ИМАНЖҮЗДІ

ИМАНЖҮЗДІ

Ермек Досаев 2001 жылдың қазан айында «Батыс» өңірлік басқармасына бағынышты 2018 әскери бөлімінің жаңадан ашылған «Бөгет» шекара заставасының бастығы болып тағайындалды. Осы жерден оның әйгілі шекара заставасын алғаш ашушы эпопеясы басталады.

Ұлтымызда «Адамды адам ететін де, сұлтанды сұлтан ететін де – иман» деген қанатты сөз бар. Мұндай тіркестің тереңіне сүңгитін болсақ, «адамның адамгершілігі мен болмыс-бітімі жақсы тәрбиеден» дегенді меңзейді. Ел ішінде «Отанды сүю – иманнан» деген сөз бар. Бұл даналық та тегін айтылмаған. Полковник Ермек Досаев секілді адамдарды «иман жүзді» деп атаса керек.

 

 

Кейіпкеріміз 2001 жылдың қысында қылтанағы жоқ жалаңаш бархандардың ортасындағы шөлді жерде өзінің жеке құрамына қарапайым ғана тұрмыстық жағдай жасау үшін құрылыс бастады. Мұндағы мақсат, тез арада шекараны берік күзетуге кірісіп, ұжымды жауынгерлік қызметтің жақсы нәтижесіне қол жеткізуге шоғырландыру болатын. Талай ғасырлық сырды ішіне бүккен үнсіз даланың ортасында қалған кезде де, ол өзін ешқашан жалғыз­бын деп сезінбеді. Өйткені оның артында мемлекеттік шекараны  күзетуді қажет ететін елінің тұрғанына сенімді болатын.

Полковник Ермек Досаевтың сол кезеңдегі өмірі контрабандашылардың артынан қуған әйгілі кеңестік оқиғаларға ұқсады. Олармен күресте тек өзіне ғана сенуге болады. Жүздеген шақырым жерде бірде-бір адамның үйі кездеспейтін шөл далада жасыл күнқағарлылар шақырылмаған қонақтар үшін жалғыз тосқауыл болды. Ал шекара бұзушылар болса, мемлекеттік шекараны ешқандай кедергісіз кесіп өтуге үйреніп алған. Сондықтан елсіз жерге пайда болған шекарашылардың заставасы иен даланың төсіне айқыш-ұйқыш етіп мың-сан соқпақ салып үлгерген контрабандашылардың тамағына тұрып қалған сүйек іспетті болатын.

Үш офицер, екі келісімшарттың әскери қызметшісі мен 20 мерзімді қызметтің сарбазы Жаңаөзеннен Өнер елді мекеніне тікұшақпен жеткізілді. Жаңа ортаның алғашқы қарлығаштары атанғалы тұрған шекарашыларды әскери бөлім командирі подполковник Д.Озеряник күтіп алды.

Кеш түспей тұрып жаңа қоныстарын сайлап алу үшін шатыр­ларын құруға кіріскен болашақ бөгеттіктер мұнан былай өздерінің қызмет орындарына айналатын аумақтың ауа райы қандай екенін аз естіген жоқ еді. Сондықтан қыстың азынаған суық желінен қорғану үшін алдымен жеркепе қазуға кіріскен.

 

 

Тұратын орындарын дайындап алған соң ғана шекарашылар енді өз күштерімен монша, көкөніс қоймасы, пәтер қызметі мен киім-кешек қоймасын, су қорын сақтауға арналған бетон шұңқырларды салады. Құрылыс материалдарының жоқтығына қарамастан, көзді жұмып бастаған істері алға жүрді. Осындайда заставадан 30-50 шақырым жерде қыстайтын шопандардың шекарашыларға көмегі мол болды. Олар иесіз қалған үйлердің кірпіштерін жинауға көмектесті. Ауыз су мен азық-түлік «үлкен жерден» жеткізіледі. Су таусылған кездері жазда жаңбырдың, қыста қар суын ерітіп пайдаланады.

Заставадан үш шақырым жерде ағып жатқан тұмса бұлақ болатын. Өңір соның атымен аталғанымен, суы ішуге жарамсыз. Мыңдаған жылдар бойы көшіп жүрген ата-бабаның маңдай тері сіңген судың құрамында тұздың мөлшері өте көп.

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекараның бойына орналасқан «Бөгет» шекара заставасы 195 шақырым аумақты күзетеді. Шекара наряды ұйымдастыратын жауынгерлік қыз­меттің басым бөлігі биік қырларда жүргізілді. Ал «Шолғын» шекара наряды автокөлікте. Застава мен мемлекеттік шекараның арасын 90 шақырым бөліп тұр. Бөгеттіктердің иелігінде ЗИЛ-131 автокөлігі болды. Ел шебіне бірінші болып қызмет атқаруға «Барлау-із кесу» шекара наряды аттанды.

Шекарашылар елімізге контрабандалық жанармайды тонналап өткізуге тырысқандармен ымырасыз күрес жүргізді. Екі елдің арасында еркін тайраңдап үйреніп қалғандар жанармайды «КамАЗ» жүк көлігінің сыйымдылығы 10-30 тонналық цистерналармен тасыса, күзде шекарадан көкөніс, ірі және ұсақ малдарды өткізетін. Шекараның шақырымдарға созылып жатқан аумақтарын бақылауда ұстау мүмкін емес болатын, десе де оңай пайда тауып байығысы келгендер ешқашан шаршамайтын жасыл күнқағарлылардың құрығынан құтылып кеткен жоқ. Тіпті жателдікті ұстау үшін сайын даланың төсінде қуғын ұйымдастыруларына да тура келген сәттер аз емес.

Бір күні Ермек Досаев басқарған «Барлау-із кесу» тобы АИ-95 жанармайын тиеген үш «КамАЗ»-ды қолға түсіреді. Сөйтіп, заставаға кері оралып келе жатқан кезде контрабандалық көліктердің бірінен күтпеген жерден өрт шығады. Межелі жерге 50 шақырым жетпей қалған жүк көлігін жалын орап алады. Қалған көліктер қауіпсіз жерге кетіп үлгереді. Өртенген көліктің ішіндегі адамдар да түскен бойда жанармай толы цистерна да жарылады. 

Оқиға орын алған жерге ең жақын елді мекен саналатын Жаңа­өзен қаласына 230 шақырым. Шекарашылар күзететін аумақтың дені шөл дала. Кейбір жерлері сирек кездесетін құмды дөңдер. Арасында кішкентай бұталар мен сексеуілдер де кездеседі. Бұл жер Қарынжарық-құм деп аталады.

Заставада үйленгендер –

Ермек Досаев, оның орынбасары аға лейтенант Шухрат Сахратов және старшина прапорщик Тұрсынбек Қожаниязовтар ғана болатын. Шекарашылардың отбасылары заставада суық түскенше тұрды.  Содан кейін бала-шағаларын «үлкен жерге» ата-аналарына жіберетін.

 

 

Шекарашылар әскери шатырларда тұрды. Офицерлерге бөлінген 20 орындық шатырдың жартысы застава байланысшыларының қыз­метіне арналса, екінші жартысы кеңсе болды. Ол жерге басшылық құрамға арналған темір төсектер қойылды. Ал мерзімді қызметтің сарбаздары 40 орындық шатырда тұрды.

Қыс айларында шатырлардың ішін кішкентай пешпен жылытатын.  Заставада тіпті электр энергиясын өндіруге қажетті дизельді қондырғы да болған жоқ. Күндіз АКБ-радио­стансалар қуат көздерін күннен алды. Шекара отрядымен, шекара нарядтарымен байланысқа әрбір екі сағат сайын шығып тұрды. Содан кейін қуат көздерін үнемдеу үшін радиостансалар өшірілді.

Маңғыстау облысының ауа райы өте құбылмалы екені белгілі. Жазда өте ыстық болса, қыста үнемі жел соғып тұрады. Сирек жауатын қары жерде көп жатпайды. Тез ериді.

Күн жылына салысымен шекарашылардың отбасылары заставаға оралады. Олармен бірге шекарашылардың өміріне көңілділік пен шуақ енеді. Тек баскетбол, футбол доптарын қолға сусып тұрмайтын құмда секірту мүмкін болмағандықтан, балалармен ойнау қиынға соғатын... 

Бүгінде полковник Ермек Досаев ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік шекараны күзету бөлімін басқарады.

Офицер қарапайым отбасында дүниеге келді. Оның әулетінде әскери өмірді таңдаған ешкім жоқ болатын. Бесінші сыныпта оқып жүрген кезінде ғайыптан қолына түскен Бауыржан Момышұлының кітаптарын оқиды. Атақты қолбасшының шығармасы оған қатты әсер етеді. Содан бастап әскери қызметші болуды армандап, мамандыққа дайындала бастайды. Әкесінің әңгімесінен немере ағасының шекарашы екенін білген ол шекарашылардың училищесіне оқуға тапсыруға бел буады.

1993 жылдың жаз айы. Сыр еліндегі Жалағаш ауданының Жалағаш ауылынан шыққан үш дос Ф.Дзержинский атындағы шекаралық командалық училищеге түсу үшін Алматы қаласына сапар шегеді. Олар өздерінің армандарына біртіндеп жақындап келе жатты. Өмірді жаңадан бастаған жастар өздеріне сенімді. Алайда сәттілік тек Ермекке ғана жолдас болды. Сөйтіп, енді әкесі ауылдастарына өзінің курсант ұлы туралы мақтанышпен айтса, анасы оның жазған әр хатын тағатсыздана күтіп жүретін болды.

Бір жылдан кейін әскери училищенің атауы ҰҚК Әскери институты болып өзгерді. Курсанттық жылдардың алғашқы айларында орыс тілінде «Сәлеметсіз бе?» дегеннен басқа сөз білмейтін ауылдың баласы Ермек үшін оқу бағдарламасы оңай соққан жоқ. Тіл үйренуге бар ынта-жігерін сала кіріседі. Бірнеше айдан кейін курсант семинар сабақтарға акцентпен болса да сенімді түрде жауап беретін дәрежеге жетті. 

Курсанттық жылдар көзді ашып-жұмғанша тез өте шықты. 1997 жылы шекара училищесінің түлегі атанған Ермек Досаев Жаркент шекара отрядының «Өссек» шекара заставасы бастығының орынбасары лауазымына тағайындалады.  

 

 

Қойылған міндеттерді жоғары деңгейде орындағаны үшін Ермек Досаев 2002 жылы мемлекеттік награда – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Басшылықтың назарынан ештеңе де тыс қалуы мүмкін емес. Мемлекеттік награда полковник Ермек Досаевтың шекараны қалыптас­тырудағы абыроймен атқарған қызметінің өтеуі болатын. Осыдан кейін Ермек Досаев Қызылорда шекара отрядының жоғары лауазымдарының біріне тағайындалды.

Отан алдындағы мінсіз қызмет еткен жылдары үшін полковник Ермек Досаев «Шекараны үздік күзеткені үшін», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны» медальдарымен, «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, II дәрежелі «Шекара әскерінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бірнеше рет ҰҚК Төрағасы және ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметі директорының құқығымен көтермеленді.