайжандық кемені алып келген кезде оның болашағынан көп үміт күттіретін командир және іскер шекарашы екені туралы жапа-тармағай айтылып қалды. Өйткені ол ұстаған жателдік кемелердің трюмында бірнеше тонна бекіре тұқымдас балықтар сақтаулы болатын...

– Тағы бір жолы мынадай оқиға болды, – деді әңгіменің қызығына берілген Қайрат. – Түн кезінде біз алыстан жарықты байқадық. Біз іздеген шекара бұзушылар екені айдан анық... Алайда бізді көре салып, браконьерлер бірден қашып жоғалады... Өйткені үлкен кеме өзінің теңізде екенін жасыра алмайды ғой. Сонда біздің ол кезде аға лейтенант атанып үлгерген командиріміз суға тексеру тобының катерін түсіруге бұйрық берді. Ал өзі олардың іс-әрекеттерін рация арқылы бақылап отырды. Сөйтіп біз тағы да шекара бұзушыларды ұстадық.

– Ал сен ше, Қайрат, өзің қалай дараландың? Шекара бұзушылардың біреуін жеке өзім ұстадым деп айттың ғой.

– Бұл – онша қауіпті болған жоқ. – Біздің балықшылар аңдамай әлекке салған. Олар бізді таяз жерге келе алмайды деп ойлап, оңбай қателесті. Тіпті дүрбіден олардың бізді ашық мазақ қылып күлгендері көрініп тұрды... Сосын Калишев оларға байқатпай катерді түсірді де, біз балықшыларға қарай ұшып ала жөнелдік. Олар құрлыққа қарай – біз артынан. Біздің аяғымыз шаршамайды, оның үстіне жерді сағынып қалғанымыз тағы бар. Оның үстіне «Мемлекеттік шекараны үздік күзеткені үшін» медалін аламыз деген үміт те жоқ емес.  Қысқасы, қуып жетіп үстерінен бастық, жерге жатқызып, қолдарын байладық. Тек өкініштісі, біздің отандастарымыз болып шыққаны...

– Медаль алған боларсың?

– Айтып тұрмын ғой, біздің ұстағандарымыз – жергілікті тұр­ғын­дар болып шықты деп. Ал өзі­міздікілер үшін медаль берілмейді, әрине олар сатылған тыңшылар болып шықпаса... Одан да мен сізге Калишев екеуміздің тексеру тобымен бірге әзербайжандардың кәсіпшілік-транспорттық кемесінде үш күн бойы қонғанымызды айтып берейін. Теңізде ауа райы бұзылып, тау-тау толқындар тұрған... Сондықтан браконьерлердің қайығы амалсыз «Фетисово» бухтасын паналауға мәжбүр болды. Қайықта тоғыз балықшы. Ерболат кеме командирімен бірге жүріс мінбесінде кезекшілік атқарды. Ал мен вахта механигінің қасында болдым, экипаждың қалған мүшелері уақыттарын кубрикте өткізді. Алайда кезекті награда да көп күттірген жоқ.

– Осыған қарағанда, сенің қыз­метің қызмет емес, жатқан қуғын – детектив болған секілді ғой.

– Өзі де солай болды. Эх, сізге әңгіме айтамын деп жан дүнием қопарылып түскендей болды ғой, тағы да кемеге барғым келіп кетті. Егер Калишев кабинетте емес, теңізде кеме басқарса, дәл қазір экипажына сұранар едім...

... Іссапар бітуге айналған кезде маған аяқ астынан ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің штабында болудың сәті түскен.

Лайықты бағасын беру керек, мен Қайраттың әңгімелерінің есімде қалғандарын әманда өзімнің жанымнан тастамайтын қойын кітапшама жазып алған болатынмын. Шынымды айтсам, мен өзімнің купедегі шекарашымен болған қызық кездесуімді есімнен шығарып үлгергенмін. Міне, осы жерде мен болған қызмет бөлмесіне теңізші формасындағы адамның кіріп келмесі бар ма...

 

 

Сөйтсем, бұл – Жағалау күзеті үшінші дивизионының шекара күзеті және дайындық бөлімінің бастығы 3-ші рангілі капитан Ерболат Калишев – Қайрат арқылы сырттай болса да етене таныс болып кеткен «Сақшы» шекаралық кемесінің капитаны екен. Өзінің Кеңес Одағы Флотының адмиралы Н.Г.Кузнецов атындағы Әскери-теңіз академиясын бітіргеніне де көп уақыт өте қоймаса керек.    

Осыны білген бойда мен: 

– Маған бес минутыңызды бөлуіңізді сұраймын, 3-ші рангілі капитан мырза, – деп өтіндім, жоғарыдағы әңгіменің бас кейіпкерінен.

– Сізді тыңдап тұрмын, – деді теңіз офицері риясыз көңілмен.

Қысқасы, ол сапарласымның маған айтқан әңгімесінің бір-екі жерін жөндегені болмаса, толық қуаттады. Сондай-ақ теңіздегі өзінің басынан кешірген бірнеше оқиғасымен де бөлісуді ұмытқан жоқ.

Қайтып кездесіп жатсақ, Қайратқа сәлем айтуымды өтінген ол теңіздің үстін бірге шарлаған өзінің экипажындағы барлық матросты ұмытпағанын ерекше бір леппен жеткізді.

Міне, ҰҚК Шекара қызметінің теңіздегі сегментінде әлі күнге дейін осындай мәртебелі офицер қызмет атқарып келеді.

Қоштасып тұрып мен Ерболат Калишевке – ел шебін қорғаудағы  жанкешті еңбегі үшін тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған теңіздің тәжірибелі офицеріне 2-ші рангілі капитан әскери шенін кезектен тыс алуына өзімнің тілектестігімді білдірдім.

– Бұл бола қояр ма екен, – деп күлімсіреді ол. – Мен кезектен тыс капитан-лейтенант атанып үлгердім. Ал бейбіт уақытта офицерге мұндай марапат екі мәрте берілмейді...

Ал керек болса, шекарашылардың өмірін «бейбіт» деп кім айтты?! Меніңше, олар үнемі алдыңғы шепте. Тек, мұнда олар аз оқ шығарғаны болмаса... «Шекара – жауынгерлік шеп» деп бекер айтылмаған.