
Таңсәрі. Оңтүстік өңірдің керім суреті сұлулықтың тылсым әлеміне ынтықтырып барады. Жасыл желекке оранған Леңгір қаласы – сұлулықтың куәсіндей! Елмұрат Үсенбеков өзінің шекарадағы қалыптасқан әдетімен асқар шыңның қалқасынан көтерілген күнмен таласа оянып, алдымен бес шақырымға жүгірген соң үйінің ауласында түрлі жаттығу жасауға кірісті. Тамаша! Өмір керемет! Бірақ бәрібір жүрегінің түбінде мұң бар. Бір жылдан бері азаматтық өмірге бойын үйрете алар емес. Шақша басы шарадай болып, бір нәрсені шарқ ұрып іздегендей болады. Сосын бойын шарпыған жалынды өшіру үшін күнмен таласа тұрады... Таңнан басталатын жаттығулар, саптық дайындық, шекарадағы алдамшы тыныштық, жауынгерлік достық, өзінің ел шебінде өткен жылдарын ойлағанда, көкірегін өртті сағыныш шарпиды. Сенің артыңда туған Отаныңның бейбіт тыныстап жатқанын сезіну – қандай тамаша, қандай бақыт! Иә, шекарада нелер болмады?.. Осы сәт 1995 жылдың қазанындағы оқиға жадына оралды.
Жыл бұрын Зайсан шекара отрядының жедел қызметкерлерінің назарына ҚХР азаматы Қабдолла Базарбайұлы деген адам ілінді. Алынған мәліметтер бойынша ол өзін қызықтырған ақпараттарға оңай қол жеткізу үшін шекара бойында контрабанда, барымтамен айналысады екен. Контрабандашы қазақ-қытай шекарасының біздің елге жататын аумағында тұратын жергілікті тұрғындардың біразымен етене танысып, аралас-құралас болып, барыс-келіс жасайды. Өйткені олар 1955-1963 жылдары көрші ҚХР-дан КСРО-ның аумағына қашып келіп, қоныс тепкен болатын. Контрабандашы олармен ірі қара малды, жылқы, қойларды Қытай елінің халық тұтынатын тауарларына (спирттік ішімдіктер, ыдыс-аяқ, киім, магнитофондар) айырбастауға келісім жасайды.
1991 жылы Қ.Базарбайұлы «Туат» шекара заставасы арқылы біздің елдің аумағына заңсыз өтпекші болған кезінде «Ф-1» жауынгерлік гранатамен қолға түскен болатын. Заң талаптарына сәйкес тексеру жұмыстары біткен соң шекара бұзушы көрші Қытай тарапына беріліп, қылмыстық жауапкершілікті арқалап кете барған-ды.
Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдары сарбаздардың екіжылдық мерзімді қызметі бір жарым жылға қысқарған соң шекарада адам жетіспеушілігі қатты байқалды. 1995 жылы заставада штаттық кесте бойынша қызмет атқаруға тиіс 50 әскери қызметшінің міндетін 8-10 адам ғана атқарып тұрды. Осыдан кейін ел шебін шекара бұзушы, контрабандашы секілді қылмыстық элементтерден қорғаудың салмағы артқаны өз-өзінен түсінікті.
Өздеріне етене «таныс» қылмыскердің – тәжірибелі шекара бұзушы, контрабандашының Қазақстанда кең байланысы бар екенін басты назарға алған Зайсан шекара отрядының штабы мен жедел бөлімнің қызметкерлері оны республика аумағында құрықтауға арналған жедел және әскери шараның кешенді жоспарын құрды.
1995 жылдың күзінде «Күзеун» және «Туат» шекара заставаларының учаскелерінде мемлекеттік шекараны күзетуді күшейтуге арналған шаралар өткізілді. Қ.Базарбайұлының бұзып өтуі мүмкін шекараның бойларына құрамына тек қана тәжірибелі шекарашы офицерлер кірген шекара нарядтары қойылды, жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілді.
Ақыры, екі елдің арасында еркін жортқан қауіпті қылмыскермен бетпе-бет келетін сәт те туды...
Қазан айының суық жаңбырлы кештерінің бірінде Қ.Базарбайұлы Бақайасу шатқалындағы жайылымда пайда болғаны, киіз үйге баса-көктеп кіріп, қарумен қорқытып, шопан Хамит Тисаевты жаңа туған екі баласы мен зайыбын кепілге алғаны туралы жедел ақпарат келіп түсті.
1991 жылы өзін шекарашыларға ұстауға көмектескені үшін кек қайтармақ болған қауіпті қылмыскер:
– Ал, Хамит, сені медаліңмен құттықтаймын, – деп шопанды мазақ етеді. – Қайда сенің шекарашыларың енді?

«Күзеун» шекара заставасының бастығы Н.Садықов шекара бұзушыдан лаңкесшіге айналып шыға келген қылмыскерді тез арада құрықтауға шешім қабылдады. Ел шебінде орын алған оқиғаны учаске коменданты подполковник В.Тимаков пен оның орынбасары аға лейтенант А.Айымбетовке баяндаған соң бірден «Тосқауыл» тобын басқарған офицер Бақайасу шатқалына аттанды.
Сондай-ақ ол жаққа қасына мерзімді қызметтің үш сарбазы мен іздеу иті Джекті алған застава старшинасы кіші сержант Елмұрат Үсенбеков те бағыт алып еді.
Шопанның қыстауына жетісімен, қылмыскер отырған киіз үйді жасырын қоршауға алған шекарашыларға Хамит Тисаевпен сөйлесудің сәті түскен. Ол застава бастығына үйдің ішінде Қ.Базарбайұлымен бірге перзентханадан жақында ғана шығарып, жайлауға алып келген егіз баласы мен әйелінің ғана бар екенін жеткізді.
Застава бастығының рация арқылы берген бұйрығымен Үсенбеков жалғыз өзі киіз үйге дыбыссыз жақындайды да бірден ішке кіріп барады. Іштегі күңгірттен төрде отырған бейтаныс адамның сұлбасын көре салып, әйел мен балаларды кеудесімен қалқалаған қүйі ол әлгі адамға оқтай атылады. Старшинаның соңын ала кіріп үлгерген шекарашылардың бірі артында жатқан оқтаулы винтовкасы мен аңшы пышағын алып үлгермеген қылмыскерді байлауға көмектеседі.
Аға лейтенант А.Айымбетов ҰҚК Тарбағатай бойынша бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп өткізген жедел-тергеу шарасының нәтижесінде құрықталған қылмыскермен бірге екі ел шекарасының бойында барымташылықпен айналысқан 11 жергілікті тұрғынды ұстады. Олар шекаралық аудандағы Ахметбұлақ, Жаңаталап және Жаңаауыл елді мекендерінен болып шықты. Қазақстанның бірнеше азаматы сот алдында әділ жазаларын алды.
ҚХР азаматы Қ.Базарбайұлы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің бірнеше бабы бойынша сотталып, жазалау мерзімінің аяқталуына байланысты 1997 жылы «Майқапшағай» шекара заставасының аумағында өткен екі елдің шекаралық өкілдерінің кездесуінде ҚХР тарапына берілді. Осыған дейін жасаған қылмысы үшін Қытай елінде өзін күтіп тұрған жазадан қорыққан ол экстрадициялау кезінде шегемен тамырын кеспек болды. Бірақ шекарашылар оны дер уақытында қарусыздандырып үлгерді.
Иә, шекарада нелер өтпеді?! Отанымыздың қасиетті шекарасы сонысымен де қызықты, сонысымен де дара.
Елмұрат Қасымұлы шет-шегі жоқ аспанға қараған күйі ой теңізіне батты.
Ол өзінің жиырма екі жасында бір сәтке ойлабастан қарулы қылмыскермен айқасқа шықты. Жазықсыз ана мен жаңа туған бейкүнә нәрестелердің өмірін сақтап қалу үшін.
Бұл – оның борышы, қазақстандық жасыл күнқағарлы шекарашының борышы еді.