2021 жылғы 2 қарашада Семей қаласының гарнизондық офицерлер үйінде батыр-шекарашы Раджан Батркановтың анасына салтанатты түрде «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шекараларын нығайтқаны үшін» медалі табыс етілді.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі - ТМД мемлекеттерінің басшылары 1992 жылғы 6 шілдеде сыртқы шекараларды күзету мен олардағы тұрақты жағдайды қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін құрған халықаралық ұйым.
Батыр-шекарашыны медальмен марапаттау туралы шешімді ТМД мемлекеттерінің (Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина) 11 шекара ведомствосының Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі қабылдады.
Анықтама: Батрканов Раджан Армиевич (1975-1994) интернационалист-жауынгер, батыр-шекарашы. Жеке қазақстандық құрама батальонының Күршім взводының құрамында қызмет атқарды. 1994 жылғы 28 қыркүйекте тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан. Қиян-кескі айқасты бірінші қабылдап, өз әскери қызметтестерін құтқарып, ұрыста жеңіске жетуге жол ашты.
ҰҚК баспасөз қызметі