
Әуе кемесі тұраққа қарай бұрылғанымен, қозғалтқышы біразға дейін өшкен жоқ.
Бұл кезде өздерінің меншігіндегі аумақты қарап үлгерген шекарашылар ұшақтағы жолаушыларды шекаралық бақылаудан өткізуге дайындалып жатқан. Ұшақ тоқтаған соң Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қонақтары да сыртқа шыға бастаған. Міне, осыдан тұп-тура 30 жыл бұрын еліміздің тарихында бірінші халықаралық әуе рейсі осылай қабылданған болатын.
– Қазақстанға қош келдіңіз! – деген шекарашылар «Үрімші-Алматы» әуе кемесінің жолаушыларын қонақжайлылықпен қарсы алды. – Құжаттарыңызды көрсетулеріңізді өтінемін.
Осылайша тәуелсіз елмен танысу шекарашылармен кездесуден басталды.
Шетелдік жолаушылар құжатты бақылау кабинасының алдына кезекке тұрды. Бойындағы толқынысын жасырған прапорщик Александр Горошко өзінің жұмысына кірісті. Міне, бірінші жолаушы да құжатын ұсынды.
Абдулсеит Сейтпеткалов 1947 жылы туған. Бақылаушы оның жүзіне зел сала қарады. «Ашық түсті қалпақ, қысқа жеңді көйлек, сұр шалбар, табаны қалың аяқкиім киген. Қолында жол қапшығы бар. Қызық... Түріне қарасаң, жасы қырық-қырық бесте, мүмкін одан да көп. Қыр мұрынды, таза қырынған бет, көздері ойнақшып тұр. Бейнебір шекарадан жиі өтіп үйренгендей өзін еркін ұстайды. Иә... дәл солай. Міне, басқа елдердің мөртабандары. Қарай гөр өзін, бүкіл Еуропаны аралаған. Мөрлерді тексеріп, субелгілерін есептеу керек. А.Горошконың басына сан ойлар бірінен кейін бірі келіп жатты.
Алайда ол өзінің қобалжығанын білдірмеді.
Азаматқа қатысты мәліметтерді тіркеу журналына енгізген соң күлімсіреген қалпы жолаушыға құжаттарын кері ұсынды.
Иә, сапалы әрі тез тексеру-өткізу режіміне қажетті техникалық құралдардың жетіспеушілігі де көп уақытты алды. Сонымен қатар визалар мен барлық елдердің төлқұжаттары туралы мәліметтерді есте сақтауға тура келді. Есесіне, прапорщик А.Горошко жақында ғана Мәскеудегі «Шереметьев» халықаралық әуежайында екі апталық курстан өтіп келген болатын. Сондықтан ол өзінің алған білімін іс жүзінде қолдануға кіріскен.

Сөйтіп, біздің еліміз үшін дүбірлі оқиғаның алғашқы сағаты да өтті. Бортында жүзден аса жолаушысы бар халықаралық рейсті күтіп алып, құжаттарды тексеру секілді жауапты әрі қауырт қызметке кіріскен шекарашылар біртіндеп бұл міндеттің де үдесінен шыға білді.
Ал бұл ең алдымен шекарашылардан төзімділікті, қырағылық пен кәсібилікті талап етеді. Десе де бақылаушыларға «шөмеленің ішінен ине іздеуге» тура келетін. Жүздеген жолаушыны бақылаудан өткізіп қана қоймай, олардың біздің елімізге қандай мақсатпен келгенін білу үшін мұнан артық теңеуді қанша іздесеңіз де таппаған болар едіңіз.
Сонымен қатар әлемнің әр түкпірінен ұшып келген шетелдікті бірінші болып қарсы алатын да шекарашылар. Демек шекарашының сыртқы келбеті, өзін ұстай білуі, мәдениеттілігі – біздің еліміз үшін аса маңызды. Өйткені «Театр – киімілгіштен басталады» демекші, туған еліміздің қасиетті жеріне табаны тиген қонақ ең алдымен шекарашыға қарап, тәуелсіз Қазақстан мен оның халқы туралы пікір қалыптастырады.
Сосын да «Алматы» шекаралық бақылау отрядының әскери қызметшілері үшін тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тұңғыш оқиға – халықаралық рейсті күтіп алып, шетелдік жолаушылардың құжаттарын тексеруден өткізу кезіндегі жан тебіренісін түсінуге болады.
***
Кезектің ең соңындағы жолаушының құжатын тексеріп болып, өзіне қайтарған соң ғана барып еңсесін тіктеген Горошко жан-жағына көз салды.
Көрші кабинадағы әріптестері – халықаралық бақылау-өткізу пункттерінде көп жылғы тәжірибелері бар бақылаушылар: капитан В.Продедович, аға прапорщиктер А.Ткач, В.Решетников, прапорщиктер Е.Тушин, Б.Хализовтар да өздеріне жүктелген міндетті асқан ыждаһаттылықпен атқарып жатыр еді.

Ал бір шетте әскери киімі өзінің сымша тартылған тұлғасына соншалықты әдемі жарасқан бақылау-өткізу пунктінің бастығы аға лейтенант Смирнов тұр еді. Офицердің жүзіне қарап, жеке құрамының жұмысына риза болып тұрғанын байқау қиын емес еді.
Бірақ арқаны кеңге салуға әлі ерте. Шекарашыларды алда мұнан да қауырт жұмыстар күтіп тұрған болатын.
Осы сәттен бастап жолаушылар ағыны арта түседі. Бұл – түсінікті, жас, тәуелсіз Қазақстан Республикасының беделі халықаралық аренада барған сайын нығайып келеді. Шетелдік туристер мен кәсіпкерлердің біздің елге бет бұруы да шекарашы бақылаушылардың жұмысына тікелей қатысты.
Қазақстан шетелдіктерге шекарасын айқара ашты. Ал бұл – өз кезегінде, шекараны күзету ісіне елеулі өзгерістерді талап ете бастады.
***
Арада 30 жыл өтті. Түнгі аспанда бейнебір алып құс секілді әуе кемесі қалықтап келеді. Өзінің күміс қанаттарымен ауаны тіле жерге қонуға бет алды. Төменде жыпырлаған, жымыңдаған түнгі қала...
Ұшақтың дөңгелектері жерге тигені сезілді. Алып лайнердің жүрісі баяулап, гуілі біртіндеп басыла берді. Ұшақ тоқтады.

Уақыттың кеш болып кеткеніне қарамастан, Алматының халықаралық әуежайындағы қайнаған өмір де бір сәтке тоқтамаған. Еліміздің оңтүстігіндегі әсем қалада демалуды ұйғарған туристерді, іссапармен жүрген азаматтарды құшағына толтырып алған алып ұшақтар – Анталья, Дубай, Лондон, Майндағы Франкфурт, Пекин, Будапешт, Абу-Даби, Мәскеу, Сеул, Мале, Доха, Кутаиси, Тбилиси сияқты қалалардың әуе кемелерін әуежай әрбір он бес минут сайын күтіп алып, шығарып салып жататын әлеуетті күшке ие.
Мұндайда тағы да Қазақстанның қонақтарын бірінші болып жасыл күнқағарлылар күтіп алады. Сымдай тартылған, сымбатты жүздері салмақты шекарашылар әрбір жолаушының іс-әрекетін қалт жібермейтін қырағы.
Мемлекеттік шекараны өткелі тұрған әр азаматтың құжатын жіті тексеру үшін соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған ондаған бақылау кабинасы орнатылған. Шекарашы алдына келген жолаушыға:
– Құжатыңызды көрсетуіңізді өтінемін, – дейді анық әрі өте сыпайы.
Содан кейін ол базаға құжатты енгізеді. Компьютердің мониторында жеке тұлғаға қатысты мәліметтер шығады. Жолаушы ұсынған құжаттың жасанды емес екендігі де осы кезде белгілі болады. Мемлекеттік шекараны бұзу белгілері байқалмаған құжатты иесіне қайтарған шекарашы:
– Бәрі дұрыс, өтіңіз! – деп жылы жымиды.
Ал сыртта қонуға бет алған әуе кемелерінің жарқыраған оттары көрінеді. Алматы аспаны бейнебір ақ қанат алып ұшақтардың «күре жолына» айналып кеткендей. Күш пен ептіліктің, еркіндік пен тәуелсіздіктің баламасы – барыс бейнеленген қала түнінің келбеті дәл қазір осындай!