МӘҢГІЛІККЕ ҚАДАМ

МӘҢГІЛІККЕ ҚАДАМ

Қызылорда облысының шалғайдағы ауылы. Он төрт жасар жасөспірім бақшаға қарай құстай ұшып келеді. Таңертеңгі саф ауамен кеудесін кере демалып қояды. Жарты шақырымдай жолды артта қалдырды.

Бұл кішкентай Қайраттың күнделікті жолы. Көкесі Оңғарбайдың: «Қайрош! Егер әскери болғың келсе, онда күнде үш шақырым жүгіруің керек», – деп айтқаны бар.

Ай өткен сайын баланың жылдамдығы арта түсуде.

- Аға! Тағы не істеу керек? - деп сұрап қояды Қайрат.

- Төбелесе білуің керек, белтемірге тартыла білуің керек, - деп көкесі әзілдеп жымиды.

Ауылда еркін күрестен тек бір ғана секция болатын. Жаттықтырушы тыриған балаға қарап тұрып: «Балам, сен не, ет жемейсің бе?» - дегені бар.

 

 

Гонг соғылды. Рефери көк кимоно киген жауынгердің қолын көтерді. Жарыстың бас төрешісі микрофон арқылы: «65 килограмм салмақтағы Қайрат Ибраимов жеңімпаз деп танылып, ҰҚК Әскери институтының чемпионы атанды!!!» деп хабарлады.

Кішкентай Қайраттың табандылығы мен еңбекқорлығы өз жемісін беріп, офицер болып, «әкемнің мақтанышына айналсам» деген бала арманына жақындап келе жатты.

«Арыстаннан» келген «сатып алушылардың» оны байқамай қалуы мүмкін емес еді. Тексеру шараларының барлығынан мүдірмей өтіп, таңдалып алынған түлектердің ішінен бірінші болып ҰҚК-нің белді де беделді арнаулы бөлімшесіне қабылданады.

Арнаулы мақсаттағы бөлімше офицерінің естелігінен:

Қайрат мінезі жағынан көпшіл, еті тірі, әңгімешіл жігіт еді. Оның белсенділігі, әсіресе, спортта байқалатын: қуатты, сенбі күндері 10 шақырым кросстан кейін ол міндетті түрде футболдан матч өткізуді ұйымдастырушылардың бірі болып, ойын кезінде өз қақпасынан қарсы жақтың қақпасына дейін допты шаршамай қуалайтын.

Жаздың күндері, Каспий жағалауындағы далада, тіпті жартылай шөлейт далада оқу-жаттығулық көп күндік іссапар кезінде Қайрат ылғи да күндізгі патруль боп жүруге сұранатын.

Осындай патруль болып жүрген күндердің бірінде Қайраттың төзімділігінің арқасында суы бар құдықты іздеп тапқанымыз есімізде. Құрғақшылық, карта бойынша құдықтар көрсетілген, бірақ олардың көпшілігі құдық емес, ал жер астындағы тастан жасалған цистерналар, олардың өзі кеуіп қалған, бар тапқан суымызды өзімізбен бірге алып жүрдік. Үстел бетіндей теп-тегіс, кедір-бұдыры жоқ  мидай далада су көзін табу дегеніңіз бақытты сәттердің бірі деуге болады, ал таптым деген құдығыңның өзі диаметрі бір жарым метр болатын жердің астында көміліп, тапталып қалған бөшке болып шығады, оның кішкентай тесігіне 1,5 литрлік пластикалық бөтелкені әзер тығасың. Бірақ ондай құдықтың суы өміріміздегі ішкен ең салқын да тәтті су болушы еді.

 

 

2011 жыл, тамыз. «Ибраимов, бастыққа кір!» - деген жедел кезекшінің дауысы естілді. Қайрат баспалдақпен көтеріліп келе жатып: «Қоян-қолтық ұрыс бойынша бойынша өтіп жатқан жиында жүрмін. Командирге не керек болды екен?» - деп ойлап үлгерді.

«Сені топқа қостық! Жиналуға 30 минут, Қостанайға барасың».

Міне, ақыры, көптен күткен жауынгерлік сапар! Автомобильге қару-жарақ артып жатқан жолдастарының қасынан өтіп бара жатып: «Жігіттер мен сендермен біргемін!» - деп айқайлады.

 

 

Есірткі трафигінің жолын кесетін нүкте Арқалық трассасы болып белгіленді. Бұл тапсырма «А» қызметіне жүктелді. «Қаскүнемдер» туралы ақпараттар әртүрлі, сонымен бірге қарама-қайшылы болды. Бірақ олардың қаруланып алғандықтары, қауіпті екендіктері анық еді.

Қылмыскерлердің арсеналдарында кеңестік ескі карта, навигация құралдары болды, жасырына отырып, тек түннің бір уағында ғана жүріп отырды. Мақсаттарын жүзеге асыру үшін қылмыскерлер даланың ескі сүрлеулерін, сондай-ақ автобанға, жалпы қолданылатын жолдарға қиылыспайтын айналма жолдарды қолданды.

Әскери топ іс-қимыл жоспарын тыңғылықты жоспарлады, жеке құрам екі топқа бөлінді. Топтың бірі қылмыскерлерді тікелей ұстауға қатысатын болды, ал егер олар бұл құрықтан сытылып кететіндей жағдай болса деп екінші топ қалаға жақын маңдағы дала жолдарының қиылысында тұратын болды.

«Жалаңаш» трасса жасырыну тұрмақ, артық қимыл жасауға да ешқандай мүмкіндік бермеді. Бұлыңғыр, жауын-шашынды, жігіттердің өздері айтатын тамыздың «қолайсыз» ауа райы жұмысты қиындата түсті. Мұндай жағдайда бір «аңыздың» керек екендігі айтпаса да түсінікті еді. Өзара ақылдаса келе, «жол жөндеп жүрген жұмысшылардан» артық «аңыз» болмайтындығына жігіттердің бәрі келісті. Бұлар тұрған жол бөлігі тосқауыл қоюға да, «аңыз» айтуға да сәйкес келіп тұрды.

Қылмыскерлер келеді-ау деген уақыт сырғып өте шықты, жігіттер сонда да шыдап тұрды, тым-тырыс трасса да іш пыстыра бастады. «Аңыз» өмір сүруін тоқтатпады, ал тосқауылдағы жігіттер тығылуға мүмкіндік беретін барлық жерді қолдана бастады, оның ішінде жол жиегіндегі су құбырлары, бұталар назардан тыс қалмады. Түнгі сағат екінің шамасында сонау көкжиектегі түнгі аспанды жарық сәуле тіліп өтті, алғы шептегі радиостанциялар сырылдап, «қаскүнемдердің» келе жатқандықтарын хабарлады.

Қайраттың міндеті тоқтап тұрған трактор мен қолдан жасалған қоршаудың арасындағы тар жолға тікенек сымдарды төсеп жіберіп, қылмыскерлердің автокөлігін тоқтату болатын. Операцияның барысы осы іске тікелей байланысты еді.

 

 

Қылмыскерлердің автоколоннасы екі көліктен тұрды, оның бірі жол талғамайтын «BMW X5» болса, екіншісі есірткіні алып келе жатқан тент жабылған уаз-«буханка» болатын.

Қылмыскерлердің колоннасы ұстау тобына жақындап қалған ең бір жауапты кезеңде, жолдағы балшықтың әсерінен төселуі тиіс тікенек сым үзілген жерінен оралып, шатасып кетті. Тапсырманы орындауды ғана ойлаған Қайрат оқтай атылып барып, тікенек сымдарды бар күшімен жолдың екінші бағытына қарай тарта бастады. Не болып жатқанын түсіне қойған қылмыскерлер ештеңе ойламастан Қайратты қағып өтіп, ары қарай зымырады.

Көмектесуге жүгіріп келген қарулас жолдастарына жаралы, әрі қозғала алмай жатқан Қайрат «Қалдырыңдар мені, аналарды табыңдар, жібермеңдер» деп өзінің соңғы сөзін айтты.

 

 

Ол ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Әріптестері қарулас достарының, бауырларының құнымен өлшенген тапсырманы мүлтіксіз орындады.

Жылжып жылдар өтті. Шашы ағарған Оңғарбай көке асықпай басып бақшаға келе жатыр. Таныс жол. Жол шетіндегі жалғыз қарағашты қолымен ұстап жылап жіберді: «Мүмкін сонда мен текке...».

Біраз уақыттан кейін оның жүзі жадырап сала берді – даладағы жолмен бір жасөспірім жүгіріп бара жатты...

Иә, әлі талай батырлар шығады бізден...

 

* * *

«Арыстандықты» өлтірген қостанайлық ұйымдасқан қылмыстық топ сицилиялық мафияның қағидалары бойынша ұйымдасқандығы белгілі болды. Оған қостанайлық ағайынды Бикаевтар басшылық етіпті. Еліміздің оңтүстігінен «тауар» жеткізуді қамтамасыз етіп келген олардың Жамбылда тұратын жақын туыстары Олжас пен Ғазиз Байғазиевтар болып шықты. Мафиялық есірткі тобына бұлардан басқа тағы алты адам мүше болды.

Қылмыскерлердің 7-8 жыл бойы ойларына келгендерін істегенін айта кеткен жөн. Тергеу кезінде осы Бикаевтардың есірткі қылмыстары үшін бұрын да жауапқа тартылғандықтары, бірақ қашанда сүттен ақ болып шығып отырғандықтары белгілі болды. Бауырларының бірі бұрын ішкі істер органдарында қызмет істегенін еске алатын болсақ, онда жоғарыдағы сөздің жаны бар секілді.

Қылмыстық шлейф және қылмыстық топ мүшелерінің әдемі өмірге деген ұмтылысы құзырлы органдар назарынан тыс қалуы мүмкін емес еді. Ештеңеден тайынбайтын жігіттер еш жерде жұмыс істемейді, олардың ортасы басқалар үшін қашанда жабық, олар жиі-жиі оңтүстікке барып, жол талғамайтын машиналар сатып алады.

Жалпы айтқанда, жеткізу арнасын анықтау және жүретін жолдарын білу ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне айтарлықтай қиындық туғызбады. Барлық жедел жұмыс зергердің қолымен атқарылғандай еді. Бірақ есірткі қылмыскерлерін осыншама шектен шыққан бұзақылар деп кім ойлаған...

 

 

Олар өздерінің ең соңғы істерін 2011 жылдың мамыр айында бастады. Бикаевтар Байғазиевтарды «сілтеп жібереді», ал олар болса Шуға барып, бір тоннадан астам марихуана сатып алады. Олардың іс-қимылдары мен жүрістерін бақылаған жедел қызметкерлер қылмыскерлердің ірі көлемдегі есірткіні Қазақстаннан Ресейге жеткізуге дайындалып жатқандығын біледі.

 

 

Арада екі ай өткенде УАЗ машинасына 204 қапшық жасыл шөп артқан ағайындылар Қарағанды облысы арқылы Қостанайға қарай жолға шығады. Бикаевтар даладан жасырын орын жасайтын болады. Дамда ауылының маңайынан жасырын орынды жасап та қояды. Олар дайындаған шұңқыр айтарлықтай еді: ұзындығы екі метр, тереңдігі бір жарым метр. Бірақ жүкті күте-күте шаршайды.

Бикаевтар Байғазиевтарды қарсы алуға аттанады. Олар бірігіп құқық қорғау органдары өкілдерін сирек кездестіретін далалық жолдар арқылы жүріп отырады.

ҰҚК Қостанай облысы бойынша департаментінде мафия автокеруенінің жол бағдары туралы ақпарат келмей тұрып-ақ есірткі саудагерлерін айғақтарымен бірге ұстау туралы шешім қабылданған болатын. Жағдайдың күрделі екендігі, әрі қарсылық көрсетілуі мүмкін екендігі ескеріліп, ұстау үшін облысқа «Арыстан» арнаулы бөлімшесі жіберілді. Арнаулы бөлімше қызметкерлері жедел қызметкерлермен бірлесе ұстау іс-шарасына дайындалды. Автотрассаға екі ұстау бекетін қойып, іс-шараны түнде өткізу ұйғарылды. Арнаулы бөлімше қызметкерлері жүк машинасын және арнайы құралдарды дайындады, жол жұмыстары жүргізіліп жатқандығы туралы ескерту белгілерін қойды, жалпы айтқанда қылмыскерлерді қапқанға түсірудің барлық амалын жасады.

 

 

Қылмыскерлер Жезқазған-Есіл трассасының 13 шақырымына түнгі сағат екі жарымда келді. Басқа қылмыскерлерді үркітіп алмау үшін Департамент пен «Арыстан» қызметкерлері «басты бақылаушының» машинасын өткізіп жіберуді ұйғарды. Ал жолға «УАЗ» көлігі шыққан кезде оның жолын «ГАЗ-3309» машинасы жапты. Бірақ «есірткітасығыш» Азамат Бикаев газды басып, кедергіні бұзып өтті.

Арнаулы бөлімше қызметкерлері аспанға оқ атып, жын ұрғандай зымыраған машинаның соңынан ілесті, бірақ жүгенсіз мафия мүшелерін бұндай қимыл тоқтата алмады. Осы кезде аға лейтенант Ибраимов бір тонна есірткісі бар, «ұшып» келе жатқан «уазикке» қарсы беттеді. Ол тікенекті лентаны тастап, машинаны жолдан шығармақ болды. Қылмыскер машинаны тура офицердің өзіне бағыттады…

Қайрат Ибраимов кеудесінен және ішінен ауыр жарақат алды. Әріптестерінің бірінің айтуынша, Қайрат өмірінің соңына дейін, есін жиған сайын қылмыскерлердің ұсталған-ұсталмағандығын сұрап жатыпты. Аға лейтенант ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды.

 

 

Қуғынға шыққан арнаулы бөлімше қызметкерлері әуелі «УАЗ»-ды қуып жетті. Ол қатты жылдамдықпен келе жатып жолдан шығып кетті, оның жүргізушісі мен жолаушысы қараңғы далаға сіңіп кетті.

Автомобильдің қасында ішіне марихуана толтырылған екі қапшық жатты. Тағы да екі жүз екі қапшық машинаның ішінен шықты. Осы жерден әскери граната табылды. Артынан белгілі болғанындай, гранатадағы шығыршық толығымен тартылмағандықтан, ол жарылмай қалыпты. Екінші граната машинаның маңайынан табылды. Жол талғамайтын «БМВ» Амантоғай ауылынан он шақырымдай жерден табылды, ал «Ландкрузер» Арқалық-Есіл автотрассасына қатарлас теміржол бойынан табылды. Машиналар бос еді.

 

 

Осы оқиғаға байланысты ІІД жеке құрамы дабыл бойынша көтерілді. Бірінші қылмыскер (О. Байғазиев) «БМВ» машинасынан бірнеше жүз шақырым жерден ұсталды. Екі қылмыскер зымырап бара жатқан «КамАЗ»-дан ұсталды, (олар осылайша Қостанайға жетпекші болыпты), қалғандары түз даладан ұсталды. Қылмыстық топ басшысы бірнеше ай бойы қашып жүргенімен, түбінде ұсталып, сотталды. Есірткі мафиясының мүшелері 16 жылдан 25 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.