ҚАЙРАТ, РЕКС – САРБАЗДЫҢ РЕКОРДТАРЫ

ҚАЙРАТ, РЕКС – САРБАЗДЫҢ РЕКОРДТАРЫ

Сержант Қайрат Рахымжанов пен оның ақылды төбеті Рексті майор В.Лутовинов басшылық ететін «Қазанкөл» уақытша шекара постына жіберді. Таудың нулы, ит тұмсығы өтпейтін өңіріне емдік шөптер мен тамырларды жинайтын шетелдік азаматтар үйір. Шекарашылардың қырағы күзететіндеріне қарамастан, жаз айларында еліміздің табиғи байлықтарын заңсыз жинап әкетуге асығатын да солар.

Алғашқы шекара бұзушыны құрықтау Қайраттың есінде дәл кеше болған оқиғадай сақталып қалған. Шекара наряды жер қазып жатқан екі адамның үстінен түседі. Ит жетектеген шекарашыны көрген кезде қатты сасқалақтаған олар бой тасалап қашуға да шамалары келмей қалады. Тамыр жинаушылар қылмыс үстінде қолға түсті.

Ал келесі шекара бұзушыны ұстау шиеленіске толы драмалық шығармалардай өрілді. Рекстің күнделікті жауынгерлік қызметі шекара бұзушы қуумен жалғасып, «ұрыстың бел ортасына» кіргендей болды.

 

 

Шекара бұзушыны қолға түсірудің келесі бір дерегі де есте ерекше сақталады. Лейтенант Н.Исмағамбетов басқарған шекара наряды өзен арнасының бойымен жүріп келе жатып, бұталардың арасынан бір қозғалысты байқап қалады. Сержант Рахымжанов өзінің итімен шекара бұзушыларды айналып өтуге жіберілді. Қайрат айналма жолмен кетіп бара жатқан жерінде жателдіктің үстінен түседі. Рекс тәртіп бұзушыны ә дегенше жерге құлатады. 

Қайрат оның қолдарын байлап, дедектетіп алға қарай ала жөнелді. Мақсаты – негізгі тапсыр­маны орындау. Дегенмен Рекс тынышталмады. Ол басқа бағытқа жүру керек екенін иесіне көрсетумен болды. Ит қателеспеген еді, қалың шөптің ішіне тығылған екінші шекара бұзушының шалбарына өзінің қанжардай өткір тістерімен кенеше жабысып алған Рекс қаскүнемді ашық жерге сүйреп шығарды.    

***

Сержант Қайрат Рахымжанов Шекара қызметінің Қызметтік ит өсіру орталығының курсын аяқтағаннан кейін Жаркент шекара отрядында қызмет иті Рексті қабылдап алды. Ол әрқашан шекарада қызмет етуді армандаған болатын. Әскери комиссариаттағыларды да өзінің арманына деген құштарлығымен және табандылығымен таңғалдырды. Оның тілегі орындалады. Денсаулығы мықты жігіт шекарашылардың қатарына қабылданды.

Дегенмен ол үшін иттермен тіл табысу қиынның қиыны еді. Үнемі жүрексініп тұратын. Ал оның әскери қызметтегі тағайындалған мамандығы – қызметтік иттердің жетекшісі.  

Міне, неміс овчаркасы Рекспен алғашқы кездесу. Жаңа иесінің өзіне үреймен қарайтынын сезген ит Қайратты ырылдап қарсы алды. Осылайша, өзінің «оңай шағылмайтын жаңғақ екенін» көрсеткісі келіп, қызметтік иттердің жетекшісіне «мінез» көрсетті. Сержантқа қорқыныш сезімін жеңіп, қызметтік итімен жұмыс жасай алатынын дәлелдеу қажет болды. Уақыт өте келе ол шекарашының сенімді серігімен жұмыс жасау қолынан келетінін дәлелдей бастады. Төрт аяқты серігі де иесіне қарсыласқанды қойып, «сыйластыққа» көшті. Бірте-бірте бір-біріне бауыр басады.

– Рекс өте ақылды ит. Ол із кесуге мықты машықтандырылған. Иесінен түскен барлық команданы бұлжытпай орындайды. Тағы да өзін мақтағанды ұнатады, – деп бөліседі Қайрат өзінің қаруластарымен. Жаттығудан кейін жүнін тазалап, суға түсіретінін білетін ол үнемі иесін тағатсыздана күтіп жүреді. Осының барлығы менің итіме үлкен рақат сезім сыйлайды. Кейде менің көңіл күйім болмағанын сезіп қойған ол мені өзінің мықты табандарымен түртіп немесе өзінің ақылды жанарымен менің көздеріме үңіле қарайды. Осы арқылы ол өзінің менімен бірге екенін көрсетеді.

 

 

Шекара постында қызмет ат­қарған үш айдың ішінде Қайрат Рахымжанов өзінің төрт аяқты досы Рекспен 27 шекара бұзушыны ұстады. Сол үшін басшылықтың бұйрығымен бірнеше рет марапатталды. Үлгілі қызметі үшін туған жеріне қысқа мерзімді демалысқа да жіберілді.

Шиеленіске толы оқиғалар орын алған 2004 жылдан бері де жылыстап бірнеше жыл өтті. Әсіресе застава үшін қайғылы оқиға – Рекс 2005 жылы нарядта жүрген кезінде улы жылан шағып, оны құтқару мүмкін болмады. Өзінің адал досынан айырылған Қайрат қатты қайғырды.

Мерзімді әскери қызметі аяқталып, үйіне оралған Қайрат үш жылдан соң келісімшарт негізінде Үшарал шекара отрядына қабылданды. Ол «19-разъезд», «Шолақ» шекара заставаларында қызметтік иттердің нұсқаушысы лауазымында қызмет етті. Осы жылдар ішінде ол тағы да сәтті құрықтауларға қатысты. Алайда араға бес жыл салып, өзінің отбасылық жағдайына байланысты азаматтық өмірге қайта оралды.  

 

 

Ол үйінде ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысады. Негізі, шекарашылардың лексиконында «бұрынғы шекарашы» деген ұғым жоқ. Қайрат та өзінің енді үйде болса да іздеу, із кесуге мықты үйретілген итімен жергілікті полиция бөліміне қылмыскерлерді ізін суытпай ұстауға көмектесіп келеді.

Осы аралықта үйленген Қайрат бүгінде бес баланың әкесі атанып үлгерген. Запастағы сержант өзінің шекара шебіндегі қызметін мақтаныш етеді, командирлері және қаруластарымен әлі күнге дейін байланыста. Адал досы болған Рексті –  ел шебін сенімді күзеткен нағыз төрт аяқты шекарашыны аса жылылықпен еске алады.