Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 13 қаңтардағы Жарлығымен Мемлекет басшысына тікелей бағынатын «А» бөлімі құрылды.
Осыдан бір ай өткенде жаңа арнаулы бөлімшенің сарбаздары Шымкент қаласының әуежайында рейстегі автобустың кепілге алынған жолаушыларын босату бойынша іс-шараны өткізді. Арнайы операцияға генерал-майор Е.Ә. Мұстафетов басшылық етті. Жаңа ғана құрылған арнаулы бөлімше үшін бұл операция сынақ сипатында болды. Бөлімнің бұдан әрі өмір сүру құқығы оның нәтижесіне тікелей байланысты еді.

Полковник А.Г. Баталовтың естелігінен: «…Біздің арнаулы жас бөлімшеміздің визиттік карточкасы болған Шымкент операциясы терроризмге қарсы күрестің классикалық үлгісі болды. Оның өз кезегінде теңдесі жоқ екендігін біз кейіннен білдік.
Бұл 1992 жылдың ақпан айында болды. Сол кезде рецидивистер тобы өздерін әкеле жатқан «Москва-Ташкент» пойызының арнайы вагонындағы айдауылға қайралған затпен шабуылдайды. Күзетшілерді жаралап, оқталған сегіз тапаншаны алып, бостандыққа шығады...».

Қылмыскерлер тасжолға шығып, Қызылорда қаласынан Сарыағашқа кетіп бара жатқан «Икарус» автобусына отырады. Салонда отыз адам бар еді. Осы сәтте автобус жүргізушісі қырағылық танытпағанда қауіпті қылмыскерлер қашып, құтылуы мүмкін еді. Бейтаныс адамдардың жүріс-тұрысы күдік туғызған соң, жүргізуші Қызылорда облысының Шиелі ауылының маңындағы МАИ бекетінде өзі сақтана отырып, күдікті бес адам туралы хабарлайды. Бекеттегі қызметкер оған автобекетке бару туралы нұсқау береді. Жоспар бойынша ол жерде оларды милиция наряды күтіп тұруы тиіс еді.
Айтылған жерге келгенде жүргізуші барлық жолаушылардың салоннан түсуін өтінеді. Осы кезде ІІБ қызметкерлері «УАЗ» машинасымен келіп, аспанға ескерту оғын атып, оларға беріліңдер деген талап қояды. Қашқындардың үшеуі бұйрыққа бағынады, бірақ олар қолдарын көтеріп, сыртқа қарай беттегенде олардың серіктестері атысты бастап жібереді. Атыстың кесірінен милиция қызметкері мен қашқындардың бірі ауыр жараланады, екі қашқын ұсталады. Салонда қалған екі бандит 12 адамды кепілдікке алып, терроршыларға «айналып» шыға келеді.
Бандиттер ұшақ және қомақты ақша талап етті – стандартты схема, егер олай болмаса кепілдегілерді жазалайтындығымен қорқытты. Олар қандарын іштеріне тартып тұрды.

Келіссөз барысында терроршыларды Шымкент қаласының әуежайына бағыттауға, яғни, тек сол жердегі ұшу-қону алаңдарына халықаралық рейстерге ұшатын үлкен ұшақтардың қона алатындығына сендірдік.
Осылайша ұтқан уақыт дабыл бойынша көтерілген біздің бөлімшеге тікұшақпен арнайы іс-шара өтетін жерге ұшып келіп, шабуылға нақты дайындалуға мүмкіндік берді.

Жағдайды алғашқы талдау іс-шараны әуежай маңайында өткізудің мақсаттылығын көрсетті. Кепілге алынған автобустың бағыты бойынша болжап білмейтін жағдай туындаған кезде қолдану үшін шұғыл шабуыл жасайтын жылжымалы топты алып жүру қажет болды.
Жағдайды зерттеп алған соң, әуежайға сыртқы қоршаудан кіретін қақпаның маңайында автобусқа шабуылдауды ұйғардық.

Жергілікті билік тауып берген кепілдегілердің автобусына ұқсайтын көлікте түні бойы дайындалдық. Шабуылдау тобындағы әрбір қызметкер өздерінің іс-қимылдарын нақты білді. Егер терроршылардың талабы қанағаттандырылып, олар шетелге ұшатындай шешім қабылданған жағдайда атқарылуы тиіс іс-шаралар да қатар жүргізіліп жатты. Бұл үшін «АН-26» ұшағы белгіленіп, экипажға нұсқама жүргізіліп, оның құрамына біздің қызметкер енгізілді.
Колоннада бірінші болып келе жатқан МАИ машинасында біздің қызметкер болды. Ол рация арқылы тактикалық топтың басшысына тосқауылға дейінгі «Икарустың» арақашықтығын хабарлап отырды. Әуежайдың қақпасының қасындағы «уазикте» шабуылдаушы топтар бастапқы позицияларында отырды.

Әуежай аумағына енген автобус «ЗИЛ-130» су шашқыш жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысты. «Шабуыл» деген команда бойынша басып алу топтары жасырын орындарынан ырғып шықты. Траптары мен отты-шулы жарылғыштарын тастаған «Альфа» «тірі саты» көмегімен көз ілеспес жылдамдықпен секіріп, автобус салонына басып кірді. Атыс басталды. Тәулік бойы дайындалған операцияның негізгі фазасы бар-жоғы бірнеше секундқа ғана созылды. Кепілдегілердің ешқайсысы зардап шеккен жоқ, бандиттер бейтараптандырылды».
Сотталғандардың қашып шыққандықтары туралы хабар берілген сәттен бастап есептегенде «Набат» операциясы бір тәулікке де жетпейтін уақыт ішінде аяқталды. Автобусты басып алғандардың екеуі өлтірілді. «А» бөлімінің офицерлері ерледі: әлемдік тәжірибеде олар алғаш рет кепілге алынған автобусқа шабуыл жасауды жүзеге асырды.

Операция нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «А» бөлімінің он үш қызметкерін Құрмет грамотасымен марапаттады – ол кезде Қазақстанның мемлекеттік наградалары жоқ болатын.
Марапатталғандардың ішінде – «А» қызметінің болашақ басшысы полковник А.Г. Баталов, сондай-ақ қазақстандық арнаулы қызметтің қазіргі құрметті ардагерлері А.Ф. Аблаков, В.С. Василенко, А.В. Волосников, А.В. Головин, С.К. Жұмабеков, В.П.Калиновский, И.В. Кочергин, В.И. Кузнецов, А.Е.Медетов, С.В. Семенов, И.П. Соловьев, В.В. Хохлов бар еді. 2012 жылдың ақпан айында операцияға тікелей басшылық еткен генерал-майор Е.Ә. Мустафетов Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы егемендігінің 20 жылдығы медалімен наградталды.

Өз өмірін қатерге тіккен жүргізуші Александр Чехонин де назардан тыс қалмады, ол ҰҚК ведомстволық медалімен наградталды.