ЕШҚАЙДА АПАРМАЙТЫН ЖОЛ…

ЕШҚАЙДА АПАРМАЙТЫН ЖОЛ…

Астана, 2004 жылғы 31 шілде, ҰҚК ғимараты. Таң жаңа атқанына қарамастан Террорға қарсы департаменті бастығының кабинетіндегі телефон шырылдап қоя берді. ҰҚК Төрағасымен және бір топ сарапшылармен бірге Шымкент қаласына ұшуға дайын болуы туралы бұйрық берілді. Одан әрі қарай Өзбекстан құқық қорғау органдарының басшылығы деңгейіндегі кездесуге қатысу үшін Ташкентке жүруі керек еді.

Сапардың мақсаты – бір қарағанда шындыққа жанаспайтын ақпаратты өзбекстандық әріптестермен бірге тексеру: бұдан бір күн бұрын көршілес Өзбекстанда болған терактілерді Қазақстан азаматтары істеген көрінеді.

Бұған ешкім де сенбеді. Бай-бақуатты елдің азаматтары қатысы жоқ басқа мемлекеттің аумағында өздерін жарып жіберуі мүмкін емес еді. Іс-қимылдарының мәні мен мақсаты түсініксіз еді.

 

 

2004 жылға қарай Қазақстан тұрақты экономикалық өсімді ұстап тұрды. Кәсіпорындар дамып, жаңа мектептер мен ауруханалар, әлеуметтік нысандар салынып жатты. Халықтың жағдайы жылдан жылға жақсара түсті.

Республикамыздың дін ұстанатын адамдары ешқандай қиындық көрмеді. Жаңа мешіттер салынып жатты, исламды ұстанатын адамдар саны да жылдан жылға арта түсті. Мұндай адамдардың көршілес елге барып, өздерін жарып жіберуінің ешқандай да қисыны жоқ еді.

Ол уақытта Қазақстан халқының көп бөлігі діндарлығымен ерешеленбейтіндігін де айта кеткен жөн. Газеттерде, қоғамдық басылымдарда бұл мәселе бойынша тиісті зерттеулер мен тұжырымдар жарияланып тұратын.

Еліміздің дін саласында фанатизм мен радикализмді жақтамайтын «далалық ислам» қағидаларының орныққандығын қазақстандық сарапшылар бірауыздан білдіріп жатты.

Өзбекстан астанасына барып, Ташкенттегі мәйітхананы және теракті болған орындарды көргенше бригада мүшелерінің стереотиптік ойлары осындай болды.

Алғашқы күні тергеу жинаған материалдар ондай ойлардың бәрін жоққа шығарды: 2004 жылдың 30 шілдесінде АҚШ, Израиль елшіліктерінің және Өзбекстан Бас прокуратурасының жанында Қазақстанның үш азаматы өздерін жарыпты. Олардың екеуі Тараз қаласының тұрғындары болса, біреуі Семейден екен. Саусақ таңбалары бойынша криминалистер олардың жеке бастарын анықтады.

Жарылыстың күшін көрсету үшін өзбекстандық әріптестер ҰҚК қызметкерлерін Бас прокуратураның ғимаратына алып келді. Холлдағы мәрмәрдан қапталған қабырғаға үлкен болт мөр секілді басылып қалыпты. Бұл жойғыш элементтің бірі болатын. Жантүршігерлік оқиғадан естелік ретінде оны осы күнге дейін қалдырып қойған. 

Бұдан кейінгі бірнеше ай ҰҚК жедел-тергеу тобы үшін тынымсыз жұмыспен, ұйқысыз өткен түндермен есте қалды.

 

 

Шұғыл түрдегі жедел-іздестіру іс-шаралары Қазақстанның ондаған аймақтарында, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанда бір мезгілде жүргізілді.

Күнделікті түсіп жатқан ақпаратты тексеріп, өңдеп отыру керек болды. Күдіктілер тізімінде біздің елдің және шетелдің жүздеген азаматтары жүрді. Еске сала кетейік, бұл уақыт құжаттардың қағазбен жүретін кезеңі еді, ол кезде интернет немесе WhatsApp-мессенджер секілді ыңғайлы техникалық құралдар болған жоқ.

Жөні түзу фотосуреттердің жоқтығы алыстағы ауылдардағы күдіктілерді анықтауда қиындық туғызды. Факсимильді байланыс бет-жүзін өзгертіп жіберетін.

«Козок-ака», «Коке» деген лақап аттары бар және басқалар жөнінде, терактінің ұйымдастырушылары туралы қарама-қайшы, бұлыңғыр түсінік болды. Біраз уақыт өткеннен кейін барып бірнеше лақап аттың артында бір-ақ адамның жасырынып жүргендігі анықталды.

 

 

Фигурант пен оның серіктері мекенжайларын үнемі ауыстырып жүрді. Өзара интернет арқылы ғана хабарласатын. Әңгімелерін немесе жазған хабарларын қармап алуға әрдайым техникалық мүмкіндіктер бола бермейтін. Тек телефон-автоматтан ғана хабарласатын.

Тәжірибелі жедел қызметкерлердің: «Шерше ля фам» деген байырғы мәтелінің көмегі тиді.

Көптеген фотосуреттер мен мекенжайларды қарастыра отырып, Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын әйелдің деректеріне тоқталдық. Ол әйел ауылдың бір мектебінде ҰҚК-нің бір қызметкерімен бірге оқыпты.

Жедел жұмыс сәтімен келіп, қажет деген барлық ақпаратты қысқа мерзімде, шу шығармай жинап алудың түк қиындығы болған жоқ.

 

 

Дегенмен, көңіл-күйіміз кенеттен түсіп кетті. Онымен ұзақ әңгімелескеннен кейін «Козок-аканың» көптен бері мұсылмандық жолмен алған тағы бір әйелі бар екендігін білдік. Тек сонымен ғана араласады екен.

Іздеп жүрген күдіктіміз сырт келбеті сүйкімді, жас жігіт шығар деген ой қалыптасты. Көпшіл, әйелдердің көңілін таба білетін, бірнеше әйелі бар дегендей. Кейінірек сырт келбетіне қатысты бұл пікіріміз қате болып шықты.

Уақыт өтіп жатты. Объект шетелге шығып кетуі мүмкін, оны енді таба алмайтын шығармыз деген ой да туындай бастады. Нәтижесіз іздеуіміздің үшінші айы өтті.

Ауызша суреттегендердің негізінде фотороботтарды үнемі жаңартып отырдық. Ол уақыттағы бағдарламалар адамның тек еуропалық сипаттағы сырт келбетін қолданатын. Суреттегі сәйкессіздік айтарлықтай болатын.

Тергеу тығырыққа тірелді. «Козок-аканың» бірінші әйелінен басталатын қолымыздағы «жіп» ескіріп, үзіліп қалды. Екінші әйелі туралы бар білетініміз – жас, әрі сұлу көрінеді, Шымкентте тұрыпты, сырттай қарағанда «қалалық әйелге» ұқсайды.

Көптомды материалдар арасында әртүрлі қыздар жүрді. Біреуі жай ғана намаз оқыған, студент болған, базарда сауда жасаған немесе басқа жағдай бойынша назарға іліккен.

 

 

Деректерді қарап отырып, қыздардың бірінің ағасы құқық қорғау органдарында жұмыс істейтіндігін байқадық. Бірақ сол қыз бізді ізге түсіреді дегенге сену қиын еді.

Куәгерлердің бірі күнделікті, жаттанды тергеудің барысында байқамай, оның екінші әйелінің бауыры құқық қорғау органдарында жұмыс істеуі мүмкін екендігін айтып қалды.

Бұл ақпарат жедел жұмыстың ілмегіне айналды. Арада екі сағат өткенде екінші әйелі туралы деректер алынды. Оның жеке басы фотосуреттер арқылы танылды. Мекенжайлары бақылауға алынды.

Сыртқы бақылау, жүргізілген жедел комбинациялар «Козок-аканы» екінші әйелімен байланысуына және белгіленген жерге келуге итермеледі, сол жерде ол ұсталды.

Іздеп жүргеніміз Қырғызстанда туған ауылдың қарапайым баласы Жакшыбек Биймурзаев болып шықты.

 

 

Ешқандай ерекшелігі жоқ, ақырын сөйлейтін, харизмасыз жігіт.

Ешкім бұл жігітті «моджахед» деп ойламас еді, 1990 жылдары дінмен айналысып, одан кейін Тәжікстанда, Ауғанстанда соғысқа қатысқан.

Ал шындығына келгенде, өзінің дайындық деңгейі бойынша ол «Әл-Каиданың» өте қауіпті 20 терроршысының қатарына енетін еді.

Ислам мен психология бойынша жоғары деңгейдегі білімі арқылы ол кездестірген қыз-жігіттерін бірінші әңгімеден кейін-ақ жасырын қызметке тартып алатын. Биймурзаевпен екі-үш апта тығыз араласқаннан кейін олар «шаһид» болуға дайын тұратын, ол осыны қолдана білді.

Ең басты ұйымдастырушыны ұстағаннан кейін, екі ай бойы оның сыбайластары мен байланыстарын «тазалау» жұмыстары Алматы қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және басқа облыстарда, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанда жүргізілді.

 

 

Бас-аяғы жасырын қызметке тартылған топтың 27 мүшесі ұсталды. Олар Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей азаматтары болып шықты. 2005 жылдың желтоқсан айында 16 адам ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

Топтың Ауғанстандағы және Пәкістандағы көшбасшыларына қатысты жұмыс жалғасып жатты.

«Орталық Азия моджахедтерінің жамағаты» секілді мемлекетаралық террорлық ірі топтың ұсталуы, оның бұдан әрі нығаюына деген алғышарттарды жойып, әуелі Өзбекстан мен Қырғызстанда, содан кейін Қазақстанда кең көлемді террорлық актілер өткізу мүмкіндігінен айырды.