
– Сен өзіңнің қолыңнан келетініне сенімдісің бе? – даусынан қобалжу байқалмай қалмаған Жаркент шекара отрядының бастығы полковник
Р.Құсайынов прапорщик Тоқановтан бірнеше қайтара сұраған. – Бұл жолы сен біздің отрядтың ғана емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғайтын боласың.
Аз ойланған кинолог көзін өзінің итіне бұрды. Элвин де бейнебір алдағы қуғынды сезгендей, тынышсызданып барады. Иесінің мықтап ұстаған жібінен тартқылап қояр емес. Аманжол төрт аяқты досы екеуіне шекаралық іздеу кезінде жүктелетін жауапкершілік жүгін түсінді. Бұл істен бас тартуына әлі уақыты бар, бірақ неге екенін, жүрегі лүпілдеп, бір жақсылықты сезгендей.

Ол қашанда өзінің ішкі түйсігіне сенетін. Сондықтан бұл жолы да алдымен жүрегінің үніне құлақ салып, аз тұрды да сосын:
– Ұятқа қалдырмаймыз, полковник мырза! – деп сенімді түрде айтқан кинолог қызмет итінің жібін сәл босатты. Сол-ақ екен, шыдамы сарқылуға айналған Элвин де алға қарай жұлқынып ала жөнелді. Осыған қарағанда ит шекара бұзушының ізін дәл тапқан болды.
Дабыл кешені іске қосылған нүктені тексерген шекарашылар мемлекеттік шекараны бұзу белгілерін тапты. Бірнеше жерден инженерлік сым үзілген. Әйтсе де шекаралық бақылау, із кесу жолақтарында із табылған жоқ еді. Бір адамның жаңа іздері системаның келесі бетінен басталып, әрі қарай Қытай Халық Республикасына кеткен.
Алғашқы іздеу жұмыстары нәтиже берген жоқ. Сондықтан Жаркент шекара отрядының бастығы полковник Р.Құсайынов шекаралық іздеуді көрші елдің аумағында жалғастыруды шешті. Мұндай тәжірибе Қазақстанның Шекара қызметінде ғана емес, кешегі Кеңес Одағының тарихында да болған еместі.

Мұндай батыл жоспарды іске асыру үшін алдымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірге Қытай Халық Республикасының шекараны күзету офицерлерімен келіссөз жүргізілді. Әзірге барлық мәселе шешілгенше 14 сағат өтіп кеткен. Ал бекітілген ереже бойынша қызмет иті суып үлгермеген ізді айналасы 2-3 сағаттың ішінде табады. Төрт сағаттан кейін із жоғалады.
Із кесу старшина Тоқанға артылған. Ол және қызмет иті Элвин іске екі елдің арасына сына болып қағылған инженерлік сымдардың екінші жағынан кірісті. Аманжолдың шетелдік әріптестері оның іс-әрекетіне сенімсіздікпен қараумен болған еді. Шекара шебі бұзылғалы арадан қаншама уақыт өтіп кетті, бұл аз дегендей, шекарашы мен оның иті шекара бұзушыны қалың қамыстың ішінен іздеуге тиіс.
Сондықтан мәселе төтесінен қойылды: қызмет иті 500 метр жерге дейін сенімді түрде баратын болса және оның қателеспейтініне қандай да бір дәлел табылса, онда іздеу жұмыстары жалғасады. Ал ит ізді жоғалтып алса, онда халықаралық деңгейдегі операция бірден тоқтатылады.
Сосын да әскери бөлім командирі өзінің ең мықты деген кинологін көрші елдің аумағына жіберер алдында: «есіңде болсын, осы сәттен бастап сен тек өзіңнің ғана емес, шекара отрядының, әрі-беріден соң бүкіл Қазақстанның намысын қорғайсың», – дегені. Ал мұндай сенімнің астарында сұрапыл салмақтың жатқаны өз-өзінен түсінікті.
– Ұятқа қалдырма, старшина, жеңіспен орал!
***
Іздеу иті 500 метрді сәтті өтті. Ізден айырылған жоқ. Дегенмен қытайлық офицерлердің күдіктері әлі кете қоймаса да, олардың ешқайсысы Аманжолдың жұмысына енді қайтып кедергі келтірген жоқ.
Біраз уақыт өткен соң ит кинологті кішігірім елді мекенге алып келді. Жергілікті тұрғындар біздің шекарашы бастаған қарулы делегацияға сенімсіздікпен қарап тұрды.
Элвин болса іздеушілерді бір үйдің алдына бастап барды да, мемлекеттік шекара бұзушының дәл осы арада екенін білдіретін белгі берді. Есесіне қаскүнем өзі тығылып жатқан үйдің есігінің алдынан қазақстандық шекарашы мен оның итін көрген кездегі таңданысында шек болмаған.
Тексеру жұмыстары шынында да нақ осы адамның аталған нүкте арқылы шекарадан заңсыз өткенін анықтады.
Қызметтік иттердің нұсқаушысы өзінің туған жеріне жеңіспен оралды.
***
Прапорщик Аманжол Тоқанов – ҰҚК Шекара қызметінде танымал адам. Ол көп жылдан бері Панфилов ауданы бойынша шекаралық басқармасында кинологтерді тәрбиелеумен және оқытумен айналысып келеді. Бір кездері ол аймақтық, республикалық және халықаралық әскери іздеу топтарының жарыстарына қатысты. Қазір ол бұл эстафетаны өзінің шәкірттеріне тапсырған. Демек жаркенттік шекарашылардың жеңістеріне Аманжол Тоқановтың да қосқан үлесі өлшеусіз.

Осы жылдардың ішінде Аманжол мен оның төрт аяқты адал достары тәуелсіз еліміздің мемлекеттік шекарасын заңсыз кескен ондаған шекара бұзушыны құрықтап, жазасыз жіберген жоқ. 2004 жылы старшина Тоқанов жылдың Үздік шекарашысы деп танылып, ведомстволық медальдың иегері атанды.
Көрші елдің аумағында болған оқиға бүгінде ҰҚК Шекара қызметі үшін тарихқа айналған еді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, шекара бұзушыны көрші елдің аумағынан іздеу деген – өте жауапты міндет.
Осыдан талай жылдар бұрын өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген соң ҰҚК Шекара қызметінің сапында келісімшарт негізінде қалуды түбегейлі шешкен прапорщик А.Тоқанов осылай ету арқылы өзінің өмірлік жолын тапты. Өзі таңдаған соқпақпен жүруді әлі жалғастырып келеді.