ДӘРІГЕР КУНТОРОВ – ӘУЛЕТТІҢ БАСЫ

ДӘРІГЕР КУНТОРОВ – ӘУЛЕТТІҢ БАСЫ

Үшарал шекаралық әуе эскадрильясының «Ми-8» тікұшағы Үшарал-Мақаншы бағыты бойынша арнайы тапсырма орындады.  Кенеттен ол радардың экранынан жоғалып кетті. Кейіннен, ауыр метеожағдайға тап болып, әуе апатына ұшыраған тікұшақ  қар басқан далаға құлағаны белгілі болды.

 

 

Әуе апатынан қаза болғандардың тізімінде әскери дәрігер Қанат Базарұлы Кунторов та бар еді. Білетіндер оны қайсар мінезді азамат ретінде еске алады. Алайда ол тікұшақпен ұшуды ұнатпайтын, сондықтан алыстағы заставаларға автокөлік, теміржол арқылы, тіпті, атпен жетуді дұрыс көретін. Бірақ аяқ астынан ауырып қалған сарбазды шұғыл госпитальға жеткізуге тура келгенде дәрігер тікұшақтың бортына тайсалмай көтеріліп, медицина қызметкеріне арналған орынға жайғасатын. Дәрігерлік борышын орындай білген Қанат Кунторов ауыр науқасқа көмектесу үшін тіпті өзінің өмірін де құрбан етуге тура келді.

Бұл Қазақстан армиясында, оның ішінде Шекара әскерлерінде офицерлер жетіспеген 90-шы жылдардың бас кезі болатын. Мұндай жетіспеушілік әскери-медициналық қызметте де болды. Семей медициналық институтында оқып жүрген кезінде әскери кафедрада даярлықтан өткен Қанаттың лейтенант әскери атағы болды. 1994 жылы әскерге шақырылған ол өзінің шекарашылық қызметін  Мақаншы шекара отрядында атқаруға кірісті.

Бақыт Қайнелхалыққызы 1999 жылдың басында жолдасы тәжік-­ауған шекарасына аттанғанын есіне алады. Әу баста ол жаққа дәрігерлер небәрі  екі айға ғана қажет болған көрінеді. Алайда Қанат Базарұлына жат елдің шекарасында  артық-кемі жоқ сегіз ай болуға тура келіпті. Қаңтарда аттанған ол өзінің туған жеріне тамыз айында оралды. Мұндағы таулар Қанаттың көзін тырнап ашқан сәттен бастап, барлық балдәурен, балалық шағы қойнауында өткен, сұлу табиғатын былай қойғанда, әр тасына, сусылдаған құмы мен мұздай суына тебіреніп өскен Тарбағатайына мүлде ұқсамайтын. Жат елдің тауларында қазақстандық сарбаздарды тек түксиген сұр тас­тар ғана қоршап тұрды. Ал таңертең блок-бекеттер тұрған жартас­тардың үстінен қара бұлттар жүзіп өтеді. Кез келген сәтте Тәжік пен Ауғанның шекарасын бөліп ағып жатқан Пянджы өзенінен тосынсыйларды күтуге болатын.

– Ол қазақстандық жауынгерлердің постарын араладым, денсау­лықтарын тексердім, қажет болған жағдайда емдедім дейтін, – деп, еске алады зайыбы. – Таулы жерлерде бұл көптеген шақырымды жаяу жүруге тура келді дегенді білдіреді. Ең бастысы, үйге аман-сау оралды.

Балалары оның үйге келетін сәтін сағына күтті. Ал әкелерінің келетін  уақытын біліп алған олар түні бойы көздерін ілген жоқ. Сол үшін оларға оңтүстік елден базарлыққа жеміс, жаңғақ секілді толып жатқан шығыстың тәттілерін әкелді.    

Қанат Кунторов капитан әскери шенінде қаза тапты. Офицерлік баспалдақта ол жоғары шен болып есептелмейді. Соған қарамастан ол бейнебір өзінің ата-бабасынан қалған тегіне кір келтірмеу үшін туғандары мен жақындарына өмірлік бағыт-бағдар болатын көп істерді жасап кетті.

Оның бауырларының көбі әскери шен тағып жүр. 

Оның туысқандарының көбі әскери қызметті таңдады. Өмірлік жары Бақыт Қайнелхалыққызы қайғылы оқиғадан кейін Мақаншы шекара отрядына әскери қызметке алынды. Шекара қызметінде ­Кунторовтың тұтас әулеті пайда болды.  

 

 

Бұған таңғалуға болмайды. Бұл өлкеде шекара шебін күзету ісі ежелден бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті парыз іспеттес. Қабанбай батыр заманында да солай болған. XVIII ғасыр бойы жоңғарлар қазақ ауылдарына тыныштық бермеген. Сол мазасыз кезеңде әрбір киіз үйдің керегесінде үнемі қару ілініп тұрған.

Әлі күнге дейін мақаншылықтар өз өмірлерін шекарадағы қызметпен байланыстырады. Тек шығыста ғана емес, сонымен бірге біздің кең-байтақ еліміздің солтүстігінде, оңтүстігінде және батысында да. ҰҚК Шекара академиясының курсанттары арасынан Мақаншыдан шыққандарды да көптеп кездестіруге болады. Мақаншыда өмір сүріп, шекарашы мамандығын таңдау жаңалық емес, өйткені ауыл шекара аймағында тұр. Мектеп оқушылары көбінесе заставаларда қонақта болады. Мұнда оларға сарбаздардың шекараны күзету қызметін қалай атқаратынын көрсетеді. Балалар қару-жарақты қолдарына ұстап көреді. Қызметтік итті немесе жылқыны сипайды. Ең бастысы, олар туған өлкенің тарихымен танысады.

Жолдасы қайғылы қазаға ұшырағанға дейін аудандық ауруханада жұмыс істеген Бақыт Қайнелхалыққызы әскери қызметке ауысуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, алдымен өзінің марқұм жолдасы қызмет атқарған Мақаншы шекара отрядына қабылданған ол 2002 жылы Өскемен шекара отрядының медициналық қызмет бастығы болып тағайындалды. 2013 жылы майор әскери шенінде зейнетке шықты. Бірақ дәрігерлік жұмысынан қол үзген жоқ. Қазіргі кезде Ұржар ауданының шекара маңындағы ­Қарабұта ауылының дәрігерлік амбулаториясын басқарады.

Ұлы Қайнар Кунторов әкесінің жолын таңдады, Шекара қызметінде маман офицер, 2011 жылы ҰҚК Әскери институтының командалық факультетін бітірді. Оның әскери мамандықты таңдауына ең алдымен әкесінің: «Сен өскенде әскери институтқа оқуға түсесің», – деген сөзі әсер еткен еді. Әкесі қаза тапқан кезде Қайнар 10 жаста болатын, әкесі ұлының есінде өте жақсы сақталған.

– Әкем менің есімде әскери киімімен қалыпты. Ол сымбатты, нағыз офицер еді. Көпшіл, қайырымды, қалжыңдағанды жақсы көретіні жадымда жақсы сақталыпты, – дейді Қайнар. – Әскери бөлімде ол медицина қызметінің бастығы болды. Бірақ ол өзін нағыз маман офицер ретінде ұстайтын.  Қызметте қатал болды. Осының бәрі мүмкін менің шекарашы боламын деген шешіміме әсер еткен шығар. Ал өзімнің шекарадағы қызметімді Мақаншы шекара отрядынан бастадым.

Отағасы балаларды қатал тәрбиеледі. Ол екінші ұлына Ернұр, ал кішісіне Ерасыл деп ат қойды. Бұған ұлдарының Қабанбай батырдың жеріндегі Мақаншы ауылында дүниеге келгені себеп болса керек. Екі ұлы өте кішкентай болатын, ал Қайнарды әкесі спорт секцияларына апарды. Мұнда ол таэквондомен, басқа да спорт түрлерімен айналысты.

Туған бауыры подполковник Ербол Базаровтың естелігінен: 1998 жылы ол Семей мемлекеттік университетін ветеринарлық медицина мамандығы бойынша бітіргенде, Қанат оған Шекара қызметіне әскери қызметке келуді ұсынады. Бүгінде подполковник Ербол Базаров – ҰҚК Шекара қызметі Күзет және қамтамасыз ету басқармасының бастығы. Оның үлкен қызы Адина да үлкендердің жолын таңдады. Ол Санкт-Петербургтегі Киров атындағы  Әскери-медицина академиясының бірінші курс курсанты.  

 

 

Қанат Кунторов әскери қызметшілерге Мақаншы ауылындағы ауруханада хирургиялық ота жасауға қатысты. Медициналық қызметтің бастығы бос уақытын санитарлық бөлімдерде өткізді. Өйткені сол кезде лазареттің фельдшерлері мен санитарлары мерзімді әскери қызметтің сарбаздары болатын, сондықтан оған көбіне-көп «кезекші дәрігер» болуға тура келетін. Ал шекара зас­таваларынан науқастар бойынша шақыртулар күн сайын дерлік түсіп жатады, мұндай кездері шекараға өзі аттанатын. Қыс айларында Тарбағатай тауларындағы заставаларға апаратын жолдар жабылатын. Сондықтан жол талғамайтын техниканың өзі бара алмайтын заставадағы науқас сарбаздар төменге тек қана атпен түсірілетін.

Туысқандары Қанатты мінезі жайлы, ақкөңіл адам ретінде еске алады. Ол ата-анасын, отбасын, әсіресе ұлдарын қатты жақсы көрді. Сол кездерде Қанат Көктерек ауылынан шыққан алғашқы шекарашылардың бірі болды. Мақаншы шекара отрядының басшылығы оған Ұлы Отан соғысының ардагерлерін бекітіп берді. Қанат жыл сайын 9 мамырда жүздерінде мақтаныш лебі сезілген ардагерлерді өзінің сары түсті ­«Мос­квичіне» отырғызып алып, Мақаншыда өтетін шеруге апаратын. Бір жағынан, өзінің атасын көрмеген соң болар, шекарашы офицердің ақсақалдарға деген құрметі ерекше болатын. Атасы Ақыш ­Кунторов 1942 жылдың мамыр айында ­Смоленск түбінде болған шайқаста қаза тауып, Ресей ­Федерациясы Смоленск облысының Новодугинский ауданына қарайтын Днепровское ауылындағы № 8 бауырластар зиратына жерленген. Ал нағашы атасы Есенгелді Бакенов 1944 жылдың қазан айында болған ауыр шайқас кезінде шейіт болып, сүйегі Румыния­ның ­Трансильваниядағы Воеводень коммунасының (Вайда-Сент-­Иван ауылы) азаматтық зиратына қойылыпты. Өкініштісі, олардың жерленген жерлері туралы ақпарат Қанат өмірден өткеннен кейін, 2010 жылы ғана белгілі болды.

Ол ата-анасы мақтан етуге лайықты ұл, сүйікті жар, қамқор әке, үлгі тұтар аға болды. Оның қамқорлығының арқасында ортаншы інісі Мұрат Кунторов та офицер, полиция подполковнигі. ШҚО полиция департаментінің басшылық лауазымында. Ұлы Данияр Базаров та Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі. Жиені Мади Кунторов ҰҚК Шекара академиясының түлегі – ҰҚК Шекара қызметі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің күзет тобын басқарады.

 

 

– Менің тегімді естіген бейтаныс әскери адамдардың капитан Қанат Кунторовтың маған кім болғанын сұраған сәттері аз емес, – дейді жақын туыстарының бірі старшина Мұқит Кунторов. – Тіпті бір жолы көпті көрген шекарашы маған ағамның сарбаздың өмірін қалай құтқарғанын айтты. Жас жігіт жағасының астарын тігіп отырып, тістерінің арасына қыстырған инені байқамай жұтып қояды. Сол сәтте ағам әлгі сарбазға массаж, басқа да амал-әрекеттер жасап, инені шығарады. Мен ағамның керемет әке, тамаша офицер болғанын жиі естимін.  

Қанат Кунторов ауылдың қара­пайым отбасында тәрбиеленді. Әкесі Базар Кунторов колхозда механизатор, анасы Күлән Есенгелдина туған ауылының мектебінде мұғалім болып істеді. Мақаншы ауылының көптеген жас жігіті сияқты Қанат Кунторов та 1984-1986 жылдары өзінің Отан алдындағы әскери борышын Кеңес армиясының қатарында атқарды. 1994 жылы Семей медициналық институтын бітіргеннен кейін жолдамамен өзінің туған ауылына жіберіледі. Осылайша, Мақаншы аудандық ауруханасының анестезиолог-­реаниматолог дәрігері болып жұмыс істеді. Алайда тағдыр оған басқа жолды, туған Отанының тыныштығын қорғау  жолын таңдатты.

Дәрігер Қанат Кунторов бастаған әскери әулеттің тарихы, міне, осындай.