АСҚАҚ РУХТЫЛАР ЕРЛІГІ

АСҚАҚ РУХТЫЛАР ЕРЛІГІ

Тәуекел дейтіндер болмаса тәуелсіздікке қол жеткізуге бола ма? Азапсыз, арпалыссыз Азаттық таңы атар ма? Жеңіл жолмен келсе, оның қадірі бола ма? Айтуға тұрмайтын кездейсоқ келген табыстың ғұмыры ұзақ бола қоймас.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –

Елбасы Н.Ә. Назарбаев

 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте күрделі болды. Экономикада дағдарыс белең алып, ондаған кәсіпорындар, зауыттар мен фабрикалар тоқтап қалды. Жүздеген мың адам табыссыз қалып, оның соңы әлеуметтік мәселелердің ушығып кетуіне әкелді.

Егер әлдекімге қоғамдағы қайшылықтардың қызуын өлшеу туралы ой келсе, онда міндетті түрде оның шырқау шегінде тұрғандығын байқаған болар еді. Бұрынғы көршілес одақтас республикалардың барлығында жанама қақтығыстар орын алып жатты, олардың көпшілігі ұлтаралық негізде өрбіді.

Одақ құлағаннан кейін шетелдік қоғамдастық посткеңестік аймақты жіті бақылай бастады. Мызғымастай болып көрінген алып империялардың бірінің күл-талқаны шығуы көпшілікке түсініксіз болып жатты, көптеген сауалдар туындады.

 

 

Сол уақытта Ұлыбританияның ресми орындарында: «Соңғы жағында кім тұрғандығын білмесек те, біз арқанды тартып жатырмыз» деген қанатты сөз кеңінен таралды. Бұл нақыл сөз посткеңестік республикалардағы жағдайды шынайы суреттеп тұр еді. Ал осындай алмағайып жағдайда Қазақстан керісінше өзінің тұрақтылығымен көзге түсті. Дегенмен, бұл жағдай шынымен осылай ма, әлде үлкен дауылдың алдындағы тыныштық па деген күмән мен күдік те жоқ емес еді.

Республиканың жартылай этникалық мемлекет болғандығын ескерсек, онда ұлтаралық немесе әлеуметтік негіздегі жанжалдардың кез келген уақытта бұрқ ете түсуі мүмкін деген күдік сейілмей тұрды. Шырпы түссе болғаны кез келген сәтте өшпенділік отының жалындап шыға келуі ғажап емес еді.

Ал жалындаған өртті сөндіру оңай емес екендігі айтпаса да түсінікті.

Кейінірек өтпелі кезең деп аталған сол кезеңде еліміз алғашқы тәуелсіз қадамын жасап, өзінің дербес құқығы бар екендігін дәлелдей білді.

Көптеген мәселе күн тәртібінде өткір тұрды, оның ішінде – Әлем картасында тәуелсіз Қазақстан деген ел бола ма, жоқ па деген сауал ең бастысы еді.

Тарих өзі дәлелдегендей, Елбасының даналығы мен көрегендігі елімізді қақтығыстар мен белгісіз тұңғиықтардан сақтай білді. Президент өз сөзінде бірлік болса ғана табысқа қол жеткізуге болатындығын атап өтті. Соғыс оты жалындап, бүлініп жатқан елдің ешуақытта өркендемейтіндігіне тоқталды. Мұндай ойды халық қолдап, жұртшылық сенім білдірді. Шиеленіс ошақтары біртіндеп жойыла бастады.

Осы кезеңде еліміздің заңнамалық базасы қалыптасу үстінде еді. Конституциялық құндылықтарды, ұлтаралық және конфессияаралық келісімдерді нақтылау, сыртқы саяси бағыт-бағдарды, әскери доктрина мен ұлттық қауіпсіздік стратегиясын пысықтау секілді мәселелер шешімін күтіп тұрды.

Осы оқиғаларды сөз ете отырып, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданғаннан кейін арада үш күн өткенде бұрынғы жалпыодақтық мемлекеттік қауіпсіздік жүйесіндегі Комитеттің таратылып, оның орнына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті құрылғандығын атап өткен жөн.

1992 жылдың маусым айында «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» Заң қабылданды. Ал 13 шілдеде Мемлекет басшысының жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды.

Заңнамалық актілер аясында қабылданған отандық арнаулы қызметті құру туралы Президент Жарлығы жаңаша бетбұрыс болып, ҰҚК-нің одан әрі дамуын айқындады. Бұл жердегі маңызды мәселе бұрынғы одақ жүйесінен бас тартуда немесе мемлекеттік орган атауын жай ғана өзгертуде емес еді.

Ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздік деген категориялардың арасында көптеген мән-мағыналық айырмашылық бар. Ал Қазақстанның мән-мағынасы кең бірінші категорияны таңдауы тарихи жолайрық болғандығы анық еді.

Мұндай түбегейлі бетбұрыс еліміздің жаңа бағытына сәйкес келіп, Елбасының саясат пен экономикада жүргізіп отырған реформасымен үндесіп жатты. Елбасының нақты позициясының арқасында ықтимал ішкі және сыртқы қатерден қорғана білген Қазақстан барлық қауіптің алдын алды. Ең бастысы – республиканың болашақ өркендеуіне негіз қалайтын әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салаларда түбегейлі реформаларды кедергісіз жүзеге асыруға болатын алғышарттар жасалды.

 

Ашығын айтқанда, егемен мемлекеттің тұтастығы мен болашағын сақтау талабы тұрды. Қалыптасу кезеңіндегі ұлттық қауіпсіздік жүйесінің міндеті шын мәнінде осындай болды.

Барлық қиындықтарға қарамастан, бұл мәселе ойдағыдай шешімін тапты. Сарапшылардың әлеуметтік қақтығыстар, экономикалық күйреу, көліктік оқшаулану, аумақтық таластың туындауы салдарынан, ең соңында жас мемлекеттің өмір сүруі неғайбыл деген пессимистік сценарийлерінің бір де біреуі жүзеге аспады.

Елдің өзегі болып табылатын қазіргі жағдайдағы ұлттық қауіпсіздікті оның табысты дамуынан маңызды элемент ретінде бөліп қарай алмайсыз. Ұлттық қауіпсіздік жай ғана басымдықтардың қатарында емес, керісінше мемлекеттік саясаттың басты элементтерінің бірі болып отырған Қазақстан басқа елге үлгі-өнеге болуда, мемлекеттің өмір сүруі көп жағдайда соған байланысты екендігі маңызды.