НАМЫСШЫЛ ЖҮРЕК

НАМЫСШЫЛ ЖҮРЕК

– Академияда өзің пір тұтқан, үлгі-өнеге санаған ұстазың болды ма?

– Иә, болды. Ол офицер Қанат Бердіқұлов. Академияда біздің оқу заставасын 2009 жылы кілең бестікке бітіргені үшін әскери шенді Елбасының қолынан алған Қанат Бердіқұлов деген шекарашы офицер басқарды. Ол өзінің бағыныштыларына қатты талап қоя білетін, сонымен бірге оның бойындағы адамгершілік, асыл қасиеттеріне қатты сүй­сін­дік. Бізді хакім Абай сияқты тәрбиелеуге, Абайдың қарасөздерін санамызға сіңіруге күш салды. Бірінші курсты академияның Қараойдағы далалық оқуды қамтамасыз ету орталығында өткізген кезімізде ол отбасын ұмытып, күні-түні біздің жанымыздан кеткен жоқ. Осы үшін де біз – курсанттар академиядағы алғашқы ұстазымызды ұятқа қалдырмауға, оқу, спорт жағынан үздік болуға ұмтылдық. Қашан академияны бітіріп, иығымызға өзіміз арман еткен лейтенант шенін таққанша, осы қалпымыздан танған жоқпыз. Білесіз бе, сондықтан мен үшін Қанат Бердіқұлов – шекарашылық өміріме үлкен ықпал еткен тұлға!..

Бұл айтқан сөзінен қайтпайтын қайсар мінезді, нағыз азамат шекарашы офицер туралы.

 

Қазақ халқының өз Бауыржаны, өз Абайы, өз Мұхтары бар. Нарынқолдан шыққан сұрапыл ақын Мұқағали бар. Шекара аймағында туған сол ақиық ақын Мұқағали шекарашыларға «Отанымның шетінде» деген өлең арнады. Бұл – поэзия патшасының шекарашыларға көрсеткен құрметі. Шекарашылар да соған лайық болатын.

Әсем Алматының атақты Медеу шатқалына апаратын даңғылдың бойына ҰҚК Шекара академиясы орналасқан. Ал осынау биылғы жылдың желтоқсанында өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуге қазірден бастап кірісіп кеткен білім ошағының балталасаң да бұзылмайтын берік қағидасы бар. Шекарашылар академиясы өзінің курсанттарын Абайдың «Қарасөздерімен» тәрбиелейді. Осыған қарағанда «Абайдың қарасөздерін жаныңа жақын тұтсаң, ешқашан қателеспейсің» дегенді меңзейтін секілді.

Таңғаларлығы сол, шекарашылардың қасиетті білім ошағында Абайдай болғысы келетін, өзінің курсанттарын – болашақ шекарашы офицерлерді Абайдың қарасөздерімен тәрбиелегісі келетін офицер бар екен. Бір қызығы, сол офицер қолына Абайдың қара сөздерін алғанға дейін бірде-бір әдеби кітаптың бетін ашып көрмесе керек. Анасы мұғалім бола тұра. Сенесіз бе?

 

 

Ол өмірдің қабақ шытар өзге мінезіне жақын өсіпті.

Әр жылдың 6 шілдесі – тәуелсіз Қазақстанның халқы үшін ерекше күн. Қазақ елінің Тұңғыш Президенті дүние есігін ашқаны үшін айырықша мерекеленеді. Теледидарда Елбасының басып өткен өмір жолдарынан хабар беретін фильмдер көрсетіліп, газет-журналдардың айқара беттері Тұңғыш Президенттің өнегелі өмірі туралы сыр шертеді. Міне, осындай атаулы күні туған Қанаттың тағдыр талайы да ешкімге ұқсамайтын өзгеше бір әлем.

Патриотизм туралы әрбіріміз әртүрлі ойлаймыз. «Тәрбиенің тал бесіктен басталатыны» секілді, патриотизм де туған Отанға деген сүйіспеншілік екенін өсе келе түсінеміз... 

Шекара қызметінің 2016 жылды қорытқан Әскери кеңесінде офицер Қанат Бердіқұлов басқаратын оқу дивизионының курсанттары Әскери Жарғыға сәйкес жауынгерлік тәртіпті бірде-бір рет бұзбағаны үшін «Үздік оқу дивизионы» атанды. Қанат осы еңбегі үшін майор шенін кезектен тыс алды.

Майор шені. Негізі, Қанат 2016 жылдың жазында майор атануға тиіс болатын. Оның өмірінде келеңсіз оқиғалар орын алмағанда. Дегенмен, әділдік бәрібір орнамай қоймайды екен. Уақыт патша барлығын өз орнына қойып берді.  Жә, бәрін басынан бастайық...

 

 

– Мен оңтүстіктегі шекаралық өңірдің перзентімін. Біздің Мақтарал ауданының Мырзашоқы ауылы мен көрші өзбек елінің арасын су бөліп тұратын. Әлі есімде, бала кезімде ауылдың шетінде мал бағып жүріп, сол судың үстіне салынған көпірден өзбек халқының өзім секілді балаларының бері өтіп кетпеуін қадағалайтынбыз... Мұны бізге ешкім «сен сөйт» деп үйреткен жоқ, ала шапанды ағайындармен ол кезде қойымыз қоралас, табағымыз аралас болатын. Қазір ойлап қарасам, біз бала болсақ та, туған жеріміздің шетін бөтенге бастырғымыз келмеген екен. 

Ал шекарашы мамандығын таңдау жағына келсек, ағам шекарашы, оның үстіне, Отан даңқын, Отан салтын, Отан шебін күзетуге бір жағынан анамның да себепші болғанын айтқым келеді. Анам Адам атаның қабырғасынан жаралған әйел халқының өкілі бола тұра намысшыл, жігерлі  жан. Тоқсаныншы жылдардың ішінде әскерге бармау, әскерден қашу секілді оқиғалардың жиі көрініс бергені сонша, бұл өкінішке қарай, халық үшін қалыпты жағдай болып қалды ғой. Міне, сонда менің анам керісінше, өзінің үш баласының да әскерде қызмет атқарып қайтқанын үзілді-кесілді қалады. Анам айтатын: «Сендердің бірде-біреуіңді әскерден алып қалмаймын. Үшеуің де Отан алдындағы борыштарыңды өтеп келесіңдер», – деп.

Осылайша, Қанат 2000 жылдың көктемінде Сарыағаш шекара отрядына түсіп, осында Ант қабылдаған соң Жаркент шекара отрядының шынжыр табанды техникалар экипажының командирлерін даярлайтын оқу орталығына жіберілді. Осында алты ай оқып, Зайсан шекара отрядына түсті. Міне, осы кезде сарбаз өзінің академиядағы болашақ дивизион командирі Валентин Лютеровичпен алғаш кездеседі. Екеуінің кездесулері де қызық.

– Оқуды бітіріп, Зайсан шекара отрядына бөлінген бізді, 12 сарбазды жол бастаушы офицер Жаңғызтөбе кенті арқылы алып жүрді, – дейді ол 2000 жылдың желтоқсанында болған оқиға туралы. – Шығыс Қазақстан өңірінің қақаған суығында Жаңғызтөбенің автобекетінен түсіп, сондағы комендатураға жаяу кетіп бара жатқанымызда он екіміздің де құлағымыз үсіп қала жаздағаны бар... Сөйтсек, бұл жақтың қысында құлақшыныңның екі құлағын түсіріп алмасаң болмайды екен. Басшымыз айтпаған, біз – оңтүстіктің балалары мұны білмейміз... Сондағы офицермен талай жылдан соң академияда қайта кездескенімізде ол алғашында мені танымады. Қайдан танысын, алдынан қаншама сарбаз өтті емес пе!.. Бір орайы келгенде осы оқиғаны айтып бергенімде, ол күліп жіберді. Соған қарағанда, құлақтары қызарып кеткен он екі сарбаз көз алдына көлбеңдеп тұра қалса керек (Қанат жымиды). Бұл кезде Валентин Олегович біздің оқу дивизионын басқаратын. Осыдан бастап ол кісімен арамызда жылы қарым-қатынас пен терең түсіністік орнады.

Зайсан шекара отрядындағы десанттық-шабуылдаушы мото-маневрлік тобының экипаж командирі болып қызмет атқарған Қанат 2001 жылдың мамыр айында қайтадан Сарыағаш шекара отрядына ауыстырылады. Өзінің мерзімді қызметін аталған әскери бөлімде аяқтаған ол келісімшартпен осында қалуды шешеді. Әрі қарай шекарашылар академиясы. 

 

 

– Абай даналардың данасы ғой, мысалы, мен секілді туған Отанын қорғап жүрген әскерилер Жарғыны басшылыққа алып, қазақ халқы Абайдың қарасөздерімен өмір сүрсе, жаман болмас едік деп ойлаймын. Көп жетістіктерге жеткен болар едік. Білім, тәлім-тәрбие, мінез-құлықтың қандай болмағы, имандылық, бәрі-бәрін Абай атамыз өзінің қарасөздерінде тәптіштеп жазып кеткен, – дейді Қанат. Әлі есімде, балалармен шекісіп қалған кезімізде анам біздің көз жасымызды көргісі келмейтін. Бұл біздің намысымызды қайрағаны болар, ағам екеуміз спортпен шындап айналыса бастадық. Жүре келе мен жеңіл атлетикадан ауылдағы желаяқ атандым... Кейін Сарыағаш шекара отрядына алынған кезімде, мұнда Ринат (тегін ұмыттым) деген жаттықтырушының қоян-қолтық ұрыс секциясына үзбей қатысып, Шекара қызметінің аясында өткен жарыста екінші орынды жеңіп алдым. Академияда оқып жүргенде бірінші орынды жеңіп алып, абыройым асқақтаған кездерім де аз болған жоқ. Осы қарқынмен Ташкентте өткен халықаралық сайысқа дейін бардым. Осы спорт түрімен тыңғылықты айналысуға қызмет мүмкіндік бермеді. Есесіне, әлі күнге дейін жүгіремін. Жүгіру туралы ежелгі гректердің айтып кеткені бар: «Әдемі болғың келсе, жүгір», «Ақылды болғың келсе, жүгір», «Күшті болғың келсе, жүгір», деген. Гректер балаларын, әскерін жүгіртіп тәрбиелеген ғой. Кешкісін жұмыс­тан қайтар алдында стадионды бір айналып шықсаң, шаршағаның басылады, бойыңдағы басы артық нәрселерден құтылып, үйіңе таза ой, тың күш, көтеріңкі көңіл күймен ораласың...

Әрине, бұл – кез келген сарбаз-офицер үшін таптырмас үлгі. Дегенмен Қанатты түсіну үшін Қанат секілді ойлап, Қанаттың басынан кешіргенін кешіру керек. Қанат секілді қиналу керек. Қанат секілді дана анасын тыңдай білу шарт.  

Шекарашының өмірі «сенің көз жасыңа сенбейтін Мәскеу» секілді. Қатал сынағынан өтсең ғана көңілі жібіп, өзіне тартады... 

Содан бері де өмір өз ағысын тоқтатқан жоқ. Шекара қызметінде қаншама тарихи оқиғалар болды. Солардың ішінде, 2009 жылы академияны үздік бітірген курсанттар алғашқы офицерлік погонды ҰҚК Шекара қызметінің тарихында бірінші мәрте Елбасы Н.Назарбаевтың қолынан алды. Елорда төрінде өткен айтулы оқиға содан бері жыл сайын қайталанып келеді. Сондықтан бұл – біздің жас түлектер үшін дәстүрлі оқиғаға айналған десе де болғандай. Тек, біріншінің аты бірінші ғой қашанда. Шекара қызметі, шекарашылар үшін ғана емес, тәуелсіздігін тәу еткен қазақ елінің маңдайына біткен әскери білім шаңырақтарының кілең бетке ұстарлары бас қосқан жиынның ішінде Қанат та бар еді. Подполковник В.Лютеровичтің оқу дивизионынан шыққан 12 үздік курсанттың төртеуі ғана Қарулы Күштер Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдын көрді. 

Астананың төрінде өткен сол оқиғаны әлі күнге дейін ұмытпайтын екі адам бар, олар Қанаттың аяулы анасы Тұрсынай Байтемірқызы мен өзінің асыл жары, шаңырағының құт-берекесі. Қызметтен шаршап оралғанда өзінің ыстық мейірім-шапағатына орайтын Индирасы.

Қанат қанаттанып айтқан, жаны жадырап айтқан Шекара қызметінің тарихындағы осы бір дара оқиғаға жас офицердің елдегі анасы жүрегі жарыла қуанды. Туған ауылының қуанышы кемерінен тасып төгілді. Астанадан абыроймен оралған ұланды бүкіл ауыл құшақ жая қарсы алды.

Сұқбатымыз осы жерге келгенде сәл үнсіз қалған Қанат:

– Академияны 28 жасымда бітірдім, – деді. – Демек мен тегін адам емеспін. Себебі, кез келген адам Елбасының қолынан әскери атақ ала бермейді. Сұқбат құрмайды. Өз өмірімдегі осындай тарихи сәттен түйгенім, адам айналасына абыройлы, ақ жүзді болғаны абзал екен.

Астанаға барған төрт курсант Елбасымен болғалы тұрған алдағы кездесуге бір апта бойы қатты дайындалдық. Бізді жоғары шенді сардарлардың өздері жаттықтырды. Тіпті қатты дайындалғанымыз сонша, басшыларымыздың бұйрығынсыз қозғалмайтын дәрежеге жеттік. Міне, осы жерде бір қызық оқиға орын алды.

Салтанатты рәсім аяқталып қалған. Бір кезде Елбасы бізге қолын бұлғап, суретке түсуге шақырды. Ал біз болсақ, бір орында қатқан күйі көзіміздің қиығымен командирлерімізге қараймыз. Командирлеріміз не дейді?.. Осы кезде лып етіп бір сезім оянды: «Бізді Елбасы шақырып тұр. Генералдарымыздың үстінен қарайтын Қарулы Күштердің Жоғары Бас Қолбасшысының өзі!». Осыны ойлауым мұң екен, аяқ астынан қанаттанып кеткен мен жүгіріп барып, Елбасының оң жағына тұрдым. Қасымдағы жолдасым сол жағынан орын алды. Білесіз бе, осы оқиғадан кейін Елбасының екі жағында міндетті түрде шекарашылар тұратын болды. Сондықтан мұның бұлжымас қағидаға айналуына менің тапқышбектігім себепші болғанын мақтанышпен айтар едім!

Жоғары басшылықтың шешімі­мен, академияда қалдырылған лейтенант Қанат Бердіқұлов подполковник В.Лютеровичтің оқу дивизионына қарасты 441-ші оқу заставасының басшысы болып тағайындалды. Осы лауазымды мүлтіксіз атқарған офицерге 2013 жылдың жазында оқу дивизионы командирінің орынбасары секілді жауапты лауазым сеніп тапсырылды. Ал 2015 жылы, ол да естен кетпес шақ. 

– Сол жылдың тамыз айында мен кезекті еңбек демалысында болатынмын – дейді бұл туралы Қанат ерекше толқыныспен. – Бір күні командирім Жетісайда жатқан маған телефон шалып: «Қанат, мен Минскіге оқуға кетіп барамын. Менің лауазымымды қабылдайсың ба? Мен саған тапсырамын», – деп, мен мүлде күтпеген сұрақты қойды. «Дұрыс қой, бірақ мен әлі капитанмын, бұған жоғары басшылық қалай қарайды», – дедім ойлана... Валентин Олеговичтің бұған да өз жауабы бар екен: «Жоқ, сен дайын болсаң, саған тапсырамын!» – деді үзілді-кесілді. Командирімнің жасаған байламы маған күш берді ме, кім білсін: «Олай болса мен дайынмын», – дедім. Бәрі командирімнің өзі айтқандай болды. Алдымен жарты жылдай оқу дивизионы командирінің міндетін уақытша атқарып, жоғары басшылықтың алдында осы лауазымды алып кете алатынымды көрсеттім. Алты айдан соң мені оқу дивизионының командирі етіп бекітті... 

В.Лютерович – менің ең жақсы әскери ұстаздарымның бірі. Қарамағындағыларды қандай іске баулымас бұрын, соның бәрін алдымен өзі меңгеріп алатын қасиетімен дараланып тұрады. Алғашқы айлары сол кісінің көмегі көп тиді. Әлі күнге дейін ақыл сұрап отырамын. Жақсының жақсылығын әсте жасырып, жабуға болмайды. Әскери шенімді де сол кісінің арқасында кезектен тыс алдым.

Міне, осылай. Тұлпарды тай күнінен таныған сардар Қанат туралы қателеспепті. Кез келген ұжымның қанжығасына оңайшылықпен байлана бермейтін «Ең үздік оқу дивизионы» атағын жеңіп алған Қанат академиядағы ең жас командир болып танылды. Әсілі, ол қайда жүрсе де, өзін көрсететін еді. Мейлі, Шекара қызметінің шеті мен шегі жоқ құм даласындағы заставасын басқаруға жіберсе де!.. Бұл туралы Қанаттың өз айтары бар екен:

– Мен шекараға дәл қазір жіберсе де баруға дайынмын. Менің ел шебінде жинаған тәжірибем аз болса да алып кететініме сенімдімін. Ең бастысы, мен бүгін шекараның бір кетігіне кірпіш болып қаланатын болашақ офицерді дайындап жатырмын. Бұл да – өте маңызды мәселе. Сондықтан менің еңбегім академияға көбірек сіңіп жатыр. Есесіне, мен бармасам да, менің дайындаған, әскери тәртіпке, шеберлікке баулыған қаншама офицерлерім шекарада жүр!

Айтса айтқандай, ұстазы сеніп тапсырып кеткен дивизионның діңгегін нық ұстап тұрған Қанат түлетіп ұшырған бірде-бір офицер әлі күнге дейін командирлерінің атына дақ түсіріп көрмепті.

Ол шекарашы мамандығын таңдамағанда, міндетті түрде құрылысшы болатын еді. Үй салып, оның айналасын ағашпен көркейту өзіне ұнайды. Үй салып, ағаш отырғызу да Абай атамыздың өмірлік бір пәлсапасына жүк болған...

Шекара – намысшыл жүректерді дүр сілкіндіретін орта. Шекара аймағында туған поэзия королі Мұқағали Мақатаевтың «Шекарада» атты өлеңінде «...Мен, міне, Отанымның шетіндемін. Маған жер жоқ, Отан жоқ әрі қарай» деген жолдар бар. Өз Отанының патриоты, тамаша шекарашы офицер Бердіқұлов шекара деген – сенің Отаныңның шеті, бұл ел шебі, жауынгер үшін мұнан әрі жер жоқ екенін жан жүрегімен түйсінеді.