
Көктемнің жылы самал желіне де, айнала соққан құйынға да шекарашы
Ерлан Ниязов қаза тапқан жерге егілген теректердің жапырақтары шулап жауап береді. Қайғылы оқиға Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің арасын бөліп тұрған Келес өзенінің жағасында орын алды.
Шекара бойлай жүрген шекарашылар міндетті түрде осы жерге тоқтайды. Жасыл күнқағарлылар ескерткіштің жанында үнсіз кідіреді. Бір сәт шекара шебіндегі үнсіздікпен сырласқандай болады. Жапырақтардың сыбдырын тыңдайды.
Және осы қас-қағым сәтте «Антыңа адал бол!» деген дауыс естілгендей болады. Бұл сөздер сарбаздың жан дүниесіне тәлімгерлердің ұзақ дәрісінен де терең сақталғандай болады.
Тыңшылардың шекара сызығында жүрмегеніне көп болды. Оған қажеттілік те жоқ. Кейбір шетелдік азаматтар қажетті құжаттарымен бізге заңды түрде келеді. Содан кейін біздің құпиямызды жасырын түрде алып кететін тыңшыларға айналады. Ал шекара шебін бұзуға талпынатындардың қатарында контрабандашылар көп.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жоспарланған мемлекеттік негіздегі экономикалық заңды тауарлар айналымын шетелге заңсыз сатушылар бұзады. Олардың қатарына азық-түлік өнімдері, халық тұтынатын тауарлар жатады. Ал мұндай жолмен тұрмыстық жағдайын жақсартқысы келгендерге шекарашылар тосқауыл.
***

Оқиға кейіпкері бала кезінен шекарада қызмет етуді армандады. Оның шекарашы мамандығына деген құштарлығының қалай оянғанын енді білу мүмкін емес. Өзінен енді сұрай алмайсың!.. Ол арманын 2007 жылдың көктемінде жүзеге асырды. Әскери комиссариаттан өзін шекарада қызмет етуге жіберуді өтінді.
Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне әскер қатарына алынғандар оқитын оқу бөлімшесінде жас жігіттің әскери іс пен шекара ғылымын толық игерсем деген ұмтылысын командирлері бірден байқады.
– Қатардағы жауынгер Ниязов, сен емтихандарда жақсы нәтиже көрсеттің. Біз сені тағы екі айға қалдыра аламыз. Командирлік дағдыларды үйренесің, сержант атағын аласың. Жаңадан келген сарбаздарға сабақ бересің, – деп оған оқу орталығында қалуды ұсынды.
– Жолдас командир, менің заставаға барғым келеді! – деп Ерлан нық және анық жауап берді. – Менің өтінішімді жерде қалдырмауыңызды сұраймын!
Командирге шешім қабылдау қажет болған бірнеше секундта жас сарбазға «Бас тартса, шекара шебінде қызмет етсем деген арманым орындалмай қалар ма екен?!» деген ойлар келді.
Бірақ тағдыр жігітті ерлік ісіне жетеледі.
– Қай заставаға барғың келеді? Озат ретінде таңдауға рұқсат етемін: тылдағы немесе алдыңғы шептегі ме?
– Нағыз жауынгерлік қызметі бар жерге!
– Мен сенен басқа жауапты да күтпеп едім. Жарайсың! Жолға дайындал!
***
«Сарыағаш» шекара заставасының алдыңғы шебінде болумен қатар күзету аймағы күрделі. Жеке құрамның жауынгерлік қызметінің жүктемесі жоғары. Шекара бұзушылардың көп жүретін бағытының бел ортасында орналасқан. Құқықбұзушылар өздерінің жеке бастарының қамы үшін барлық қулықты іске асыруға бар. Тәуекелдері сәтсіз болып, темір торға түсіп жатқандары да көп. Шекарашыларға түсетін ауырлық та баршылық. Аяғы өліммен бітетін оқиғалар да кездеседі.
Тәулік сайын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара сызығынан егемен еліміздің шекара ауысымындағы кезекшілеріне ондаған дабыл сигналдары келіп түседі.
Шекара отрядының басшылығы: «Сарыағаш» шекара бөлімшесі шыдамдылық, батылдық пен жанқиярлықты көрсетіп, мемлекеттік шекараны бұзудың жолын кеседі. Заңсыз көші-қон мен контрабандашыларды ұстайды» деп бірнеше рет атап өтті.
Егер басқа бағыттарда шекарашылар қызметінің бүкіл мерзімі ішінде бір немесе екі шекара бұзушыны ұстауға қатысса, өздерін батыр сияқты сезінеді. Үйге оралғанда мақтана айтар оқиғалары бар. Ал сарыағаштықтар үшін олардың ерлік істері – күнделікті өмірі. Дәл осындай шиеленіске толы жаңа қызмет орны Ниязовқа ұнады. Ол – «Шолғын», «Құпия», «Барлау», «Бақылау мұнарасының кезекшісі» секілді заставаның толып жатқан қызметтерін атқаруды армандады.
Өйткені нағыз шекарашы бәрін өз басынан кешіріп, бәрін білуі керек!
***
2007 жылдың 31 тамызында застава бастығы шекара нарядының құрамын аса мұқият бекітті.
– Ниязовты жауынгерлік қызметке қой, – деп бұйырды ол орынбасарына. – Жауынгер қызметке сұранып жүр, жігітке сенім артуға болады. Нақты істе тәжірибе жинасын.
Олар осы шешімге тоқтады. Застава учаскесіндегі күнделікті жағдай бүгін тыныш болатын. Ерекше шиеленіс күтілмеді. Басқарманың шешімімен, қолға түскен шекара бұзушыны алып жүруге жаңадан келген бірнеше сарбаз жіберілді. Оларды тәжірибе жинау үшін нарядқа жолдауды орынды деп тапты. Арасында қатардағы жауынгер Ерлан Ниязов та бар.
Заставаға келе жатқан жолда шекарашылар Келес өзенінде қолдан жасалған салға жүк тиеп жатқан контрабандашылардың үстінен түседі. Аға нарядшы шекара бұзушыларды ұстауды бұйырды.
Шолғыншылардың ішінде құқық бұзушыларға бірінші болып Ниязов жетті. Ол мұндай жағдайда өзін қалай ұстау, қандай қимылға көшу керектігін білетін. Оқу орталығында осылай үйреткен.
– Тоқта! Атамын! – деп бұйырған Ерлан иығына асынған қаруын ыңғайлаған еді. Бірақ осы сәтте контрабандашылардың өзеннің келесі бетіндегі сыбайластары қолдан жасалған салды тезірек өз жақтарына шығару үшін арқанды тарта бастады. Жағалауға тағы екі шекарашы жүгірді. Ниязов ойланбастан суға бірінші болып секірді. Салдың шетін қолымен ұстап үлгерді. Шекарашылар ендігі кезекте контрабандашылар қашуларын тоқтатып, беріледі деген сенімде болатын. Бірақ «дәніккеннен құныққан жаман» демекші, контрабандашылар шекарашылардың оғы қаруластарына тиіп кетеді деген оймен, оқ атпайтындығын түсінді. Қарсыласу бірнеше минутқа созыла түсті.
Сал өзеннің ортасына жеткенде шекарашы өзінің қару, оқ-дәрілерімен бірге суға батып кетті. Әріптестері Ерланның өміріне араша түсе алмады.
«Бұл жердегі өзен терең, – дейді шекара заставасының сол кездегі бастығы Өміркелді Ілиясов. – Судың көрші елге тән бөлігінде экскаватор Келестің түбін тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқан болатын. Бұл жердің тереңдігі төрт метрге жетеді. Қаруы мен оқ-дәрілері бар жауынгердің қайғылы жағдайға ұшырауы әбден мүмкін еді.
Дабыл қағылып, заставалар көтерілді. Шекарашылар кәсіби құтқарушы сүңгуірлерден көмек сұрады. Су астында жүзуді жақсы білетін жүзге жуық сержант пен офицер қайғылы оқиға орнына келді. Өзен түбінің әр метрі қаралды…
Алайда тек Калашников автоматын – сарбаз өзінің бірінші әрі соңғы нарядына алып шыққан қаруын ғана табу мүмкін болды. Денесін қатты ағыс алысқа алып кетті.
Қаза тапқан сарбаз – соңғы демі қалғанша антына адалдық танытқан шекарашының денесі оқиға орнынан бірнеше шақырым жердегі бөгеттен табылды.

Әскери бөлімге келген туыстарына және жеке құрамға арнаған өз сөзінде командир:
– Сарбаздың қайтыс болуы – туыстары мен жақындары үшін ғана емес, қарулас жолдастары үшін де орны толмас қайғы. Қатардағы жауынгер Ерлан Ниязов қызмет атқару кезінде қаза тапты. Ол бұйрықты орындады. Ерлік көрсетті. Отан алдындағы антына берік болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын көзінің қарашығындай күзетіп жүрген нағыз шекарашы ғана осындай қадамға бара алады.
Еліміздің шекарашылары барлық уақытта парызға адалдықты, Отанға деген сүйіспеншілік пен қасиетті дәстүрлерді сақтайды. Жүктелген міндеттерін адал орындайды. Мәңгілік күзетке кеткен Ерлан Ниязов өткен және қазіргі заманның шекарашы батырларының қатарында. Өз өмірінің бағасымен көптеген ұрпақтың даңқына бөленген айбынды жасыл күнқағарлылардың санатында.
Контрабандашылармен шайқаста қаза тапқан шекарашы «Мемлекеттік шекараны үздік күзеткені үшін» (қайтыс болғаннан кейін) медалімен марапатталып, «Сарыағаш» шекара заставасының тізіміне мәңгі енгізілді.
Оның осы бір өзі сұранып келген заставада ұзақ уақыт қызмет ете алмағаны өкінішті!..
***
Ерлан Ниязов қаза болған жерге ағаштар отырғызылып, ескерткіш қойылды. Сарбаздың туған жеріне де ескерткіш орнатылды. Ол тақта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету ісіне жанын берген ержүрек шекарашы және біздің қаруласымыз Ерлан Ниязовтың есімімен аталатын көшеде тұр.
Көктемнің жылы самал желіне де, айнала соққан құйынға да, өмірінің соңына дейін антына адал болған сарбаз қаза тапқан жерге егілген теректердің жапырақтары шулап жауап береді...