АШЫЛҒАН «АПАН»

АШЫЛҒАН «АПАН»

2016 жылдың қарашасында Солтүстік Қазақстан облысындағы заңсыз көші-қон арнасының әрекетіне тосқауыл қойылды. Заңмен қудаланатын бизнеспен Грузия және Әзербайжан елдерінен шыққан қылмыскерлер, сондай-ақ Петропавл теміржолы бөлімшесінің қызметкерлері айналысқан. Оларға локомотив бригадасының машинистері көмектескен.

Схемасы былай болған: депоға жеткізілген мигранттарға сары түсті көкірекше таратып, қолдарына құрал-сайман береді де кәсіпорынның аумағына кіргізеді. Ал жалған жұмысшылар өздерін жергілікті екенін көрсету үшін теміржол бойымен келе жатып, қолдарындағы балғамен дөңгелектерді тоқылдатады. Сосын оларды Ресейге бара жатқан жүк пойызының локомотивіне мінгізеді.

Есептері қарапайым, темір жол стансасынан шыққан жүк пойызы көрші елдің Омбы қаласына жетіп бір-ақ тоқтайды. Жетпей аялдаған жағдайда, теміржолдың бойында кептеліс туындауы мүмкін. Сондықтан жедел қызметкерлер қандай да бір қателік жіберсе, қозғалыс кестесіне кедергі келтіргендері үшін айыппұлды өмір бойы төлеген болар еді.

Топтың құрамына бұрын қылмыс жасап істі болған, шекара аймағын өзінің бес саусағындай білетін адамдар жиналған. Оларға жедел іздестіру қызметі жақсы таныс, бақылау жүргізу, телефондарды жасырын тыңдау қалай ұйымдастырылатынын білетін. Басқа сөзбен айтқанда, қаскүнемдер өздерінің қылмыстарын дәлелдейтін технологиялық мүмкіндіктерден хабарлары мол болатын. Сондықтан түрлі жиналу орындарын пайдаланды, көліктерді жиі ауыс­тырды, іздерін жасыру үшін түрлі қадамға баратын.

Қылмыстық «ойын» қызығуға тұрарлық. Өйткені оларға бір адам үшін 1000 АҚШ долларын төлейтін, ал Ауғанстаннан келген мигранттың «құны» екі есе тұратын. Ал жедел қызметкерлер оларды қылмыс үстіне ұстау үшін тіпті қардың үстінде жатқан кездері болды. Оларға көптеген түрлі нүктені бақылауға алуға тура келді, бұл үшін кейде өздерінің көліктерінде 12 сағатқа дейін отыратын. Есесіне операция өте мұқият жүргізілді. Солтүстік

Қазақстан облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен өзара бірлесіп әрекет етті. Қылмыскерлерді депода ұстады. Тіпті машинистер өздерінің жарты жылдан бері жіті бақылауда екендерін сезген жоқ. Ал пойыз құрамы уақытында шығып, локомотивті алдын ала дайындалған машинистердің ауысымы жүргізді.

Дегенмен бұл өздерін кинодағыдай қылмыс әлемінің серкелеріне балағандарды тоқтатпаған сыңайлы. Заңсыз көші-қонмен айналысу тыйылған жоқ. Кезекті каналды ұйымдастырушы сенімді әрі арсыз әрекет ете берді. Ол шекара ауданын өте жақсы білетін, Тәжікстан, Өзбекстанда оның байланыстары толып жатыр еді.

Оған көрші республикалардан жиі қоңыраулар түсіп тұрды, 8-10 адам келеді, ал оның көмекшілері келгендерді өздері алдын ала дайындап қойған пәтерлерге орналас­тырумен айналысты. Топта қатты иерархия мен темірдей қатаң тәртіп орнатылды. Ұйымдасқан топқа өздерінің басшылары секілді адуындылар жиналды. Топтың ұйымдастырушысы да, оның серіктестері де шекараның барлық ендігіне және елден тысқары жерлерге де белгілі болатын. Басшының өзі шекара аймағында өскен, мемлекеттік шекара күзетінің ерекшеліктерімен жақсы таныс, жергілікті ортаға тез бейімделетін. 

Шекарадан заңсыз өтуге тырысқан көптеген шетелдік көші-қон каналын ұйымдастырушының көмегіне жүгінуге асықты, көрсеткен қызметі 800-ден 1500-ге дейін АҚШ долларына бағаланды. Оның сыбайластары Ресей аумағындағы такси жүргізушілер мен жолсеріктердің арасында көп болатын.

Жедел қызметкерлер оның қылмысын ашу үшін барынша астыртын жұмыстар жүргізді. Алайда 2017 жылдың маусымында ұйымдасқан қылмыстық топтар арасындағы кішігірім келіспеушіліктен кейін әлденеге сезіктенген объект өзінің сенімді сыбайластарымен бірге тығыз орналасқан саяжайларға бой тасалап, төңірекке бақылау орнатты. Бірақ қылмыстық топты құрықтау­ға тартылған «Арлан» арнаулы бөлімшесінің жай оғындай қимылдаған қызметкерлері ешкімнің құтылып кетуіне жол берген жоқ.

Шекарашының жұмысы көп шуды қажет етпейді, шекара да тыныштықты қалайды. Жасыл күнқағарлыларға жүктелген міндеттің басым бөлігі барлауда өтеді. Олар із кесуді, шекара бұзушының соңынан түсуді және қолға түсіруді ешқандай дабырасыз әрі шебер іске асырады. Бірақ шекарашыларда барынша байқалмайтын тәжірибе бар, бұл – жеделдік.

***

Салмақты – өз-өзіне сенімді адамға осындай баға береді. «Нұр-Сұлтан» шекаралық бақылау бөлімінің жедел уәкілі Дәулет Құсайыновты дәл осылай деп атар едік. Сондай-ақ офицер аз сөйлеп, көп жұмыс бітіретіндердің қатарынан. Бұл туған елінің шебі үшін кез келген жанқиярлыққа баратын шекарашыға тән қасиет.

Дәулет жедел жұмыстар үшін өзін жоспарлы түрде дайындады деуге болады. Күреспен, ауыр атлетикамен айналысты, мерзімді қызметін шекарада өткерді, өзі айтпақшы «кәдуілгі учаске, оң қанатта тау, сол қанатта құмдар, ал ортасында дала». Алайда мұның арғы жағында барлауда өткен ұйқысыз түндер, көптеген шақырымға созылып жатқан бақылау-із кесу жолақтарын атпен, жаяу басып өту мен шекара бұзушыны ұстау секілді күш пен еңбекті талап ететін қызмет тұр.

 

 

«Бұрынғы шекарашы деген ұғым жоқ» деп бекер айтылмаған. Өзінің азаматтық борышын ел шебінде өтеген шекарашы сарбаздардың көбі өзінің жауынгерлік қызметі өткен шекараға ойша оралады. Тіпті бұл қыста шынжыр табанды техникамен, ал жаз айларында транспортты алмастыратын мініс аттарымен ғана жетуге болатын ен дала болса да. Бірақ жігіттер өздерінің жасыл күнқағарларын сақтап, «Шекарашылардың форумында» өздерінің естеліктерімен бөліседі. Міне, Дәулет те мерзімді қызметтен оралып, туған үйінде біраз демалған соң Петропавл қаласында орналасқан 2032 әскери бөліміне тапсыру үшін құжаттарын жинау­ға кіріседі.

Тыңғылықты, сабырлы Дәулет Құсайынов араға біраз уақыт салып, жедел қызметке көшті. Ол үшін енді шекара екі елдің арасымен өтпейді, керісінше тылда. Осыған дейін жасалған қылмыс­тық дерекке сәйкес жұмыс істемейді, заңға қайшы әрекеттердің алдын алумен айналысады. Дәулеттің айтуынша, бұл жедел-іздеу әрекетін алдын ала болжай білуді, ақпарат алып, дәлелдерді жинау­ды, шекара шебіндегі жағдайды сараптап, тексерген үстіне қайталап тексеруді талап етеді.

2014 жылы Қазақстан-Ресей шекарасының учаскесінде заңсыз көші-қон каналдарын ұйымдас­тыруға машықтанған қылмыстық топтардың көбейгені байқалды. Көрші мемлекеттердің азаматтары біздің ел арқылы Ресейге ағылып, қылмыскерлерге пайда табудың көзіне айналды. Шекарадан өтушілердің ішінде халық­аралық лаңкестік және діни-экстремистік ұйымдардың мүшелері, әділ жазадан қашып жүрген қылмыскерлердің болу ықтималдығы да жағдайды күрделендіре түсті.

Қайтпек керек? Осы жерде Дәулет Құсайынов шекарада заңсыз көші-қонның тамырына түбегейлі балта шабу үшін жоспар құрады. Жедел қызметкерлер жасаған схема бойынша шекара бұзушыларды ел шебінен жасырын жолмен өткізіп, шығарып салу классикалық үлгіде іске асырылды. Орталық Азия республикаларынан келген жателдіктер пәтерлерге немесе жекеменшік үйлерге орналастырылды. Мұны, олар өз араларында «апан»деп атайды. Осы жерде өздерінің шекарадан өтетін сәттерін күтіп жатты. Олардың ішінен біреуі өз елінде қылмыс жасап, іздеуде жүрсе, Ауғанстан азаматы Еуропа елдеріне ену үшін өзінің жылы орнын суытып келіп отыр. Шетелдіктердің орналасқан жері және «апандары» мұқият жасырылды, қылмыскерлер астыртын шараларды қолданып, мигранттар мінген көліктерді әлденеше рет алмастырып, ұялы телефондарының нөмірлерін ауыстырумен болды. Міне, жедел қызметкерлердің арқасында 2016 жылдың қарашасында астыртын әрекет еткен осындай қылмыстық топ құрықталған.

Бұл мұндай бизнеспен айналысушылардың тамағына тұрып қалған сүйек іспетті болса керек, соңғы жылдарға жасалған сараптаманың нәтижесіне көз жүгіртетін болсақ, ҰҚК Шекара қызметі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің учаскесінде заңсыз көші-қонға қатысты оқиғалар келмеске кеткен.