«МАКСИМАЛИСТІҢ» АҚЫРҒЫ МӘМІЛЕСІ

«МАКСИМАЛИСТІҢ» АҚЫРҒЫ МӘМІЛЕСІ

2002 жылдың қазан айында бір шетелдік азамат ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің назарына ілігеді. Ресми дерекке бойынша ол Қазақстанда сауда-экономикалық байланыстар орнату үшін келген, ал ҰҚК-дегі іс «шпиондық» реңкі бойынша қарастырылып жатты.

Оған «Максималист» деген шартты атау берілді. Шетелдік азамат әскери техникаға ерекше қызығушылық танытып жүреді. Жедел қызметкерлер онымен осы бағытта «ойнауды» ұйғарады.

«Максималистің» қасына жедел қызметкердің басшылығымен «Темный» есімді агент жіберіліп, ол онымен танысып, соңында ол таныстық достық қатынасқа ұласады.

 

 

Ойлаған іс сәтімен жүре бастады. Көп ұзамай-ақ күдікті арнайы телеграфтық РТА аппаратының (шифратор) барлық модификациясын заңсыз сатып алғысы келетіндігін, ол үшін Қазақстан Қарулы Күштерінен таныс тауып беруін өтінді. Жедел қызметкерлер бұл мүмкіндікті тиімді қолдануды ұйғарды.

Агент пен шетелдік азаматтың келесі кездесуі 2003 жылдың басында Алматы қаласында өтті. «Максималист» агентке керекті шифратордың фотосуретін алып келді. Шетелдік азамат «Темныйға» нақты тапсырма берді: осы аппаратты тауып беретін әскери қызметші табу керек.

 

 

«Максималист» бұл «жұмыстың» ақысын өз елінің елшілігі төлейтіндігін, алдағы уақытта да өзара бірлесе жұмыс істейтіндігін айтты, күдіктінің бұл әңгімесі жедел қызметкерлерді таңғалдырды. Егер барлығы сәтімен болып жатса, осындай «тапсырыстарды» орындап отыруға ыңғайлы болу үшін агентке Алматыдан пәтер жалдауға ниеттенді.

Дегенмен, іскер шетелдік ҰҚК қызметкерлерінің қырағы бақылауында жүрді. Әртүрлі компаниялардың өкілі ретінде «Максималистің» Алматыға жиі келетіндігі анықталды. Жедел қызметкерлер күдіктінің жақын таныстарын да таныды, олар қарсы барлаудың басқа ісі бойынша, яғни шетелдік арнаулы қызметке қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінгендер еді.

 

 

Қазақша және ұйғырша еркін сөйлегендіктен, сондай-ақ ұйғыр және дүнген диаспорасындағы таныстарының арқасында шетелдік азамат Алматыда өз үйінде жүргендей болды. Солар арқылы ол оңтүстіктегі астананың құқық қорғау, кеден және салық органдарымен байланыс орнатты. Отставкадағы офицер деген әскери атағының болуы «Максималистің» беделін арттырды, осы арқылы ол шекарадағы бақылау қызметінің мамандары арасынан көптеген таныстарын тауып алды.

«Максималистің» өзі де жай адам емес-ті, құпия жұмыс талаптарын қатаң ұстанды. Өзінің айналасындағыларды үнемі тыңғылықты тексеріп отыратын, соңындағы бақылаудан оп-оңай сытылып кететін, бір сөзбен айтқанда арнаулы қызметтің тәсілдерін шебер пайдалана білді. Кезекті бір кездесуінде досымен бірге Әскери барлаудың резиденті орналасқан Бішкек қаласына барып қайтты.

 

 

Ал «Максималистке» РТА-7М шифраторы не үшін керек болды? Сараптама нәтижесіне қарағанда, шифратор «құпия» белгісі қойылатын заттардың қатарына жатпайды, алайда арнайы құрылғы көмегімен жабық байланысты ұйымдастыру үшін қолданылады, ал арнайы құрылғының «құпия» белгісі бар. Қорғаныс министрлігіндегі комиссияның қорытындысы бойынша, арнайы құрылғы Т-206-3М1 аппаратының техникалық сипаттамасы мен нұсқаулығының «өте құпия» және «құпия» деген белгілері бар. Аталған аппаратты немесе оның техникалық сипаттамасын жоғалту дегеніміз ақпараттың жабық алгоритмдерін жария етуге әкеп соқтырады.

 

 

Осылайша, күдіктінің әскери барлауға қатыстылығы жөніндегі болжам расталды. Біздің әскери қызметшілермен ресми емес байланыс орнатуға тырысуы, әскери сипаттағы құпия мәліметтер жинауға деген ұмтылысы енді түсінікті болды.

Осы кезеңде жедел ойынға әскери қызметшілер тарапынан басқа бір құпия көмекші қосу керектігі туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар агент «Темныйды» ойыннан шығару жоспарланды, өйткені, «Максималистің» елінде оның жақын туысқандарының бар екендігі, егер ісі жария болса оларға айтарлықтай қауіп төнетіндігі ескерілді.

 

 

Жедел ойынға Алматы гарнизонындағы әскери бөлімдердің біріндегі байланыс саласының маманы «Кайра» есімді агент қосылды. Алдағы операция үшін қарсы барлаушылар агенттерді өзара жариялауға тура келді, мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Бірнеше ай бойы агенттердің психологиялық сәйкестілігі тексерілді, олардың қалай танысқандары туралы аңыз тыңғылықты түрде дайындалды, әсіресе «Максималистпен» кездесетін кездегі жүріс-тұрыстары пысықталды.

Қауіпке қарамастан «Кайраны» күдіктімен таныстыру сәті ойдағыдай өтті. «Максималист» те қырағылығын жоғалтпады, бұдан кейінгі кездесуде оның жеке бас деректерін тәпіштеп тұрып сұрады: туған жерін, білімін, туысқандарымен байланысын, материалдық жағдайын, лауазымын, әскери бөлімнің орналасқан жерін және басқаларды. Жаңа танысының Алматы облысынан екендігін білгеннен кейін Талдықорғандағы өзінің таныстары арқылы қалада «кездейсоқ» кездестіру ұйымдастырып, бұл мәліметті тексеріп алды.

 

 

Агенттермен болатын кездесуге көп жағдайда ол 30-40 минутқа кешігіп келеді, ал кейбір кезде соңғы сәтте басқа уақытқа ауыстырады. «Максималистің» осылайша жаңа танысын тексергендігі, сыртынан қарсы бақылау орнатып тұрғандығы анық еді.

Осындай сақтық шарасын «Максималист» өзінің жаңа «досынан» да талап етті. Өзінің талабын орындау бойынша «Кайраға» нақты тапсырма берді, «тапсырыс берушінің» айтқанын мүлтіксіз орындауды талап етті және телефон арқылы ашық талқылауға тыйым салды. Ерекше маңызды мәселелер болған жағдайда «Максималист» басшысының ақыл-кеңесін алу үшін еліне барып-келіп тұрды.

Шетелдік азаматтың шифраторды беру механизмін майда-шүйдесіне дейін ойластырғандығына таңқалуға болмайды. Ол Алматының халық тығыз орналасқан бір ауданынан пәтер жалдап, оның кілтін танысына беруді жоспарлады. Оның жоспары бойынша белгіленген күні «Кайра» шифраторды осы пәтерге әкеліп қойып, есікті жауып, одан кейін банкке келеді, сол жерде «Максималист» пәтер кілтін алып, оған ақша береді.

 

 

2003 жылғы наурыз айының соңында шетелдік азамат «Кайрамен» тағы кездесіп, аппараттың жұмыс істеуін, барлық сымдарының болуы қажеттігін және оны қолдану бойынша нұсқаулығын ұмытпауды ескертті. Қорқынышын білдірген агентке «Максималист» өзінің сенімді адам екендігін, құралдың Қазақстан аумағында қолданылмайтындығын, оның шекара асып кететіндігін мәлімдеді. Із жасыру мақсатында шетелдік азамат танысына жаңа телефон сатып алып беретіндігін, ал жұмысын бастар алдында сим-картасын ауыстырып тастау керектігін ескертті.

Операция өткізілетін уақыт жақындап келе жатты. «Максималист» бұрынғыдан да сақтана түсті, тұрғылықты жерін жиі ауыстыратынды шығарды, белгіленген кездесу күндерін өзгертіп отырды, кездесетін орындарды тыңғылықты түрде таңдады, араласатын адамдарын азайтты. Шетелдіктің «Кайраға» жаңа телефон сыйлауы, сонымен қоса ақшалай қомақты соманы сыйақы ретінде беруі, іс-шараның іске асатын күні жақындап қалғандығын білдірді. Агент аппаратураны қалай әкелетіндігі жөніндегі жазбаша нұсқаумен бірге шығып кету жолы нақтылай көрсетілген пәтердің сызбасын алды. Бұл материалдардың барлығы кейінірек заттай дәлелдемелер ретінде пайдаланылады.

 

 

Екі елдің қарым-қатынасына келетін залал бағаланғаннан кейін ҰҚК жедел-іздестіру іс-шарасын аяқтау туралы шешім қабылдады. Шетелдік заттай  дәлелдемелермен ұсталуы тиіс болды.

2003 жылдың 27 қазан күні «Максималист» «Кайрамен» болатын кезекті кездесуіне тағы бір отандасын ертіп келді, Қазақстан азаматы, ұлты ұйғыр екен, оны аудармашым деп таныстырды. Осыдан кейін екі күн бойы «Максималист» пен оның «аудармашысы» құпия нұсқаулықты алудың шарттарын, оны Қырғызстан арқылы шетелге алып кету жолдарын «Кайрамен» бірге талқылады. Арасында агентке ынтымақтастықтың алдағы уақытта болатын перспективасын, оның ішінде әскери техниканың басқа үлгілері бойынша ойын айтты.

 

 

2003 жылдың 29 қазаны шешуші күн болды. «Т-206-3М1» құралына арналған құпия материалдарды алып жатқан жерінен «Максималист» пен оның серігі  заттай дәлелдемелермен бірге сол елдің арнаулы қызметінің ресми өкілінің көзінше ұсталды. Қылмыс дерегін көрсету үшін ресми өкіл іс-шара өтетін орынға арнайы шақырылған еді. Осылайша, Қазақстанда шпиондық жасауға жол берілмейтіндігін ҰҚК шынайы түрде білдірді.

 

 

«Максималист» пен оның серігіне қатысты «Шпиондық» және «Мемлекеттік сатқындық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғау үшін жиналған деректер жеткілікті болды. Салмақты айғақтардың әсерінен, айыптылардың өмірі мен қылмыстық істері туралы тергеу орындарының мәліметтері нақты болғандықтан олар кінәларын мойындап, жауап берулеріне тура келді.

 

 

«Максималистің» ісі Әскери сотта қаралды. Шетелдік Қазақстан аумағында шпиондық әрекет жасағандығын мойындады. Тергеудің аяқ жағында айғақтардың нақтылығынан қашып құтыла алмаған оның қазақстандық серігі де кінәсін мойындады, яғни құпия ақпарат жинау бойынша шпионға көмектескендігін, Қазақстандағы жағдай туралы тапсырма алу үшін шетелдік арнаулы қызмет өкілдерімен бірнеше мәрте кездескендігін айтып берді.

2004 жылғы 27 сәуірдегі ҚР Әскери сотының үкімі бойынша «Максималист» пен оның «аудармашысы» тиісінше 13 және 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды. «Максималистің» ақырғы мәмілесі осылай аяқталды.